«Алатаудан» «Таразға» дейін...

«Алатаудан» «Таразға» дейін...

 

1970 жылдардың басында Алатаудың қойнауындағы Жамбыл қаласынан бір жаңа ансамбль құрылып, аз ғана уақыт аралығында-ақ алты алашқа аты жайылады. Қазақтың халық әндерімен қоса, Кененнің «Көк шолақ» сынды әндерін нақышына келтіре орындайтын бұл ансамбль «Алатау» деп аталатын. Оны құрған қазір қазаққа танымал тұлғалар, атап айтқанда, Алтынбек Қоразбаев, Алтынбек Бекмұратов, Мұхтар Рахманқұлов сынды азаматтар еді. Талай жылдар жұртшылықты әнімен тербеген әлгі топ бүгінде жоқ, бірақ оның отын өшірмей, жолын жалғап келе жатқан «Тараз» триосы бар. Бүгінде Тараз қаласының мәдениет саласын көркейтуге үлес қосып жүрген осы топ Алматыға бір келгенде, әңгімеге тартуды жөн санадық.

– Әңгімемізді әу бастағы «Алатау» тобының «Тараз» триосына айналғанға дейінгі топтың арғы-бергі тарихынан бастасақ...

Асылхан Шүңіреков:

– Аталған ансамбль 1973 жылы Алтынбек Қоразбаев деген ағаларымыздың ұйымдастыруымен құрылған. Содан арада алты жыл өткен соң, яғни 1979 жылы ағамыз қызмет бабымен жоғарылап кетті де, дәл сол кезде орнына әнші керек болды. Солайша студент болып жүрген мен «Алатауға» мүше болып қабылдандым. Бір кездері өнерімен жұртты дүр сілкіндірген ансамбль, еліміз алғаш Тәуелсіздік алған жылдардағы қиындықтар тұсында тоқырауды да бастан өткерді. Әрқайсымыз өз мамандығымыз бойынша күнкөріс қамымен кеттік. Негізі, біздің мамандығымыз әнші емес, бірақ бойдағы өнер сен тіпті басқа салада жүрсең де, бәрібір сахнаға қарай жетелейді де тұрады екен. Содан не керек, 2000 жылы Тараздың 2000 жылдық мерейтойы тойланатын болып, соның да әсері болды, жан-жаққа кеткен біздер қайта бас қосып, баяғы «Алатау» деген атымызды «Тараз» триосына өзгерттік.

– Топтың тек атауы ғана өзгерді ме, әлде репертуарын да жаңарттыңыздар ма?

– Негізі, біз о бастан Кенен атамыздың әндерінен бастаған болатынбыз, ел құлағында қалған әрі өзіміздің де сүйікті әндерімізді сақтап қалдық. Сондай-ақ заман талабына сай қазіргі заман композиторларының әндерін қостық. Лесбек Сайлаубаев деген ақынның сөзіне жазылған Аман Малдыбаевтың «Іңкәр сезім» атты әні кейінгі кезде жұртшылық арасында кеңірек танылып, көпшілік көңілінен шығып жатқанға ұқсайды. Сонан соң Рысмұхаммед Мұхамеджанов деген ақсақалдың «Махаббат» деген әнін осы таяуда жаздырдық. Сексеннен асқан шағында шығарған туындысын өкінішке қарай, қария өзі тыңдай алмай кетті. Себебі бізге бергеннен кейін бір жылдан кейін ол ән дайын болып, жарыққа шықты. Сол аралықта ақсақал арғы дүниелік болып кетеді деп кім ойлаған? Бірақ артында қалған ұрпақтары тыңдап, ризашылықтарын білдірді. Келесі тағы бір әніміз Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Мәлік Ақүрпековтің «Қуаныш» атты әнін орындап жүрміз. Өзіміздің о бастан-ақ айтып келе жатқан Кенен атамыздың әндері ешқашан репертуарымыздан түскен емес, түспейді де. Сондай-ақ домбыра, баян барда халық әндерін шырқаудан жалықпаймыз.

– Сіз топқа 2000 жылы, трионың аты «Тараз» боп өзгерген тұста келіпсіз. Негізі, өзіңіз әншілік оқуды бітіріп пе едіңіз, жалпы топ мүшесіне қабылдануыңыз жайлы аз-кем айтып өтсеңіз...

Ержан Ыдырысов:

– Жоқ, шындап келгенде, мен де, Асылхан ағамыз да инженер боламыз. Арамызда тек Берік Қалиев қана таза өнердің оқуын оқыған, мамандығы – актер. Менің топқа қосқан үлесім болса, ол баянда ойнай алатындығым шығар? (күлді)

– Негізі, топта қандай аспаптар бар?

