Америкада жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының Шыңғыс хан туралы кітабы шығыпты. «Ол туралы автордың өзінен емес, интернеттен білгеніміз қалай?» деп жазушыға телефон соқтық. Сөйтсек, Бексұлтан Нұржекеұлының өзі де Америкада кітабы шыққанын жақында ғана естіпті. «Кітапты өзім әлі көрген жоқпын. «Кітабыңыз шықты, салып жібердік» дегеннен кейін күтіп жүргенімде, «мекен-жайы дұрыс болмай қалыпты» деп қайтадан қайтарып алып, қайта салып жіберіпті. Құдай қаласа, келіп қалар. Күтіп жүрмін», – деді.
– Кітапты кім аударған?
– Кітапты Англияда аударыпты, Америкада басыпты. «Шыңғыс хан Іле өңірінің ұланы» деген мақала жазғанмын. Осы уақытқа дейін Шыңғыс ханның шын тарихын неге білмей келдік? Себебі неде? Сондағы бұрмалаушылықтар туралы жазғанмын. «Мәңгілік ел» журналына шыққан «Шыңғыс ханның отаны – Моғолстан» деген орысша мақалам бар. Сондай мақалаларымның жиынтығы болу керек. Баспаның атын білмедім. Естуімше, кітапты аудару біраз қиындық тудырыпты. Ағылшынша біліп, қазақша білмегендер аудара алмайды екен. Оның шет жағасын бір інішектер аударамыз деп жүргенде өзім де естігем. Кітапты шығарушылар интернеттен суретін, мазмұнын салып жіберіпті.
– Мақалаңыздағы ел, жер, су аттарын қандай түпнұсқаға негіздеп алдыңыз?
– «Моңғолдың құпия шежіресі» деген кітапқа осы күнге дейін малданып келдік. Ал енді осының аты дұрыс емес екенін, біраз жайтты жасырғанын, әдейі өзгерткенін Тілеуберді Әбенайұлы жазды. Шын аты «Шыңғыс ханның құзауыры» дейді. Ол кісі көне қытай тілін жетік біледі. 1227 жылы жазылған кітап екен. Шыңғыс ханның өлгенінен 13 жыл өткен кезде жазылып отыр. Көп жер-су аттары бізге етене таныс. Тілеубердіні қасыма ертіп, аралап шықтым. Әр атауды салыстырып көрдік. Жер ыңғайын мұқият қарадық. Қай төбе қай жерден көрінеді, қай өзен қайда барып құяды, соны да кітаппен салыстырдық. Қысқасы, күдік-күмәнімізден дәлеліміз көп. Аяғында өзіміздің де қайран қалғанымызды жасырмаймын. Дүниеде көріп тұрған, біліп тұрған нәрсеңді айтпағаннан жаман нәрсе жоқ. Басқаларға да айтарым сол, құр шоши бергенше, зерттеп қараған жөн шығар.
P.S. Жазушы рас айтады. Шетелдіктер Шыңғыс хан сияқты ұлы тұлғалар туралы бір дерек шықса, оған назар аудармай қоймайды. Ағылшынның зерттеуші-журналисті Джон Мэннің қазір қазақ, орыс тілдерінде де сатылымда тұрған Шыңғыс хан жайлы кітабы осындай қызығушылықтан туған. «Сен оны қайдан білесің?» деп ит қосып қуған ешкім жоқ. Ендеше, тәуелсіздік алғалы бері көп талқыланатын алдыңғы тақырыптардың біріне айналған ұлы қаған туралы қазақ жазушысының түрлі болжамға толы кітабы Америкада жарық көріп жатса, оған неге жөн екен демеске! Құтты болсын!
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ
(«Ақ желкен», №7. 2015 жыл)