«Алтын домбыра» күй сайысына қатысушылар мен өнер иелері Құрманғазы бабаның басына тәу етіп қайтты
Қазақ күйінің құдіретін әлем аспанында шарықтатқан, талай шет мемлекетте қасиетті халқының киелі өнерін паш еткен күйші Әзидолла Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» республикалық сайысы мәреге жетті. Екі күн бойы Әзидолладай дәулескер домбырашысы бар Атырауда күмбір күй өрістеді. Еліміздің әр аймағынан үмітін үкілеп келген жас домбырашылар қазақ күйінің хас шеберлерінің алдында өнерлерін сынға салды. Сайысқа қатысушы сайыпқырандардың жеңіліс тапқаны жоқ, жаңа ғасырда ата-баба мұрасын асқақтатып жүрген жастардың қай-қайсысы да мақтауға да, мадақтауға да тұрарлық. Байқау нәтижесі жария етілген күннің ертеңінде жас күйшілер мен қазылар алқасын, өнердегі жанашырларын бастап Әз-аға Әзидолла Есқалиев Алтынжардағы Құрманғазы бабаның мазарына жол тартты. Ұғына білгенге бұл да бір ұлылық екені сөзсіз.
Көктемнің таңғы салқыны бой тоңазытады. Көңілде ғана – жылылық. Күй қағанына деген шексіз құрметтің белгісіндей болып жолға жиналғандар арасында Әзидолла Есқалиевпен оның жары, кешегі сайыста қазылар алқасына басшылық еткен ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сәнен Әжиева, белгілі күйші Сержан Шәкіратов, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Тұяқберді Шамелов, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Алма Андарбаева мен бір топ жас домбырашылар бар. Жеті мың шақырымға созылған әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараны басып өтіп, Еділ-Жайықты тел емген көршілес мемлекетте мәңгілік қоныс тапқан Құрманғазы бабаның алдындағы ұрпақ парызы жолдың алыстығын да байқатпайды. Әр көңілде – бір арман, баба рухымен сырласуға жол бастайтын қиял. Қиялдың жетегіне біздің де ере бергеніміз сол еді, күмбірлеген домбыраның күміс үні құлағымызға жылы тиіп, назар аудардық. Түр-сипаты қазақ деуге келмейтін, өзге ұлттың өрімдей ұлы егіз шектен күйді төгілтеді келіп. Таныстық. Дағыстанды мекендеген ноғай халқының ұлы екен. Бийсолтан Жамалов – қазақша сөйлегенде ана тілін жеткілікті білмейтін талай қандасымызды жолда қалдырады. «9-сыныпты аяқтап, Астрахань қаласындағы музыкалық колледждің домбыра сыныбына қабылдандым, – деп бастады ол әңгімесін – Маған қос ішектің құдіретін танытқан марқұм ұстазым Талиғат Айтасов еді. Міне, оныншы жыл, домбыраны қолымнан бір сәтке де тастаған емеспін. Қазақтың осы киелі аспабының қыр-сырына қанығуды, күйші болуды мақсат еттім. Колледжді аяқтағаннан кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға Айгүл Үлкенбаеваның сыныбына оқуға түстім». Бийсолтанның өнердегі жеңістері де аз емес екен. Бұған дейін Мәскеуде, Санкт-Петербургта, Махачкалада өткен үлкен, үлкен байқауларда домбырамен өнер көрсетіп, бас жүлдені қанжығасына байлаған жас талант Әзидолла Есқалиев атындағы күйшілер сайысында да топ жарып, жүлделі бірінші орынның тұғырынан көрінді. «Бийсолтанның қазақтың қара домбырасына деген шексіз құштарлығы мен күй өнерін меңгеруге деген ұмтылысы қазылар алқасымен бірге, сайысты тамашалаған көрермендерді де тәнті етті. Орыстың жерінде жүрген ноғай баласының домбыраға деген алабөтен көзқарасын қолдауға тиіспіз. Оған тек қана жеңістер мен жақсылықтар тілейміз», – дейді байқауды ұйымдастырушы Алма Андарбаева. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны тамамдап, кәсіби домбырашы дәрежесін иеленген Бийсолтан бүгінде Астрахань мемлекеттік консерваториясында дәріс береді. Өткен оқу жылында аталған оқу орнынан домбыра сыныбын ашқан, қазір екі шәкіртін осы өнерге баулуда. «Қазақ елі жыл санап көркейіп, дамып келеді. Мені әсіресе Ресей мен Қазақстанның бірлігі ерекше қуантады. Екі ел арасындағы достықтың дәнекеріндей болып, орыс жерінде қазақтың ұлттық аспабын дамытып, насихаттауды армандаймын», – дейді Бийсолтан. «Арманың орындалсын, Бийсолтан», – дедік біз де ақжарылқап көңілмен.
МАЗАР БАСЫНДАҒЫ БІР МЕЗЕТ
«Құрманғазы» ұлттық мәдени орталығының директоры Нұржан Медетов алдымен Астрахань қаласының орталығында орналасқан күй атасының ескерткішіне жол бастады. Гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түскен топтың ендігі бағыты – Володар ауданы Алтынжар ауылы. Алтынжардағы ақ төбенің басында мәңгілік тыныстаған Құрманғазы бабаның заманауи үлгіде салынған мазары көзге алыстан шалынады. Баба рухына құран бағышталғаннан кейін Құрманғазы атындағы мұражайдың аға ғылыми қызметкері Жұмағыз Иманбаева мазар құрылысымен таныстырып өтті. «Құрманғазы бабамыздың тек күй қағаны ғана емес, аруақты адам екеніне де талай жылғы еңбек жолымда көзім жетті, – дейді Жұмағыз апай. – Алты жыл бұрын осы жерге Алина Галиева есімді төрт жасар бүлдіршін қыз келді. Сол түні түсінде Құрманғазы атаны көргенін айтқан Алина ұйқыдан ояна сала ата-анасынан домбыра сұрайды. Қазақ домбырасын таба алмаған ата-анасы Алинаға орыс домбырасын әкеліп береді. Бүгінде ол Ресейде ғана емес, шетелдерде де өнерімен тәнті етіп жүрген, өте өнерлі қыз. Жасы онда болса да, алар асуы мен шығар биігінің жоғары боларына сенімдіміз». Қай елде, қай мемлекетте өмір сүру маңызды емес, әкенің қанымен, ананың сүтімен бойға даритын таланттың шоғын өшіріп алмау маңызды. Орыс жерін мекендеген қазақ қызы Алинаның екі ел де мақтан етер, таланты тас жарған, өнерлі өрен болып өсуін ғана тілейміз. Ата мазарының басында бұдан да басқа қызықты, өнегелі әңгімелерін айтқан Жұмағыз Иманбаева апамыз Құрманғазы баба рухының шырақшысы екен деген ой келді.
ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН ҚАЗЫҚ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі барып, ашып берген Алтынжардағы Құрманғазы Сағырбаев атындағы мәдени орталықта бізді қандастарымыз риясыз пейілмен қарсы алды. Ауылдың үлкен-кішісі осында жиналған, бәрі де ерекше көңілді. «Қазақстаннан өнерлі бауырларымыз, атақты күйшілер келеді дегенді естіп, қуанып қалдық. Тарихи Отанымыздан алыста өмір сүргенімізбен, біз үшін қазақ елінің амандығы, тыныштығы ауадай қымбат, – дейді алтынжарлық Асхат Байзуллаев. – Екі елдің арасындағы мәдени-рухани байланыстың алтын қазығындай болып тұрған осы Құрманғазы атындағы кешенге келушілер легі толастаған емес. Ресейдің жерінде қазақтың жүрегіндей болып соғып тұрған бұл қасиетті орынды мақтаныш етеміз. Мұнда қазақтарға, оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын дамытуға жақсы көңіл бөлінеді. Сол қолдаудың нәтижесінде, ана тілімізді, ән-жырымызды ұмытқан емеспіз».
Кешкісін Алтынжардағы қазақ мәдениет орталығының ауласы қалықтаған ән мен жырға толды. Облыстық халық шығармашылығы орталығының өнерпаздары мен «Алтын домбыра» күй сайысының қатысушылары дайындап апарған концерттік бағдарлама көптің көңілінен шықты. Мұхит мектебін жалғастырушы әнші-термеші Ажар Сейтенованың орындауындағы әндерді де көрермен жылы қабылдады. Кеш соңында сөз алған «Алтын домбыра» республикалық күй сайысының ұйымдастырушысы Алма Әзидоллақызы қашан келсе де, құшағын жая қарсы алатын алтынжарлықтарға деген алғысын жеткізді. «Биыл екінші рет өтіп жатқан бұл байқаудың бір ерекшелігі Құрманғазы бабаның басына мінәжат етіп келуді дәстүрге айналдыруымызда деп білемін. Өйткені еліміздің әр түкпірінен арнайы осы сайыс үшін Атырауға жиналатын жас домбырашылардың күй атасының басына барып, батасын алуы – сауапты іс. Бізді қуантқаны – қазақтың ұлттық аспабын жанына серік еткен жастардың көптеп өсіп келе жатқаны. Осы сабақтастық үзілмесін деп тілеймін», – дей келе, Алма Әзидоллақызы Құрманғазы кешенінің директоры Нұржан Самиғоллаұлына, Астраханьдағы консул Асхат Сыздықовқа, Володар ауданы әкімшілігінің басшысы Батыршин Меңдеевке және «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымының құрметті мүшесі Никита Искаковқа алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.
Күй анасы Динадан дәріс алған, күй атасы Құрманғазының өнерін жалғастырған, Парижге барып, қазақ әнін әуелеткен Әміреден кейін ұлт өнерін әлемге танытқан дәулескер күйші Әзидолла Есқалиев – бүгінде туған жерінің құрметті азаматы. «Осынша құрмет пен сыйға бөлегендеріңіз мені ғана емес, қазақ өнерін құрметтегендеріңіз деп білемін. Жас дарындарды елге танытатын байқауды ұйымдастырушыларға, облыстық әкімдікке деген алғысым шексіз. Құрманғазы бабаның басына барар-келер жолымызда ақ дәмімен күтіп алған Құрманғазы ауданының әкімшілігіне де ағалық алғысымды айтқым келеді. Ел өнері өрістей берсін, қазақтың қара домбырасының қасиетін кемітпейік», – деген Әзидолла аға Есқалиевтің тілегіне біз де қосылдық.
Бақытгүл БАБАШ, Атырау – Астрахань – Алтынжар – Атырау