Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

europe-today.ru

Ұлттық музыкамызды «Евровидениеге» неге апармасқа?
Бүгінде «Евровидение» – жыл сайынғы ән байқауы ғана емес, Олимпиада ойындары сияқты күллі әлемді бәсекеге салып қоятын саяси тартыс та. Оған қатысу мемлекеттік имидж саналады. Қазақстан байқауды ұйымдастырушы – Еуропа хабар тарату одағы мен Еуропа кеңесіне мүше болу үшін қыруар қаражат шығындауы қажет. Мәдениет саласының өкілдері «Евровидениеге» қатысуды үлкен абырой әрі ұлттық өнерді әлемге насихаттаудың бірегей мүмкіндігі санайды. Бірақ әзірше мәселенің шешілетін түрі көрінбейтіндіктен, амбициялы өнерпаздарымыз неше жылдан бері байқауда өзге елдердің атынан бақ сынауға әрекеттеніп жүр.
Негізінде, Қазақстанның «Еврови­дениеге» қатысуға толық мүмкіндігі бар. Біріншіден, еліміздің батысы Еуропа хабар тарату аймағына енеді. Екіншіден, Еуропа хабар тарату одағы мен Еуропа кеңесі гео­гра­фиялық жағынан бұл құрлыққа жат­пайтын, бірақ өздеріне мүше болған ел­дердің «Евро­видениеге» қатысуына қарсы емес. Бұл мүмкіндікті пайдаланып, бүгінде Еуро­падан жырақтағы ОАР, БАӘ, Палестина мен Катар да «Евровидениеден» дәмелі. Ru.wi­ki­pedia.org электронды энци­кло­пе­дия­сының мәліметінше, Қазақстан «Ев­рови­дениеге» қатысуды ойлап, 2008 жылы Еу­ропа хабар тарату одағына мүшелікке өтініш білдірген де. Бірақ әлі жауап жоқ. Ал ең беделді байқауға қатысып, өз өнері мен есімін әлемге паш еткісі келетін әншілеріміз амалсыз еуропалық елдердің атынан сынға түсуге жанталасып жүр. Мысалы, өткен жылы жас талант Дария Ғабдол Швецияның атынан өнер көрсетуге ниет білдіргенімен, сол елдің ұлттық іріктеу сынынан өте ал­мады. Биыл Луина да «Евровидениеге» талпыныс жасады, байқауға қалайда жол табу үшін Ресейдің ұлттық іріктеу сынына өтініш білдірді. Дегенмен ресейлік «Первый канал» арнасы халықаралық ән байқауына «Голос» думанының жеңімпазы, Татар­станның еңбек сіңірген әртісі Дина Гари­пованы жіберу туралы шешім шығарды. Сөйтіп, отандық музыканттарымыздың «Ев­ро­видениеге» қол жеткізуге тырысқан әре­кеттерінен түк шықпай отыр. «Евровиде­ниенің» мәртебесі ән байқауы болғанымен, соңғы ондаған жыл көлемінде ондағы бәсекеде махаббат жайлы әндер де, орындаушылық шеберлік те емес, амбиция мен эпатаж бақ сынайтынды шығарды. Байқауда түрлі мемлекеттер өздерінің ұлттық ерекшеліктерін насихаттайды. Бәсекенің ақтық сынында жеңімпаздарды анықтау үшін болатын дауыс берудің саясаты өз алдына бөлек әңгіме. Бұл кезде ән мен вокалдық артықшылықты бағалау жайына қалып, геосаяси қатынас бойынша санасу басталады. Бірақ осы жағынан алғанда да Қазақстан «Евровидениеге» қатысып жатса, көп қиналмауы мүмкін. Өйт­кені еліміз көпвекторлы саясат ұстанады, әлемдік қауымдастықта жақтастары көп, имиджі де тәуір. Бізге бұл орайда түбі бір әзірбайжан бауырларымыздың тәжірибесі үлгі бола алады. Байқауға 2008 жылы тұңғыш рет қатысқан Әзірбайжан музыкант­тары сол жылы ондаған елдің орын­даушысын артқа тастады. «Евровидениеде» тұңғыш рет Әзірбайжанның он екі мұқамы орындалды. Бұдан кейінгі екі жылда Әлиевтің елі байқауда үшінші және бесінші орындарды иеленсе, 2011 жылы бас жүлдені жеңіп алып, келер жылғы байқауды өз елінде өткізді. Әзірбайжандар төрт жыл ішінде алғашқы бестіктен түспеді. «Еліміз байқауға қатысуға ақыры мүмкіндік алып жатса, онда қандай бағыттағы орындаушы­лардың өнер көрсеткені жөн?» деген сауал туралы пікірлер сан алуан. Музыка сын­шыларының көбі ұлттық іріктеу сынына Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева, Мәдина Сәдуақасова, Дильназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Айқын, Алмаз Кішкен­баев, Қайрат Түнтеков, Динара Сұлтан, Мөлдір Әуелбекова, Әнел Арынова, Нұр­жан Керменбаев, Луина сияқты орын­даушылар мен Rin'Go, The Jigits, «Орда», «Жігіттер» топтарының қатысуы керектігін айтады. Ал әнші, актриса Меруерт Түсіпбае­ва «Евровидениеге» басқаны емес, қаймағы бұзылмаған ұлттық музыкамызды апару керек деп есептейді. Оның айтуынша, этни­калық музыканы әлемге насихаттау үшін де «Евровидениеге» қатысуымызды ыждағат­тау қажет. Сөйтіп, «Еврови­дениеге» қатысудың бірнеше артықшы­лығын көріп отырмыз: музыкант­тарымыз­дың әлемге танылуына жол ашу, әлемдік қауымдастықта имиджімізді жаңғырту және ең бастысы – ұлттық бағыттағы музыкамызды паш ету.
Меруерт ТҮСІПБАЕВА, әнші, актриса, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:
– Елімізде ұлттық мәдениетті Еуропаға, әлем жұртшылығына таныстыруға жанашыр болатын меценат табылмай тұр. Ұлттық өнердің жанашырлары неліктен «Еврови­дениеге» қазақтың домбырасын апар­майды? Еуропаны тек қана этникалық му­зыкамызбен ғана тамсандыра аламыз. Эстрадамен емес! Меніңше, «Евро­видениеге» Сәуле Жан­пейісова, Айгүл Қосанова сияқты дәстүрлі әншілерді жіберу керек. Әрине, мен олар осы күйінде барып қатыссын демеймін, оларға, сөз жоқ, тың ізденістер керек, имидж бен форматты жаңарту керек. Мұнда Қазақстан үшін жеңіс басты нәрсе емес, бізге өз мәдениетімізді паш ету ғана маңызды.

Руслан МЕДЕЛБЕК, журналист:
– Қазақстан Еуропа хабар тарату одағына мүше болса, ұтары көп. Біріншіден, Қазақстан әншілері әлемдегі атақты «Евро­видение» байқауына қатысуға жолдама алады және Қазақстан телеарналарының басқа да әлемдік жобаларды дайындауға жолы ашылар еді. Әлемдік би байқауы, «Балалар Евровидениесі» жарысына да қатысуға жол ашылар еді. Ал одаққа мүше болудың зиянды жағы: ел қазынасынан біраз қаржы кетеді.

Алуа ҚОНАРОВА, продюсер:
– Еуропа хабар тарату одағына (EBU) мүше болу үшін оған еліміз жыл сайын бірнеше миллион доллар төлеп тұруы тиіс. Біз әзірше мұндай қомақты қаражат төлеуге дайын емес болуымыз керек. «Еврови­дениеге» қатысудың саяси астарын да жоққа шығаруға болмайды. Сол себепті біздің әртістерімізде бұл байқауда бақ сынау мүмкіндігі болмай тұр, тек өзге елдің атынан қатысуға ғана рұқсат бар. Егер «Евровидениеге» өз еліміздің атынан қатысу мүмкіндігі туып жатса, мен Rin'Go тобы Қазақстанды лайықты түрде таныстырар еді деп батыл айта аламын. Менің жобам болғандықтан емес, бұл жігіттердің үш халықаралық байқауға қатысқан тәжірибесі болғандықтан және олардың сондай фестивальдарға қатысуға кәсіби шеберлігі жетеді.

Роман РАЙФЕЛЬД, музыка сыншысы, журналист:
– Мен «Евровидениенің» трансля­циясында бес жылдан бері комментатор болып келемін. Бұл байқауда ең керемет дауыс иесі ғана жеңеді деген пікір орынсыз, талантпен көзге түсу – байқауда соңғы 20 жылда өте сирек болған жайт. «Еврови­дениені» дауыспен емес, есте қаларлық бейнемен жеңіп шығуға болады. Егер Қазақстан байқауға қатысуға мүмкіндік алса, ұлттық іріктеу сынының өте күрделі болатыны анық. Меніңше, «Евровидениеде» Жантик (Жантемір Баймұхамедов) сияқты адамдар шоу жасай алады. Бірақ оның нөмірі бұрынғы образдарына ұқсамайтын, ерекше дүние болуы тиіс. Ол тек Қазақ­станның пиары ғана болуы керек. Талғамы биік, сәнді, жарқын нөмір ретінде көптің есінде қалуы қажет.

Соңғы 10 жылдағы жеңімпаз елдер

Биыл «Евровидение» Швецияның Мальмё қаласында мамырдың 14-18-і аралығында «Біз біртұтаспыз!» ұранымен өтеді.


Алашыңа ән сыйла
Ән адамды жылата да алатын, жұбата да алатын, жігеріне от беріп гүл ата да алатын құдіретке ие. Қазір әсіресе сол жігерлендіріп, рухтандыратын марш екпіндестер әндерге деген аса қажеттілік сезіледі. Осы мақсатта біз «Алашыңа ән сыйла» айдарын бастағалы да біраз уақыт болды. Содан бері Алашқа әйгілі біршама ақындарымыздың патриоттық рухта жазылған өлеңдері жарық көріп үлгерді.  Енді бүгін назарларыңызға Қытайдан келген қандасымыз, ақын Шаяхмет Қалиұлының өлеңін ұсынамыз.

Сағымдайын далам-ай...

Сағымдайын далам-ай, сағымдайын,
Жарқыраған жанарда жалындайын.
Алып ұшқан асау бір ағындайын,
Мен неге сар даламды сағынбайын?!.

Саған барып, далам-ай, дамылдайын,
Сары желіңді сағыныш қабылдайын.
Дауылыңның даусына дабылдайын,
Табынбайын, мен қалай табынбайын?!

Жата кетіп жантайып жұтар ма едім,
Жусаныңның аңқыған жұпар лебін.
Тары жерде тарыққан жүрегімді,
Саған барып, нұрыңмен жылытар ма
едім.


Сары тентектің «тұңғышы» туды
Күні бүгінге дейін қазақта бірде-бір бард жинағы шыққан емес. Жинақ түгіл, біз, шыны керек, өз бардтарымызды дұрыс тани алмай, бардымыздың барын түгелдей алмай жүрміз. Ендеше, сүйінші сұрарлық жөніміз бар, «Қазақ бардтары» деген серия бойынша тұңғыш таспа дүниеге келді.
Ал оның авторы – қазақтың
Сары Тентегі, яғни ақын,
бард Қуаныш Мақсұтов.


«Тағдырдың әуені», «Өмірмен сыр­ласу», «Тәуба», «Қотыр тай», «Көбе­лек», «Ақынды қайтесіңдер өкпелетіп?», «Мәң­гілік мұңның әуені» атты жеті әннен тұратын жинақ Мәскеудің техникасы мықты деген студиясында басылды. Алайда оған дейінгі әзірлік жұмыстары түгел өз елімізде, өзіміздің кәсіби мамандардың қолымен жасалды. Атап айтсақ, әндерді өңдеген ВИА МузАРТ-тың мүшесі Ерлан Құлах­метов, дыбыс режиссері Бек Шәріп, Гитара – Болат Жолдасов, Акбар Киарыстан. Ал, жалпы, әнжинақ – «Қазақ бардтары» жо­басының авторлық құқығы Қуаныш Мақ­сұтов басқаратын «Сайгез» қоры мен «Дастан» студиясына тиесілі.
Бардтың бар маңызы – сөзінде. Ендеше, Сары тентектің «Мәңгілік мұңның әлемін» алып, ұлтына айтқан ойларына құлақ түрелік!


«Дәстүрлі әншілер эстрадалық әндерді орындай алмайды» деген жаңсақ пікір

Эльмира ЖАҢАБЕРГЕНОВА, жырау, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері: 
Жыр өнерінің падишасы Эльмира Жаңабергенованы танымайтын қазақ аз шығар. «Әншінің де әншісі бар» дегендей, дәстүрлі ән өнерінде өзіндік үні бар, өзіндік орны бар қазақтың жырау қызы көп көріне бермейді. Неге? Шыны керек, ел Эльмирадай жезтаңдай әншісін «қашан концерт берер екен?» деп күтіп жүреді. Бірақ ол әнші қам-қарекетсіз жатыр дегенді білдірмесі хақ, таяуда еліміздің бір топ өнерпаздары қатарында Ұлыбританиядан оралған Эльмира әншімен әңгімеміз былайша өрбіді.

