Актер 1993 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істейтінін айтты. Алпыс шақты рөлді сомдаған
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері, көпшілікке тележүргізуші ретінде танымал Рахман Омар 26 жылдан бері Мүсірепов атындағы мемлекеттік театрда еңбек етіп келеді. "Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ", "Қызық екен" секілді бағдарламалар арқылы көрермен көңілінен шыққан азамат театрда қандай рөлді сомдағысы келетінін Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Ең бастысы – театр
"Басты мамандығым – театр актері екенін біреу білсе, біреу білмейді. Көбі тележүргізуші ретінде таниды. 1993 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істеймін. Үлкенді-кішілі 60 шақты рөлді сомдадым. Телеарна саласында бірнеше жобада жүргізуші болдым. "Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ" бағдарламасын ел аузында әлі күнге дейін жүр. Барлық арнада қызмет атқардым", - деп бастады әңгімесін актер.
Айтуынша, игермеген саласы кино, алайда Досхан Жолжақсыновтың "Құнанбай" фильмінде эпизодта ойнаған.
"Құнанбай" фильмінде тілмаштың рөлін сомдадым, көркем фильмге түскенім осы болды. Эпизодтағы шағын ғана рөл болды. Одан бөлек телехикаяларға шақырады, алайда қандай фильм екеніне қарап, бас тарттым. Өйткені қайталау көп. Мен үшін ең бастысы – театр", - дейді Омар.
Түрік және корей телехикаялары жаулап алды
"Телеарнада 1-2 жылға жоспарларланған жобаларға қатысып тұрамын. Соның бірі – "Қызық екен", "Кім білгір" секілді интелектуалды бағдарламалар. Бір жылға жоспарланған "Қызық екен" бағдарламасы көрерменнің сұрауы бойынша екі жылдай жүрді. Қазір де сұрайды.
Өйткені қазір телеарнада интеллектуалды бағыттағы бағдарламалар өте аз. Кезінде "ХХI ғасыр көшбасшысы" секілді бағдарлама болды. Қазір қай арнаны қоссақ та, қойыртпақ дүние көп, телеарнаның барлығын түрік және корей телехикаялары жаулап алған. Артында қомақты қаржы тұрған шығар, ол жағы маған беймәлім. Арнаның ішкі асханасына қол сұқпаймын", - дейді ол.
Рахман Омардың айтуынша, телеарнада басшы ауысқан сайын қызметкерлер құрамы да ауысады. Мұндай жағдайда еңбегі сіңген кісілердің өзі қызметін босатуы қажет.
"Әр басшы келген сайын өз командасын алып келу үрдіске айналған, соның зардабын тәжірибелі мамандар да көріп жатады. Әсіресе, техникалық жағында 30 жыл қызмет еткен кісіге жаңа басшы келгенде орнынан кетуге тура келеді. Ал ол адам студияның әр шегесінің қайда қағылғанын біледі. Біз де солардың қатарына жатамыз. Жаңа басшының талғамына қараймыз",- дейді Омар.
Сонымен қатар телеарнада өткен ғасырдың соңында көрсетілген бағдарламаларды қайтадан көрсету жайлы ұсынысын да айтты. Бұл ескілікті аңсау емес, телеарнаның нағыз майталмандарын насихаттау деп түсіндірді сөзін.
"Өзінің өткенін ұмытқан, болашақтың наласына қалады" деген қанатты сөз бар. Кестені толтыру үшін күнделікті болмайтын бағдарламалар көрсетіп жатады. Соның орнына неге осы ретро, архивтегі дүниелерді көтеріп, өскелең ұрпаққа телеарнаның не екенін, оның сүрлеуі мен даңғылды дара жолынан, тарғыл жолымен өткен нағыз майталмандардың көрсетпеске деп ойлаймын. Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза ағаларымыз 70-80 жылдары телеарнаның басы-қасында жүрген кезде тұщымды дүниелер көп болды. Қазақтың руханияты, салт-дәстүр, әдетіне байланысты дүниелер шықты", - дейді Омар.
Жағымсыз образды ойнау ұнайды
Театрда комедия, драма, трагедия деген үш бағыт болса, үшеуінен де құралақан емес актер астарын ашып, психологиясын жеткізу күрделі рөлді ойнағанды ұнататынын айтты.
Актер үш жанрды да тең деңгейде меңгеруі қажет. Кей актердің ыңғайы комедияға келіп, драмаға нашарлау болады, біреуінде керісінше. Маған осы үш жанрда да рөл бұйырды. Жаныма жақыны "Қозы Көрпеш-Баян Сұлудағы" Жантықтың бейнесі. Гамлетті армандадым деп өтірік айтпай-ақ қояйын, Гамлетті ойнайтын актер көп. Маған астарын ашатын рөл, жағымсыз образ қатты ұнайды", - дейді Рахман Омар.
Отыз жасында Жантықтың рөлін алып шығатынына сенімді болмаған актер бірнеше жыл өткен соң ғана образды ашуға дайын болғанын, сол себепті ең сүйікті рөлі ретінде сақталғанын айтты.
"Театр актері "бұйыртқан рөл" деп сөйлейді. Отызға толмаған шағымда режиссер Балтабай Сейітмамытов "Қозы Көрпеш" қойылымын қойды. Сонда маған екінші құрамда Жантықтың рөлін берді. Бірінші құрамда Сағат Жылгелдиев ойнады. Мен өз шамама қарап, алып шыға алмайтынымды сездім. Рөлді Сағат ағам өзі ойнап кете берді. Мен дайын болған жоқпын. Араға біраз жыл салып, жасым қырыққа таяған шағымда режиссер Жанат Қажиев "Қозы Көрпешті" қайта қойды. Сол кезде Жантыққа дайын болдым", - дейді ол.
Кемел Абайды сомдағысы келеді
"1994 жылы Жүргенов атындағы өнер академиясында диплом жұмысымыз Шәкен Аймановтың сценарийі бойынша "Желсіз түнде жарық ай" қойылымын қою болды. Ол жерде Абайдың жастық шағын ойнаймын. Институтты бітіріп, театрға қабылданған кезде сол қойылымды Нұрқанат Жақыпбаев Мүсірепов театрында қойды. Институттан келген дайын Абай ретінде сол рөлді сомдау бақытына ие болдым. Ол Абайдың 150 жылдық мерейтойы болатын",- дейді ол.
2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның кемелденген шағын сомдағысы келетінін айтты.
"Абайдың пәлсапалық ойлары қырық жастан асқан соң шыға бастаған. Қазір Абайдың сол бір шағын ойнағым келеді. Құнанбайұлының образы өте күрделі образ, екінің бірі ойнамайды. Сырт келбеті жағынан да ұқсастық бар: бетім домалақ, орта бойлы. Ішкі жан дүниесін, арпаласын алып шығу актер үшін өте қызық. Қазір Абайды сомдасам қалай болар екен деймін. Кім білсін, он жылдан кейін "Король Лирді" ойнағым келетін шығар", - дейді Рахман Омар.