Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ
Қазақ балалар әдебиеті «қартайып» бара жатқан жоқ па?
Адам баласының саналы, білімді, ұлтжанды болып қалыптасуы жолында көркем әдебиеттің, оның ішінде балалар әдебиетінің алар орны аса ерекше. Сіз бен біз де ертегі-әңгімелер, түрлі тақпақтар мен жаңылтпаш, жұмбақтар арқылы тілімізді жаттықтырып, ой-өрісімізді шыңдап өстік.
Машақаты мен қиындығы ауыр саналатын бұл жанр кез келген қалам иесінің ыңғайына көне бермесі және аян. Әйтсе де соңғы жылдары елімізде балалар әдебиетін қолдауға байланысты бірқатар жоба жүзеге асырыла бастады. Түрлі шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып, жаңа кітаптар жарық көруде. Басқасын айтпаған күннің өзінде ендігі кезекте «Балапан» телеарнасы мен «Мәдениет» арнасы да балалар әдебиетін насихаттауға барынша көңіл бөле түссе екен деген тілек бар. Сондай-ақ ғаламторда да балалар мен жасөспірімдерге арналған сайттардың да саны мен сапасын жетілдіре түсу қажет. Осы орайда мемлекеттік деңгейде арнайы жоба-жоспар қабылданса дейміз. Таяуда ғана Алматыда «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты 85 сериялы мультфильм, әлем халықтары ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 50 слайд-шоу ертегі, «Бізді қоршаған әлем» атты 1000 сөзді қамтитын орысша-қазақша суретті аудио-сөздік енгізілген жинақтың тұсауы кесілді. Ондағы заманауи технологияның соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, 3D-форматта түсірілген мультфильмдер балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын дамытуға, танымын, қабілетін арттыруға айтарлықтай ықпалын тигізіп отырғандығын айта кетуіміз керек. Осындай жүзеге асқан игі істер мол болса, бүгінгі қазақ баласының ұлттық тұрғыда жетіліп өсуіне орасан септігін тигізері сөзсіз. Балалар әдебиеті дегеніміз – тақылдап айтатын тақпақ пен әсерлі ертегі ғана емес қой. Тіпті балалар спектакльдері, фильмдері, анимациялық туындылары мен компьютерлік танымдық бағдарламалардың барлығы дерлік осы балалар әдебиетінен бастау алатынын ұмытпауымыз қажет. Демек, бұл жанрдың ұрпақ алдында атқарар ісі мен арқалар жауапкершілік-міндеті өте зор.
Осы төңіректе мәселе көтеріле қалса, белгілі балалар ақыны Сұлтан Қалиұлы ағамыз «Бүгінгі заманға сай балалар әдебиеті жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Біле-білсеңіз, балалар әдебиеті атам заманғы ауыз әдебиетінен бастау алған. Қай кезеңде де бұл салада тоқтау болған емес. Әлі де жаңа дүниелер туып, жақсы шығармалар жазылуда. Қазіргі уақытта әсіресе балалар әдебиетін дамытуға елімізде ұйымдастырылып жатқан түрлі шығармашылық шаралар кәдімгідей үлес қосуда. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі мен кейбір баспалар, жекелеген кәсіпкерлер де балаларға арналған әдеби туындыларға ара-тұра болса да байқаулар жариялап келеді. Бұған қоса, балалар әдебиетінің дамып қалыптасуына балалар басылымдары да атсалысып отыр. Алайда соңғы кездері біздің еліміздегі көптеген үлкен басылым балаларға келгенде сараңдық танытып отыр. Ендігі кезекте заман көшіне ілесіп келе жатқан балалар әдебиетін алыс ауылдарға жеткізуді ойластыру керек. Ал балалар жазушылары қандай қысылтаяң уақыт болмасын, ешқашан қаламдарын қолдарынан тастаған емес», – деп келер күнге сеніммен қарап, үлкен үміт артатындығын аңғартып жүреді.
