«Тәңірі, неткен жан еді қайрылмайтын, жүрегі еттен бе әлде қоладан ба?» деуші еді ғой Мұқағали. Расында, жетім менен жесірдің де жай-күйіне селт етпейтін мұзкеуде жандар бар да, керісінше жылағанның көз жасын сүртіп, соңғы тиынына дейін шын мұқтажға беруге әзір алтын жүрек иелері де бар. Арамыздағы сондай жомарт, қайырымды жандарға өз істеріне лайық құрмет көрсететін салтанатты шара «Алтын жүрек» сыйлығының беріліп келе жатқанына биыл бесінші жыл толыпты.
Марапаттау рәсімінің мерейтойына Түркия, Йордания, Германия секілді елдердің азаматтары арнайы келсе, сондай-ақ биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» аталымы қосылып отыр. Сонымен, биылғы «Алтын жүрек» сыйлығының иегерлері:
1. «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясы Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы О.Сүлейменов атындағы «Жетімдер мен мүгедектер орталығы» мекемесінің директоры Наталья Смыковаға табысталды. Себебі ол 1996 жылы интернаттар мен балалар үйінен шығып, далада қалған түлектерді жинап, соларға арнайы әлеуметтік-бейімдеу орталығын құрған. Семей, Шар, Аягөз, Көкпекті, Үржардың балалар үйінен жиналған 400-ден астам түлегін тәрбиелеп шыққан.
2. «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» – Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Сайрам ауылдық округінің «Стандарт Цемент» ЖШС марапатталды. Аталған мекеме өз қаржысына сол ауылдан 240 орындық типтік мектеп салдырған, оған 214 190 839 теңге қаржы жұмсалған.
3. «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» – «Мэри Кэй» компаниясы;
4. «Спортты дамытып, қолдағаны үшін» – Алматы қаласындағы «Нұрдала» ЖШС құрылтайшысы Есей Өркен мырза марапатталды.
5. Сондай-ақ «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін» сыйлығы Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Сәрбие ауылындағы «Жақып» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабай Жақып мырзаға берілсе;
6. «Жыл меценаты» болып Астанадағы ENRC Kazakhstan ЖШС танылды.
7. Ал «Ақпараттық қолдаушы» номинациясы бойынша арнайы сыйлық Қазақстан ұлттық телеарнасының «Жан жылуы» бағдарламасына табыс етілді.
Кешке Асылы Османова сынды қайраткер апамызбен қатар бір өзі бір емес, бірнеше жетім балаларды жетелеп, жеткізіп жүрген ерекше қайырымдылық иесі Әмина апай, мұқтаж жандарға қашанда көмек қолын созуға дайын меценат Нұртай Сәбиляновтар келіп жылы лебіздерін, қуаныштарын білдірсе, әнші Айгүл Иманбаева, әлемге әйгілі скрипкашы Арман Мырзағалиев, сондай-ақ итальянша ән салатын «Парасат» тобы, «Кешью» тобы, «Сәт» триосы өнерлерімен өрнектеді.
«Алтын жүрек» иелері марапатталды
Последние статьи автора