– Қазірше екі домбыра, бір баян ғана. Бұрын шаңқобыз секілді тағы да біраз аспаптар болған, қазір де біртіндеп аспаптарды қоссақ деп жоспарлап отырмыз. Әндеріміздің аранжировкасын жасауда аспаптарды өзіміз тартып, жанды дыбыстар қосамыз. Көбіне жанды дауыста орындаймыз және солай ән шырқағанды ұнатамыз.

– Қазір өнерде қандай да бір жетістікке жетем деген әнші не топ продюсермен жұмыс істейтінін білеміз, сіздердің де продюсер не алға жетелеуші бір жанашырларыңыз бар ма?

– Жоқ, біз ешқандай продюсерсіз-ақ жұмыс істеп келе жатқан топпыз. Ән таңдауды болсын, концерт не жинақ шығару ісін, жалпы сахнаға қатысты да, сахнадан тыс та жұмыс жоспарымызды ақылдаса отырып шешеміз. Атам қазақ «келісіп пішкен тон келте болмайды» деп бекер айтпаған ғой. Сонан соң бізге ән ұсынатын сазгерлер де біздің репертуарымыздың көбіне халықтық сарында болып келетінін біліп, соған сәйкес туындыларын береді. Ұнаса, ән көпшілік көңілінен шығады деп тапсақ, оны міндетті түрде шығарамыз. Сонан соң тағы бір айта кетерлік жайт, қандай да бір әнді қолға алғанда біз оны асығыс шығара салуды құп көрмейміз, оны әбден өзіміз орындап, өңдеп, «пісіп-жетілді-ау» дегенде барып бір-ақ шығарамыз. Әйтпесе шикі шығатыны сөзсіз. Екіншіден, біз белгілі бір сазгермен не бір аранжировщикпен ғана жұмыс істемейміз. Себебі біз үшін авторы емес, туындының өзі, оның сапасы басты орында. Дегенмен ұлттық бояуы қанық дүниелер тудыруда сазгер, аранжировщик Бағлан Омаровтың қолтаңбасы ерекше екендігін атап өту керек. Кенен Әзірбаевтың біз орындайтын әндерінің көбін сол жігіт жасады. Келесі тағы осындай бір мақтауға тұрарлық өнер иесі Ғани Мәтебаев, ол біз орындап жүрген Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған Теміржан Базарбаевтың «Тамаша» әнін өңдеп, жазып берді.

– Өнерде жүрген жылдарыңызда ән жинақ шығарып үлгердіңіздер ме?

– Алғашқы ән жинағымыз осыдан үш-төрт жылдай бұрын жарық көрген болатын. Кассета түрінде шыққан ол жинаққа 13 әніміз енсе, екінші дискімізге 18 ән сыйғыздық. Таяуда бұйырса, үшінші рет жаңа жинақ жарығымыз жарық көреді деп үміттеніп, соған барымызды салып жатырмыз.

– Шыны керек, қазіргі кезде танылудың ең басты жолы бейнеклип болып тұр ғой. Себебі қай әнші болсын, концертке күнде шыға бермейді, тележоба қонағы болу да екінің біріне бұйыра бермейтін іс. Жаңа үлгіде түсірген клиптеріңіз бар ма?
 
– Елдің бәрі жаппай клип түсіріп жатқан шақта, біз де әйтеуір амалын тауып Кенен атамыздың «Көк шолағына» клип түсіргеніміз бар. Содан кейін көп ұзамай «Іңкәр сезім» әніне де жасадық. Бірақ екінші әніміздің клипі «Көк шолақтыкіндей» бола алмады. Көрсетілуі де аз болған соң ба... Негізі, клипті түсіруден гөрі телеарналардан көрсету қиындау, көп қаржыны талап ететінін білдік.

– Жеке шығармашылық кешін беру жоспарларыңызда бар ма?

– Алғаш Тараз қаласынан бастап, Жамбыл облысының біраз аудандарын аралап, сонан соң Алматы облысының аудандарын аралап концерт бергенімізге де біраз жыл өтіп кетіпті. Содан кейін дәм бұйырып, Түркия елшілігінің ұйымдастыруымен аталған елдің бес бірдей қаласында өнерімізді көрсетіп қайттық. Әсіресе, осы Түркия сапары бізге үлкен шабыт сыйлады. Себебі атамекеннен осындай әншілер келе жатыр дегенді естіп, тек Түркиядағы ғана емес, Германия мен Франциядан да қазақтың үнін сағынған бауырларымыз келіп тамашалап, көздеріне жас алып тыңдады. Сонда «шіркін, өз еліміздегі қазақтар қазақ әнін осылай бағаласа ғой» деп армандадық.

– Рақмет, әңгімемізді осы тұста түйіндесек. Шығармашылық жолда шабыт тілейміз, алар асуларыңыз алда болсын!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста