Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

шоу-сұхбат
Қорлан КӘРТЕНБАЕВА, жетігенші: Қазақтың барлық аспабы киелі
Қолға бір мини дискісін ала са­лып, фонограммамен желдіріп шы­ға келетін эстрадалық үрдіс бе­лең алып тұрған тұста ұлттық ас­папқа адалдық танытып, ұмыт бо­ла бастаған көне жырларды жаң­ғыртып жүрген жандар аз. Со­лардың бірі – жетігенші Қорлан Кәр­тенбаева. Бұрын «Тұран» эт­н­о-фольклорлық ансамблінің мү­шесі болған Қорлан қазір өнерден өз соқпағын тауып, жетігеннің жалғыз сүрлеуін таңдағаны көбімізді алғаш таңдандырғаны рас. Алайда бұл жақсылықтың басы, яғни таза шығармашылық иесі оңашада ғана өзінің жан-жақты қырын таныта алады. Біз Қор­лан қызды же­ке әңгімеге ша­қырып, жетіген жай­лы біз білмейтін бір­шама сырға қанықтық.

                                    Абай ОМАРОВ (коллаж)

– Қорлан, жетіген аспабын өзге тү­гіл, осы өзіміз толық танымайты­ны­мыз рас. Айтыңызшы, осы аспаптың, шы­­нында, нендей сиқыр, қандай құ­пиясы бар?
 – Тек жетіген ғана емес, айтсам, таң­да­­нар­сыз, бірақ біз бүгінде көптеген ас­пап­ты ұмы­та бастағанбыз. Бұғышақ, мес­қо­быз деген де аспаптарды естуіңіз бар ма?
– Расында, алғаш естіп тұрмын. Олар­­ды біз неге білмейміз?
– Себебі, біріншіден, оларда ойнайтын му­зыканттар жоқ. Екіншіден, әрине, ұс­таз­дар жоқ. Сосын насихат жоқ. Репертуар өте аз. Онымен тұрмай, домбыра мен қо­быз­дан басқа аспаптарды зерттейтін адам аз. Ал зерттеймін деген адам болса, айтайын, мен білетін 40-тан астам аспап түрі бар.
 – Репертуар деп қалдыңыз, сонда дом­­­быра мен қобызда ойналатын Құр­­манғазы не­месе Дина, Тәттімбет т.б қазақ күйлерінің кез келгені жеті­генге салуға келмей ме? Бы­лайша айт­қанда, жетіген күй талғайтын болып тұрғаны ғой?
– Жетігенге, негізі, өзіне сай күй керек. Бі­рақ біз дәл қазір жетігеннің емес, ол мы­на біздің «әуенімізге төңкеріліп», яғни біз не­ні ойнатсақ, соған көніп жүр. Дегенмен тілі жоқ демесеңіз, аспап та адам секілді ғой, оның өз қалауы, өз жаны, өз талғамы болады. Егер соны тап баса алсақ, онда ол ғажайып күйлер тудырып, тыңдаушысы­ның, яғни біздің құлағымыздың құрышын қан­ды­рып, жан дүниемізді рақатқа бөлер еді.
– Қобыздың киесі ба­рын білеміз, яғни оны анау-мынау адам тарта ал­майды, жетігеннің де сон­дай тыл­сым сыры бар ма? Өзіңіз жетігенге қалай келдіңіз?
– Қазақтың бір аспабын екіншісінен ала­лаудан аулақпын, бар аспабымыз киелі. Бірақ жетігеннің жөні бөлек. Күйші қарттың жеті күйінен кейін пайда болған жетіген жайлы аңызды білесіздер ғой. Өзім­нің де жетігенге келуім тылсым жағдайда өрбіді десем болғандай. Мен, негізі, консерваторияның прима қобыз сы­ныбын бітіргенмін және ол салада, шы­ны керек, қанша талпынсам да, жолым бол­мады. Сөйтіп жүргенде бір күні түс көрдім. Кең далада жүр екенмін. Жан баласы жоқ еді. Кенет көз ұшында бір қара көрінді, со­ған қарай жақындай бердім. Қарасам, бір шебер ағаштан жонып әлдебір аспап жа­сап отыр екен. Онысы, байқасам, же­ті­ген. Жанында дайын болған бірнешеуі тұр. Маған қарап әлгі шебер «таңдай ғой, өзің қалағанын ал» деді. Мен жетігенді таңдадым. Оянған соң біразға дейін «бұл неге көрінді екен?» деп ойланып жүрдім, бірақ күйбең тірлікпен қайта ұмыта бас­та­ған едім. Бір күні ойда жоқта Нұргүл апай­мен таныстым. Ол кісі – маған же­ті­ген­ді үй­реткен, әлі күнге осы саладағы ұстазым. Солайша, Жаратқанның өзі жолымды қиыстырып қалай жетігенге апарғанын сез­бей қалдым ғой. Бір таң­ғалғаным, при­ма қобызда өмірі болмаған жолым, же­ті­ген ұстауым мұң екен, өзі дөңгеленіп жүре берді. Демек, жетіген маған Жаратқанның өзі жіберген аспабы болып тұр ғой. Өмірде кейде аян түстер де болатынына мен өз басым осы арқылы көз жеткіздім.
– Түсіңізде сіз жетігенді бір ше­бер­дің қолдан жасап отырғанын көрдіңіз, ал шынайы өмірде оны әлі күнге же­ке­леген тапсырыс бойынша шебер­лер жасай ма, әлде музыкалық аспаптар дүкенінен табуға бола ма? Жетіген үйренушілер немесе оның мамандары әлгі аспапты қайдан алады?
– Иә, бұл – өте өзекті мәселе. Себебі жетіген жасайтын шебер жоқ. Бар, бірақ бір-екеу ғана, ал оны миллионға шаққанда барға санауға бола ма? Менің жетіген­де­рімді Әбдірахман атты аға жасайды. Көне дәс­түрдегі жетігенді жасайтын шеберлер осы­лай азая берер болса және осы мә­селені ел болып қолға алмасақ, біз тіпті қа­зіргі жетігеннің өзін көп ұзамай жоғал­тып аламыз ба деп қорқамын. Бұл – бір. Екін­шіден, нендей дүние болсын сирек ұшы­расатындықтан қымбат болады ғой. Жетігеннің қазіргі бағасын айтсам, үйрен­гі­сі келгеннің қолы жете бермейтін баға.
– Қазір шамамен бір жетіген қанша тұрады?
– 1300-1500 АҚШ доллары. Мен ке­йінгі кезде үйренгісі келетіндерге шамам кел­генше жетіген үйретуге кірістім. Бірақ олар­дың ең алдымен айтатыны – аспап жоқ. Сол үшін бізге, қазіргі студент, оқушы­ға, бір сөзбен айтқанда, қарапайым ха­лық­қа жетіген жасайтын шебер ауадай қа­жет болып тұр.
– Бүгінде қобыз бен домбыраны заманауи аспаптармен үндестіріп, аранжировакаларда қолдану болмаса арнайы дэкко, доскрип жанрымен, тіпті рок жанрымен де біріктіріп, этно-рок жасап жатқан да музыканттар бар. Осы жетігенмен де сондай экспери­мент­ке барып көруге бола ма? Жалпы, өзі­ңіздің осындай қоспа жанрларға не­месе экспериментке көзқарасыңыз қалай?
– Spirit of Tengri деген үлкен фестиваль болды ғой, мен соған қуана-қуана қатыстым, маған ұсыныс жасағанына риза болдым. Неге? Себебі онда этномузыка, бірақ заманауи жанрда дамытылғаны, ортаға салынды ғой. Былайша айтқанда, бұл музыкаға жаңа серпін әкелді. Өзім осы бағытта «Нөсер» атты жаңа композиция жаздым, электростильде. Содан кейін енді маған «шетелдің біздікіндей ұлттық аспап­та­рымен жетіген қалай үндеседі екен?» де­ген ой келіп жүр. Шетелге барған гастроль­дар­да қолым қалт етсе, сондай ерекше ас­пап иелерін іздеп жүремін, егер концерт, фестивальдарда жанымнан табылса, қо­сыла бір күй орындауға кірісіп ке­теміз. Ал ол музыканттардың «ауруы» де­се болғандай. Бірде сондай кон­церт­тердің біріне Мадагаскардан Килема деген музыкант келді. Оның қолындағы аспапты көріп таңғалдым ғой, кәдімгі мен тартып жүрген жетігеннен еш айырмасы жоқ. Тек екі жақтан ойнайды екен және ішектерін велосипед дөңгелегінің сымынан жасап алыпты. Даусы керемет шығады. Әлгі аспаппен қосылып күй шерте бергім келді. Содан әлгі кісі маған тап сол жерде «бірігіп диск шығарайық» деп қолқа сала кетті. Бірақ қол қысқалығынан тежеліп тұрған жайымыз бар.
– Сіз кейде қолды бір-ақ сілтеп, жалғыз жетігеніңізді құшақтаған күйі өзіңізді бағалап, шақырып жатқан елдерге кетіп қалғыңыз келмей ме?
– Арагідік ондай ойлар келеді... Неге? Шет жұрттық ағайынның құштарлығы соншалық – елге кетерімізде көздері жа­сау­рап тұрып «бізге жата-жастана ұлттық му­зы­камызды үйретіңіздерші» деп қиыла сұрайды. Көбі – Еуропа қазақтары. Жаның ашиды, себебі онда арғы буын аталар болмаса, бергі буын бізбен аудармашы арқылы сөйлеседі, тілді ұмытқан. Кінә оларда емес, мектеп жоқ, кітап жоқ, орта жоқ. Байғұс қандастар жанталасып, соңғы демдері шыққанша қазақ болуға тыры­сады. Міне, мен шетелге солар үшін кеткім ке­леді, кейбіреулер секілді рақат өмір, күй­лі-қуатты тұрмыс үшін емес. Алайда ата­мекенге зарығып отырған ағайынды көр­генде, ел, жер дегеннің қадірін біле тү­се­ді екенсің. Біз дербес мемлекеті, ас­та­на­сы, өзінің ұлан-ғайыр территориясы бар ел­міз, Туымыз желбіреп Тәуелсіз ел еке­ні­міз­ді айғақтап тұрады. Осыған шүкір. Және біз­ді басқа қолдамаса да, ҚР Тұңғыш Пре­зиденті қоры әрдайым қолдап, шетел­дерге шы­ғарып, концерттерге шақырып тұрады. Елбасымыз жетігенді, жалпы, ұлттық аспап­тарды аса ерекше ықыласпен отырып тыңдайды. Осыдан артық не бақыт керек, қалғаны бола жатар.

