Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ
Әндерімді опера әншілерінің орындағанын көздемеймін
«...Тау етегіндегі киіз үй. Ақ дастарқан, жер үстел. Соның жанында құрақ көрпеде құс жастыққа жантайған күйде ақын апа әнімді тыңдауға кірісті. Бірінен соң бірі екі ән айтып бола беріп ем, кенет жұдырығымен үстелді қойып қалмасы бар ма?!. Қапелімде, не болғанын түсінбей, селк ете түстім. Сөйтіп ем, ол кісі зілді үнмен тістене «әннің бәрі төсекке шақырып тұратын боп алды... барабанмен ән жазатын сазгерлерден аяқ алып жүргісіз... Осындай шетел әуенімен уланған заманда қазақтың әнін, Роза, саған сеніп тапсырамын» деді.
Бұл – Алаштың айбынды ақыны Фариза Оңғарсынованың соңынан ілескен сіңлісі, сазгер, әнші Роза Әлқожаға артқан аманаты. Әні бар, қала берді телеарнада жүргізушілік жұмысы, ал оның бәрінен бұрын төрт баланың жауапкершілігі, әйтеуір күйбең тірлік жетегінде кездесу сәті түспей жүр еді, Розамен әңгіме ә дегеннен осылай өріле кетті.
Ән – аманат, көтере алмағанға – жаман ат
– «Жігітінен қазақтың дос таба алмай...» деп Мұқағали ақынның өзі мұң шаққанда, қыңқ демей көтерген Фариза апамызбен қашаннан таныссыздар?
– Мен өзім бала кезден Фариза апамның өлеңдерін жастанып өстім. Алайда танысудың реті келмей жүретін. Содан былтыр Астанада Фариза ақынмен кездесу болды. Сол жерде «Досыма» деген өлеңімді оқып берген болатынмын. Сонда ол кісі «Мен сыйға тартқан орамал» секілді әні бар Роза сіңлімді сырттай ұнатып жүруші едім, ал қазір өлеңін тыңдап отырсам, бұл өзі жақсы ақын да екен» демесі бар ма?... Содан телефон нөмір алмасып, хабарласып тұратын болдық. Осы қыста кенет бір күні «Айналайын, Роза, Алматыға бара жатырмын» деп қоңырау шалды. Сол қоңырауында да «Осы өзіңнің «Келем деп неге алдайсың?» деген әнің радиодан жиі беріледі. Сол менің миымда жатталып қалғаны сонша, қайталанады да тұрады. Мен қазақ қыздарын өте жоғары қоямын, олай болса сол мықтылықтарыңды сақтап, ер-азамат атаулыға жалына беруді қойсаңдаршы!» деп аздап кейіп алды да, артынан, – қазақ қызына тән өрлігіңді біліп, тәкаппарлығыңды сақта! – деп кеңес берді. Алматыға келгенде күтіп алдым да, тауға алып кеттім. Ондағы ойым тұма табиғатта ақын апамызбен бір емен-жарқын сырласып, жақын танысу еді. Міне, әлгі жоғарыда айтылған жағдай осы кезде орын алып еді. Ақын апа маған солай қазақ әнін аманаттады. Біле білгенге қандай мәртебе, бірақ сонымен қатар жауапкершілігі зілдей аманат! Сол сапарында Астанаға шығарып салып тұрып «Фариза апай, мен сіздің поэзияңызбен өскен қыз едім, бірақ әлі күнге бір өлеңіңізге ән жазбаған екенмін. Алла бұйырса, енді өзіңізден қолқалап сұраймын, әніме сөз жазасыз ба?» деп едім, риза кейіппен бетіме қарап «қарағым, осы жағы қиындау екен, өзің қарарсың өлеңдерімнен» деді. Ұлы адам ғой, содан ғой басқаларға ұқсап «әніңе сөз жазайын» болмаса «әнімді орында» деп белден басқан жоқ, керісінше соншалық кішірейіп тұр.
Менің жанрым – смс-хат
– Фариза апамыз екінің біріне иліге бермейтін өр тұлға ғой. Ол кісінің өзі «сен жақсы ақын да екенсің...» деуі тегін емес. Сөз киесі қонбаса, ақындардан өзіңізге серік іздемес едіңіз-ау... Бірақ өзіңіз сол қырыңызды мойындамайсыз-ау деймін, солай ма?
