Мың жасаған шаһардың шамшырағы – «Алматы ақшамы» газеті өзінің 25 жылдық мерейтойын Ғалымдар үйінде атап өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, бірқатар БАҚ құралдарының жетекшілері қатысты. Салтанатты кеште алғаш болып сөз алған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов «Алматы ақшамы» газетін қызығып оқитынын айтып, басылым ұжымына шығармашылық табыстар тіледі. Осыдан кейін қала басшысы Алматының айнасы атанған газеттің төл мерекесіне орай 12 орындықты шағын автобустың кілтін табыс етті. Сонымен бірге ол басылымның бірқатар қызметкерлерін әкімдік атынан Құрмет грамотасымен және алғысхаттармен марапаттады.
Газет – билік пен халықтың арасындағы байланыс құралы, алтын көпір. Солай бола тұрса да, 1980 жылдардың екінші жартысында Алматы қаласында жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмағы арта бастағанына қарамастан қазақ тілінде шығатын қалалық газет жоқ болатын. Заман ағымы Алматы қаласында қазақ тілінде шығатын төл газеттің қажеттігін алға тартты. Идеологиялық жұмыстар ол кезде Мәскеудегі орталық арқылы ғана тікелей басқарылып, бақыланып отыратын. Сондықтан зиялы қауым өкілдеріне де, еліміздің сол кездегі билігіне де бұл шаруа оңайға соқпады. Тек 80-жылдардың аяғына қарай ғана елдегі саяси жағдайдың бағыт-бағдарында болып жатқан өзгерістер өзінің мол ықпалын тигізді. Ел бостандығы мен ұлттық мүдде жолындағы талпыныс нышандары біртіндеп орталық бұғауын бұзуға жол аша бастаған еді. Соның нәтижесінде дүниеге келген «Алматы ақшамы» деген ерекше атаудың өзі сол уақытта біраз жұрттың көңіліне үрей ұялатқан болатын. Дегенмен ел астанасы болып тұрған Алматыдағы зиялы қауым мен билік өкілдерінің үлкен күш-жігері, маңдай терінің арқасында тұңғыш қалалық газет шығаруға шешім қабылданды. Алайда ол қосымша ретінде. Орыс тілінде бұрыннан шығып келе жатқан қалалық «Вечерняя Алматы» газетінің ішкі беттерінде ғана шықты. 1988 жылдың 1 шілдесінен бастап «Алматы ақшамы» деген атпен басылып тұрды. Оған белгілі журналист, білгір басшы Исламғали Бейсебаев редактор болып тағайындалды. Арада көп уақыт өтпей «Алматы ақшамы» дербес басылым болып шыға бастады. Содан бері үзіліссіз шығып келе жатқан басылымға 1992-2005 жылдар аралығында қарымды қаламгер Ерғали Сағат жетекшілік етті.
Осыдан бес жыл бұрын Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов:
– «Алматы ақшамы» еліміздегі қаланың тыныс-тіршілігіне арналған алғашқы газет болды. Жыл өткен сайын кемелденіп келе жатқан Алматы қаласымен бірге бұл басылым да жыл сайын жаңа мазмұнмен байып, түрлене көркейіп келеді, – деп айтқан болатын. Алматы қаласы әкімдігінің жүзеге асырып отырған сан алуан шаруаларын айшықтап көрсетіп отыратын газетке бүгінде Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қали Сәрсенбай басшылық жасап келеді.
Қазіргі таңда оқырман қауымға жақсы таныс «Біздің қаланың тұрғындары», «Тазарғың келсе, театрға бар», «Қала құндылықтары», «Зиялының сөзі», «Әдеби әңгіме», «Бұрынғы Алматы, бүгінгі Алматы», «Қаладағы кәсіп», «Қала хикаялары», «Алматының айтқыштары», «Қалалықтар қаперіне», «Алматының алпауыттары», «Қала аулалары», «Шаһар шаруашылығы», «Қала-қарбалас» және басқа айдарлар бойынша жарияланып тұратын газет материалдары «Алматы ақшамының» өзіндік ерекшеліктерін айғақтайды. Сүйікті қаламыздың алтын айнасына айналып отырған басылымның шыға бастағанына биыл 25 жыл толып отыр. Ширек ғасырдан бері шаһарымызбен бірге жасасып келе жатқан «Алматы ақшамы» бүгінде үлкен биіктерден көрініп жүр.
Ерғали САҒАТ, «Алматы ақшамы» газетін 13 жыл басқарған бас редакторы:
– Мен «Алматы ақшамына» бас редактор болып еліміз Тәуелсіздігін алған соң, бір жылдан кейін келдім. Бұл, әрине, қиыншылығы мол жылдар еді. Өйткені Кеңес Оағының ыдырауы, экономикадағы қиыншылықтар, одақтас республикалардың алдындағы байланыстар үзілуге шақ қалып, мемлекет үшін ауыр күндер болды. Газетке бас редактор болып келгенде сол қиындықтар алдымыздан шығып, үдей түсті. Еліміз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін дүниежүзілік қоғамдық ұйымдарға мүше болып жатты. Біртіндеп шетелдегі елшіліктер ашылды. Осының бәріне қаланың өмірі деп емес, мемлекеттің саяси өмірі деп араласуға тура келді. Ал ел ішінде экономикада болып жатқан қиыншылықтардың салдарынан жұрт айлап айлығын ала алмайтын. Жұмыс уақыты қысқарып, жұмыссыздық белең ала бастады. Осының бәрі үлкен толқулар тудырмағанымен, ел ішінде реніштер айтылып жатты. Сол халықты сабырға шақырып, етек-жеңімізді жиғаннан кейін халықтың жағдайы жақсара түсетінін айтып, ел арасында насихат жұмыстарын жүргізуге ақшамдықтар баса мән бердік. Айлықты бір жарым айдан кешіктіріп алсақ та, шүкіршілік айтатынбыз. Газеттің осы уақытқа дейін сақталып қалғаны – біз үшін үлкен қуаныш. Қазір, шүкір, қала дамып, қазақыланып келеді. Қала айналасындағы шағын аудандар да көбейіп жатыр. Осының бәрі біздің «Ақшамға» демеу бола берсін деп тілеймін. Газет журналистеріне алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілеймін.
Айта кетейік, осы салтанатты кеште қала басшысы Ахметжан Смағұлұлы медианарықта аталмыш газеттің бәсекеге қабілетті болуын ерекше атап өтті. Сонымен бірге ол басылымның электронды нұсқасын жан-жақты дамытып, тіпті қала тұрғындарының ұялы телефонмен-ақ газеттегі ақпараттармен қанығып отыруына мүмкіндік жасау қажеттігін тілге тиек етті.
Ахметжан ЕСІМОВ, Алматы қаласының әкімі:
– Алматыда табиғи қазба байлықтар болмаса да, республикалық бюджеттің негізгі бүйірін осы қала толтырып келеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, қала бюджеті Армения, Тәжікстан, Қырғызстан секілді кейбір мемлекеттердің бюджетінен артық. Бұл – үлкен көрсеткіш. Дегенмен, бір өкініштісі, кейбір рейтинг түзетін агенттіктердің мәліметтеріне сенсек, мәселен, Алматы телеарнасын қала халқының тек бір пайызы ғана көреді екен. Ал қалалық газеттерді оқырмандардың он пайызы ғана оқиды екен. Егер қалалық газеттердің апталық тиражы 25-30 мың десек, бұл көрсеткіштер шындыққа жанасатын секілді. Бірақ зиялы қауымы көп, білімді азаматтары, белсенді жастары көп біздің қала үшін бұл қуантарлық жағдай емес. Енді газет пен телеарна басшылығы осы кемшіліктерді түзету үшін біраз еңбек етуі тиіс. Мәселен, алматылықтардың басым бөлігі, негізі, ақпарат көзін көбіне электронды БАҚ-тан, ұялы телефон арқылы сайттардан қарайды. Электронды басылымдарды оқитындардың саны соңғы бес жылда 200 пайызға көбейген. Сондықтан мультимедиялық құрылғылар арқылы газеттің интернет нұсқасын жетілдіру керек. Тіпті ұялы телефонмен-ақ сайтқа кіріп, ақпарат алудың барлық тиімді түрін жасауымыз тиіс.
Салтанатты кеш соңында елімізге танымал өнер жұлдыздары ән салып, мереке көрігін қыздырды.
Қали СӘРСЕНБАЙ, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы:
– «Алматы ақшамы» – мың жасаған шаһардың шамшырағы. Алматының мың жылдан астам тарихы бар екенін қайсыбір жылы төрткүл дүние ғалымдары жиналып дәлелдеп берді. Бұл пікірді Елбасының өзі де айтып қалып жүр. Сондықтан біз қоғамда әлі де болса жаны сірі бөгде пиғылдан хабар беретін керітартпа пікірлерге нүкте қою мақсатында осы сөзді газет атауының ұшар басына қашап жаздық. Бұл тірлігіміз үшін ешкім сөге қоймас. Біздің мақсатымыз – мың жасаған шаһардың шамшырағының сөзі де мың күндік болса деген бағытта тынбай еңбек ету, ізденісімізді тереңдету, қысқасы, интелектуалды басылым жасау, мыңжылдық мұраттарға адал болу. Менің алдымда газетті басқарған қаламы қарымды, аса тәжірибелі екі аға әріптесімнің де ұстанымы осы болды. Біз де сол жолдамыз.
«Алматы ақшамы» газетіне – 25 жыл
Последние статьи автора