Халқына қаламымен ғана емес, бүтін болмысымен қызмет еткен Сапар Байжанов есімі елінің есінде қазіргі «Егемен Қазақстан», сол кездегі «Социалистік Қазақстан» секілді іргелі басылымның бас редакторы, биік адамгершілік иесі, талай ізінен ерген інілерінің қамқоры, талантты тамырынан танушы қырағы басшы ретінде қалған. Семсер сөздің серкесі көзі тірі болғанда сексенге келеді екен, алайда біреуге ерте, біреуге жай келетін ажал оғы ол кісіні бұл пәниден ертерек алып кетсе керек. Алайда ініге аға, шын мұқтажға жанашыр болған биік адамгершілік иесінің артында тек шығармашылық мұра ғана емес, қамқорлығын көрген талай жандардың өмір жолы мен жүрегінде өшпес ізі де қалса керек.
Қарашаның 20-сы күні М.Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театрында қаламгер, публицист, көрнекті қоғам қайраткері Сапар Байжановтың 80 жылдық мерейтойы тойланды. Алматы қаласының әкімшілігі және Қазақстан Жазушылар одағы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің ұйытқы болуымен өткен бұл жиында қазақтың бар зиялы қауымы бас қосты.
Сауытбек ӘБДІРАХМАНОВ, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті:
– Сапар ағаның 80 жылдық тойының хабарын естігенде, ол кісінің табаны күректей он жыл басқарған газетінің бүгінгі өкілдері өз тарапымыздан мерейтойға қандай үлес қосарымызды білмей қиналдық. Ойлана келе, «Сара сөздің сардары» деген қарымды қаламгерге арналған кітабын шығарсақ деп шештік. Ағамыздың жан жары, өзі де журналист Күләш апамыздың құрастыруымен ол кітап, міне, бүгін қолымызда. Әрине, әрбір ортақ іс дегеннің түбінде жеке мүдденің де жататынын ескерсек, бұл ретте маған да кезінде қамқор қолын созып, әлі өз соқпағымды таппай жүрген тұста даңғыл жолға салып жіберген Сапар ағамның адамгершілігі алдындағы парызымды өтеу ниетім де жоқ емес.
Серік Қирабаев, академик:
– Сапар журналистикада, әдебиетте үлкен із қалдырған қазақтың үлкен бір азаматы болды. К.Фединнің «Журналист болып газет-журналда істемеген адам жақсы жазушы бола алмайды» деген сөзі бар, олай болса, Сапекең нағыз осы талап үрдісінен шығатын қаламы жүрдек жазушы бола білді. Жаза білетін, көркем әдебиетті танитын адам қашанда ғылымға жақын жүреді, Сапар соны өз еңбегімен көрсетті.
Кезінде «Социалистік Қазақстан» газетін басқарған тұсында Сапар Байжановты балақтан тартып, аяғынан шалғысы келгендер көп болса керек. Тіпті солардың бірі 180 беттен тұратын арыз жазғанда, оны жұмысынан шығарып жіберу қолынан келетінін білсе де, «қиянат жасамайын, обал болады, Құдайдан тапсын» деген кеңпейіл иесі кейін архивке басшы болып кеткенде, «Сапарды архивке жібердік» деп қуанғандар болыпты. Алайда архив қайта Сапар Байжановтай жазушының қаламын шыңдап, архивтің бай қазынасын кәдеге жаратып, «Абай және архив», «Архив – айғақ», «Қажыға барған қазақтар» секілді қомақты дүниелер тудыра білді.
Салтанатты кеште «Отырар сазы» оркестрі өнер көрсетіп, сондай-ақ Сапар Байжанов туралы 40 минуттық деректі фильм көрсетілді. Оның авторы – жазушы, драматург Сұлтан Оразалин. Ақынның өзі болмаса да, жары Күләш Бейсенбіқызының иығына шапан жабылып, мәртебелі той иесіне күллі жұрты құрмет көрсетті.