Құдайға шүкір, қазақ балалар әдебиеті тақырыптық, мазмұндық жағынан ауқымды. Кешегі Жақан Смақов, Бүркіт Ысқақ, Бердібек Соқпақбаев, Қадір Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Иманасов, Әділ Балта сынды көрнекті қаламгерлеріміздің қазақ баласына арнап жазған шығармалары әлі қаншама ұрпақты тәрбиелемек. Бүгінде арамызда жүрген Сұлтан Қалиұлы, Шәкен Күмісбайұлы, Арасанбай Естен, Әдібай Табылды, Толымбек Әбдірайым, Дәнеш Ахмет, Кеңес Оразбекұлы сынды ақын-жазушылар жас ұрпақты жанды туындыларымен қуантып келеді. Жалпы, ұлт әдебиетінде аға буынның ішінде балалар тақырыбынан айналып өткендері кемде-кем. Ал кейінгі толқын жас қалам иелерінің арасында бұл салаға басыбүтін кірісіп жүргендері некен-саяқ. Осыған қарап қазақ балалар әдебиеті «қартайып» бара жатқан жоқ па дегендей біртүрлі ойға қаласың. Шынында да, балаға арналған қазіргі оқулықтарда, танымдық, әдістемелік, көркем кітаптар мен көптеген басылымдарда, негізінен, үлкен қаламгерлеріміздің шығармалары жариялануда. Оның үстіне қазіргі қоғам қолға ұстап оқитын кәдімгі кітаптан біршама алшақтап қалғаны тағы бар. Заманауи техниканы меңгерген жастар ғаламторды шиырлап жүр. Ақпараттар тасқыны қаптаған қазіргідей қым-қуыт заманда қазақ баласы жаңаша үні бар, өз заманына лайықталған дүниелерге сусап отыр. Сондықтан да балалар әдебиеті де буынаралық эстафетаны жалғастыруы керек. Бүгінде әдебиетке келіп жатқан жастар легі өте көп. Алайда балалар тақырыбын алып жүргендері саусақпен санарлық. Олардың арасынан Есей Жеңісұлы, Қалмахамбет Мұхаметқали, Бейбіт Сарыбай, Аягүл Мантаева, Әдина Жүсіп, Серікбол Хасан, Нұрлан Құмар сынды талантты жастардың қабілет-қарымына сүйсінгеннен басқа амал жоқ. Десек те, біз қазіргі балалар әдебиетін дамытуға қаншалықты көңіл бөліп келеміз, осы жанрда жанкешті болып жүрген аз ғана жас қаламгерлердің есіміне кішкентай оқырмандарымыз қаншалықты қанық?
Бүгінде балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жастар тым аз дедік. Жалпы, бұл салаға жас қаламгерлердің аз келуі, белсенділік танытпауының қандай себептері бар? Бұған жас қаламгерлердің өздері не дейді екен?
Бағдат Мәжитұлы, балалар жазушысы, «Ұлан» газетінің бас редакторы:
– Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ертеректе жазылған шығармалар деңгейіндегі дүниелер жоқ. Бар болса, шығар еді. Халық білер еді. Яғни бүгінгі күннің Бердібек Соқпақбаев, Қадыр Мырза Әлі, Машқар Гумеровтері туыла қойған жоқ. Осылай деуге мәжбүрміз. Талантты деген қаламгерлердің көпшілігінде балалар әдебиетіне деген қызығушылық болмай тұр. Қызығушылық болмаған жерде, жақсы шығарма жазылмайды. Сосын, әрине, көптен бері айтылып жүрген қаламақы мәселесін де айналып өте алмаймыз. Жекеменшік баспадан шығарған кітабыңды өзің тарата алмай әлек боласың. Мемлекеттік тапсырыспен шыққанның өзінде, 2000 дана кітап қазақтың қай баласының қолына тиеді. Бір кітап жазып, 100 мың, әрі кетсе 150 мың алуы мүмкін. Ал жақсы туынды жазылу үшін белгілі дәрежеде қолдау болуы шарт. Әзірге балалар әдебиетін балалар басылымдары шама-шарқынша насихаттап жүр.
