Ұлттық өнердің өрісін тарылтып отырған не?
Ұлтты ұлт ететін оның ұлттық құндылықтары, әсіресе дәстүрлі өнері екендігі бесенеден белгілі. Өгей баланың күйін кешіп, басағадан сығалаған сол қазақтың төл музыкасын «әлемге мойындатамыз» деп тыраштанудан бұрын өзіміздің қарадомалақтардың көкірек көзіне жақсылап сіңіріп алсақ та, зор абырой болар еді. Дерттің сырқатын анықтамай жатып, ем жүргізу мүмкін емес. Сол сияқты «бүгінгі таңда ұлттық өнердің өрісін тарылтып отырған не?» деген сауалды төтесінен қойып, соған жауап іздеп көрелік.
Ең әуелі ұлттық өнерді дамытудың механизмдері дұрыс ұйымдастырылмай отырғанын атап өткен жөн. Кезінде руханият саласына жан бітірген Темірбек Жүргенов, Өзбекәлі Жәнібеков, Ілияс Омаров, Шерхан Мұртаза сынды істің тетігін таба білетін қазаққа шын жанашыр ұйымдастырушыларға әлі күнге зәруміз. Телеарналарда қазақ өнеріне арналған салиқалы дүниелер жалаң көңіл көтеруге негізделген жеңіл-желпі бағдарламалардың тасасында қалып жатқаны да жасырын емес. Прайм-тайм уақытта түрік, корей телехикаялары беріліп, ұлттық музыкаға арналған бірен-саран бағдарламалардың ел жұмыста жүретін ыңғайсыз кезге қойылуы жазылмаған заңға айналып барады. Бәріне бірдей топырақ шашуға да болмас, Серік Қалиев, Серік Әбікенұлындай іскер азаматтар басқаратын «Мәдениет», «Алматы» телеарналары ел-жұрттың көкейіндегіні дөп басып, мәдениеттің мәйегін ғана халыққа ұсынуды мақсат тұтқаны қуантады. Жыл сайын мемлекеттен «өнерді дамыту үшін» деп бөлінетін қаржы, керісінше, «өнерді өшіру үшін» жұмсалып кетіп отырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қой терісін жамылған қасқыр тәрізді «қазақ өнері» деген атты иемденген фонограммамен «мал тапқыштарға» елдегі мәдени шаралар мен телебағдарламалар айқара есік ашса, қазақтың ұлттық өнерін өміріне серік еткендерді «ескінің қалдығы» деп мұрын шүйірушілік пиғылдан арылмадық. Есесіне, жастарды «апиын музыкамен» еліртіп тастап, «рухани ауру» еткенімізге мәзбіз. Кезінде Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырайлар, домбырадан сырлы саз төккен Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сүгірлерді тыңдайтын құлақ бар еді. Талғамы жоғары, өнерпаз халықтың ішінен суырылып шығу үшін үлкен өнердің иесі болу керек еді. Бүгінде барынша дыбыс күшейткішпен дүрсілдеп шықпаған әуенге құлақ та салмайтын «саңырау» тыңдармандар легі қалыптасуда. Концерттерге жиі шақырылмайтын, халықпен қарым-қатынасы бұйығы сипатқа түскен дәстүрлі әншілер мен күйшілер жан бағу үшін басқа кәсіппен амалдай тұруға мәжбүр. Осылайша «қарайып қалған» өнерпаздарға анда-санда сахнаға шыққан сәтінде «елді өзіне қарата алмады, жалықтырып жіберді» деп кінә артушылар кездеседі.
Жас әншілер мен күйшілерде елді баурап алатын әртістік қабілет, өнердің арғы-бергі тарихынан хабардар болу, сахнада арқаланып, асқақтай түсетін рухтылық жағы кемшін соғатынын мойындамасқа лажың қайсы? Ашығын айтсақ, оларға толыққанды өнермен айналысуға жағдай жасалып отыр ма? Дегенмен осы күні шылқып отырған кім бар? Саф өнердің қадір-қасиетін ұғындырып, елді дүр сілкіндіретін өнерпаздар да жоқ емес. Бірақ аз. Олардың өзі елеусіз-ескерусіз қалуда. Тіпті кейбіреулері ауыл-аймақта «тас бүркеніп» жатыр. Мысалы, Әбдімомын Желдібаев, Кәлек Құмақайұлы тәрізді өнер иелерінің іздеу-сұрауы жоқ. Қазақтың көптеген ұлттық аспабын «қайта тірілткен» Болат Сарыбаев, Омар Хаймулдиндей ғалымдарды еске алатындар да некен-саяқ. Одан кейінгі қазақ өнерінің алға басуына қазақ зиялы қауымында, оның ішінде ұлттық өнер жанашырларында бүтін бірліктің жоқтығы әсер етуде. Қазақтың бетке шығар қаймақтары, оның ішінде мәдениет қайраткерлері шетелдің шылауында кетіп бара жатқан өз ұрпақтарының тағдырын шын ойласа, бірігіп жоғары жаққа ашық хат жазса да, осы уақытқа дейін, әйтеуір, бір әрекет етер еді ғой. Концерттерге азын-аулақ демеушілік көрсететін шағын кәсіпкерлер болмаса, кешенді түрде қазақ классикалық ән мен күй өнерін көтеріп жіберердей кешенді түрде бел шеше кіріскен меценат та табылмай тұр. Өйткені кәсіпкерлер мен ұлттық компаниялардың басындағылардың көбі орыстілді. Ондайларға Жаяу Мұсаның кешін өткізгенше, жалаңбұт шетелдік әншілерді сахнамызда ойқастатып, ақша шашқан мың есе артық.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы:
– Еліміздегі ақпарат құралдарының басым бөлігі ұлттық мәдениетке мұрын шүйіріп қарайды. Қазақтың ән мен күйі, жыры заң жүзінде қорғалмаған. Әлі күнге ұлттық өнердің өз статусы жоқ. Ешқандай мемлекет қамқорлығында емес. Сол себепті бүкіл жекеменшік теле-радиолар ойына келгенін істейді. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарында 50 пайыз болса да қазақтың ұлттық музыкасы насихатталуы керек. Қазақ тілінің 50 пайыздық деңгейін орындайтындары да шамалы. Жекеменшік радиолар түнде қазақ тілінде тобырлық музыка ойнатады. Бүгінге дейін фонограмма туралы заң қабылданбай келеді. Жасанды дыбысқа үйреніп қалған ел домбыраны тосырқайтынды шығарды. Өзге ұлт өкілдерінің музыкасын береміз де, өзімізді кейінге ысырып тастаймыз. Жалпақшешейлік өз түбімізге жетеді. Ән деуге тұрмайтын арзан дүниелер неліктен күні-түні насихатталады? Мұндай әндер нендей жолмен эфирге шығатыны күмәнді. Соны тексеру керек. Қатал заңдар негізінде талаптар қойылуы қажет. Ұлттық өнердің дәрежесін көтеретін заң қабылдануы тиіс.
Алашыңа ән сыйла!
Қара өлеңнің қара қазанын қайнатып, әдемі де әуезді әнін әуелеткен қазақтың өнері түптамырынан ажырамасын деп тілейік. Ол үшін рухымызды оятып, жігерімізді жанитын жақсы шығармалар дүниеге келуі керек. Бүгінде қазақ әнінің салмағы жеңілдеп бара жатқанын құлағымыз естіп жүр. Еңсені көтертер есті әндерге зәру екеніміз рас. Заманауи деп жүрген қазіргі әннің әсіресе сөздері тым қарабайырлау болып бара жатқанын да айтпасқа болмас. Құдайға шүкір, қазақ – ақын халық. Тамаша жырларымен оқырманын сусындатып келе жатқан таланттарымыз да жоқ емес. Тек жақсы әнге мәнді де мағыналы сөз таңдай білсек. Осы орайда біз «Алашыңа ән сыйла» айдары арқылы патриоттық рухтағы жаңа әндердің тууына аз да болса өз септігімізді тигізсек дейміз.
Жаңа айдарымызда әр апта сайын белгілі ақындарымыздың ауыл, ел, туған жер, Отан жайлы патриоттық рухтағы бір өлеңін ұсынып келеміз. Музыкадан сауаты бар, әнге жақын өнерпаз ағайын, сіз біз ұсынған ақынның өлеңін сазды әуенмен көмкеріңіз. Қадірлі оқырман, бұл жолы сіздердің назарларыңызға қазақтың талантты ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қазыбек Исаның «Мұрат» деген жігерлі жырын ұсынып отырмыз.
Мұрат
Маңдайын күнге күйдірген,
Табанын жерге тілдірген.
Қаймана қазақ ақысын
Қайтару үшін жүрмін мен.
Ұстаған найза үкілі,
Ұлтымның қайда бітімі?
Ауыздан көбі кетсе де,
Аузынан түспес шүкірі...
Аласың күннен шуақты,
Табасың жерден қуатты.
Жеттің ғой, енді сақтай біл,
Мұраға қалған Мұратты.
Қайран да менің қазағым,
Қайраңға салды-ау азабың,
Қаныңда бар-ды қайсарлық,
Қаныммен соны жазамын.
Егер осы өлең жолдарын оқып, жүрегіңізді ән тербесе, редакциямызға хат жолдап, хабарласыңыз. Сондай-ақ газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақын ағайындардан да еңселі жыр күтеміз.
«Інжу-маржан» байқауы басталады
Қасиетті ұлы дала үнінен қуат алып, эпикалық қисса-дастандарымен, әсем әндерімен тыңдарман жұртына шуақ берген, халық арасынан шыққан асқан дарын иесі, ақын, әнші әрі сазгер Әсет Найманбайұлының шығармашылығы – ұлттық музыка өнеріндегі қайталанбас дара құбылыс. Осы киелі мұраны кеңінен, тереңнен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарымызды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы дәстүрлі орындаушылардың Әсет Найманбайұлы атындағы республикалық байқауын өткізеді.
Байқау 2012 жылы 15-17 қараша күндері Семей қаласында өтеді. Конкурсқа Қазақстан Республикасында тұратын 16 мен 35 жас аралығындағы халық және қазіргі заманғы композиторлар әндерін домбыра, қылқобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын кәсіби өнерпаздар қатыса алады.
Конкурсты өткізудің тәртібі және шарттары
1. Үш кезеңнен тұратын конкурс көрермен алдында өтеді. Конкурсқа қатысушылар әр кезеңде төрт шығарманы жатқа орындайды. Ол алдын ала көрсеткен шығармалар тізімін өзгерте алмайды.
2. Конкурс лауреаттары қорытынды Гала-концертте ақысыз өнер көрсетеді.
3. Конкурс жеңімпаздарына төмендегідей жүлделер тағайындалады:
а) Әсет Найманбайұлы атындағы бас жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық);
ә) бірінші жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық);
б) екінші жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық);
в) үшінші жүлде және лауреат атағы (ақшалай сыйлық).
4. Конкурсқа қатысу үшін облыстық мәдениет басқармалары, концерттік ұйымдардың дирекциясы мен көркемдік кеңесінің, шығармашылық оқу орындарының ұсыныстары болуы қажет.
5. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер өтініш береді. Өтінішке төмендегі құжаттар қоса ұсынылады:
а) туу туралы немесе жеке куәлік көшірмесі;
ә) өмірбаяны, ұстазының аты-жөні;
б) музыкалық білімі туралы құжаттың көшірмесі;
в) оқитын (оқушылар мен студенттер үшін), жұмыс істейтін жерінен анықтама;
г) 13х18 көлемдегі түрлі-түсті екі фотосурет (электронды нұсқасын қоса берген жөн);
д) әр кезеңде орындалатын шығармалар тізімі;
е) тиісті мекеменің ұсынысы.
Тапсырылған құжаттар қайтарылуға жатпайды.
6. Конкурсқа қатысушылардың өтініштері конкурстың басталуына 25 күн қалғанға дейін мына мекенжайда қабылданады: Семей қаласы, Бауыржан Момышұлы көшесі, 43-үй, Ә.Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясы. Байланыс телефондары: 8 (7222) 36-08-07; 52-20-11; 52-17-23 (факс), filarmoniya_gdk@mail.ru.
7. Конкурсқа қатысушының барып-қайту жол шығындарын жолдама берген, ал олардың жатын орны мен тамақтануын конкурсты өткізетін жақ көтереді. Конкурсқа қатысушыға қоса ере келген адамдардың барлық шығындары өз тараптарынан өтеледі.
8. Келесі кезеңге өтпеген конкурсқа қатысушылар немесе қатысудан бас тартқандар конкурстың аяғына дейін көрермен ретінде қалуға ниет білдірген жағдайда өз қаражаты есебінен күнелтеді.
9. Конкурстың қатысушыларына мынадай шарттар қойылады:
а) І кезең:
Әсет Найманбайұлының әні (сайыскердің таңдауы бойынша 13-тармақта көрсетілген тізімдегі бір ән);
Халық композиторының әні (Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр мектептерінің біреуінен сайыскердің таңдауы бойынша бір ән);
Халық әні (сайыскердің таңдауы бойынша);
Арқа дәстүріндегі қазіргі ән.
ә) ІІ кезең:
Әсет Найманбайұлының әні (сайыскердің таңдауы бойынша 13-тармақта көрсетілген тізімдегі бір ән);
Халық композиторының әні (сайыскердің таңдауы бойынша);
Алтай, Тарбағатай дәстүріндегі ән;
Қазақстан композиторларының әні.
б) ІІІ кезең:
Міндетті түрде орындалатын Әсет Найманбайұлының әні: «Інжу-маржан», «Қаракөз», «Қоңырқаз», «Қисмет».
Халық композиторының әні (сайыскердің таңдауы бойынша);
Халық әні (сайыскердің таңдауы бойынша);
Арқа дәстүріндегі ән.
Юрмала үшін атауын бірнеше рет өзгертті
Юрмалада «Новая волна-2012» байқауы басталды. Біздің елдің намысын «Мате-Залка бойз» триосы қорғайтын болады. Бірнеше мың үміткер арасынан сытылып шығып ақтық сынға жолдама алғандардың қатарында қазақ жігіттері де бар.
Латвияның Юрмала қаласында жас орындаушылардың ХІ «Новая волна-2012» халықаралық байқауы басталды. Биылғы байқауда Қазақстанның намысын «Мате-Залка бойз» тобы қорғайтын болады. Бірақ жас өнерпаздар топ атауын өзгертіп, алдымен The Jigits, яғни «Жігіттер», кейіннен «Бе-До-Ин» деген атауды таңдаған. Себебі топ мүшелері шығыстық дәстүр мен көшпенділер өмірінің колоритіне басымдық беруді жөн санайды. Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл әлемнің 37 мемлекетінен 18 мыңға жуық жас талант байқауға қатысуға ниет білдірген. Ал ақтық сынға 14 елден 16 орындаушы ғана жолдама алды. Қазылар алқасы дүбірлі дода биыл да жаңа есімдерді эстрада әлеміне алып келетініне сенім білдіріп отыр. Ал біздің жігіттер: «Негізінен, өнер додасына қатысам деушілер көп болды. 15 үміткер өз өнерлерін ортаға салып, соңына дейін күресті. Бірақ біздің бағымыз жанды. Нағыз жігіттер болып бұл жобаға лайық өнерімізбен көзге түстік. Сондықтан биыл Қазақстанның мерейі үстем болады деген үміттеміз, ауыр сынақтар күтіп тұрғаны анық. Бірінші орын – 50 мың, екінші – 30 мың, ал үшінші орынға 20 мың евро тағайындалған. Фестивальдың бас жүлдесіне қол жеткізу де оңайға түспейтіні хақ. Дегенмен белді бекем буып, күллі қазақтың намысын қолдан бермейміз», – деп отыр. Байқау басталған күні қонақтар мен жас орындаушыларды «Дзинтари» концерт залы салтанатты түрде қарсы алды. Ал фестивальдың шымылдығын британ эстрадасының ардагері Том Джонс ашты. «Жаңа толқын-2012» байқауы 24-29 шілде аралығында өтеді. Естеріңізге сала кетейік, бұл сайысқа 2011 жылы Қазақстан атынан «А-Лау» тобы қатысып,14-орынды иеленді. Ал жеңіс АҚШ-тың өнерпазы Джейден Фелдерге бұйырды.
Раймонд ПАУЛС, «Новая волна» байқауының төрағасы:
– Көзінде оты бар бұл жастар маған ұнайды. Әр жақтан жиналған: Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Грузия сияқты көптеген мемлекеттің өкілдері бар. Барлығына сәттілік тілегім келеді.
Жас дизайнерлер додасы жарияланды
Kazakhstan Fashion Week жас дизайнерлер арасында екінші рет ұлттық байқау ұйымдастырып жатыр. Жарысқа қатысуға тілек білдірушілердің жас ерекшеліктері мен мамандықтарына шектеу қойылмаған. Бас жүлде – көлемді қаржы мен Қазақстан сән апталығына қатысуға жолдама. Ақтық сынға өткендер де құр алақан қалмайды.
Қазақстан сән апталығының ұйымдастырушылары Қазақстанның жас дизайнерлері арасында екінші рет Open way 2012 ұлттық байқауын жариялады. «Сән мен өнерге деген шексіз махаббат мерекесі бұл жолы «Экостайл» тұжырымдамасымен өтеді» дейді ұйымдастырушылар. Додаға киім-кешек үлгілерін дайындау мен оларды жүзеге асыруға ниеті бар кез келген адам қатыса алады. Жас ерекшелігі мен мамандыққа да шектеу қойылмаған. Сән әлемі мамандарының сөзіне сенсек, байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат – табиғатты аялау мен тазалықты сақтаудың денсаулықтың кепілі екенін халыққа жеткізу. Қатысушылардың Freestyle және «Сені қоршаған әлем» тақырыбында әзірлеген жұмыстары тамыздың 20-сына дейін қабылданады. Ал қыркүйектің 27-сі күні болатын ақтық сынға тек 15 өнерпазға жолдама берілмек. Байқауға ұсынылған жұмыстарға әділ баға беруші қазылар алқасының құрамында БАҚ өкілдері мен белгілі стилистер болады деп күтілуде. Барлық финалист естелік жүлделерге ие болып, дипломдармен марапатталады. Бас жүлдені жеңіп алған дизайнерге көлемді ақшалай сыйлық пен Қазақстан сән апталығындағы ең басты подиумда өз туындыларын паш етуге мүмкіндік беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның жас дизайнерлері арасында алғаш рет Open way байқауы 2011 жылы өткізіліп, бас жүлдені Жеңіс Құсайынов жеңіп алған болатын.
«Тұмар» Италияны таңғалдырды
Соңғы кездері еліміздің түрлі өнер ұжымдары шетелдік сахналарда табысты өнер көрсетіп, ірі жетістіктерге қол жеткізіп жүр.
Соның бір дәлелі ретінде жуырда ғана қазақстандық бишілеріміздің Италияда өткен халықаралық байқаудан үлкен жетістікпен оралғандығын айтсақ та жеткілікті.
8-22 шілде аралығында Римини қаласында ұйымдастырылған «Толқындармен жарысқан» атты байқауда еліміздің «Тұмар» би ансамблі 9-12 жастағы бишілер арасында өткен «Халық биі» аталымында бірінші орынды жеңіп алды. Осымен 85-рет ұйымдастырылып отырған беделді халықаралық байқауға биыл 100-ден астам мемлекеттің би ұжымдары қатысқан. «Тұмар» би ансамблі 2007 жылы Астанада құрылған. Шеберлігімен көпті таңғалдырып келе жатқан өнер ұжымы бұған дейін де бірнеше халықаралық байқаудың жүлдесіне қол жеткізген.
Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар e-mail: mauka2004@mail.ru