– Шығармашылық кешімдегі Ақмарал Леубаевамен арадағы хаттарды меңзеп тұрсыз ғой?
– Иә, ол да бар...
– Шыны керек, ол негізі әдейі емес, еріксіз, ішкі жан дүниенің қалауымен болып кеткен іс еді. Мен өзім бала күнімнен күнделік жүргіземін. Сондықтан бұл смс-хаттарды да түгелдей тізіп, күнделігіме түсіріп отырғанмын. Кейін қарасам, 2009 жылдың 29 желтоқсанында басталған хат келесі 2010 жылдың 28 желтоқсанында аяқталыпты, тура бір жыл хат алысыппыз. Кешімді өткізерде жан-жақты іздендім, сонда Асанәлі ағамыз «менің жанрым – күнделік» десе, мен «менің жанрым – смс» деп, шумақтарды қойылым ретінде сахнаға алып шықтым. Ел алдында жүрген ақын, мейлі сазгер, мейлі әнші болсын, олардың өмірінің де тек балдан тұрмайтынын, олардың да іштей күйрейтінін, таусылатынын, өзін-өзі қайрайтын сәті болатынын сол смс-хаттар көрсетіп берді. Роза Сейілхан деген ақын құрбым «мен қойылым бойына жылап отырдым, өйткені мен әлі өз биігіме шыққан жоқпын. Өзімдегі өкпе-наз ба, әйтеуір булыққан сезімді сенен де көріп, өзіңмен бір үндестік таптым» деді. Әсіресе, «Мен әлі жарқ етемін, Ант етемін» деген секілді сөздер ерекше әсер етсе керек. Ақмарал апамыз енді сол смс-ті жалғастырсақ, солайша түбі драмалық шығармаға айналар ма еді деген ой айтады. Бірақ бір кездерде еріксіз шыққан сөздерді енді бүгін саналы түрде жазу мүмкін емес екен, мен соны түсіндім. Себебі риясыз ақтарылу бөлек те, оның жария болатынын білу тіпті бөлек. Сонысымен де құнды болып қала береді.
– «Ақындармен сыр алысып, жандүниемді рақат күйге бөлегенім болмаса, өзімді ақын санамаймын» деген ойыңызды ұқтым. Ал ендеше, өзіңізді кім деп мойындайсыз, шындап келгенде?
– Маған «сіз кімсіз?» дегенде, «ең біріншіден, сазгермін» деп жауап беремін. Мүмкін, мен керемет орындамайтын да шығармын, бірақ тамшыдай болсын қазақ әніне үлес қосып жүрсем, маған сол жеткілікті. Орыстың ұлы ақыны Есениннің өзі қарапайымдылығы сонша «я крестянин» деп қана айтқан ғой өзі жайлы. Мен өз әнімді опера әншілерінің орындағанын көздемеймін. Бірақ жүрегімнің түбінен жарып шыққан әнмен жүректерді жұбатуға жарасам, демек, еңбегімнің еш кетпегені деп білем. Ал енді өзім сөз қадірін білетін адам болған соң, сөзін өзім жаза салмаймын, кәдімгі поэзияда орны бар, мықты ақындарға жаздырамын.
Әсет, Майра, Роза...
– Роза, сіздің алғаш шығармашылыққа микрофон емес, қалам ұстап келгеніңізді бүгінгі жұрттың біразы білсе, білмейтіндері де кездеседі. Егер дәл қазір журналистикада жүрсеңіз, нендей мәселені жазар едіңіз?
– Кейде жалпы ән сапасына талдау жасағым келіп кетеді. Себебі қазір кәсіби сыншы жоқтың қасы. Поэзияда Аманхан Әлім секілді ағаларымыз бар. Музыкада сыншылар болғанымен, бүгінде олар қоғамда самарқау жатыр. Алайда мен өз-өзіме қатты сын көзбен қарап, барынша тежеймін. Мысалы, «Ән салшы, Роза» деген әнімді бұрынырақта шығарсам да, көпке дейін орындауға ұялып жүрдім. «Өз атын өзі шақырған көкек сияқтанып көрінермін» деп. Бірақ бірде Сейіл Аяғанов ағамыз тыңдап, «Роза-ау, бұл бүгін пайда болған емес, қазақтың баяғы сал-серілерінен бері келе жатқан дүние ғой. «Арғынмын, атым Әсет арындаған» деген бар, болмаса «Майра, Майра, қызыл тілім сайра» деп айтады. Сен неден ұяласың ендеше, жарияла» деген болатын. Содан бір күні Берік Жүсіп ағамызбен кездесіп қалдым, сөзден сөз шығып, осы мәселе тағы тілге тиек болды. «Сәйгүліктерде көптен бәйгеге түспей қалған кездерде жал-құйрығын көкке көтере шабатын кездері болады. Ол – өзін-өзі қамшылауы. Сол сияқты сенің мына әнің де белгілі-бір кезеңде шығармашылықта аздаған тоқтау болып қап, соған күйзеліп жүргенде, сол күйзелістен өзіңді-өзің алып шығуың» деді. Расында, менің «Ән салшы, Роза» әнім өзімді қамшылау, сонымен қатар өзіме дейінгі қазақ өнеріндегі Бағланова бастаған, Рымбаева сынды Роза апайларыма құрмет, ізет көрсету мағынасындағы дүние еді. Жоғарыдағы екі ағамның берген бағаларынан соң, мен «шындап келгенде, мен өз әнімді өзім дұрыс бағалай алмайды екенмін ғой» деген ойға келдім. Әңгімеміздің басында қазір өнерде сыншы жоқ деп едім ғой, Берік ағамыздың түбі сол ән саласындағы сыншылықты қолға алғысы келетін ойы бар екен. Соның ішінде менің де шығармашылығыма талдау жасау ойында жүргенге ұқсайды. Дәстүрлі әнші, жырау Берік Жүсіптей ағамның маған бір ауыз «дәстүрлі әннің жалғастырушысы» деп баға беруі – мен үшін зор мәртебе.
Соңғы жаңалықтары:
«Мен сыйға тартқан орамалдың» Еркін Нұржановпен дуэт нұсқасына клип түсіруге кірісті;
«Сырдария» әнін жазып, (сөзі Назгүл Бердіқожа) Заттыбек Көпбосыновқа берді;
Осы оразада ұлдары Жанарысты сүндетке отырғызып, мұсылман қатарына қосты.
Қысқа қайырғанда...
Алматының ел ең көп қыдыратын жері Арбатта бір қайыршы келіншек тұрады. Роза Әлқожа әндерінің ең белсенді, әрі ең шынайы насихатшысы деуге болады әлгіні. «Тәйірі, қайыршы менің әнімді айта ма?» деп мұрын шүйіре, намыстанатын әншілер де табылатын шығар. Бірақ Роза олай демейді. Себебі қайыршының да өз жүрек қалауымен ән салуға қақысы бар. Екіншіден, қайыршы да болса халықтың жүрегіне қозғау салатын әнді таңдары хақ. Елімізде ханнан бастап қайыршыға дейін орындайтын нөмірі бірінші ән Шәмші Қалдаяқовтыкі десек, енді міне – Роза әндерінің халық болып шырқайтын туындыға айналғанының айқын дәлелі.
Ол туралы
«Сенің әнің басқа сазгерлердің әніне қарағанда сөзінің естілігімен ерекшеленетін, сонысымен есте қалатын болады...»
Бауыржан Халиолла
«Шәмшіден кейінгі өлара кезеңде қазақы ырғақта, жүрекке жақын Розаның әні келді. Сондықтан мен Розаны қар астынан жарып шыққан бәйшешекке теңеймін»
Қасымхан Бегіманов
«Роза – дәстүрлі әннің төсегіне аунап алған, сөйтіп, өзінің жүрегінен жарып шыққан туындыны елге ұсынып жүрген ерекше дарын иесі»
Берік Жүсіп
«Мен сенің шексіз кеңістікте ән жазатыныңа қуанамын әрі қызығамын. Бір жағы оқымағаның да дұрыс болған. Өйткені оқысаң, белгілі бір стандартта шектеліп қалар едің»
Тілеулес Құрманғалиев
Шумақтар
Мен әрі тірілемін,
Бұрымды сілкіп тастап.
Өкініш парақтарын
Кеудемнен жыртып тастап.
Сол кезде дұшпандарым
Сесімнен үркіп қашпақ.
Мен әлі көрсетемін
Үміттің өлмейтінін,
Бар жұлдыз сөнбейтінін.
Бір Аллам берген қуат
Бұғауға көнбейтінін.
Мен әлі жарқ етемін,
Ант етемін!
«Алашыңа ән сыйла»
Еліміздің еңсесін тіктеп, рухын жігерлендіретін әнге байқау жариялағанымыз оқырман қауымға белгілі. Осыған дейін Алашқа әйгілі Күләш Ахметова, Темірғали Көпбаев, Әлібек Шегебай, Ұлықбек Есдәулет сынды ақындарымыздың өлең жолдарын кеудесін күй кернеген композитор қауым назарына ұсынсақ, енді бүгін назарларыңызға белгілі ақын, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлының жыр жолдарын ұсынамыз. Ақын өлеңдеріне осыған дейін бірнеше ән де шығып үлгерген. Әйтсе де мына өлеңнің жөні бөлек секілді.
Қазағым-ай
Қанымсың, жүрегімсің, бауырымсың,
Таңымсың, тірегімсің, жарығымсың.
Шыққандар өзегіңнен және ұғынсын,
Өмірдің сенсіз мынау мәні құрсын.
Тілімсің – шымырлатып жыр толғайтын,
Топшылы қанатымсың бір талмайтын.
Шынарсың – тамырыңды қырқа алмайтын,
Тарихсың – жауларың да жырта алмайтын.
Жомартсың – дастарханы жиылмайтын,
Ордасың қонақтары тыйылмайтын.
Шабытсың – кез келгенге бұйырмайтын,
Тұлпарсың алты қырды шиырлайтын.
Нанымсың – бұйырған дәм, татар асым,
Әнімсің – білмес жердің шекарасын.
Сезімсің – ұлы айдыны мқлдірегін,
Өзімсің – мені туған ата-анасың!
Қазағым-ай!
Егер осы өлең жолдарын оқып, жүрегіңізді ән тербесе, «Мұқағали» журналының қабылдау бөліміне хабарласу арқылы, автормен байланыс орнатуыңызға болады. Сондай-ақ газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақын ағайындарға да құлаққағыс!
Классикаға күшті насихат керек
Қазақстанда классикалық музыкаға сұраныс аз деп жатады. Бірақ бұл жағдай – елімізде ғана емес, әлем бойынша бар мәселе. Жуырда Алматыда осымен үшінші жыл өткен «Оркестрлер шеруі» фестивалінде классикалық музыканың әлемге әйгілі шеберлері осы жөнінде пікір білдірді. Опера өнері өкілдерінің айтуынша, асқақ музыканың тыңдармандары көп, дегенмен насихат керек-ақ.
Ашық аспан астында өнер көрсеткен әлемнің танымал теноры Алессандро Сафина журналистерге «Алматыда осыдан екі жыл бұрын болып, басқа бір концертте өнер көрсеткенмін. «Оркестрлер шеруіне» тұңғыш рет қатысып отырмын. Дыбыс жүйесі де, оркестр де жақсы, көңілімнен шықты. Дыбыс жүйесінде мен үшін ешқандай проблема болған жоқ, сахнада дауыс жақсы естілді. Ал көрермендерге қалай болғанын айта алмаймын», – деп, әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, қазір классикалық музыка бір кездердегідей танымал емес. Айталық, Италияда жастар операға, кәсіби музыкаға қызыға бермейді. Өйткені операға жұрт аз барады, мектептерде музыка сабағы дұрыс оқытылмайды және басқа да себептері көп. Сол себепті музыкант классикалық өнерге айрықша көңіл бөлу керектігін айтты. Ал Ресейдің опера әншісі, бірнеше халықаралық байқаудың бас жүлдегері Әлфия Кәрімованың пікірінше, классикалық музыканың кең қолдау табуына поп мәдениеті кері әсер етіп отыр. «Классика, әсіресе, опера – таңдаулыларға ғана арналған өнер» деп жатады. Шындығында, бұл өнерге насихат жетіспейді. Сол себепті бүгінгідей кештер көп болса, бұқара классикаға жақындай түсер еді. Поп музыкадан гөрі операны сүйіңіздер, классиканы тыңдаңыздар, бұл – нағыз өнер!» – дейді әнші. Белгілі опера әншісі, тамаша баритон иесі Сүндет Байғожин де Алматыда опера музыкасын тыңдайтын аудиторияның айрықша ықыласын сезінеді. «Оркестрлер шеруінде» әлемге әйгілі әртістермен бір сахнада өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Кәсіби әнші кез келген талантпен лайықты өнер көрсетуге дайын болуы, соған ұмтылуы керек деп ойлаймын. Тыңдармандар аурасы өте жақсы болды, мен айрықша ләззатпен ән айттым. Бірнеше нөмірді тағы жоспарлаған едім, бірақ, өкінішке қарай, уақыттың тығыздығынан қысқартылды. Дегенмен оларды келер жылы орындауға мүмкіндік болады деп сенемін», – деді халықаралық байқаулардың лауреаты. Еске сала кетейік, «Оркестрлер шеруі» атты классикалық музыка кеші Алматыда қыркүйектің 6-7-8-і күндері өтті. Фестивальде Дінзуһра Тілендиева дирижерлік ететін Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Жалғасбек Бегендіков жетекшілік ететін Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі, Ваг Папян жетекшілік ететін Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр және Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Оркестрлердің сүйемелдеуімен Бибігүл Төлегенова, Алессандро Сафина Әлфия Кәрімова, Сон Паскаль, «Меццо» квартеті, Сүндет Байғожин сияқты танымал орындаушылар ән шырқады. Жұртшылық украиналық кернейші Андрей Илькив пен қазақстандық виолончельші Сәния Дүркееваның өнерін де тамашалады.
Әлфия Кәрімова, Ресейдің опера әншісі:
Алматы жұртшылығымен жүздесу – мен үшін әрқашан бір үлкен мереке. Өнер көрсету кестесінің тығыздығынан Алматыда жиі бола бермеймін. Бірақ аз ғана күн уақыт табылып жатса, осында келуге тырысамын. «Оркестрлер шеруінде» өзім жақсы көретін Алессандро Сафинамен ән айтамын деп ойламаған едім, міне, соның сәті Алматыда түсті. Қазақстанда классиканы тыңдау мәдениеті жоғары.
Болатбек МҰХТАРОВ
Жұлдыздар жұбайымен мақтанбақ
Рас, мақтанғанда қандай?!.
Кәдімгідей танымал әншілер, әртістер енді ел алдына әйелін не күйеуін ертіп шығады да, ал келіп соның артықшылығын айтып, бірімен-бірі жарысады.
Жұлдыздың әйелі күйеуін өлеңдетіп, әндетіп таныстырса, жұлдыздың күйеуі, яғни, әйелі жұлдыз еркектер өз қолындағы жұлдызын қалай аялайтынын көрсетуге тиіс.
«Атасын сабағанды көрсек те, арбаға байлап қойып сабағанды көрсем көзім шықсын» деген екен баяғыда бір қазақ. Сол секілді бүгінге дейін біз ерлердің күш сынасқанын, ән айтқанын, би билегенін немесе күй тартқанын көрсек, енді олардың «бәйгеге» әйелі не күйеуін тартқанын тамашалағанымыз қалай болар екен?!. Тізгінін ұстайтын танымал тележүргізуші Динара Сәтжан мен актер Берік Тұрсынбековтер екен. Не де болса, қыркүйектің 23-ін күтіп, «Астана» телеарнасынан болатын «Саған сенемін. Мой лучший!» жаңа ойын-сауықтық жобасын бағайық.
Кім білсін, бәлкім, дәл қазіргі қоғамға мұндай жобалар керек те шығар. «Сен сияқты мені ешкім өкпелетіп, жұбата да алмаған сен сияқты» деп, бәлкім, қарапайым отбасылар жұлдызды жұптарға қарап бой түзер... Солар секілді әдемі өмір сүріп, әдемі жүріп-тұруға ұмтылар. Бірақ әйтеуір әйелі мен күйеуі балаларын ұмытып, ән айтып кетпесе жарар да...
Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар e-mail: mauka2004@mail.ru