Жетіген-аңыз
Қаһарлы қыстың қақаған ая­зынан мал қырылып, үлкен жұт болады. Қа­зақтың ауылы ашаршылыққа ұшы­райды. Онымен қоймай, ел ішіне сүзек ауруы та­рап, көбейеді. Көпке әйгілі күйші қарт­тың жеті ұлы бірдей осы ауруға шал­дығып, бірінен соң бірі көз жұмады. Қайғыға душар болған қа­ралы күйші кө­кі­регін кернеген мұң-зарын күйге қосады. Үлкен ұлының дәм-тұзы таусылғанда – «Қарағыш», екінші ұлы өмірден қайтқанда – «Қанат сынар», үшінші ұлы қайтыс бол­ғанда – «Құмарым», төртінші ұлы қаза тап­қанда – «Ой сөнер», бесіншінің жүрегі тоқ­тағанда – «Бақыт көшті», алтыншының жам­басы жерге тигенде – «Күн тұтылды», же­тіншісі жер жастанғанда «Жеті ұлымнан айырылдым» деп азалы күй шерткен екен. Содан арнайы аспап жасап алып, әр ұлы қайтыс болғанда бір шектен байлап, астына асықтан тиек қойып отырыпты.
Мәриям ӘБСАТТАР


шоу-сүзгі
Эстрада одағы сахнаны сапасыз дүниеден қорғамақ
Өнер қайраткерлерінің ортақ бас­тамасымен елімізде алғаш рет Қа­зақстан Эстрада әртістерінің ода­ғы құрылды. Кеше Астанада бас қос­қан өнер саңлақтары осы­лай жа­риялап, Қазақстанға еңбек сі­ңірген қайраткер Ба­уыржан Иб­рагимовті алқа төр­ағасы етіп бекіт­кендерін мә­лімдеді. Қаптаған одақ­тан бұл одақтың ерекшелігі – шоу-бизнес­тің айналасындағы шуға шашау шы­ғармай қарап, сапалы дүние­лерді арзанқолдылықтан ажырату.
                                    Абай ОМАРОВ (коллаж)
Мәдениет пен руханият деңгейі сол ел­дегі одақтар мен қоғамдар санымен өл­ше­нетін болса, Қазақстан алдыңғы қатардан кө­рінетін-ақ ел екен дерсіз. Алайда аты бар да, заты жоқ одақтардың қызметінен бы­лайғы қарапайым жұрт бейхабар десе де болғандай. Айталық, елімізде таза шы­ғар­машылыққа арналған 15-ке жуық одақ жұмыс істейді. Солардың өз ішіндегі «қай­науы» қақпағынан асып, іштегі шуы сырт­қа шыққанда «ойбай, одақ бар екен, жұ­­мыс істеп жатыр екен» деп те қала­ты­ны­мыз жасырын емес. Дегенмен сапалы һәм сапаға қарай жұмыс істесе, ондай одақ­тар көптік етер ме? Осындай үміттен туған шығармашылықтың жаңа бір одағы жақында дүниеге келді. Басқа ұйымдардың қатарын толықтырған Қазақстан эстрада әр­тістері одағының негізгі мақсаты – сахна өне­ріндегі бір-бірін қайталайтын, ұсақ тақырыптардан аса алмай ауызекі әзіл деңгейіндегі дүниелерді қамтыған қойы­лым­дардан және мағынасыз жазылған мәтін мен жеңіл әуендерден тазартуға күш салу. Осы әйдік бастама аясында өткен алғашқы құрылтайда елге танымал әзіл-сықақ театрының саңлақтары тұшымды дү­ниелерге шөліркеген көрерменнің сұра­ныс­тарын қанағаттандыратын көрініс қоюды талап етіп, арзан дүниенің, оңай ақша табудың жолын тапқан пысы­қай­лар­ды сахнадан ысыруға білек сыбана кі­ріс­пек.
