«Алтын қайық» иесін тапты
Атырауда биылдан бастап бейнелеу өнерінде өзіндік дара қолтаңбасы бар өнердегі бірегей тұлғаға арналған «Алтын қайық» арнайы жүлдесін табыс ету дәстүрге енді.
Көне Алтын орда, Сарайшықтың тарихын жетік білетін жандар Жәнібек ханның сүйікті қызына арнап жасатқан «Алтын қайық» аңызының желісін де білуі тиіс.
Талай жылдан бері айтылып келетін аңызда: «Жәнібек хан қызына арнап жасанды көл жасатып, оның айналасына жеміс-жидек ағаштар егіп, сол маңайды көрер көз тоймас әсем табиғатқа айналдырған, сол жасанды көлге ханның қызы алтын қайығымен серуенге шығады екен. Хан көл суын ауыстырған сайын су бетіне шекер септіреді екен және оған аққу мен қаз қонады. Сол көлді халық «Шекеркөл» деп атаған» деп айтылады.
Бейнелеу өнеріндегі тұлғаға арналған арнайы жүлде де – осы аңызға байланыстырылған арнайы жоба. Жобаны жүзеге асырушы «Ақ желкен» шығармашылық орталығының директоры Нұрберген Дәулетовтің айтуынша, «Алтын қайық» номинациясы жыл қорытындысы бойынша қазақ өнерін шыңға көтерген, шынайы шабытымен жұртшылықты мойындатқан өнер тұлғасына табыс етілетін болады.
«Алтын қайық» статуэткасының сипаттамасын айтсақ, 22 карат саф алтынмен апталған қайық платиналық тұғырнамаға орнатылған. Қытай елінде дайындалған статуэтканың авторы – мүсінші Серік Мәтениязов.
Биыл алғаш рет табыс еткелі отырған «Алтын қайық» арнайы жүлдесі Атырау өңіріндегі 80 суретшінің арасында өткен конкурста ең үздік шыққан хас талантқа табыс етілетіні мәлім болды. Осы жүлдеге лайықты жанды «Ақ желкен» шығармашылық орталығы жанындағы Атырау өңірі суретшілерінің комиссиясы таңдаған.
Салтанатты шарада ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нариман Үлкенбаев тұңғыш рет табыс етіліп отырған «Алтын қайық» номинациясының дипломы мен статуэткасын, ақшалай сыйлығы мен куәлігін үздік туындысымен көзге түскен суретші Исім Арыстановқа табыс етті.
Айтарлығы, өткен жылдың қорытындысы бойынша, атыраулық бейнелеу өнерінің өнер тұлғасына арналған номинация биылғы жылдан бастап аймақтық деңгейге ие болады.