Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың анасының жерленген жері табылды. Бір жыл бойы іздеу жұмыстарын жүргізген Ғалымжан Байдербес ақсақал «ақыры таптым» деп келді. Саналы өмірінің 37 жылын Әлия Молдағұлованың ерлігін дәріптеуге арнап келе жатқан ол батыр қыздың рухы үшін анасының жатқан жеріне белгі қойып, басын қарайту керек, бұл – біз үшін үлкен міндет әрі батыр қызды туған ананың рухына тағзым ету арқылы келер ұрпаққа патриоттық тәрбие береміз дейді.
Ақтөбе халқы батыр қыздары Әлияның есімін ту қылып ұстайды, ардақтайды. Бірақ бүкіл елдің мақтанышына айналған батыр қызды дүниеге әкелген Маржан Молдағұлова жайлы ешқандай дерек жоқ. Қай жерге жерленгені де осы уақытқа дейін белгісіз болып келді. Ғалымжан Байдербес ақсақал бір жыл бойы Әлияның туыстарын аралап, көз көрген мен құлақ естігендердің әңгімелерін тыңдап, сұрастырып жүріп, ақыры Маржанның жерленген жерін анықтап тауыпты.
– Мен 37 жыл бойы Әлияның ерлігін дәріптеп, қандай да болмасын бір деректерді жинақтап, насихаттап жүрген адаммын. Жасым біразға келді, ертең олай-бұлай о дүниелік болып кетсем, Әлияның шешесінің қай жерге жерленгенін таппапты деп біреулер айтуы мүмкін ғой дедім. Әлияның тума-туыстарының өздері іздер ме екен деп әрі-бері неше жыл күттім. Өз төркініне де, барған жағындағыларға да бірнеше рет ескерттім. Жағдайлары келмеді ме, іздеу тәсілін білмеді ме, әйтеуір біреуі де қозғалмады. Содан былтырдан бері жатпай-тұрмай өзім қолға алдым, – деген Ғалымжан Байдербес ақсақал өзі жинақтаған көз көргендердің айтуымен жазып алған бірнеше жазбаларды көрсетті. – Бұлақ ауылында тұратын Әбдіраман Рабаев деген ақсақалдың көрсетуімен орнын таптық. Жермен-жексен болған қорымнан Маржанның басына қойылған құлпытастың сынығына дейін таптық. Жазулары өшіп қалған екен.
Әбдіраман Рабаевтың өзі бұл құлпытастың сынығы туралы ағасы Бақдәулеттің айтуымен біледі екен. Бүгіндері дүниеден озған Бақдәулет ақсақал Қарағанды қаласында тұрған. «Әлия» спорт мектебін ашқан, беделді адам болыпты. Жылда елге келіп, ас беріп тұрған екен. Соңғы рет 2006 жылы Көкмешіт деген жерде ас беруге келгенде, көптен бері ішімде сақтап жүрген құпиям еді деп, інісі Әбдіраман Рабаевқа біраз нәрселерді айтады. Сөйтіп, оны Бұлақ ауылына бара жатқанда Борантаудың күнбатыс жиегінде, Өрбісін тоғайы деп аталып кеткен жердегі Көк мешітке ертіп апарған екен.
Әбдіраман РАБАЕВ, Бұлақ ауылының тұрғыны:
– Әлияның анасы Маржан жөнінде ешқандай мағлұмат жоқ. Есіңде болсын, оның жерленген жері Көкмешіт деп үйіндінің орынын көрсетті. Қазір іздемегенмен, уақыт өте іздер, сондықтан сенің білуің керек, естиярдан қалған сен емессің бе деп тапсырған болатын. 2011 жылы Маржан әжеміз жерленген жерге Бақдәулет ағам көрсеткен құлпытасты қойып, белгіледік. Енді ас беріп, осы араға белгі қойып, орынын бекіту қалды.
Ақжігіт МӘЖИТ, Бұлақ ауылында бірнеше жыл әкім болған:
– Бақдәулет құдамыз келген сайын қорымдарды аралап, ата-баба рухына құран бағыштайтын. 2006 жылы соңғы рет келіп, Маржанның жерленген орнын көрсеткенде, қасында бірге жүріп, осы әңгімені мен де естігенмін, – деп Әбдіраманның айтқандарын растады.
Осы күнге дейін жеткен деректерге сүйенсек, 1933 жылы ашаршылық екі бүйірден қысқанда Маржан Тәжікен әжесін (інісі Әубәкір Молдағұловтың шешесін) сағалап, Құрайлы ауылына барады. Картоптың келдегін теремін деп жүргенде бақша күзетшісінің оғы тиіп, мерт болған екен...
– «Маржан оққа ұшты» дегенді естіген әкеміз Өрбісін өз баласы Өсербайды жіберіп, сүйекті алдыртады, – дейді Еркін Өрбісінов. Ал Нұрмұхамбеттің екінші әйелінен туған, Әлияның сіңлісі Тәжен Сарқұлова да осыны растайды. «Осы оқиғаны 90 жастан асқан Қарлыға апайдың аузынан естіп едік. Нұрмұхамбет әкем орыстар атты деуге қорқып, көп анық-қанығын айта бермейтін. Білетініміз, әкемнің ағасы Өрбісіннің баласы Өсербай Маржан шешеміздің сүйегін ердің алдына өңгеріп алып келіпті. Содан оны Көкмешітке жерлеген. Содан кейін Нұрмұхамбет әкеміз 8 жасар Әлияны жалғыз балдызы Әубәкір Молдағұловқа береді. Ал ұлы Бағдатты Қалжан апасына тапсырған екен», – дейді.
Маржан Молдағұлованың қай жылы туғанын анықтау үшін Ғалымжан Байдербес ақсақал Әубәкір Молдағұловтың баласы Сапарға арнайы барып, жолыққан екен. Ол «әкесі Әубәкірдің 1902 жылы туғанын, Маржаннан төрт жас кіші болғанын айтқан соң, Маржан 1898 жылы туылған болу керек деп пайымдайды. Ғалымжан Байдербес ақсақал Бұлақ ауылындағы бірнеше адамдардың естеліктерін жазып алып, бәрін жинап қойған. Бұл – батырдың анасының жатқан жерін, туған жылын анықтайтын деректер», – дейді ол. Енді билік басында отырған, қолында құзыреті барларға кіріп, мәселе қылып көтермекші. Батыр Әлияның анасының жатқан жеріне ескерткіш қойдырып, айналасын қоршатқысы келеді. Батырдың анасының рухы риза болсын деген тілекпен әкімшіліктен қолдау күтеді.
Әлия Молдағұлованың анасы жерленген қорым табылды
Последние статьи автора