Үстіміздегі жылдың 1 шілде күні «Ару-Ана» продюсерлік орталығы соңғы жылдары ұмытылып бара жатқан жалпыхалықтық мерекенің бірі – «Сабантой» мерекесін заманға лайықтап қайта жаңғырту жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырған болатын.
Онда бас қосқан елімізге есімдері белгілі қаламгерлер, ғалымдар өздерінің ұсыныс, ойларын ортаға салған еді. Пікірталас түрінде өткен бұл басқосуда «Сабантой» мерекесінің атауын «Алтын дән» еңбек мерекесі деп атау жөнінде ұсыныстар ортаға салынды. Арада көп уақыт өтпей осы ойды іс жүзінде жүзеге асыруға бел буған «Аруана» продюсерлік орталығы Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының қолдауымен алдағы күндері арнайы концерт ұйымдастырмақшы. «Алтын дән» – еңбек мерекесі» деп аталатын ән-думан кеші 30 қыркүйекте, кешкі сағат 19.00-де Алматыдағы Республика сарайында өтеді.
Әнмен әспеттелетін еңбек мерекесіне арналған думанды кеште Роза Рымбаева, Майра Ілиясова, Бекжан Тұрыс, Тілеубек Қожанұлы, Тамара Асар, Шахизада, Досымжан Таңатаров сында қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары ән шырқайды. Сондай-ақ бұл кеште «Сазген сазы» этнографиялық ансамблі, «Салтанат» би ансамблі, «Көкіл» музыка мектебінің күйшілері, «Сарман» татар ұлттық ансамблі де өнер көрсетеді.