Әйгілі "Алты жасар Алпамыс" көркем фильміндегі сотқар әрі алғыр бала Қалихан киносүйер қауымның әлі есінде. Ал оның өмір жолындағы ауыр тағдырын естіген көпшілік көзіне еріксіз жас алады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жаса.
Естеріңізге сала кетейік, әр жаңа оқу жылы басталардан бір күн бұрын "Ертең 1 сентябрь!" деп айғайлайтын Қалихан атты өжет баланың кинодағы видеосын әлеуметтік желі арқылы жапа-тармағай бөлісетініміз рас. Бәріміздің ортақ сүйікті туындымызға айналған "Алты жасар Алпамыстағы" кішкентай кейіпкер Қалихан туралы көпшілік біле бермейтін жайтты кинорежиссер Серік Жармұхамедов өз естелігінде бөлісіпті.
"Қалихан рөліндегі Ұланды да Әбекең (фильм режиссері Абдолла Қарсақбаев — ред) өзі тапты. Бұрын бір көріп қалған екен. Мені "Сары" дейтін еді. Бір күні: "Әй, Сары, жүр кеттік", — деді. "Қайда?" "Жүр, барған соң көресің". Екеуміз студияның машинасына мініп алып, Алматы-2 вокзалының батыс жағындағы жер үйлерге келдік. Балалар ойнап жүр. Солардың ортасындағы Ұланды қырық минуттай бақылап тұрдық. Ұлан ерегісе білетін, ерегісті өнер деп білетін, өзгенің емес, өзінің дегенін істейтін қайсар бала екен. Бір кезде Ұлан шамасы 10 жасар баламен ойыншық мылтыққа таласты. Бермей қойды. "Қалиханға осы мінез керек. Байқап тұрсың ба?" деді маған Әбекең. Егер біз Ұланның қасына барып, "отыршы, әңгіме айтшы" десек, бала ештеңе де айтпас еді. Әбекең сырттай бақылап-ақ, өзінің болашақ кейіпкерін дәл және тез таңдады", — деп жазған өз естелігінде Серік Жармұхамедов.
Бірақ қаршадайынан киноэкранда жарқ еткен кейіпкер Қалиханның, янғи өнерпаз Ұланның өмір жолы оңай болмағанын айтады.
"Бір өкінштісі, сол Ұланның (кинодағы Қалихан) өмірі кейін дұрыс қалыптасқан жоқ. 10-сыныпты бітіргенде "топ болып адам өлтіруге қатысты" деген айып тағылып, сотталып кетті. Қасындағылар бәленің бәрін Ұланға жапқан сияқты. Қолтырауынның аузына кір десең де тайсалмайтын бала еді ғой, тіпті ерегісе келіп, "мен жасадым" деуі де мүмкін ғой оның. Түрмеден келген соң Ұлан асылып өліпті... Мүмкін, оның мұндай әрекетке баруына біз де кінәлі шығармыз. Образ үшін жасаған әрекетіміз өміріне зиян болды ма, кім білсін?" — деп естелігін түйіндепті кинорежиссер.
Айта кетейік, Алпамыстың рөлін ол кезде алтыға толмаған Ермек Төлепбаев есімді жас өрен ойнаған. Ал Қалиханның образы Алпамысқа кереғар мінезді кейіпкер. Алпамыс арманшыл болса, Қалихан іс-әрекетке бейім. Ол бір жағы сотқар, бір жағы алғыр. Жәй жүрмей, жүрген жерін өртеп жүретін, бірақ қанша бұзық болса да, сол сотқарлығынан ар жағында ертеңгі күні "адам" болып кететіні көрініп тұратын бала еді.