Әміржан Қосанов: Бар қателігім — Тоқаевты түнде мойындауым
2019 жылы президенттікке үміткер болған Әміржан Қосанов бұрыннан әріптес болып, сотқа, митингіге бірге барған адамдардың өзін қалай сынға алғанына тоқталды. Сондай-ақ, ол бұлайша сынның астында қалуының себебі не екенін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
«Ол адамның жеке өміріне де қатысты болатын. Бірақ менің ешкімге ренішім жоқ. Тағы қайталап айтамын. Сайлау алдындағы бір де бір сөзімнен бас тартпайтын және сайлаудың нәтижесі шыққан кезде оны мойындауымды өзімнің жеке жауапкершілігім деп қабылдаймын. Өйткені менің алдымда үлкен таңдау тұрды. Қарсылық білдіріп, көшеге шығып атойлап, белгілі бір дәрежеде қоғамдағы үлкен бір дағдарысқа жол беру, соның себепшісі болу. Болмаса кәдімгідей саяси процестің бейбіт, эволюциялық жолда өтуіне себепкер болу», - деді ол.
Әрі қарай Әміржан Қосанов өзінің талай мәрте митингіге шыққан және абақтыда отырған қазақ екенін айтты. Сондай-ақ, дәл сол кездегідей сын болатынын алдын ала білгенін жасырмады.
Әміржан Қосанов әйелі мен балалары немен айналысатынын айтты >>>
«Менің қателігім – түнде мойындауым деп ойлаймын. Мұнда үлкен таңдау болды: Саяси хайп жинап, өзін соншалықты табанды оппозиционер, революционер етіп көрсету. Бірақ оның арты қиын жағдайға алып келуі мүмкін еді. Сол себепті маған мемлекеттің тәуелсіздігі, халқымыздың тыныштығы қымбат болды. Қаралайтынын, күйелейтінін білсем де, осындай қадамға бардым», - деп аяқтады сөзін ол.
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 10 маусымы күні сайлау қорытындысы жария етіліп, Қазақстанның екінші президенті сайланды. Тоқаев exit poll мәліметінше, 70,13% дауыс жинаған. Ал ОСК алдын ала қорытындысы бойынша, Әміржан Қосанов 16,02% дауыс жинады, оның ішінде 1 472 733 қазақстандық дауыс берді.