Билл Гейтс бағалаған қазақ баласын білеміз бе?
Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алу қолжетімді болғанымен, сол білім қуған жастардың ішінде екеудің бірі әлемнің ең бай миллиардері Билл Гейтспен сәлемдесіп, бір дастарқанда ас ішу мәртебесіне ие болмағаны анық. Ал сондай бір қазақ баласы дәл қазір елде ешкімнің алдында кеудесін кермей-ақ, қарапайым тұрмыс кешіп жатыр десе сенер ме едіңіз?
Сәкен Жолдас
Әләзір Алты Алашқа мәшһүр бола қоймағанымен, бұл есім иесі бүгіннің өзінде біраз белесті бағындырып, өз дәуіріне өзінше үн қатуды бастап жіберген. «Болашақпен» АҚШ-тың Остин қаласындағы Техас университетінде IT саласы бойынша білім алуға барған жас дарын «құласаң, нардан құла» дегендей, компьютерлік бағдарлама жасауда әлемдік көшті бастап тұрған Microsoft-тің табалдырығынан бір-ақ аттаған. Арада біршама уақыт өтпестен әйгілі корпорация осы бір қазақ баласының қабілет-қарымы мен білімін бағалап, қызметке шақырады. Алғашында ұсынысты қабыл алып, іске кіріскен ол бірнеше бағдарламаны, атап айтқанда, Windows-7-ні дүниеге әкелуге үлес қосады. Сонысы үшін әйгілі корпорация жылына 100 мың долларлық жалақы ұсынып, келісімшарт жасасқалы тұрғанда, кенет елден анасының ауыр халде екендігі жайлы суыт хабар келіп түседі. Әрине, әлемнің қандай қазына-байлығы болсын, анасының тырнағына да татымайтынын білетін ұл еш ойланбастан, елге тартып отырды. Анасын мәңгілік сапарға шығарып салысымен, өмірге өз соқпағын салуды ойлаған білімді жас сол тұста қазақта жастар санасына әсер ететін әлеуметтік роликтер жетіспеушілігін сезініп жүретін. Соған кірісті. Оның кинематография саласына қадам басуы негізсіз емес. Соған кірісті олай дейтініміз, Сәкен Жолдас АҚШ-та бағдарламашы мамандығын оқи жүріп, бос уақытын құр жібермей, әлемге әйгілі режиссер Роберт Родригестің кинематография туралы дәрісіне қатысып тұрған еді. Тың ізденіс, тың ойдың нәтижесіне біршама тәуір заманауи әрі қазақы мазмұндағы қызықты роликтер дүниеге келді. Өзінің шығармашылық жолға келуі жайлы 26 жастағы Сәкеннің өзі былай дейді:
– Төсек тартып жатқан анама қарап жүрген кезімде, бір мезгіл көңілімді тағы бір нәрсеге аудару керек болды. Үйдің жанында балалар бақшасы бар еді, бір күні сол жерден өтіп бара жатып көзім аулада алаңсыз ойнап жүрген балаларға түсті. «Қайран, балалық шақ, уайым-қайғысыз» деген оймен өзімнің аулаға қалай кіріп кеткенімді байқамай да қалыппын. Балалар ойынын тамашалап қанша тұрғаным есімде жоқ, бір кезде «неге осылар жайлы бір жылы дүние жасамасқа» деген идея сап ете қалды. Сол ойдың келуі мұң екен, бойымда өмірге деген құштарлық пайда болды. Алайда балалармен жұмыс істеу оңай емес екенін басыма түскенде аңғардым. Бірақ балаларды жақсы көрген адамға қайта сол қиналудың өзі күш беретін сыңайлы, мен бірнеше күн дегенде өзімнің алғашқы әлеуметтік ролигімді түсіріп бітірдім.
– Бес Әлихан жайлы емес пе?
– Иә, дәл сол. Негізі, бес Әлихан сценарийде мүлдем жоқ болатын, мен өзімше камераның алдында ұялмай сөйлейтін балаларды таңдап алайын деп шағын кастинг жасағанмын ғой. Сөйтіп ем бес Әлихан шыға келді. Бір түсінгенім, балаларға алдын ала сценарий жасау мүмкін емес екен, яғни жазғаныңызбен, бала оған бағынбайды. Сосын оларға барлығын ойын сияқты үйрету керек екен. Әйтпесе, камераны көргеннен үркіп қашты көбі. Күнде барып, соларға әр нәрсе апарып, көңілдерін аулап жүрдім, тіпті соңында балалар мен барғанда алдымнан жүгіріп шығатын дәрежеге жетті. Сөйтіп, бір нәтиже шығарғандай болдым ғой.
– Тырнақалды тұңғыш еңбегіңіз жарық көре алды ма?
– Әрине, жарық көргенде де қалай! Сол шағын ролик менің тағдыр жолымды, мақсатымды түбегейлі өзгертті деуге де болады... Тап сол кезде өзі әлеуметтік бір қор әртүрлі тақырыптардағы роликтерге байқау жариялады да, менің еңбегім «көрермен көзайымы» жүлдесіне ие болып шыға келді. Аздаған ақшалай жүлдесі бар, әсіресе орын алғаным шабыт берді, сосын оны интернетке жүктеп едім, бір күннің өзінде қаншама көрермен тамашалапты. Соған қарап «осындай да дүние жасауға болады екен-ау» деген тұжырымға келдім. Әрі қарай өмірім басқа арнаға бұрылды да кетті әп-сәтте.
Айтса айтқанындай, осы шағын роликтер Сәкеннің өмірін жаңа арнаға бұрып, оны үлкен бір арманға жетелеген еді. Интернет желісіндегі Сәкен жасаған түрлі роликтер замандастары арасында қолдан-қолға тарады да кетті. Енді Жолдас атайдың немересі сол білімін өзінің тырнақалды тұңғыш көркем фильмі «Сен және мен» арқылы паш етпек.
«Ромео мен Джульетта тірі»
деп есептейтін фильм режиссері әрі продюсері Сәкен Жолдас мұны «әр дәуірдің өз Ромеосы мен Джульеттасы» болатындығымен түсіндіреді. Фильм міне, сол бүгінгінің ғашықтары жайлы. Мелодрама немесе трагедия да емес, романтикалық комедия жанрына құрылғандықтан, оқиға өте қызықты өрбісе керек. Негізі, жастар жайлы туынды жастық жалын, өмірге деген құштарлыққа тұнып тұрса игі. «Сен және меннің» кейіпкерлері, яғни қыз бен жігіт – бір-біріне мүлдем ұқсамайтын қарама-қайшы мінез иелері. Жігіт момын, қыз барынша тәкаппар. Жігіт қиялшыл, ал қыз шыншыл. Сөйтіп жүргенде жігіт бір күні өз қиялындағы арумен шынайы өмірде ұшырасып қалады. Міне, қызық, жігіттің өмір бойы сабылып іздеген махаббаты алыста емес, күнде өзі мінетін метрода жүрген болып шықпасы бар ма. Тура сол ару, бірақ... Тіпті бөтен болмыс, бөтен мінез, жігіттің ойындағы аруға мүлдем қарама-қайшы. Бастапқыда бір-бірін көрсе, мысық пен итше жиырыла қалатын екеу, келе-келе бірінсіз-бірі тұра алмайтын халге жетеді. Арадағы жер мен көктей айырмашылықты жойып жіберген не деген жойқын күш, неткен құдірет? Оны да білетін күн алыс емес. Себебі фильм түсіріліп, тіпті монтаждалып та қойған, тек дыбыстау жағы ғана қалса керек. Ал бұл жұмыс техникасы мен технологиясы, киноиндустриясы жағынан әлемдік көшті бастап тұрған Кореяда жүзеге асып жатыр. Айта кету керек, фильм бюджеті де қазақтың осыған дейінгі біраз киноларынан қомақты, яғни 300 мың АҚШ долларындай шамасында. Және ол өзіміздің Алматыда түсірілген, яғни алматылықтар кинодан күнде өзі жүретін жолдарды, қазіргі қоғамның шынайы өмірін көреді. Бұл да өз кезегінде көрерменді тартатын фактор деуге болады. Себебі қазақ көрермені жат өлкенің ертегі секілді өмірін тамашалаудан жалықты, шыны керек. Бүгінгі жас толқын арасынан осындай даралар суырылып шығып, қазақтың өз киносын түсіріп жатқаны өте қуанышты жағдай. Ендеше, біз күзге салым Алматы мен Астана және де еліміздің басқа да ірі қалаларының кинотеатр экранынан жарқ етеді деген үмітпен «Сен және мен» («Он и она») картинасын асыға күтеміз.
P.S.
Айтпақшы, Сәкен Жолдас "Abay Book of Words" деп аталатын Абайдың қара сөздерінің iPhone-ға (айфонға) бейімделген қосымшасын жасауға атсалысты. Былайша айтқанда, Абайды заман талабына сай «қайта тірілтті» десе болғандай.
Мәриям ӘБСАТТАР
«АЛАШЫҢА ӘН СЫЙЛА»
Айдарымызды бастағалы, ән қоржынымызға біршама әндер жиналып үлгерді. Бүгінде солардың біршамасына ән шығардым деп редакцияға қоңырау шалып жатқандар бар. Енді бүгін оқырманға ақын Ұларбек Дәлейдің өлеңін ұсынамыз.
Дала
Жорықтар тұтқыны шулаған,
Сары дала төсінде жөңкиді
күн – ғалам.
Сағаттың сыртылы ғасырларды
ұрлаған,
Алдаспан жүзінен ақиқат іздеген,
Көшпенді сардары қол бастап
мыңдаған.
Ғашықтық хаттары...
Үздіге сағыну,
Семсерге серт байлап,
есінен жаңылу.
Жас сұлу көне бір ғашықтар
жырымен,
Майдандағы арысын аңсайды
түнімен.
Ырысы арнадан төгілген,
Қоян жон алаптар –
аңыздар тіліндей,
Бүгінді сезбейсің кешеге үңілмей.
Белестер...
Елестер кешегі,
Бүгіннен ертеңге
Аңыз боп көшеді.
Ежелгі қас сақтың қаһарман
сарбазы,
Қанжардан қанданған сауытын
шешеді.
Көшпенді сардары!
О, менің үлгі алар ұраным,
Бұл дала мәңгілік тұрағым.
Бір сүйем жер үшін у жұтқан
Рух жырыңмен,
Ұлымның бесігін аластап
тұрамын.
О, менің қасиеттім, пырағым!
Елорда мерейтойына музыкалық тарту
Елордадағы «Қазақстан» концерт залында бүгін кешке Астана мемлекеттік филармониясы қазақ халық аспаптары оркестрінің үлкен концерті өтеді. Елордалық мемлекеттік филармония баспасөз қызметі хабарлағандай, «Өз елім» деген атпен ұсынылатын бұл салтанатты сазды кеш Астана қаласының 15 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр.
Оркестрдің құрамына Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Анар Мұздаханова, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Ботагөз Тәшімова, Жанар Жүсіпова, Жанар Қасымова, Алмат Сайжан, Сәттібек Баяхов, республикамыздың әйгілі музыканттары, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның және Қазақ ұлттық өнер университетінің дарынды түлектері кіреді. Үлкен өнер ұжымының көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов.
Он бес жыл ішінде оркестр үлкен табыстарға жетті. Бүгінгі күнде ұжымның репертуарында қазақтың халық композиторлары Ықыластың, Сүгірдің, Қорқыттың, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Д.Нүрпейісованың, Түркештің, Тәттімбеттің, Қазақстан композиторлары Ахмет Жұбановтың, Е.Брусиловскийдің, Мұқан Төлебаевтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Латиф Хамидидің, Кенжебек Күмісбековтің, Ғазиза Жұбанованың және т.б. орыс, шетел композиторларының шығармаларынан М.Глинканың, П.Чайковскийдің, Г.Свиридовтың, Е.Доганың, қазіргі заман шетел авторларынан: В.Моцарттың, И.Штраустың, И.Брамстың, Д.Пуччинидің, Д.Вердидің шығармалары бар.
Бүгінгі таңда қазақ халық аспаптары оркестрі қазақ халқының мәдени құндылықтары және музыкалық дәстүрін насихаттауға лайықты Астананың ең мықты кәсіби ұжымдарының бірі саналады.
Бек МЕРГЕН
Үнді бишілері Астанада
«Үнді классикалық би орталығының» баспасөз қызметі хабарлауынша алдағы 9 сәуірде Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу-зертханалық ғимараты залында Халықаралық би күніне арналған мәдени шара өтпек.
Онда үнді халқының Катхак классикалық биін орындаушы, әлемге танымал Үндістаннан келген Пандит Раджендра Гангани мен Свати Синха ханым өнер көрсетеді.
Пандит Раджендра Гангани – қазіргі кезде үндінің классикалық Катхак биін шебер орындаушыларының бірі. Ол өзінің концерттік бағдарламасымен ТМД елдерін, Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Германия, Франция, Қытай, Жапония, Ауғанстан, Скандинавия жерлерін аралаған.
Дарынды музыкант Пандит Раджендра Гангани хореографиялық шығармаларға ән жазып қана қоймай, үнді халқының барлық аспаптарында ойнай алады. Қазіргі кезде ол Үндістандағы Нью Дели Катхак Кендра танымал би институттарының профессоры.
Ақмарал Қайназарова, жобаның жетекшісі, үнді классикалық би орталығының директоры және хореографы:
Біздің орталық – Қазақстанда және Орталық Азияда би жанры бойынша жалғыз және бірінші халықаралық дәрежесі бар мекеме. Орталық жұмысының мақсаты – адамның физикалық және рухани әлемін дамыту, үнді халқының классикалық биі арқылы жеке тұлғаның шығармашылық деңгейін анықтау және организмді сауықтыру, әр ұлттың өкілдерін түсінушілік пен ынтымаққа шақыру, Қазақстан мен Үндістанның мәдени байланысын нығайту, екі елдің арасындағы мәдени байланысты тану.
«Алматы-Қазақстан, үнді классикалық биі орталығының» қатысуымен өтетін мерекелік концертке Үндістанның Қазақстандағы Елшілігі қолдау көрсетіп отыр. ЮНЕСКО-ның шешімімен 1982 жылдың 29 сәуірі – Халықаралық би күні болып жарияланған. Содан бері көптеген елдерде өнердің осы түрін дәріптейтін шаралар ұйымдастырылып келеді. Университетте өтетін би кешіне келем деушілерге есік ашық.
Иса БЕК
Қазақ эстрадасында жиендердің жолы болып тұр
Қазақ өнерінің қай саласын алсақ та, өсу мен өркендеудің жолында екенін байқаймыз. Кемшілігі де жоқ емес. Ең бастысы – біздің елімізде бойында ынтасы бар талантты адамның өнер өруіне толық мүмкіндік жасалған. Ең бастысы – еркіндік бар. Осы еркіндік қазақ өнерін жаңа көкжиекке алып шықты. Өнердің төрт түрге бөлінетінін білесіз. Сөз өнері, саз өнері, мүсін өнері, бейнелеу өнері. Біз бүгін осы төрттіктің ішіндегі саз өнеріне тоқталып көрмекпіз. Саз өнерінің өзі сан салалы. Соның ішіндегі қазақ эстрадасының халі нешік?
Эстрада дегенде жас, талантты әншілердің шыққанын, жаңа әндердің жұртшылыққа жеткенін айтуымызға болады. Сазгерлеріміздің де еңбектері елеулі. Ең бастысы – 90-жылдардағыдай емес, қазақ жиын-тойларда өз ана тіліндегі әндерге билеуге мүмкіндік алды. Бұрынырақта Ресейдің әншілері мен әндеріне күніміз қарайтын. Ал қазіргі уақытта «Руки вверх», «На-на» сынды топтар мен Татьяна Буланова, Наташа Королева сынды әншілерге ешқандай мұқтаждық жоқ. Олардың орнын «МузАртыңыз», «Жігіттеріңіз», жеке әншілерден Заттыбек бастаған біраз таланттылар басты.
Қазақ эстрадасы бұрын да осал емес еді. Керісінше әніңіз әндей болатын. Бірақ жаңа толқын, жас толқын тыңдарман мен мәртебелі уақытыңыз өз сұранысын тудырды. Міне, сол кезде өнердің осы саласында вакуум пайда болған. Сол бас кеңістікті толтырғандар, кеше мен бүгіннің арасын жалғағандар ретінде Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков, Құрмаш Махан, Досымжан Таңатаров, Бақыт Шадаева, Меруерт Түсіпбаева, Ақбота Керімбекова бастаған топтың есімдерін атасақ болады. Міне, солар бастап берген жаңа бетбұрыс 90-жылдары теріс айналған қазақ жастарының бетін бері қаратты. Сол уақыттан бастау алған ән мен әншінің жаңа жолы бүгінге алып келіп тіреді. Жоғарыда айтқан еркіндіктің пайдалы жақтары болғанымен, есіл өнерге тигізіп жатқан зияны да жоқ емес.
Қалқаман САРИН, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:
– Рас, қазіргі эстрадамыз ала-құла болып тұр. Бір қарағанда ән де, әнші де көп сияқты. Бірақ аңдаған адамға түк те көп емес. Оларды көп қылып тұрған – сапасыз әндер мен талантсыз әншілер. Бізге осы жағын сұрыптайтын уақыт келді. Сұрыптау аса қиын да емес. Басты арналарымыз оларды эфирге жібермеу керек. Және сары басылымдар жұртшылыққа тықпаламау керек. Болды. Бар шаруа осымен тынады. Тыңдарманның құқығын шектеу деген нәрсе бар. Бірақ бұл оған мүлде келмейді. Өйткені олар анау қайда деп іздейтін, тыңдарман іздейтін де әншілер емес. Егер осылай жасасақ, талантсыз әншілер мен сапасыз әндер өздерімен-өздері жоғалар еді.
Жастардың бір кемшілігі – олар Еуропаға еліктегісі келеді. Соның кесірінен не арыда, не беріде жоқ, дүбәра болып шығады. Екінші кемшілігі – сауатсыздықтарында. Ең нашар ақынның өзі әншілердің әрқайсысын біледі. Керісінше, мен деген әншілеріңіз ақындарды толық танымайды. Соның кесірінен ән мәтіндері сапасыз болып жатады. Ақындарды таныса, білсе, әркімнің мүмкіндігін шамалап, соған тапсырыс берсе, бұлай болмас еді.
Және тағы бір айтарым, әннің сөзін сынайтындардың көбі – ақындар. Сынағаннан сөз түзелмейді. Түзеу үшін ақындар сынағаннан гөрі, сол әндерге әдемі мәтіндер жазсын. Сонда шаруа шешіледі.
Сонымен, бүгінгі қазақ эстрадасының бет-бейнесі дегенде көз алдымызға үш-төрт жігіт, екі-үш қыз ғана елестейтіндей жағдайға жеттік. Әндері де әрқилы. Бірі көңіліңізден шықса, келесі бірі қолыңызды төбеңізге қойып бездіріп жібереді. Қаптаған квартет, триолар мен дуэттер қазақ сахнасы мен эфирін басып алды. Әрине, талант көптік қылмайды. Шын дарынның шыққан биігін қызғанатындай іштің тарлығы жоқ бізде. Бірақ олай болмай тұр ғой. Әу дей алам деп қазақ біткен сахнаға ұмтылсақ не болады? Ақыр аяғында айналып келгенде, өнер жапа шекпей ме? Жарып шыққандарынан бөлек, ортаңқол әншілер де қаптап жүр. Қолдан келер басқа іс жоқ болғасын ән айтып жүргендей әсер қалдырады. Ең оңайы ән айту болғасын қолына микрофон алғандай ма, қалай?. Өнердегі бар мұраттары сол: «ел таныса, хит әніміз болса, тойға шықсақ, машина алып, үй салсақ, бізді көре қалса, жұрт иегімен нұсқап, мынау ана «Үркер» деген әнді айтатын «Жеті қарақшы» деген топтағы Шолпан ғой десе...» дейді. Содан кейін отырып алып сұхбат береді. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, эстрададағы өнерлі жиендердің бәрінің айтатыны – бір сөз. «Өнер нағашы жұрты жағынан келген. Өз аталары да құр алақан емес. Өзі бала күнінде темір төсекке шығып алып секіріп ән айтыпты». Соны қосып есептегенде өнерде жүргеніне бәленбей жыл болыпты. Анау күні ел танымайтын тағы бір топ құрылды. Таныс балалар еді. Кітап оқып көрген адам ретінде мені көмекке шақырды. Бар мәселелері топтарына ат таппай қысылыпты. Осы келеді-ау деп аузыма түскенін саңқ еткізем. Не айтсам да ондай атпен аталатын топ бар болып шығады. Сұмдық! Құс аттары, аң аттары, жер-су аттары, ғарыш әлемі, өткен-кеткен тарихымыз бәрі бар. Телеарна төріне шыққанда таңғаласың. Сарказммен жобалай айтсақ, «Бас» деген топ Ташкенттің «Шеке» деген қаласына барып, «Қас» деген әндеріне клип түсіріп келіпті. Енді «Шаш» деген альбом шығармақ. Өнерде жүргенімізге бес жыл болды дейді. Танысақ, көзіміз шықсын. Айтып отырғаны қай өнер? «Өнерде жүргенімізге» дегенше, «орын таппай сандалып жүргенімізге бес жыл болды» десе жарасымды болмай ма?
«Кентал» деген бала шықты. «Бірлік болсын әлемде! Бірлік болсын елімізде! Сен аман бол, халқым менің». Әнінің бас-аяғы – осы. Қайрат Түнтеков ел аузындағы әнді сыңсып айтқанда қаны қараймаған адам жоқ. Мақтаулы деген «Жігіттер» тобының өзі әйгілі «Балқадишаның» сөзін бұзып орындады. «Денар» деген топ жүр, «Менің қара көйлегімді қыздар алыстан байқайды» деп. Айта берсек, мұндай мысалдар шаш етектен. Ол жеке тақырыптың еншісі шығар. Қорыта айтқанда, бір күндік әншілер мен бір сәттік әндер қаптап барады. Тыңдай қалсаң, жаныңды тыныштандырмақ түгіл, жүйкеңді тоздырады. Ешқандай жайлы әсері жоқ. Бір сөзі есіңде қалмайды. Абайлық талғамға салсақ – «есер әндер».
Жас жігіттеріміздің темекі шегіп, арақ ішіп, қылмыс жасап, жамандыққа ұрынбай, тәуір киінуге, өнерлі болуға ұмтылуы осы ұлттың өкілі ретінде мені де қуантады. Бірақ есіл өнерге обал ғой. Күрішті күрмектен тазалау – әрқайсымыздың міндетіміз. Осы тұрғыда айту – міндетіміз. Нәтижесін уақыт көрсетер. Өнерімізді өсіретін Жұбаныш Жексенұлы, Өмірқұл Айниязов, Таңат Мамырханұлы сынды бірқатар талантты әншілеріміз халық талғамын ұстап тұр. Сондықтан қазақтың өз әнін орындайтын өзіміздің жанымыздағы жақын өнерпаздарды қолдайық.
Бейбіт САРЫБАЙ