Қалмаханбет Мұқаметқали, ақын, «Дала мен қала» газеті бас редакторының орынбасары:
– Осыдан алты-жеті жыл бұрын тақырыпқа орай қалам тарта отырып, «Балдырған» журналы Тұмағаңмен бірге қартайып барады...» деп жазып жіберіп, біраз адамның өкпесіне қалғанбыз... Керісінше, жастар аз емес, жетеді. Бірақ олар нені қалай жазу керектігін білмей, тоқырап жатыр. Демек, балалар әдебиетінде нақтылы мектеп жоқ. Бұл – бірінші себеп. Екіншіден, аға буынның жазғандарының өзі азайып барады. Бұл кітап бизнесінің жолға қойылмауынан шығар. Әсіресе оқулықтарда балалар әдебиетінің тың туындыларына зәрулік басым. Сапа бар, талап бар дегендей. Мен кейінгі авторлардың шығармаларына қатысты айтып отырмын. Үшіншіден, талғампаздық кінәлі! Бала ұғымына сай жалқы шумақ жазғаннан, он шумақ ода немесе лирика жазып тастаған оңай. Сосын, насихат жоқ. Менде «Күншығыс» атты жағрапиялық өлеңдер мен «Алтын күз» деген топтама дайын тұр, басып шығарғым-ақ келеді. Қаржы жоқ. Мемлекеттік тапсырысқа көлемі сәйкес келмейді. Әрі бұл өлеңдерді суретпен безендіру қажет, кітап қалыбы да шартты стандарттан асып тұр. Балаларға арналған кітап шығарумен айналысатын бір баспаның жауабын әлі күтіп жүрмін...
Әдина Жүсіп, балалар жазушысы, «Ертегілер елінде» журналының бас редакторы:
– Менің естуімше, бұрын «Балдырған» журналы алғаш құрылғанда басшылары жиналып, өлең мен әңгіме жазып жүрген ақын-жазушыларды шақырып алып, тапсырмалар беріп, қаламақысын төлеп, балаларға арнап жазуға баулыған екен. Балалар тақырыбына ол кісілер солай келген. Ал өзім қалай келдім, соны айтайын. Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университеттің филология факультетінің журналистика бөлімінде оқып жүргенімде «Алтын Орда», облыстық «Ақтөбе» газетімен жақсы байланыс орнаттым. «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлымен ақылдасып, мен журналистік зерттеулер жасадым. Сол уақытта журналистикалық зерттеумен айналысып кететін шығармын деп ойладым. Оқуды бітірген соң Алматыға келіп саяси журнал «Азатта» жұмысымды жалғастырдым. Осы уақытта «Үш қиян» баспасының директоры Махмуд Қосмамбетовпен таныстым. Баспаның жанынан «Ертегілер елінде» журналы шығып тұрады екен. Махмуд ағайдың ақыл-кеңесімен журналға ертегі жаза бастадым. Сөйтіп, өмірде өз орнымды таптым. Қазір де баулыса көптеген қалам ұстаған жастар балалар тақырыбына жаза алады. Жазып жүргендері де бар. Тек насихаты кемшін болмаса...
Бейбіт Сарыбай, жазушы, сатирик,
– Бұл – енді әлімсақтан келе жатқан проблема. Кеше де болған, бүгін де бар, ертең де болады. Бірақ бұл жанрдың бүгінгіге қарағанда кешегі кезеңде проблемасы аздау еді. Бүгінгі күні жалпы әдебиеттің жағдайы күйлі болмай тұр ғой. Ондай жағдайда балалар әдебиетінің халінің мүшкіл болатыны – белгілі жайт. Қартайып бара жатыр деп қорқуға да болады. Бірақ Қалмаханбет бастаған жастар барда ауызды қу шөппен сүрте берген де жараса қоймас. Балалар әдебиетін ұлтқа жаны ашитын, балаларды жақсы көретін адамдар жасайды. Толымды дүниелер мен толайым шығармаларды солар тудырады. Қазіргі уақытта балалар әдебиетін қолдауға бағытталған екі ірі жоба бар. Олардың да тигізіп жатқан септігі аз емес. Енді оқулықтарға жастардың енбей жатуын сол оқулықтарды жазып отырған адамдардың бүгінгі әдебиеттен хабарының жоқтығымен байланыстырғым келмейді. «Соқыр көргенінен жазбайдының» кері. Әйтпесе не, жоқ емес, бар ғой оқулыққа енуге тұрарлық шығарма жазып жүрген жастар.
