«Алтын қазына» атты ақпараттық-көркем альбом жарық көрді
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ел-шежіре» қайырымдылық қоры «Алтын қазына» атты ақпараттық-көркем альбомның тұсаукесерін өткізді.
Тұсаукесер рәсіміне М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, «Ел-шежіре» ҚҚ-ның президенті Дидахмет Әшімханұлы бастаған мәдениет, әдебиет, қоғам қайраткерлері, сонымен қатар журналистер қауымы қатысып, 2004-2011 жылдар аралығында өткен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған шараларды талқылады. «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы зерделеніп, мұнан кейін қандай жұмыстар істелуі керектігі сөз болды. Сонымен қатар ғалымдар «Ел-шежіре» қоғамдық қоры шығарған «Алтын қазына» атты ақпараттық-көркем альбомды қайта басып шығару, жалпы, халыққа насихаттау, ғылымиландыру негізінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Дидахмет Әшімханұлы, «Ел-шежіре» ҚҚ президенті:
– Бүгін біздің қордың «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде жасап жатқан шаруаларының бір парасы ғана айтылды. Мысалы, биыл алашордашылар туралы 1000 данамен фотоальбом шығарып, жуырда тұсаукесерін өткізген едік. Артынша демеушілер табылып, тағы да басылып, таралымы көбейіп жатыр. Сол секілді «Алтын қазына» атты ақпараттық-көркем альбомды қайта басып шығаруды қолға алсақ па деген ойымыз бар.