Бұдан бөлек, әзіл-сықақ театрларын ға­на емес, басқа да шығармашылық ұжым­дардың жұмыстарын жүйелеп, са­па­лық жағынан жаңа белеске шығаруды діт­теген Эстрада одағы алдағы уақытта жас әртістердің кәсіби біліктілігін шыңдап оты­ру­ды мақсат етіпті. Бұл ғана емес, ұзақ жыл­дар бойы эстраданың «отымен кіріп, кү­лімен шыққандардың» кейінгі тағ­ды­рына да осы одақ алаңдайтын болады. Яғ­ни елге еңбегі сіңген өнер майтал­ман­да­рының қызметін дұрыс бағалауды да осы одақ қадағалап, өнер ортасындағы бел­сенділерін жыл сайын жоғары марапатқа ұсы­нып отыруды да осы одақ көздейді. «Бір сөзбен айтқанда, алдағы уақытта мәр­те­белі өнер иелерінің жоғын жоқтап, со­йылын соғатын боламыз», – деді жаңа құ­рылған одақтың алқа төрағасы Ба­уыр­жан Ибрагимов.
Айта кететін жайт – одақтың қаржы мә­се­лесін Мәдениет және ақпарат министр­лігі Үкімет тапсырмасы бойынша қаржы­лан­дыруы мүмкін. Соның негізінде отан­дық телеарналарда сапалы шоу бағ­дарламалардың саны көбейіп, келер жыл­дан жаңа журнал жарыққа шығады. Ең ма­ңыз­дысы, жыл сайын Астанада эстрада фес­ти­ва­лін өткізу игі дәстүрге айналатын бо­ла­ды.
Бауыржан ИБРАГИМОВ, Қазақстан Эстрада одағының алқа төрағасы:
– Одақ құру туралы мәселе толғағы жет­кен мәселе еді. Сахнада не болып, қан­дай нәрселер айтылып жатыр? Басымыз қо­сылғанда осыны жөнге салсақ деп отыр­мыз. Бүгінде қолы бос адам сахнаға шы­ғып, әртіс болып кетті. Ол маман ба, әлде бас­қа саладан келген біреу ме – ол жағын ек­шейтін ешкім болмай тұр. Сахнада қо­йы­латын дүниелердің барлығы кәсіби дең­гейде жұмыс істесе екен дейміз. Ел ал­дына шығып алып, ойлы дүниені сахнаға шы­ғарсақ деген ниеттеміз. Жазушылар ода­ғы мүшелігіне өту үшін екі кітаптың ав­т­оры болу талап етілсе, сол секілді біздің одақ­тың құрамына қабылдаудың алғы­шарт­тары дайындалып жатыр. Қазірдің өзін­де Н.Нүсіпжанов, М.Жүнісова, С.Жұ­ма­ға­лиев, Ж.Жексенұлы, «Нұр-Мұқасан» секілді ән­шілер мен топтар одақтың жаңа мү­ше­лері болып табылады.