– Эльмира Манасқызы, әңгімеміздің әлқисасын Лондон сапарынан бастасақ...
– Иә, сырт елде концерт беру мен үшін мақтан емес, дегенмен халқымыздың киелі өнерін әлемге паш ету біз бен келер ұрпаққа аманат екені даусыз. Және Ұлы­британияға жалғыз өзім жол тарт­қаным жоқ, еліміздің атынан барған­дардың қатарында өнертану ғылымының кан­дидаты Саида Елеманова апайымыз бен Базаралы Мүптекеев және термеші-жыршы Айгүл Елшібаевалар да болды. Жалпы, онда Азияның 25 елінен түрлі талант иелері өнерін көрсетті және халықаралық ғылыми конференция өтті. Біз ұлттық өнерімізді ғылыми жағынан да дәріптеуіміз керек, осы ретте менің ол жақта қазақтың Сыр сүлейлері мен жы­раулары жайында мақалам жарық көретін болды.
– Алла сізге кез келгеннің бағына бұйыра бермейтін бекзат өнерді сыйлапты. Мыңдаған жолдардан тұратын дастандарды еш мүдірмей орындайсыз. Даусыңыздың қашанда өз бабында болуының қандай да бір сыр-сиқыры бар ма?
– Дауысымды арнайы күтіп баптаймын дей алмаймын. Айталық, опера әншілері дауыс диапазондарын шынықтыру үшін арнайы жаттығулар жасайды. Мен де мүмкіндігінше концерт алдында, үйде даусымды қатты шығармай, ыңылдап, ішкі қуыс кеуделер мен жақ, тіл, тыныс жол­дарыма жаттығу жасаймын. Қоңыр дауыспен, қобыз үнімен үндестіріп, дыбыстарды алып отырамын. Өзіме қоятын талабым: ішкі дүнием мен сыртқы келбетімнің үйлесімі. Ал сахнада халықтың қолдауы ерекше шабыт береді.
– Қазір шоу жасаймыз деп әншілерді тықпаламаған жер қал­мады. Бірақ сол көптің арасынан сіз көрінбейсіз. Жеке концертіңізді қашан бересіз?
– Бұл сауал қашанда менің көкейімде жүреді. «Неге концерт бермейсіз, неге шықпайсыз?» деген сұрақтармен көп адамдар хабарласады. Негізінде, мені қазір сахнадан гөрі үйдегі бала тәрбиесі көбірек алаңдатады. Өнерімді балаларыма үйретуге тырысамын. Әрине, өнерім тыс қалып жатқан жоқ. «Өнер – өмірімнің өзегі» атты кітабым, «Сырдың ерке аруы», «Дүрлердің дүбірінен жеткен дауыс» атты екі үнтаспам жарық көрді. Үнтаспада терме-толғаулар мен атақты Әсет Найманбаевтың «Салиха-Сәмен» дастаны мен Нұрым мен Қашаған жыраудың ұзақ жұмбақ айтысын жазып шығардым. Тағы біраз әндерімнің аранжировкасын шет­­елдерге тапсырыс беріп жасатып жатырмын. Жыр-дас­тандардан («Қыз Жібек», «Мәу­лімнияз-Едіге», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», «Тағай­мұрат» т.б) жинақталып жа­зылған элек­тронды қаламсаппен айтылатын кітап жарық көрді. Ал енді жеке шығармашылық кешім Алла бұйырған күні болады деп сенемін. Алда тағы басқа да жаңалықтарым бар, әзірге олар құпия бола тұрсын.
– Қазіргі таңда «дәстүрлі әншілер неге эстрадалық әндерді шырқайды, олар өз жолымен жүре бермей ме?» дегендерді де естідік. Сіз қалай ойлайсыз?
– «Дәстүрлі әншілер эстрадалық ән­дерді орындай алмайды» деген өте жаңсақ пікір. Техника дамыған уақыт, адамның санасы телеэкранмен ғана өсіп жатқан жоқ, ғаламтор деген ғаламат дүние бар. Жастарымыз өте сауатты, сондықтан ата-бабамыздың әнін халықтың бүгінгі сұранысы мен талғамына сәйкес жеткізіп жатса, оған сын көзбен емес, сүйсіне қарау керек. Әрине, мақам мен сөзді бұзып орындап жатса, ол бөлек әңгіме, ол – сауатсыздық және ізденістің аздығы. Себебі халық мұрасы, ұлттық музыка – біздің ең басты, баға жетпес құнды­лықтарымыз. Ұрпағымыз осы дәстүрлі мәдени мұраларымызды жоғалтпай, ары қарай жеткізуге жұмыс жасаса, қазақтан бақытты ел болмас еді.
– Елордаға табан тірегеніңізге бір мүшел болыпты. Арқаға алғаш қоныс аударғандардың бірісіз. Ол кездегі жағдай қалай еді?
– Иә, алғаш Астанамызға келген кезім әлі есімде. 1999 жылы жаз мезгілінде көшіп келдік. Жазы ыстық, қысы ерекше суық болатын. Қазіргідей әдемі зәулім үйлер, кең даңғыл жолдар жоқтың қасы, өте кішкентай қала болатын. Сол қала аз­ғана уақытта көз алдымызда түрленіп сала берді ғой. Аллаға шүкір, қазір әсем қала Астанаға айналды емес пе?! Осындай әдемі тарих жасаған елдің тірегі аман болсын. Еліміз аман, халқымыз тыныш болып, ұрпағымыз тарихымызды өшірмесін деп тілеймін.
Гүлжаз ҚАРЫБЕКҚЫЗЫ

Беттің продюсері Мәриям Әбсаттар

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста