Жас қалам неге жасық болады?
Әдебиетке қызмет етіп жүрген қаламгерлер қауымын біз әдетте аға буын, орта буын, жас буын деп бөліп жатамыз. Шығармашылық адамдарын бұлайша жіктеу қаншалықты қисынды? Жалпы, жас ерекшеліктері әдебиеттің дамуына қалай ықпал етеді?
Әдебиет есігін жаңа ашқан жас талант тамаша туындыларымен жарқ етіп, кейбір жазармандар ұзақ жыл әдебиет төңірегінде жүріп, шығармашылық тұрғыдан алғанда, ел сүйіп оқитын дүниелер тудыра алмауы мүмкін. Айналып келгенде, талант та, еңбек те адамның Алла берген қасиетінен ары аса алмасы анық. Тағы бір айта кетерлік жайт, әр заманның өз жаршылары болады. Әдеби процесс қайсыбір кезеңдерде кемеріне толып, кейбір замандарда тоқырауға ұшырап жатады. Оны өмірдің өзі көрсетіп отыр. Айталық, қазақтың көркем әдебиеті өткен ғасырдың 60-жылдары өте биік деңгейге көтерілді. Осы кезеңде мүйізі қарағайдай қаламгерлер өз оқырманына кесек-кесек туындылар тарту етті. ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті өліара кезеңді бастан өткерді.Бұл уақытта адамдар әдебиеттен гөрі, әлеуметтік проблемаларды көбірек ойлап кетті. Десек те, бүгінгі жаңа ғасырды біздің ұлттық әдебиетіміз жаңа деңгейге көтерді. Алайда қазіргі заманда әдеби шығармалардың көркемдік бояулары сұйылып, сөзі азайған. Әсіре көркем бейнелеу, үлкен образдар жоқ. Себебі ақпараттық қоғамда қысқа да нұсқа жазу сұранысқа сай келетін сияқты. Бұрындары роман деген жанр екі-үш томнан тұратын. Поэманы ұзынсонар шумақтардан құралған туынды деп білгенбіз. Қазір он шумақпен-ақ поэма, 100 бетке жетер-жетпес роман жазатындар бар. Жанрлардың сипаты да өзгеруде. Тәуелсіздік алған жылы батыс пен шығыс әдебиеттерінің шекарасы ашылды. Көптеген ағымдардың ықпалы болды. Қазақстандағы орыстілді қаламгерлер түрлі эксперименттерге барды. Әдебиетшілер: – Неге кейіпкер жоқ? Бүгінгі кейіпкер кім? Бүгінгі қазақтың образы қандай? – деген сұрақтар қойып жатады. Жастарымыз жазып жатқан шығармаларда белгілі бір заман кейіпкері жоқтың қасы. Жаңа кезеңнің жаңаша ойлайтын қаламгерлері үлкен ізденіс үстінде жүр. Сондықтан да бүгінгі әдебиеттің бағасын беру әлі ертерек секілді. Жаңа туынды уақыт тезінен өту керек.
Кітап қазір жазылып, ертең баспадан шығып, келесі күні оған пікір айта салатын дүние емес. Ол оқырман санасына сіңуі керек. Кеңес кезінде көп туындылар күштеп, алдап болса да танылды. «Кеңестік адамның образын жасаймыз» деп талпынды. Біршамасы экранизацияланды. Мыңдаған данамен тарап, авторларға қаламақыны үйіп төкті. Солардың біразы бүгінде ұмытылып қалды.
