Әлем аниматорлары Шымкентте бас қоспақ
«Шымкент қаласын әлемдік анимация өнерінің даму орталығына айналдыру – арманымыз». Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Ниязов «Алтын жебе – 2010» атты ІІ халықаралық анимациялық кинофестивальдың өтетіні жайында журналистерге хабарлаған мәслихатында осыны қадап тұрып айтты.
Өнерсүйер қауымның есінде болса, осыдан екі жыл бұрын «Жебе» компаниясының бастамасымен І халықаралық анимациялық кинофестивальдың тұсауы кесіліп, жоғары дәрежеде ұйымдастырылған болатын. Сол жылы шетелдік аниматорлар шымкенттік мамандардың еңбегіне тәнті болып, өз бағаларын берген-ді. Сол жолы бұл фестивальды тұрақты түрде өткізу қажеттігі шетелдік мамандар тарапынан да айтылған еді. Өкінішке қарай, өткен жылы фестивальдың өтетін уақытына дейін белгіленіп, қонақтар шақырылып қойылғанымен, бюджетте қаралуы тиіс болған қаражат қысқартылып, бүлдіршіндердің болашағы үшін қолға алынған игі іс орта жолдан тоқтағаны ұмытыла қоймады. Ал қуаныштысы, фестиваль үстіміздегі жылы жалғасын табатын болды. Дәлірек айтқанда, ІІ Халықаралық анимациялық кинофестивалі сәуірдің 26-сы мен мамырдың 1-і аралығында өтеді. Қаралған қаржы – 10 миллион теңге. Әрине, жоспарланған қаражат бұл сомадан екі есе қомақты болатын. Бұйырғаны осы болды.
– Фестивальдың негізгі мақсаты – ұлттық анимацияны сақтап қалу, дамыту, әлем мамандарын елімізде жинау, сондай-ақ халықаралық аниматорлар қауымдастығы шеңберінде тәжірибе алмасу, заман талабына сай шығармашылық өнімдер жасау жолдарын бірлесе іздеу, – дейді фестиваль президенті Керімбек Ниязбай.
Облыстық кинобейне орталығының директоры Батырхан Дәуренбековтің айтуынша, фестиваль барысында шымкенттік «Сақ» киностудиясының түсірген «Қазығұрттың басында кеме қалған» және «Мұңлық-Зарлық» мультфильмдерінің тұсауы кесілмек. Сондай-ақ жергілікті телеарналар мен бірқатар кинотеатрларда фестиваль логотипімен шараға қатысушылардың өнімдері ұсынылмақ.
Баспасөз мәслихатына «Қазақфильм» киностудиясының өкілі Ғали Мырзашев та қатысып, фестивальдың маңыздылығын атап өтті. «Фестивальға қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдаров ағамыздың өзі арнайы қатысқалы отыр, егер ол кезге үйлену тойы тура келіп қалмаса», – деп, әзіл-қалжыңын араластыра сөйледі. Ғалекеңнің бұл қалжыңы Әмен ағаның денсаулығына қатысты айтылды деп түсіндік.
Алдағы уақытта бұл фестивальды екі-үш жыл аралатып дәстүрлі түрде өткізіп тұру жоспарда бар. Әрине, бюджет бүйірден қыспаса.
Қаперге
Халықаралық дәрежеде өтетін аниматорлар фестиваліне ТМД, Балтық жағалауы мемлекеттері, АҚШ, Жапон елі, Франция, Қытай, Германия, Польша секілді жиырмаға жуық мемлекеттен және Қазақстаннан елуден астам мамандар қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың арасында есімдері әлемге әйгілі Ә. Қайдаров ағамыз, Э.Назаров, Ю.Норштеин, С.Алмов болады деп күтілуде. Анимация саласының «жілігін шағып, майын ішкен» мамандар алғашқы үш күн ішінде облыс оқушыларымен, бүлдіршіндерімен кездесулер өткізіп, өзара шеберлік сыныптар өткізу арқылы тәжірибе алмасатын болады.