Тоқтарәлі Таңжарық, ақын-аудармашы:
– Балалар әдебиеті – күрделі жанр. Бұрынғы аға буынның дені балаларға арнап жазған дүниелерін өзінің шығармашылық тұғырына арқау еткен. Әлі де сол жолдан таймай келе жатқан қаламгерлер баршылық. Меніңше, заманмен бірге әдебиет те, оған қойылатын талап та өзгеруі керек. Неге? Осы күнгі балалар әдебиетін оқысаңыз, сонау өткен ғасырдың 70-жылдарындағы қалыптасқан сарын өзгермей келеді. Әлі сол «Бір дегенім – білеу, Екі дегенім – егеу...» деген сыңайда, «ауылға бардым, атам ертек айтты, апам ұршық иірді» дейтін тым бірсарынды кейіптен өзгерер емес. Неге балалар әдебиеті жаңалыққа ұмтылмауы керек? Байқап қарасаңыз, қазір телеарналарда балаларға арналған неше түрлі мультфильм көп. Оқиғасы шым-шытырық, қызықты, қызғылықты. Оны үш жасынан бастап көрген бала сіздің байырғы тақпақтарыңызға қызықпасы анық. Сондықтан балаларға бүгінгі күнге сай шығарма жазуға тиіспіз.
Алмат ИСӘДІЛ
Желідегі жыр
Қазіргі қазақ өлеңіне жаңаша өрімді қолтаңбасын енгізіп келе жатқан талантты жас ақынның бірі – көкшетаулық шайыр Алмас Темірбай. Осы уақытқа дейін бірнеше томдық жинақтардың авторы болып үлгерген ақын көптеген шығармашылық байқаулар мен жыр мүшәйраларында оза шапқан. Бүгінгі заманға сай ғаламтор арқылы да ол өзінің өлең-жырларын көпшілікке ұсынып келеді. Қаламы төселген Алмас ақынның бүгінгі беталысы турасында бірқатар аға буын қаламгерлер мен әдебиетшілер жақсы баға беріп жүр. Газет оқырмандарына бүгін Алмастың facebook әлеуметтік желісіне орналастырған бір өлеңін ұсынып отырмыз.
Дүние – драма
Дүние – драма
қос бөлімге бөлінген,
Бір бөлiмi қызықты бір бөлімнен.
Бiреуiнде – төрің жақын көріңнен,
Бiреуiнде – көрің жақын төріңнен...
Төрде талай күліп-ойнап көргенбіз,
Кiрiп әлі көрмесек те көрге біз.
Төр дегенім – тiршiлiктiң сахнасы,
Көр дегенім – демалатын бөлмеміз.
Тағдыр – театр,
өмір пьеса тәрiздi,
Актермін мен аңдап басар әр iздi.
Пьеса қанша созылғаны сөз емес,
Оны қалай ойнағаным – маңызды...
Мәңгiлiкпен жалғастырып жолымды,
Өмiрiммен таңғалдырам өлiмдi.
Рөлiндемiн – мен біртуар ақынның,
Ойнай алмас ешкім менің рөлiмдi!..
Меніменен бір мұңайып, бір күлер,
Ойыныма отыр қарап бүкіл ел.
Сайтаным ба, періштем бе... не деп тұр,
Сахнаның сыртындағы суфлер?..
«Дарабоздан» дара шық
Балалар әдебиетіне тың серпін беріп жүрген «Дарабоз» байқауы 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқауды ZHERSU корпорациясының тікелей демеушілігімен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырып келеді. Жабық түрде өтетін әдеби байқаудың басты мақсаты – жас өскіннің назарын өз кітабына аудару. Балалар жазушыларына қолдау көрсету арқылы жас ұрпақтың туған еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, ұлтжанды, білімді өскелең ұрпақ тәрбиелеу болып табылады.
Жуырда жоба авторлары биыл сегізінші рет өткізілгелі отырған шығармашылық байқаудың шарттарын жариялады. Бәйгеге балабақша тәрбиеленушілері мен 1-8-сынып оқушыларына арналған прозалық, поэзиялық және сахналық шығармалар қабылданады. Повестер – 20-25 беттен, әңгімелер, ертегілер – 10 беттен, топтама өлеңдер, балладалар, ертегі өлеңдер, шағын поэмалар, сахналық қойылымдар 5-10 беттен аспауы шарт. Шығармалар компьютерлік стандартқа сай, кириллицамен, 14 кегльмен (аралық 1,5) теріліп, үш дана етіп басылып, беттелуі қатаң талап етіледі. Бәйге жабық бәйге түрінде өтетіндіктен, автордың бүркеншік атының анықтамасы, аты-жөні, мекенжайы, байланыс телефоны жазылған парақ кіші конвертке салынып, желімделіп, сыртына тек бүркеншік аты ғана жазылады. Кіші конверт салынған үлкен конвертке үш дана шығарманы салып, желімдеп, сыртына мекенжайы, бүркеншік аты немесе басқа бір лақап есім жазылуы керек. Байқау шартына сай емес, бұрын жарық көрген, мерзімінен кешігіп келген шығармалар бәйгеге қатыстырылмайды. Бәйгеге түскен шығармалар мына адрес бойынша қабылданады:
050008. Алматы қаласы, «Дарабоз» бәйгесіне. №010057505 куәлік иесіне.
Шығармалар 2013 жылдың 10 сәуіріне дейін қабылданып, бәйге қорытындысы Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында жарияланады.
Шығармашылық бәйге қоры:
Есенқұлқажы Маманов атындағы бас бәйге – 1 000 000 (1 милллион) теңге;
Бірінші бәйге (екеу) – 375 мың теңгеден;
Екінші бәйге (екеу) – 170 мың теңгеден;
Үшінші бәйге (үшеу) – 110 мың теңгеден;
Ынталандыру бәйгесі (төртеу) – 77 мың теңгеден.
Әділқазылардың шешімі тексерілуге жатпайды. Бәйгенің шығармашылық бағыттағы ұйымдастырушы-үйлестірушісі белгілі балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлы: «Бұл игі жоба осымен сегізінші рет өткізілгелі отыр. Биыл да өткізіліп, жеңімпаздар Халықаралық балалар күні қарсаңында анықталады. Озық туындылар «Кәусар бұлақ» сериясымен жарық көретін жинаққа топтастырылмақ. Бұл кітаптар дәстүр бойынша республикамыздағы барлық кітапханаларға, мектептерге тегін үлестірілетін болады», – дейді.
Кітап оқымайтын досқа кеңес
«Адам кітап оқуды қойса, ойлауды да қояды...»
Д. Дидро
Жастар кітап оқу жайына келгенде біраз тосырқап қалатын әдет тауыпты. Кітап оқу – жақсы мен жаманның парқы, мәдениеттің биігі, өз-өзіңді дамыту құралы болса, неліктен көркем шығарма оқу деңгейі тым төмен?
Әбден жауыр болған мәселе шығар, десек те, жастарға септігі тиер деген оймен кітап оқудың жолдарын қарастырдық. Ендеше, оқып көр...
• Кітапты күштеп оқыған соң, одан алған білімді міндетті түрде пайдалану керек. Мәселен, кітап оқып болған соң, қандай пайда алғаның туралы ойлан.
• Оқу алдында барлық керек-жарағыңды жаныңа алып, атқарылар жұмысты бітіріп ал.
• Кітапты оқитындар – ақылдылар, білімділер екенін біл. Кітапсыз-ақ өмір сүруге болады дейтін адамдардан арыл.
• Кітаптың бәрі бірдей емес. Адамгершілікке тәрбиелейтін классикалық туындылардан бастап, танымдық, тарихи, тіпті де эксперименталдық шығармаларды оқуға тырыс.
• Том-том кітаптан бастаудың қажеті жоқ. Шамадан тыс оқу жүйке жүйесіне әсер етіп, көзге зиянын тигізуі мүмкін. Қысқа шығармаларды оқып бітірген соң, «нирвана» болатынын психолог мамандар дәлелдеген.
• Әр сөйлемге назар аударып, әр сөйлемдегі мазмұнға нанып, өзгеге алаңдамай, шын мәнінде (!) оқы.
• Әдеби газет-журналдарға шолушы бол. Әдеби процесті қадағалап отыру қажет.
• Оқуды хоббиіңе айналдыр.
• Өзіңе де, достарыңа да себепсіз кітап сыйлайтын әдет тауып ал.
• Көзге оңай көрінетін жерге қай шығарманы оқығаның жайлы, қай шығарманы оқуды жоспарлағаныңды жазып қой.
• Кітап оқитын орныңды сайлап ал, бұл жер жылы, ыңғайлы, жарық болуы керек.
• Өзіңе ұнайтын тақырыптағы кітаптарды жинап, бірінші кезекте соларды оқып тауысқан пайдалырақ.
• Сахналанған, кино сценарийіне арқау болған кітаптарды оқы. Фильмін де көруге болады.
• Кітапқұмар достар тап, керегіңді сұрап, кітап айырбастап отыру да пайдасыз емес.
• Оқыған шығармаң туралы ой бөліс, әңгіме, мақала, пікір жаз.
• Әр кеште ұйқы алдында кітап оқы.
• Кітап оқудың пайдасы еңбекақы секілді айдың соңында бола салмайды. Мұны мойындау керек.
Ардақ ҚҰЛТАЙ
«Тәуелсіздік толғауы» – талантты жастар байқауы
Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі жас таланттардың шығармашылық ізденістеріне жаңа жол ашатын «Тәуелсіздік толғауы» атты конкурстың биыл да жалғасын табатындығын мәлім етті.
Бүгінде осы байқауда көзге түсен бірнеше дарынды жасөспірімдер ел мәдениеті мен өнерін дамытуға септігін тигізіп жүр. Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан үлкен байқау әлі де талай таланттың жұлдызын жағатынына үмітпен қарайық. Байқауға өтінім құжаттары ағымдағы жылдың 15 қазанына дейінгі мерзімде жіберілуі тиіс. Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттардың қатарында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетімен берілген зияткерлік меншік объектісін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің болуы шарт. Байқау төмендегі номинацияларды қамтыған:
1) Ең үздік ірі және кіші көлемді музыкалық шығарма;
2) Ең үздік балалар әні;
3) Балалар мен жасөспірімдерге арналған ең үздік драмалық шығарма;
4) Кескіндеме, графика және мүсін.
Конкурстың қорытындысы ағымдағы жылдың IV тоқсанында шығарылады. Ең үздік деп танылған шығармаларға ақшалай сыйлықтар тағайындалады.
Әділдің «оралуы»
Ұлттық поэзиямызда Әділ Ботпанов деген сұрапыл ақынның есімі қайта жаңғыра бастады. Алдағы 20 ақпан күні сағат 16.00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде қазақтың талантты ақыны, әдебиет әлеміне өзіндік қолтаңбасымен келген Әділ Ботпановтың «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Өмірзая» кітабының тұсаукесер кеші өтеді.
Небәрі 28 жасында белгісіз себептермен із-түзсіз жоғалып кеткен тағдырлы ақын соңынан салмақты жырларын қалдырып кетті. Өлді деуге қимайсың. Әлдебір сәтте жарқ етіп бір тұстан шыға келетіндей көрінеді. Өзі де бір өлеңінде:
Азғантай ғана,
азғантай ғана өмір бер,
Жылдардың сансыз
қажеті жанға шамалы.
Ұлғайтып қайтем
жүректе жатқан жараны?
Найзағай болып
жарқ ете қалсам, жарады!
– деп ақындық тағдырын мойынсынып жазған екен. Демек, Әділ ақын арамызға өлең боп қайта оралғандай...
Кітапты құрастырып, баспаға әзірлеген – қаламдас досы, белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы. Кешке ақынның әдебиеттегі ағалары мен ізбасар інілері, сондай-ақ бір топ өнер шеберлері қатысады. Келем деушілерге есік ашық.
Бетті дайындаған Алмат ИСӘДІЛ Байланыс үшін: almat-76@mail.ru