«Бұрынғы жүйе жоқ, бұрын керемет еді» деп айтады жұрт. Әр кездің өз артықшылығы мен кемшілігі болады. Алайда мемлекет ұлттық әдебиетке қамқорлық жасау барысында бәрін бір жүйеге келтірсе, Кеңес Одағынан айырмасы болмай, әдебиет билікке бағынышты болып қалмақ. Сондықтан мемлекеттік ресурстарға ғана сүйене бермей, әдебиетті таныту үшін осы заманның әдіс-тәсілдерін пайдалануымыз керек. Баспасөзде «шыбынды да, араны да өлтіруге болады» деген сөз бар. Сөзбен мақтап, көкке көтеріп немесе жер-жебіріне жеткізіп, қаралап, іске жарамсыз етіп, жазушыны оқырманнан алыстатып жіберуге болады. Бір шығарманы қанша мақтасын немесе даттасын, бірақ уақыт бәрін өз орнына қойып береді. Заманында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» «бас кейіпкер совет баласына тән емес қылықтар жасайды» деп қаралады. Бірақ ол бірнеше тілдерге аударылып, ғажап киноға айналды. Кейде бір қаламгерлерді мақтап, көлдей-көлдей мақалалар жазады. Атақ-марапаттар алады, бірақ оны ешкім оқымайды. «Ит үреді, керуен көшедінің» кері. Уақыт өте келе, оқырман керегін оқиды. Мақтағанда қызметіне, лауазымына, атағына қараймыз. Мақала авторы мақтағанда оқырманды емес, мақтап жатқан қаламгерді ойлайды. Мақталып жатқан адам, шынында да, керемет екен деп оқырман сеніп қалады. Халықты алдай алмайсың... Орыстың Сологуб деген ақыны болған. Игорь Северянин секілді мықты ақындарды ертіп, 30-40 қала аралап, гастрольдер ұйымдастырған. Губерния, ауылдар нан мен тұзбен қарсы алған. Жарнама жасап, ақша да тапқан. Түрлі жанрда қалам тербеген. Алайда қазір оны ешкім оқымайды. Тарихта Маяковский, Северяниндер қалды. Қазақ әдебиетінен де мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Кейбір жастарымыз: – Аға, қаламгерлер қазаққа қатысты дүниелер жазбады... – деп кінәлап жатады. Мүмкін, заман сондай болған шығар. Бірақ нағыз азаттыққа ұмтылған, қазақтықты аңсаған шығармалар сол кезде туды емес пе?! Әуезовтер Абай арқылы күллі қазақ ұлтының болмысын ашуға ұмтылды. Мұхтар Мағауин «Бес ғасыр жырлайды» атты жинақ құрастырып, жыр-қисса, дастандарымызды тірілтті. Есенберлин басын бәйгеге тігіп, «Көшпенділер» атты үлкен туынды жазды. Ақан Нұрмановтар Кейкі сынды қазақ батырларын жоқтады. Жұбанов «Мен – қазақпын!» деп атой салса, Мұқағали «Райымбек, Райымбек!» деп ұран тастады. Кеңес өкіметінің қызыл саясатының құрсауында жүре тұра, қазақ қаламгері осындай ерліктерге бара білді. Ал біз бүгінгі Тәуелсіздік тұсында ұлттық рухқа серпін беретін тың дүниелерді оқи алып отырмыз ба? Әдебиетші мен сыншы қауым: «Қазіргі жастар отырып алып махаббат философиясынан шыға алмай жүр. Жазғандарының бәрі – жылауық. Толып тұрған пессимизм. Қоғамдық сананы сілкінтетіндей үлкен шығармалар жазыла қойған жоқ» дегенді жиі айтады. Шынында да, солай ма? Әлде, жас қаламға жасықтық тән бе? Бұған сіз не дейсіз, қалам ұстаған Алаштың жас тұлпары?
Олимпиаданы өлеңге қосамыз
Лондонда өтіп жатқан Олимпиада ойындары бүгінде әлем назарын өзіне аударып отыр. Осынау үлкен додаға Қазақ елінің атынан 116 спортшы қатысуда. Майталмандарымыз спорттық сындарда алғашқы күндерден-ақ алтын медальдарға қол жеткізуде.
Ел намысын қайрап, еңсемізді көтеріп, бойымызға рух беретін мұндай ірі жарыстарды жырға қосудан қазақ ақындары да шет қалмасы анық. Осы орайда руханият әлеміне өзіндік үлесін қосып келе жатқан massagan.com ұлттық веб-порталы мен «Алтын қазына» қоғамдық бірлестігі Алаштың арманын арқалап ағылшын жеріне аттанған спортшыларымыздың мерейін үстем ету, олимпиада жеңімпаздарын бұқара халыққа насихаттау мақсатында арнайы мүшәйра ұйымдастырып отыр. Ұйымдастырушылар таратқан мәліметке сенсек, «Ердің жеңісі – елдің жеңісі» тақырыбындағы жазба ақындар мүшәйрасына қатысатын үміткерлердің жасына шектеу қойылмайды.
Мүшәйраға әр ақын үш өлеңмен қатыса алады.
1.Тәуелсіздік жылдарында Қазақ елінің атағын аспандатқан спортшыларға немесе Лондон Олимпиадасына қатысушы қазақстандық спортшы(лар)ға арналған өлең.
2. Лондон Олимпиадасының жеңімпазы атанған қазақстандық спортшы(лар)ға арналған өлең.
3. Еркін тақырыптағы өлең.
«Мүшәйраға жіберілген өлеңдердің көлемі 15-20 шумақтан аспауы керек. Автордың толық аты-жөні, мекенжайы, телефоны жазылған мәлімет пен шығармасы massagan.com@gmail.com электронды мекенжайына 2012 жылдың 13 тамызына дейін жіберілуі тиіс» делінген хабарламада.
Мүшәйра қорытындысы тамыздың 15-інде жарияланады. Қазылар алқасының төрелігімен жеңімпаздарға жүлделі орындар белгіленіп, олар марапатталады. Және «Ең жас ақын» номинациясы бойынша атаулы сыйлық беріледі. Ендеше, қалам қуатымен жеңіске деген талпынысымызға дем бере түсейік!
Табиғаты – суретші, мамандығы – экономист
«Өнерліге өріс кең» демекші, бойында шығармашылықтың дәнегі бар адам қай салада жүрсе де, өнерге бір табан жақын болатыны белгілі. Жас суретші Санжар Сырғабаев Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің түлегі.
Экономика саласының маманы ретінде бүгінде статистикалық зерттеулер жүргізетін мекеменің қызметкері болып жұмыс істейді. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас жас дарын 1991 жылы қасиетті Хантәңірі баурайында дүниеге келген. Туғаннан табиғаты көркем өлкенің кереметін жанына сіңіріп өскен дарынды жігіт өнерден алыс салада жүрсе де, қылқаламын қолынан тастамайды. Суретшілік Санжарға марқұм әкесі Сырғабаев Болатханнан дарыған болса керек. Туған ағасы Алмас Сырғабаев та бүгінде есімін ел білетін суретшіге айналған. Біз бүгін Алаш оқырманына суретші Санжардың туындыларын ұсынып отырмыз.
Микроблогтағы жыр
Көршілес Қытай елінен мектеп бітіре сала атамекенге оралған жас таланттың бірі Тоқтарәлі Таңжарық болатын. Оның сағынышқа толы жігерлі жырлары қазақ жеріне өзінен бұрын жетіп, есімі елге ерте таныла бастады. Адам болмысына үңілуге шақыратын оның шумақтары кейде тылсымға толы ауыр ойлармен көмкерілсе, кейде сондай мөлдір де тұнық жырларға ұласып кететіні бар. Бүгінгі жас ақындардың ішінде Тоқтар ақынның да өз үні, өз қолтаңбасы қалыптасып келеді. Интернетке икемделген қазіргі заманда бұл жас ақын да шығармаларын ара-тұра өз микроблогына жазып, талғампаз оқырмандардың талқысына ұсынып тұрады.
Сенің қара меңіңде –
Дүниенің жылуы.
Тамар шәрбат сезімге
Тамшы-нұрдай үзіліп.
Қара тасқа басылған
Дұғасындай пірімнің!
Тумысы үр асылдан,
Періштесі бүгіннің.
Сол қара мең кеудеме
Түсіргендей бір жарық.
Өзімнен һәм өзгеден
Жүр ем ессіз қызғанып.
Қалдым меңсіз, қайтейін,
Бәрі өткінші мен үшін.
Қиялданам жай тегін,
Өзге қиыр өрісім.
...Сенің қара меңің бе? –
Қабірімнен іркіліп,
Дидарыңа көмілген
Топырақтай бір түйір.
Екендігін ұмытпа,
Егіз мендік жүрекпен.
Бұйырмайды ол ұлыққа,
Түсірмейді ол түнекке!
