Ана тілін білмейтін бала домбыраның құдіретінің арқасында қазақ болды...

Ана тілін білмейтін бала домбыраның құдіретінің арқасында қазақ болды...

Қазақ әншілерінің ішінде өзіндік әдемі үні мен ешкімге ұқсамайтын мәнері бар Қарақатты сүйіп тыңдамайтын адам аз. Көпшілік тіпті оның сұлулығына тәнті. Жаратқан көрікпен қатар, өнерді де қоса дарытқан әншінің әйел, ана ретінде де жұртқа үлгі болып отырған жайы тағы бар. Тағы бір айтарлығы – Қарақат былтыр елордамыз Астанадан жас жеткіншектерге арнап музыка мектебін де ашқан. Концерттері мен түрлі телеарналардағы түсірілімімен қоса, осы мектебіне де үлгеріп, Астана мен Алматының ортасын жол қылып жүрген әмбебап өнер иесін біз бір қапысын тауып, сұхбатқа тарттық.

– Шыны керек, дәл дәстүрлі музыкадай ұлттың жанына жақын дүние жоқ. Сіз қазір эстрадада жүргеніңізбен, негізі, дәстүрлі әннен нәр алып, алғаш сахнаға қазақтың қара домбырасын қолыңызға алып шыққан әншісіз. Сондықтан дәстүрлі ән мен дәстүрлі әншілердің жағдайы сізді бейжай қалдырмасы анық. Бүгінде эстрадада жүргендермен салыстырғанда дәстүрлі әншілердің шығармашылық та, әлеуметтік де жағдайының төмен екендігін көріп жүрсіз. Не дер едіңіз?

– «Дәстүрлі ән – ұлттың жаны» деп сіз дұрыс айттыңыз. Ол, расында, қазақтың бет-бейнесі. Қасиетті қара домбырамен жанды дауыста әуелетіп ән айтқанға не жетсін? Дәстүрлі өнердің хал-ахуалы өте нашар деп айтқанымыз дұрыс емес. Дәстүрлі музыканың қанша мектебі болса, сонша мектебінің де өкілдері бар, халық танитын үлкен әншілер бар. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл өнер қандай қиын заманда да өлген жоқ, өлмейді де. Өйткені оған сай шын мәнінде дарынды ұрпақ өсіп келе жатыр. Мәселен, біздің қара шаңырақ – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітіргенімізге он шақты жыл болса, содан бері біз де шама-шарқымызша осы өнердің бір жағында болысып жүрміз. Егер әр түлек жай ғана сахнада жүргеніне мәз болмай, жеке басының табысы мен атағын ойламай, өзінің алған білімін кейінгі ұрпаққа жеткізуге жанын салса, сонда барып ұлттың жаны кіреді. Дәстүрлі өнердің өзі о бастан ұрпақтан-ұрпаққа солай насихатталған.

– Бұл ретте өзіңіз жақсы үлгі көрсетіп, жас бүлдіршіндерге арнап музыка мектебін аштыңыз. Мектебіңіз жайлы айтсаңыз...

– Мектебімізге баласын алып келгендер көп болды. Халықтың домбыраға деген ынта-ықыласына тәнті болдым. Әрине, саусағы тіпті икемге келмейтін балаға домбыра ұстатып, ән үйрету деген оңай емес. Бірақ, құдайға шүкір, қырық шақты бала мектептен дәріс алып жатыр. Солардың әрқайсысының бойынан ынта-жігер мен еңбегіміздің нәтижесін көрген сайын керемет бір сезім билеп, жүрегім қуанады. Білесіз бе, тіпті ана тілін білмейтін, орыс мектебінде оқып жүрген қаракөз ұл-қыздарымыз бір жылда домбыраның құлағында ойнайтын дәрежеге жетті. Әрине, сонымен бірге олардың бойына қазақылық рух та ұялады.

– Балалардың жас мөлшері нешеде?

– Тіпті төрт жастағы бала да бар. Сол жастан бастап, әрі қарай – жеті-сегіз, он, он екі болып кете береді. Мектеп жасындағы оқушылар ғой. Алғаш оларға «Гүлсің-ау», «Еркем-ай», «Әсем әнім сырнайдай», «Гүлдерайым» секілді айтуға жеңіл халық әндерін үйретіп бастаймыз. Өзім ғана емес, ұжымда он шақты ұстаз жұмыс істейді. Барлығымыз да әр дәріске жан-жақты дайындықпен кіреміз. Өйткені мойнымызға халықтың қандай ауыр жүгі артылғанын сезінеміз. Біз балаға тек домбыра, ән ғана емес, сонымен қатар оның бойына ана тілін, дәстүр-салтын музыка арқылы егуіміз керек. Бірақ нәтижесі жаман емес, қырық шақты баламыздың барлығы домбыра шертіп, қазақша сайрап жүр.

– «Тіліміздің халі нашар, өйту керек, бүйту керек» деп құрғақ айғайлай бергенше, осындай бір әдісін тауып алсақ, әлдеқайда нәтижелі екен ғой. Олай болса, осы тәжірибені негізге ала отырып, бір жоба жасап, неге өз ана тілін білмейтін аға буын өкілдеріне де қолданып көрмеске?

– Әрине, қандай жағдайда да «ойбай, құрып жатыр, бүлініп жатыр» деп қара аспанды төндіріп, айғайлау оңай. Ол кез келгеннің қолынан келеді. Бірақ содан бір нәтиже шықты ма осыған дейін? Жоқ, «ит үреді, керуен көшеді». Ал одан да үндемей-ақ, нақты іске кіріссек, содан бір кішкентай да болса жыртықты жамап, қисайғанды түзей аламыз. Егер мен «құдайға шүкір, әнші болдым, ел Қарақат деп таниды» деп өз басымды ойлап жүрсем де, маған ешкім ештеңе демес еді. Бірақ ұлтымның алдында перзенттік парызым бар емес пе? Қыдырәлі екеуміздің де ұлттық музыкаға жанымыз ашитындықтан, бұрыннан осындай бір мектеп ашсақ деп ойлайтынбыз. Сондықтан жекеменшік музыка мектебін аштық. Бір жағынан өзіміз де бала өсіріп жатырмыз. Үлкен ұлымыз Бекболат тоғыз жасқа толды. Алысқа бармай-ақ сол өз баламыз дәстүрлі ән тыңдайды десем, өтірік айтқан болар едім. Өйткені уақыт сондай, өзіміз дәстүрлі әнді насихаттамаймыз. Содан келіп ұрпағымыз өзгенің өнеріне аңсары ауып, соған еліктейді. Ал енді солай екен деп қол қусырып отыра береміз бе? Неге мынадай үлкен қалаларда ондай орталықтар жоқ? Сонда қазақтың әнін кім айтуы керек? Әнді үйрену үшін міндетті түрде бала ауылда туып-өсіп, қиындықпен қалаға келіп, консерваторияға түсуі керек пе?

– Өзіңіз айтқандай, әлі әліппе де танымайтын балаға домбыра үйрету оңай емес, әйтсе де соған кірісіп кеттіңіздер. Нәтижеге жетудің басты құралы не?

– Темірдей тәртіп. «Келгің келсе кел, келмесең, кешірімді» деген ұғым жоқ. Себебі бұл әншейін үйірме емес. Балаға бір айлық бағдарлама беріледі: екі күй, екі ән. Соны бала осы бір айда үйреніп, пісіріп, 10 ұстаздан тұратын әділқазылар алқасы алдында нақышына келтіре орындауға тиіс. Мектеп ашқалы біз оқушыларымыздың нәтижесін көрсету үшін ай сайын әрі концерт беріп, әрі оларды сынақтан өткіземіз. Осылай қатал талап қойып, сынақтан өткізіп жатқан себебіміз – біз үш жылда балаға музыкалық білім алғандығы жайлы сертификат беруіміз керек. Бала да сапалы білімді сезінуі тиіс. Оны бала осындай қатаң сынақтар мен концерттерде көрсеткен өнері барысында ғана байқайды. Концерт болғанда жай сынып ішінде емес, әдейі әртүрлі сахналарды, мәселен, Президенттік орталықтың залын, театрлардың әдемі безендірілген сахнасын жалға алып, баланы кәдімгі үлкен сахнаға үйретеміз. Сондықтан концерттеріміз ақылы түрде өтеді. Бұл, бір жағынан, бала өнердің құнын, қадірі мен қасиетін біліп, сезініп өссін деген ниеттен туған ой.

– Әңгімеңізге рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста