Күн бейбіт, соғыс жоқ. Алайда бүкіл мүмкіндіктерімен қоса кез келген уақытта қауіп-қатерін қатар ұсынып отырған мына заманда әрбір Қазақстан азаматының, оның ішінде тұрақтылығымыз бен тыныштығымызды көзінің қарашығындай қорғар жауынгерлеріміздің жауапкершілігін жеңілдетпеуге жүктейді. Әңгіме – сол ел қорғаған әскер саласындағы сарбаздарымыз шырқар ән туралы.
Әннің түрі көп қой. Соның ішінде әсіресе әскери әннің орны бөлек. Мәселен, төрт құбыласы түгелденген елдерде арнайы әскери ән, әскери әнұран, әскери марш жазатын маман-композиторлар бар. Және бұлар – біреу, екеу емес, тұтас мектеп.
Оны айтасыз, Ресейдің өзінде арнайы әскери музыкалық училище бар.
Жә, «Жоққа жүйрік жетпейді». Енді өз мәселемізге оралайық. Жыл сайын республикалық «Елім менің» атты патриоттық әндер байқауы өткізіліп жатса да, Тәуелсіз Қазақстанның төл әскері әскери әндерге зәру. Жауынгерлердің санасын сергітетін, олардың сапта жүрген кезінде аяқ алысын, қимыл-қозғалысын ширататын, бір сөзбен айтқанда, сарбаздардың көңілін көкке серметіп, рухын көтеретін қанатты әндер керек. Қазақ жауынгерлерінің босаң, болбыр әндерді орындап бара жатқанын талай рет көрдім де. Ән түзелмей, сән түзелмейді. Жақсы ән әскердің айбынына – айбын, сесіне – сес, сұсына сұс қосады. Сарбаздардың әскери сезімін оятатын – ән. Себебі әскердің, жауынгердің әскери саладағы бірден-бір қаруы – ән. Осы мәселенің шешілуіне бәріміз атсалысқанымыз абзал болар еді.
Ежелден белгілі, бұрынғы қазақтарда «Жорық жырлары» деген болатын. Мұның өзінің әні болған. Әні де мығым, сөзі де мығым. Осы жырды айтқан кезде «жасық жігіттердің өзі найзаға қалай жармасқанын білмей қалған» (Қадыр Мырза-Әлі). Мәселен, қазіргі күні «Нұртуғанның термесі» деп орындалып жүрген ән – сол баяғы ата-бабаларымыздың «Жорық жырларының» бүгінге жеткен жұрнағы. Ол шырқалғанда жүрегі кеудесіне сыймай, байтақ даламызды қорғау жолында қасықтай қаны қалғанша ерлік көрсеткен, дарқан далаға қалқан болар бабаларымыз көз алдымызға келетіні сөзсіз. Енді бір дерек айтайын, белгілі қазақ ғалымы, әдебиет зерттеушісі Есмағамбет Ысмайылов 1942 жылы Мұрын жырау Сеңгірбайұлын көрген. Әйгілі Сыпыра жырау, онан берідегі Абыл жырау, Нұрым жырау, Мұрат жыраудан келе жатқан дәстүрді жалғастырып, қазіргі ұрпаққа жеткізген. Мұрын жырау «Қырымның қырық батырын» жырлардың алдында қазақтың «Жорық жырларының» сарынын домбырамен әрлі-берлі жосылтып тартады екен. Неге? Жырау кейде шаршайды, кейде қажиды, кейде көңіл күйі болмайды. Соның бәрінен арылып сергу үшін, серпілу үшін, қайратына қайрат, жігеріне жігер қосу үшін Мұрын жырау «Жорық жырларының» сарынын домбырамен орындап, ойын да, бойын да жинап алады екен. Мұрын жырауды көрген, оның аузынан атақты «Қырымның қырық батырын» жазып алған Есмағамбет Ысмаилов осылай жазады. Адамның рухын қайрақша жанитын баяғы «Жорық жырларының» жұрнағы, сарыны әлі де бар. Арнайы мамандар іздестіріп, тауып, осы сарындарды қазіргі әскери әндерге ретімен келтіре білсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жақында мынадай бір көрініске тап болдым. Тұтас рота ән айтып бара жатыр. Әннің сөзі орысша. Оның үстіне әннің арқауы да босаңдау көрінді маған. Ұнжырғылары түсіңкі, қимылдары созалаң... Сарбаздар өзінің ән айтып бара жатқанын сезініп бара жатпағандай көрінді маған: бұ қалай? Болмайды бұлай! Біз шетелдерден қару-жарақ сатып алғанда ақша аямаймыз ғой. Дәл сол сияқты, әскери әндерден де ақша аямауымыз керек.
Армысың, айбынды сарбазым
сөзі – Б.Смағұл
өлеңі – Б.Алтаев
Өзіңнің аспаның – қорғасаң,
Өзіңнің жазираң – толғасаң,
Ата Заң – өзіңнің айбарың,
Өзіңнің аймағың, байрағың,
Армысың, айбынды сарбазым!
Сарыарқа төрінде сән құрып,
Астанам орнады мәңгілік.
Астана алаңын жайнатқан,
Намысын ақылға қайратқан,
Армысың, айбынды сарбазым!
Қайырмасы:
Мен-дағы ел үшін туғанмын,
Ел үшін, жер үшін құрбанмын.
Егемен Отаным ордалы,
Тәуелсіз елімнің қорғаны,
Армысың, айбынды сарбазым!
Осынау бейбіт күн, аспан көк,
Тарихта қалады дастан боп.
Тәуелсіз елімнің сырласы,
Тәуелсіз елімнің құрдасы,
Армысың, айбынды сарбазым!
Бас иіп көрмеген туғалы,
Алтын жал Алаштың ұлдары.
Салтанат, сап түзеп алаңда,
Даңқымды танытқан ғаламға,
Армысың, айбынды сарбазым!
Қайырмасы
Біздің Қарулы Күштеріміз (және оның әртүрлі салалық бөлімдері) жыл сайын әскери әндерге конкурс жариялап тұруы керек. Конкурста жеңіп алған әннің авторына қомақты сыйақы беріп, жеңімпаз әндерді ұлықтап, республика деңгейіндегі барлық әскери оқу орындарына, әскери бөлімшелерге, кафедраларға, алғашқы әскери дайындық пәні оқушыларына таратып жаттату қажет. Және аталмыш оқу орындарының арасында тапсырыстағы үздік әндер байқауын жариялау қажет. Сонда кәсіби сазгерлер де, арнайы мамандар да әскери әндерге қарай бет бұрады. Әннің сөзін де талантты ақындарға жаздыруға тырысуымыз керек. Рухы биік жауынгер қай жерде де өзінің рухының биіктігін көрсете алады: Майданда да, тәжірибе алаңында да, бейбіт өмірде де. Ал жауынгердің рухын биіктететін бір амал – әскери ән. Ән арқылы патриоттық сезім оянады. Меніңше, Отан қорғау сезімі мен патриоттық ән – егіз. Жауынгердің бойында патриоттық сезім болмаса, ол Отанының қорғаны емес. Әскери ән табанның тарсылымен қоса, жүректің дүрсілімен бірге үндесін табу қажет. Ондай ән болмаған жағдайда сарбаздың қолындағы қару – қару емес, жай ғана қурай деп білейік. Сондықтан да әскери әндерге ерекше мән бергеніміз жөн.
Өз көзіммен көрген жоқпын, көргендердің айтуына сенсем, көршілес Өзбекстанда әскери ән жазуға өзбектің ең мықты кәсіби композиторлары тартылыпты. Тіпті оларды міндеттепті. Мемлекет міндеттеген. Соның нәтижесінде мықты әскери әндер дүниеге келсе керек. Әйгілі Әмір-Темірдің заманындағы жорық жырларының сарынын еске түсіретін, әні көне, бірақ мазмұны жаңа әскери әндер дүниеге келіпті. Бұл нені көрсетеді? Әскери әнге мемлекеттік тұрғыдан назар аудару керектігін.
Кезінде 100-ге қадам басқан Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өренім» өлеңімен жаралы жауынгер кеудесін оққа тосып, жауға қарсы төтелесе, оқ бораған майдан даласында шынжыр табан танкінің үстінде 19 жасар талдырмаш қазақ қызы, Халық Қаhарманы Роза Бағланованың әні әлемді жаңғыртып, жеңіске жетелеген жоқ па еді? Сондықтан да Тәуелсіздігіміздің тұрақтылығы мен мемлекетіміздің қуаттылығын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне 20 жыл толуына орай, мемлекет қауіпсіздігі үшін, әншілердің емес, әннің байқауында әскери патриоттық әндердің қоржынын толтырсақ «Лэйла-Лэйла, қал қалай? Келші, сәулем, бері қарай» сынды қатардағы болмашы әндерден қатардағы жауынгерлердің арылатыны хақ!