Исламға дейінгі кезеңде адамдар арасында сенімсіздік өршіп, әлсіздер мен кедейлер құлдықтың қамытын киіп, дүниеге келген қыз бала тірідей жерге көмілген, адамдар пұтқа табынған заман еді. Әйтсе де бір Жаратушының мейірімінен үміткер әрбір пенде ақырғы Пайғамбардың келуін күтіп жүрді. Өйткені сол заманға дейінгі қасиетті үш кітапта Оның бейнесі сүйіншіленген-ді. Осындай адамзат тарихындағы арман мен аңсарға толы ол күн Піл жылы қасиетті Мекке қаласында даруиль Маулит атты шаңырақта әлемге таң нұры болып шуағын шашты.
Сәуірдің 25-і күні Қазақстан Жазушылар одағында осы одақтың және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «Көкжиек» баспасының ұйымдастыруымен ерекше басқосу болды. Бұл адамзаттың ақырғы Пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с) дүниеге келген күні – Мәуліт мерекесіне арналған «Тәлімі мінсіз тәлімгер» атты конференциясы еді. Сонау Египет Араб республикасы Уақыфтар министрлігінің кеңесшісі Мұхаммед Шамадан бастап, академик, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Махмұд Фахми Хижази және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және ғылым методологиясы кафедрасының меңгерушісі Нағима Байтенова, т.б. көптеген ғалымдар баяндама жасаған бұл жиында барлық сөз ислам діні мен «Адамзаттың ұлы ұстазы» төңірегінде өрбіді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Күн санауы бойынша біздің дәуіріміздің 571 жылы 20 сәуірде, ал Ай тізбесі бойынша рабби-уль-әууәл айында дүйсенбі күні туылған екен. Анасының құрсағында жатқанда әкесі Абдулла өмірден озса, алты жасында аяулы анасы Әминадан да жетім қалады. Туыстарының мейіріміне бөленген Мұхаммед (с.ғ.с) шын мәнінде мақтаулы азамат болып өсті. Пайғамбарымыздың көркем мінезі жайында ол туралы жасалған фильмде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі мынадай тәмсіл айтты:
– Ыстамбұлға жасаған сапарымда Топқапы деген патшалар заманынан қалған сарайға бардық. Сонда көргенім – әлгі сарайдың есігінен кіргеннен қабырғаларына түгел Пайғамбардың (с.ғ.с) мінез-құлқы, сыр-сипаты жазылған екен. Соны тегіс дәптерге көшіріп алдым. Ұзын-ырғасы мынау: «Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз жаратылысы мен мінезі жөнінен адамдардың ең кәмілі еді. Адамның көзі жетпейтінді көретін, алыстағыны еститін өте сезімтал болған. Қимылы орташа болатын, жүргенде жеңіл адымдап, тез-тез жүретін. Бірақ сырттан қарағанда, жай жүріп бара жатқандай көрінетін. Ол бос сөз сөйлемейтін, әрбір сөзі ғибрат еді».
ХХ ғасыр соңында американдық ғалым Майкл Харт адамзат тарихында адам баласына пайдалы іс жасаған тұлғалардың өмір сүру тәжірибесін компьютерге салғанда, о құдірет, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) есімі қайта-қайта бірінші болып шыққан. Баяндамасын осылай бастаған филология ғылымының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінің меңгерушісі Айгүл Ісмақова әңгімесін әрі қарай былай сабақтады:
– Бүгін ХХІ ғасырда жер бетінде ғылым барынша дамыды: физика, химия заңдылықтары бәрі ашылды. Енді осы дәуірде адамзат бірін-бірі жоймау үшін қандай жаңа интеллектуалдық идеяны басты бағыт етіп алуымыз керек деген сұрақ тұр алдымызда. Осы ретте адамзатқа дұрыс жолды нұсқап, бірінші өзі үлгі көрсеткен – Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыз. Біз өз тарихымызға үңілер болсақ, сонау Күлтегін жазбаларында көк Тәңірге құлшылық ету жайы жазылса, әл-Фараби, Баласағұни еңбектері түгел дерлік Алланың елшісіне салауат айтумен басталып, Аллаға мінәжат етумен аяқталады. Ұлты үшін өздерін шейіттікке қиған алаш арыстары да дін мәселесін қашанда ауыздарынан тастаған емес.
Баяндамашылардың бірі, филология ғылымдарының докторы, М.Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры Ислам Жеменей қазіргі кездегі қолдан тұлға жасау мен жалған мадақты сынға алып, адамзат өміріне мәңгі үлгі боларлық тұлға тек Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбар екенін еске тағы бір салып өтті.
Түйін
Расында да бүкіл жаратылыстың заңдылығы мен адамзаттың міндеттері жазылған қасиетті Құран Кәрімде 25 Пайғамбардың аты аталса, қасиетті Хадистерде Адам атадан бастап Мұхаммедке (с.ғ.с) дейін жер бетіне 124 мың Пайғамбар келгендігі жайлы айтылады. Ақиқаты әрине, Аллаға аян, бірақ бізге белгілісі адамзатқа ақиқат жаршысы болып келген Алла Тағаланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) – күллі пайғамбарлардың сұлтаны және мөрі. Конференция соңы Жәкен Омаров, С.Шаймерденов және «Шыңғар» тобының орындауындағы Алла Тағалаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтқан әндерге ұласты. Бір өкініштісі, бұл жиыннан бірде-бір құзырлы орын қызметкері табылмады және біздер зиялы санайтын қауымның көбі бой көрсетпеді...