Астана қаласындағы «Алтын самұрық» өнер орталығы Қазақстан эстрадасы жұлдыздарын қолдау және қазақ өнерiн дамыту мақсатында 2005 жылдан берi «Алтын самұрық» сыйлығын тапсыруды қолға алған болатын. Сарыарқаның төрiнде қанатын қомдаған «Алтын самұрықты» алғаш алақанына қондырған әншi Қарақат Әбiлдина болса, араға екi жыл салып бұл сыйлық «Мұзарт» тобына табыс етiлген. Ал биыл жобаны ұйымдастырушылар алтынмен апталып, гауһар таспен безендiрiлген «Алтын самұрықты» Алматыдағы Республика сарайында табыстауды ұйғарыпты.
Ақпанның 10-11-i күндерi аралығында елiмiздiң өнер жұлдыздарының жүрегiн дүрсiлдеткен бұл марапаттау рәсiмiн Қазақстанның Халық әртiсi Роза Рымбаева мен «Шымкент-шоу» әзiл-сықақ театрының әртiсi Берiк Тұрсынбеков жүргiздi. «Алтын самұрықты» иесiне табыстау екiншi күн еншiсiне қалдырылып, алғашқы күнi мынадай номинация иелерi марапатталды:
1. «Ең үздiк әншi» – «Мен қазақпын» секiлдi патриоттық әндердi орындап, жастардың арасында кеңiнен танытқан жас әншi Ерболат Құдайбергенов;
2. «Талғамды әншi» – Бүркiт;
3. «Дәстүрдi дәрiптеушi» – Жанар Айжанова;
4. «Үздiк музыкалық тележүргiзушi» – әншi әрi тележүргiзушi Аша Матай;
5. «Үздiк аспап орындаушысы» – «Ұлытау» тобы;
6. «Үздiк музыка өңдеушi» – Хамит Шаңғали;
7. «Сүйкiмдi әншi» – Мәдина Сәдуақасова;
8. «Жарасымды жұп» – Тоқтар мен Бейбiт;
9. «Үздiк концерт» – «Мұзарт» тобы;
10. «Үздiк бейнесаз» иесi «Аққуым» әнiне түсiрiлген клипi үшiн Роза Рымбаева;
11. «Үздiк альбом» иесi – жас әншi Қайрат Нұртас;
12. «Үздiк дуэт» – «Нұр-Мұқасан» тобы;
13. «Үздiк топ» – «Жiгiттер» квартетi;
14. «Үздiк телеарна» – «Хит-ТВ» арнасы.
Кештi жүргiзген Халық әртiсi Роза Рымбаева «Есiмi елге аңыз» номинациясын алса, оның серiгi «Шымкент-шоу» әзiл-сықақ театрының әртiсi Берiк Тұрсынбековке «Үздiк әзiлқой әртiс» деген номинация бұйырды. Алайда «Үздiк әзiл-сықақ театры» деп «Шымкент-шоу» емес, әрбiр әзiлi ел аузында жүрген «Шаншар» танылды.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ең бағы жанған әншi Ерболат Құдайбергенов болды. Олай дейтiнiмiз, «Ең үздiк әншi» атағынан да басқа оған «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен «Хит-ТВ» арнасының да арнайы сыйлығы табыс етiлдi.
Сол секiлдi «Хабар» арнасы Айқын Төлепбергенге, «Казахстанская правда» газетi Парвиз Назаровқа, «Stars.kz» журналы Қайрат Түнтековке, ал «Жұлдыздар отбасы» журналы Мейрамбек Беспаевқа, «Ел» газетi Жазира мен Жанболатқа өздерiнiң арнайы жүлделерiн табыс еттi.
Марапаттау рәсiмiнiң екiншi күнi «Алтын самұрыққа» үмiткер ондықты анықтаудан бұрын «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша жас әншi Сырым Исабаевты, «Үздiк дауыс» номинациясы бойынша Медеу Арынбаевты марапаттаса, «Ең үздiк продюсер» деп «Ұлытау» тобын әлемдегi үздiк 100 диск иегерi дәрежесiне жеткiзген Қыдырәлi Болманов танылды.
Осыдан кейiн «Алтын самұрыққа» үмiткер ондық анықталды:
1. «Домино» тобы
2. Еркiн Нұржанов
3. Қайрат Нұртас
4. Қайрат Түнтеков
5. Ерболат Құдайбергенов
6. Аша Матай
7. Сиви Махмуди
8. Бүркiт
9. Тоқтар мен Бейбiт
10. «Жiгiттер» тобы
Осы ондықтың iшiнен «Жiгiттер» квартетi және Тоқтар мен Бейбiт суырылып алға шықты. Таразы басында тең тұрған қос топқа төрелiк айту жобаның авторы әрi продюсерi Қайыргелдi Жексембиннiң ұйғарымымен Қазақстанның Халық әртiсi Роза Рымбаеваға берiлдi. «Алтын самұрықтың» алдыңғы иелерi Қарақат пен «Мұзарт» дауыстарын берген Тоқтар мен Бейбiтке шешушi сәтте «Жiгiттер» де жiгiттiк танытып, жол берудi ұйғарыпты. Осылайша, өнерде де, өмiрде де «Жарасымды жұп» атанып жүрген Тоқтар мен Бейбiт «Алтын самұрық – 2009» сыйлығының иегерi атанды.