«Sms-айтыс» күтеміз
Бұрындары ақындар айтысу үшін әр тұстан келіп, бір жерге жиналып өнер көрсететін. Кейін ойларын қағаз бетіне түсіріп, қарапайым хат арқылы сөз алмасатын. Жыр додасының «көкесі» көк жәшіктен де құмарымыз қанғанша көріп жүрміз. Радио, интернет те айтыстан шет қалып отырған жоқ. Газет бетінде де айтыстың көрігі қызған сәттер аз болмады. Бүгінде электронды ақпараттық технологиялар дамыған тұста ғаламтордың көмегімен электронды пошта арқылы айтысу және ұялы телефонды пайдалана отырып «sms-айтыс» жүргізу дәстүрге ене бастады. Осы үрдіске біз де өзімізше үн қосып, газетіміздің бетінде арнайы айдар ашып, айтыскер ақындар Айтақын Бұлғақов пен Жұматай Әміреевтің, Серікзат Дүйсенғазин мен Жандарбек Бұлғақовтың, Бақыт Жағыпарұлы мен Асхат Ізтілеудің ой жарыстырған өзара «sms-айтысы» мен ақындар Бақытжан Алдияр мен Алмат Исәділдің өлеңмен жазысхан хаттарының нұсқасын жариялаған болатынбыз.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қолына қалам ұстаған жастар мен қалыптасқан кәсіби ақындардың да sms арқылы өзара өлеңмен ой-пікір алмасқан шағын айтыстарын лайықты деп тапсақ, жариялауға дайынбыз.
Жыр шумақтарымен өрілген жақсы дүниелеріңіз болса, газетіміздің электронды поштасына жолдауларыңызға болады.
«Алаштың жас тұлпары»
Алматыда UNI кітапхана ашылды
Алматыдағы Мәдениет жылы аясында қаладағы 28 панфиловшылар саябағында инновациялық UNI жобасының салтанатты түрде тұсауы кесіліп, халыққа қызмет көрсетуін бастады.
Жаңа жоба – АҚШ-тың Қазақстандағы бас консулдығы, Шеврон, Халықаралық білім бойынша американдық кеңес (АКСЕЛС) және С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасының бірлесе атқарған жұмыстары нәтижесінің бір парасы. Ол қоғамдық орындарда, алаңдарда, демалыс саябақтарында орналастырылатын модульдік жылжымалы кітапхана немесе шағын оқырмандар залынан тұрады. Басты мақсат – оқуға деген қызығушылықты арттырып, көпшіліктің өзара байланысын кітап арқылы ұштастыруда қоғамдық орындарды тиімді пайдалану. Бұл – өнегелі азаматтармен кездесіп, пікір алмасу, шетелдерде білім алу жолының ақпараттық жобаларымен танысу, сондай-ақ танымдық түрлі шараларға қатысудың қала тұрғындары мен қоғамдық орындар үшін жаңа мүмкіндіктің қайнар көзі.
UNI жобасы: көркемсуретті кітаптардың, әдеби альбомдардың, анықтамалық кітаптардың балаларға, жасөспірімдер мен ересектерге арналған мерзімді басылымдардың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі жүйеленген жиынтығы болып табылады. Ол Жетісу, Бостандық, Медеу, Түркісіб, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарында орналасып, алдағы 2 қыркүйекке дейін халыққа қызмет көрсетпек. UNI кітапханасы – қаланың шет аймақтарындағы балаларға және жалпы тұрғындарға әдебиет саласынан түрлі ақпараттық мәліметтер алуға мүмкіндік туғызатын ашық аспан астындағы заманауи кітапхана саналады. Болашақта бұл жобаны жетілдіру көзделіп отыр.
Қаперге!
Қадірлі оқырман, халқымыздың талантты өрендері, жас қалам иелері! «Алаштың жас тұлпары» қосымшасының алдағы сандарында жас ақындардың жырларынан құралған «Алаш антологиясын» шығару ойымызда бар. Жасы 35-ке дейінгі ақындар лирикалық тақырыпта жазылған бір өлеңін өзінің суреті және қысқаша өмірбаяндық мәліметімен қоса редакциямыздың электронды хат қоржынына жіберуі тиіс.
Сондай-ақ бүгінгі әдебиет, руханият жөніндегі пікірлеріңіз бен шағын ойтүрткі мақалаларыңыз болса, бізге жолдаңыздар. «Жас тұлпар» қосымшасының электронды нұсқасын оқу үшін газетіміздің сайтын ашып (www.alashainasy.kz), «Өркениет» бөлімінің пернесін басу қажет.
Бетті дайындаған Алмат Исәділ, байланыс үшін: almat-76@mail.ru