«Базарың құтты болсын, ардақты елім, Қоянды – ту көтерген думанды елім», – деп Біржан сал жырлағандай, бұрынғының сал-сері, балуан, шебер өнерпаздары бас қосатын ордалы ошақ – Қоянды жәрмеңкесі. Бүгінгінің арқалы әншілері мен балбармақ күйшілері жиналып, арқа-жарқа болатын бірден-бір «базары» – «Алтын домбыра» дәстүрлі өнерпаздар фестивалі.
Алматыдағы орталық концерт залының көрерменге лық толуы халықтың ән-күйге шөліркеп жүргендігін аңғартты. Әрине, оған себеп те жоқ емес. «Інжу-маржан», «Күй керуен» сынды фестивальдар бір-екі рет өтіп, ары қарай жаңғырмай қалды. Жанын жеп айтатын нағыз әншілерді еліміздің айтулы мерекелеріндегі үкімет концерттерінен көріп қалсақ, қуанатын болдық. Іздеушісі жоқ жетімдей күй кешкен өнерді дәріптеуді адами борыш деп білген Майра Ілиясова эстрадалық концертке қарағанда, ұлттық музыка кешін ұйымдастырудың қиындығын жасырмады.
Майра ІЛИЯСОВА, әнші, «Майра» продюсерлік орталығының жетекшісі:
– Әрине, концерт ұйымдастырған соң, оның қызығы да, шыжығы да болады. Қыз бала болсам да, ауыр жүкті арқалап жүрмін. Жанды дауыспен талайды тамсандырған дәстүрлі әншілерімізге жанашыр осындай кештер керек. Былтыр алғашқы «Алтын домбыраны» өткізген кезде, Республика сарайында 3000 адамды жинауға келгенде қиналдық. Әншілерді тыңдаған сайын, делебелеріңіз қозып, сахнадан жібергілеріңіз келмей, сондай бір құштарлықпен тыңдап отырсыздар. Ал билет алуға келгенде көрермендерімізді таппай қаламыз. Жасыратыны жоқ, ректорға, әкімге барып, билет алдыртып, «халықты жинаңыздар» деп қолқа салатын кездеріміз болады.
Алғашқы «Алтын домбырада» қазақтың маңдайалды күйшісі Қаршыға Ахмедияровтың өнер көрсеткенін білеміз. Төкпе күйдің майталманын сол кезде соңғы рет сахнадан көруіміз деп кім ойлаған?! Келмес сапарға кеткен күйшіні еске алып, рухына ерекше құрмет көрсетілді. «Әдемі-ай» компаниясының президенті Баһаргүл Төлегенқызы демеушілік жасап, Қаршыға ағамыздың жары Нұрила апаға арнайы сыйлығын да алып келген екен.
Қазақтың арқалы әні десе арқаланып кететін тыңдаушы Қатимолла Бердіғалиев, Эльмира Жаңабергенова, Сәуле Жанпейісова, Ерлан Рысқали, Мақпал Жүнісова, Майра сынды сүйікті орындаушыларын екінші әнін айтқызбай жібермеді. «Арындап ән сала ма дарымаған» деп Әсет атамыз тап басып айтқандай, әншілік өнері Алладан берілген ерекше дарын иелері ән нөсерін төгіп, құйқылжыта салғанда, өре түрегелмеген адам қалмады. Заманында талайды тағылымды жырларымен «аһ» ұрғызған Набат Ойнаровадай жыршы апамыз да бұрынғының жырауларындай «Алтын домбыраға» арнайы термесін тарту етті.
Қара қазан, сары бала қамын жеп, дәйім көмекке зәру жерден табылатын дәуіріміздің атымтай жомарты Нұртай Сабильянов дәстүрлі ән-күйге де жанашыр екендігін көрсетті. Құдай қазақтың осындай «үлкен жүректі» ұлдарын тіл-көзден сақтасын.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Қазақ өнерін, дәстүрлі музыкамызды әрқашан қолдауымыз қажет. Қазақ өзінің өнерін, мәдениетін, тілін, тарихын ұмытпауы керек. Елімізді, елдігімізді көрсететін – осы өнеріміз. Қазақтың даму деңгейін ұлттық музыкаға қарап байқауға болады. Дәстүрлі музыканы тыңдау – мен үшін керемет ғанибет. Әр қазақтың жүрегінде дәстүрлі ән-күйге деген сүйіспеншілік болу керек деп білемін.
Арнайы шақыртумен еліміздің әр аймағынан келген Қатимолла Бердіғалиев, Сағадат Рахметжан, Бисара Мәкенова, Арайлым Рақымқызы, Сәуле Таудаевалар мұндай кештерге зәру. Айына-жылына бір бас қосатын мұндай думанды кештер құдды бір Қоянды жәрмеңкесіндей...
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, күйші:
– Ән-күйге байланысты кештер бұрындары көп өткізілетін еді, соңғы уақытта сиреп бара жатыр. Осындай кештерді халық сағынып, аңсап отырады. Халықтың бүгінгі қошеметінен өнерге сусап қалғандығын байқадым. Қазақтың «сен тұр, мен атайын» деген бірегей өнерпаздары қатысқан тамаша кеш болды.
Қатимолла БЕРДІҒАЛИЕВ, әнші:
– «Алтын домбыра» – бас қосып, шерімізді тарқататын, халықпен кездесетін жеріміз. Ұлттық өнерге мемлекет тарапынан көңіл бөлу төмендеп бара жатыр. Не болса соған еліктейміз. Қазір үлкен концерттерде шеру деген пайда болды. Режиссерлік шешіммен дәстүрлі әншілерді төрт-бесеуден қосарлап, бір-бір шумақтан ғана айтқызу – өнерге обал, қиянат. Сол концертке ең болмаса бір-екі әншіні жіберсе. Әншінің бір әнді толық айта алмауы алдына ас қойып, бір қасық ішкеннен кейін тартып алып кеткенмен тең. Ұлттық өнерге осындай қиянат жасамаса екен».
Түйін
Алланың нұры жауған талапты, талантты тұлғалардың киелі домбыраны тастамай, өнердің кері ағысына көнбей, ұлт мұрасын саф қалпында сақтап жүргенін ерлік дерсің. Қалтаның қалыңдығын емес, өнердің қамын жеп жүрген өнер иелеріне қай жағынан қолдау көрсетсе де, артықтық етпейді. Заманауи өңдеумен шыққан әнге әуес қауым, нағыз қазақы ән-күйіміз естілсе, есер әнді қойып, есті әнге мойын бұрғанын көзіміз көрді. Дәстүрлі ән-күйге арналған кеште таза домбырамен шығушыларды «тыңдалмай қалады-ау» деген ойым «Алтын домбыра» ән-күй фестивалінен кейін сейілді. Әлбетте, шын талант шынайы өнерімен баурап алса. Ұлттық музыканың шыңдалған тұсы ХІХ ғасырды тарихта «Алтын ғасыр» деп айдарласақ, «Алтын домбыра» да бұл дәуірдің жарық жұлдызы болып, өнерпаз бен тыңдарманның алғысын алар деген сенімдеміз...