Уәлибек ӘБДІРАЙЫМОВ, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры:
– Көршілес Қытай мен Өзбекстанға ба­ра­тын болсаңыз, сахнада не айтаты­ныңыз ту­ралы сұрап, тіпті жазбаша нұсқасын та­лап етеді. Бұл – сахнада бейберекет сөй­ле­меу­дің идеологиялық негізі. Және театр­дың лицензиясын сұрайды. Бізде бұл жағы қа­лай? Әрине, кемшін түсіп жатыр. Сон­дық­тан әзіл-сықақ театрларының қой­ған дүниесін екшеп, театрдың қойған дү­ние­сіне қарап, оларға лицензия бе­рілсе... Қы­тайда фонограммамен ән айт­са­ңыз, айып­пұл салады. Екінші рет қай­таланса  –тағы айыппұл. Ал үшіншіде бірден түр­меге тоғы­тады. Бұл орайда біздің ән­ші­лер ту­ралы айтпай-ақ қоюға да болады. Сол үшін жаңа одақ фонограммамен ән айтып жүрген әншілердің «тірі» дауыста өнер көрсетуін талап етсе деген тілегім бар.

Жангелді ҚАРЖАН, Астана


Марапат
Әли Оқапов пен Луина – үздік орындаушылар
Алматыда Орталық Азияның танымал музыкасындағы дәстүрлі жүлде – ІІ Еуразиялық музыкалық марапат табыс етілді. Жүлде табыс ету салтанаты Алматы күні мерекесі аясындағы шара болды.

Биыл «Үздік орындаушы» атағын Әли Оқа­пов жеңіп алды, бұл аталымда оны­­мен бірге Қайрат Нұртас пен K-Rim бақ сы­наған еді. Әнші қыздар арасынан «Үз­дік орындаушы» аталымында Луина топ жар­ды, ол Мәдина Сәдуақасова мен Жа­­нар Доғалованы артқа тастады. «Жыл де­бюті» атағы КешYou тобынан же­ке шы­ғып, сәтті өнер көрсетіп жүрген Әнел Ары­новаға бұйырды. Rin`Go тобы «Ер­­лер­дің үздік коллективі» аталымында же­ңіп шықты, бұл сынға «Орда» мен Mys­te­ri­ons та қатысқан болатын. «Астана жұл­дызы» марапатындағы сияқты бұл жолы да «Қыздардың үздік коллективі» атағына КешYou-ден басқа лайық ешкім табылмады. «Үздік дуэт» аталымында Максим Лесников пен Мико, Айқын мен Al Nasr G-HAD және Луина, ST мен Ка­­ран­даш одақтары сынға түсіп, Айқын­ның дуэ­ті жеңімпаз атанды. «Үздік ұжым» аталымында «Арнау», «Муз­Арт» және Hadn't Tea топтарының ара­сынан марапат «Муз­Арт»-қа табыс­тал­ды. «Үздік Live-топ» атағы Bacardi-ге, «Үздік бейнеклип» ма­рапаты Amouage атты жаңа топтың «Күн» деген еңбегіне берілді. Қазылар биыл­ғы үздік ән деп, K-Rim-нің «Сен мен үшін» әнін атады. «Үз­дік этно-фолк жоба» ата­лымында Жә­мила Серкебаева, «Ма­хаббат жайлы үз­дік ән» аталымында Mys­te­rions жүл­деге лайық деп танылды. Ten­gri FM ра­диосы «Үздік рок-топ» аталымын та­ға­йындаған еді, бұл атақ Motor-Roller-ге тиді. «Үздік композитор» атағымен Ер­кеш Шәкеев марапатталды, құрметті жүл­­де­ні 90-ға таяған атақты шан­сонье, фран­цуз жазушысы, актер Шарль Азна­вур табыс етті. Басты музыкалық ма­рапат – «Еуразияның үздік әртісі» атағы Ба­тырхан Шүкеновке берілді. Сал­танатты ша­рада ғаламтор тұты­ну­шы­лары мен кө­рер­мендердің таңдауы бойынша үздік деп танылған өнерпаздар да мара­пат­тал­ды. Кеште испаниялық ән­ші Дэвид Та­ва­рэ, өзбекстандық DJ Pilig­rim және ре­сей­лік әнші Нюша өнер көр­сетті.
Болатбек МҰХТАРОВ


шоу-news
Қайрат Нұртас кешірім сұрады
Иә, сіз қағыс естіген жоқсыз, тамыздың соңғы түнінде «елді дүрліктірген» әншіміз өз тыңдармандарынан ресми түрде кешірім сұрады. Vox Populi журналының хабарлауынша, орындаушы болған жайтқа қатты өкінетін көрінеді.

«Мұндай жағдай болады деп мүл­­­дем ойламаппын. Мен кон­церт­ке кә­дімгідей дайындықпен кел­ген едім. Жос­­парымда сегіз ән орын­дау бар еді. Бә­­рінен бұрын кон­цертке келерден небәрі 40 ми­нут бұрын ғана жаз­дыр­ған тың туын­­­дымды сол бойы хал­­қыма тың­­дата алмағаным, өкі­ніш­ті. Алай­­да адамның емес, Ал­ла­ның де­­­гені болатынына мен сол жолы та­ғы бір рет көз жеткіздім. Менің кі­нәм  болмаса да, тыңдарман­да­рым­­­нан кешірім сұраймын», – деп ағы­нан жа­рылды Қайрат.
Күтпеген жайт кезінде қатты қо­рық­қанын мойындаған  Қайрат өзі­нен бұрын концерт көруге келген адам­дардың амандығын тілесе ке­рек. Қолдан келер шарасы қал­маған соң, тек Аллаға жал­ба­ры­нумен бо­лып­ты.


RIN'GO КЕЛІН ТҮСІРДІ
Кейінгі кезде қазақ жастары арасында кеңінен танылған Rin'Go тобының мүшесі Аян Бірбаев  үйленді. Келіншегінің есім – Айнұр. Бұл туралы топтың продюсері Алуа Қонарова мәлімдеді.

Биыл RIN'GO үшін отау тігетін жыл болып жат­­қан­дай. Төрт жігіттен құрал­ған топтан биыл еке­уі үйленіп үл­гер­ген, ал ал­ғаш­қы болып Әділ­жан Ома­ров Ирина есім­­ді бой­жеткенді ала­­қанына қондырған. Әділ өз қы­зы­мен жеті жыл дос болса керек. Топтың продюсері Алуа Қо­на­ро­ваның ай­туын­ша, әуелгіде оларда екі той­­ды бір күнде жасамақ ойы болыпты. «Алайда біз­дің жұ­мыс кестеміз тым тығыз. Мен әлі де болса, бұл жағ­дайға үйрене ал­май жүрмін, себебі олар мен үшін әлі бала ғой», – дейді топ про­дюсері.
Айта кету керек, топтың екін­ші мү­ше­сінің то­йы II Еу­разиялық музыка жүл­десін тапсыру ша­ра­­сына тап кел­ді. Бұл мерекеде Rin Go тобы екін­ші жыл қа­тарынан үздік ерлер коллективі атан­ды.
Ал енді Аян – топтағы үшінші бо­лып үйленіп жат­­қан әнші. Тойға оның ең жақын достары ғана кел­ген. Әр­тіс­тер де көп болмапты. «Жігіттермен бір­ге футбол ойнайтын жолдастары, Әли Оқа­пов және Алмас Кіш­кен­б­аев келді», – дейді Алуа Қо­нарова.


Бетті дайындаған Өркениет бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста