«Алтын қалам» тәуелсіз әдеби сыйлығына үміткер 75 автордан 92 шығарма келіп түсті. Бұл туралы кеше өткен арнайы баспасөз мәслихатында байқауды ұйымдастырушылар жария етті.
Көркемсөзді тануға қаламгерлеріміздің қызығушылығы жылдан-жылға өсіп келеді. Қолына қалам ұстаған жас жазушыларымызды ынталандыру заман талабы болып отыр. Жас таланттар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ететін «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби сыйлығы осы мақсатты көздейді. Жобаны ұйымдастырушылардың бірі Қуат Домбай: «Еліміздің рухани-мәдени дамуына жас таланттар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ету үшін осы жобаны қолға алдық. Осынау ізгі ниетке құрғақ уәдемен емес, нақты ісімен қолдау көрсеткен жалғыз демеушіміз GSM Қазақстан/Kcell ұялы байланыс операторы болды», – деп мәлімдеді. Байқауға ұсынылған шығармалар «Жылдың үздің прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік балалар шығармасы», «Драматургия», «Жылдың үздік іскерлік және ғылыми еңбегі» аталымдары бойынша сарапталды. Үміткерлерден әдеби туындылар үстіміздегі жылдың маусым айының 1-інен қыркүйек айының 1-іне дейін қабылданды. Үш ай ішінде www.arzu.kz сайтына еліміздің әр өңірінде тұратын 75 автордан 92 шығарма келіп түсіпті. Расул Жұмалының айтуынша, «Авторлар үш іріктеу кезеңінен өтті. Алғаш рет оқырмандар талқыласа (көп оқылған әдеби шығармалар байқаудың келесі кезеңіне өткізілді), одан соң ридерлік топ қарап шығып, әр көркем туындыға өз пікірлерін жазды. Осылайша ақтық мәреге жеткен үміткер туындылар қазылар алқасына ұсынылды», – деп мәлімдеді. «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби сыйлығының алғашқы жинағын алдағы ҚР Тәуелсіздік күніне орайластырып, жарыққа шығару жоспарланған екен. Жеңімпаздарды марапаттау 8 қараша күні ұйымдастырылмақ.
Қуат ДОМБАЙ, «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби сыйлығын ұйымдастырушылардың бірі:
– Дүкен сөрелеріндегі қазақша кітаптардың аздығы, жас қаламгерлер шығармашылығын дамытуға мемлекет тарапынан тиісті жағдайдың жасалмауы, шетелдік авторлар жазған қызықты туындылардың қазақ тіліне кәсіби деңгейде аударылмауы қазақ жастарының рухани сұранысын ана тілінде қанағаттандыра алмауына себеп болып отыр. Сондықтан да қазақ жастары қалаған кітабын оқып, қажетін өтеу үшін өзге тілді меңгеруге мәжбүр. Біз осындай жағдайда айтылған түйткілдердің оң шешілуіне жеке үлесімізді қосу үшін дарынды қаламгерлерді қолдайтын «Алтын қалам» жобасын қолға алдық.
Досым СӘТПАЕВ, «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби сыйлығын ұйымдастырушылардың бірі, саясаттанушы:
– «Алтын қалам» жобасы елге белгісіз жазушыларды іздейді. Осы жоба арқылы жеңімпаздар кітаптарын шығара алады. Бұл жоба елге таныла алмай жүрген таланттардың өсуіне ықпал етеді деп ойлаймын. «Алтын қалам» тәуелсіз әдеби сыйлығын ұйымдастыру дәстүрлі түрде өтетін болады.