Жұлдызды жұп жеке парақшасында бірге түскен фото-видеоларын салмаған.
Әли Оқапов әлеуметтік желіде жанұясын жасырын ұстайды, көпшілікке келіншегін көрсетпейді. Жеке өмірі жайлы жақ ашпайтын әнші неліктен мұндай ұстанымды таңдағанын түсіндірді, деп хабарлайды Экспресс К.
Естеріңізге сала кетсек, Әли Оқапов пен "Асыл" тобының солисі Ақерке Бүркітбай 2020 жылы шаңырақ көтерген еді. Бірақ жұлдызды жұп әлі күнге дейін отбасылық одағын құпия ұстап, тіпті жеке парақшасында бірге түскен фото-видеоларын да салмайды. Көпті қызықтырған дәл осы сауалға ол алғаш рет әріптесі Динара Сұлтанға берген сұхбатында жауап берді.
Жеке өмір мен үшін ең маңызды нәрсе. Өйткені барлығы да жанұядан басталады. Сен әншісің бе, әкімсің бе, полициясың ба, сенің өмірің, күнің жанұядан басталады. Артық сөз, көз, өсек, ой, орынсыз нәрсе көп. Сондықтан, үйдегі нәрсе үйде қалу керек, — дейді Әли.
Оқапов отандық шоу-бизнестегі әріптестерінің әрекетін көріп, дәл осындай ой түйгенін айтады.
Мен көптеген жаман мысалдарды білемін. Басында жеке өмірі туралы ешкімге жария етпей, әдемі, үндемей жүретін әріптестерім бар. Одан кейін бір күні шешім қабылдайды, көрсетеді, ең ақыры ажырасады. Демек көз тиді немесе сөз тиді деген сөз, — дейді Оқапов.
Сондай-ақ Әли бұл сұхбатында жеке өмірімен жұртты шулатып, кейін жанұясын бизнеске айналдырған өнерпаздарды да қатты сынға алды.
"Өкінішке қарай, шоу-бизнестің кейбір өкілдері өнерімен емес, өмірімен рейтинг жинауда. Оған қатты қызығып кетеді. Мысалы, балаңды салсаң, жанұяңды салсаң пікір көп, қаралым көп. Көпшілікке сол ұнайды. Тіпті табыс та әкеле бастайды. Соңында өз жанұясын бизнеске айналдырып жібереді. Менің ойымша, ол дұрыс емес. Сен сол кезден бастап әнші, музыкант немесе өнер адамы емес, тек өзіңнің жеке өміріңмен назар аудар алатын реалити-шоудағы кейіпкер болып кетесің. Жоқ, маған ондай қажет емес", — дейді Әли Оқапов әріптесі Динара Сұлтанға берген сұхбатында.