Алаштың ШОУ-БИЗНЕСІ

«Той жыры», «Су тасушы қыз», «Қайдасың?»...
Бұл әндерді естігенде кез келгеніміздің: «Бұл «Дос-Мұқасан» ғой, – деп елең етеріміз анық. Бұрнағы күні киелі Баянауыл өлкесінде өткен «Жұлдызды Жасыбай» атты ретро-фестивальде қазақ эстрадасының аңызы ән шырқады.
Өткен жылғы шара әйгілі жерлесіміз Шәкен Аймановтың кинофильмдеріндегі әндерді арқау етсе, бұл фестиваль өзгеше, ерекше. Жұлдызды Жасыбай аспанының астында жарқ еткен биылғы концерт  аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің 45 жылдық мерейтойына арналды.
1967 жыл. Қасиетті Баянауыл жерінде бой көтеріп жатқан мәдениет үйі. Құрылысшылар – Қазақ политехникалық институты мен К.Маркс атындағы Будапешт университетінің студенттері. Музыкамен астасып жатқан қайнаған құрылыс жұмыстарының қызған шағы. Дәл осы жерде, ауылдық клубта студенттік шақтың жалындаған отымен музыка сүйер жастардың алғашқы концерті қойылды. Сахнада ән шырқаған, әнмен қанаттанған студенттер бүгінгі «Дос-Мұқасан» еді. Осылайша, қазақ дала жырының сарынын алты құрлыққа паш еткен «Дос-Мұқасанның» тарихы  Баянауыл өлкесінде бастау алды. Бір қарағанда, халқымызға таңсық саксофон, электрогитара, барабан сынды аспаптарды қазақша, ұлттық нақышта  «сөйлеткен» топқа «Дос-Мұқа­сан» деген атау беріліпті. Бұл ат Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Камит Санбаев, Сан (Александр) Ливиновтың, яғни  ұжымның негізін қалаушылар есімдерінің алғашқы буындарынан пайда болған. Ретро-фестиваль барысында тұтас бір музы­ка дәуірін қалыптастырған топ тарихынан да сыр шертілді.
– Біз буырқанған күшті, құрыш қанат құлшынысты, жасампаз студенттер едік. Топтың бой көтеруіне осылар әсер етті. 1967 жылы Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атын­дағы жас көрермен театрының ма­ңын­дағы «Алматы Бровдвейіне» жиналып, ән шырқайтынбыз. Аспаптар тапшы еді. Біріміз домбырамызды арқалап келсек, екіншіміз өзге музыка аспаптарын әкелдік. Бірақ гитараны табу бізді тығырыққа тіреді. «Керектің бәрі жатақханадан табылады» деген студенттік «қанатты» сөзге бой ұрып, гитараны да таптық. Айтпақшы, «Битлз» тобының әншілеріне еліктеп өсірген шаш үлгісі үшін талай рет «таяқ та жегенбіз», – деп досмұқасандықтар сонау 70 жылдарға саяхат жасады.
«Қазақтың «Битлзы» аталып кеткен ансамбльді көріп, өнермен тамсануға бұл жолы да халық көп жиналды. Олардың көбі – сонау 70-80-жылдардың жастары. Осыдан ширек ғасыр бұрын құрылған топтың құрамы бүгінде өзгергенімен, репертуары сол қалпы. Көрерменді ынтықтырған да, еліктеткен де – осы әйгілі ретро әндер. Баянауыл бөктерін әнге бөлеп, талайдың жүрегін баураған кешті танымал актер Бақытжан Әлпейісов пен тележүргізуші Гүлмира Дайрабаева жүргізді.
Сахна төрінде әуе­леген 60-жылдар­да­ғы танымал әлемдік хиттерге қуана қол соққан өнерсүйер қауымның ретро әндер­ді сағынғаны байқалып тұрды. Жұртшы­лыққа мүлде жаңа қырынан жарқырай келген «Жайдар­ман», «Ауылың сенің ірге­лі», «Құдаша», «Дудар-ай», «Он алты қыз», «Ләйлім шырақ», «Жан досым», «Қайда­сың?», «Куә бол», «Алматы түні» іспетті адами ізгі сезімдерді паш ететін өзге де әдемі әндер қазақ тыңдарманының қанша­ма буынымен бірге жасасып келеді десеңіз­ші! Ал 70-жылдары  АҚШ-та өт­кен халықа­ралық жастар фестивалінде америкалықтарды түрегеп тұрып қол соқтырған «Назқоңыр» халық әні мен «Би-би-си» радиосының алтын қорында сақ­тал­ған «Той жыры» шығармаларын біл­мейтін қазақ жоқ шығар, сірә!
Халықтың  ретро әндерге деген сағы­ны­шын «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндері арқылы жеткізген өнерпаздар қатарында «Жігіттер» квартеті, Мәдина Сәдуақасова, Нұрлан Абдуллин, Ерлан Көкеев, Әлішер Кәрімов, «КешYOU», «Нұр-Мұқасан» тобы, сонымен қатар жергілікті әншілер болды.
Осы орайда, өз пікірлерін білдіруді ұмыт­паған көпшілік мұндай маңызы мол шаралардың алдағы уақытта да жиі өтке­нін қалайтындары турасында ашып айтты. Баянауыл аспанын жырмен тербеген кеш «Жұлдызды Жасыбай» фестивалінің әнұра­ны мен отшашумен тәмамдалды.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА, Баянауыл ауданы Суретті түсірген – Төлеген НҰРҒАЗЫ

Болат ҚҰСАЙЫНОВ, «Дос-Мұқасан» тобының солисі:
– Қарап отырсам, топтың құрылуы кезін­де көптеген шығармашылық қиыншы­лықтарды бастан өткеріппіз. Солардың бірі – әрине, аспап түгіл, ноталардың тапшылығы. Осының дәмін 80-жылдары топқа келген бойда мен де сездім. Бізді бұл тығы­рық­тан бойдағы жастық жалыны шығарды. Сөйтіп, ансамбльдің үшінші құрамына қосылдым. «Өнердегі әкелерім» тәлім-тәрбие алып, шығармашылық кадрлардың ұстаханасы атанған ансамбльден түлеп ұштым. Бірлескен ән кештерін ұйымдастыру кезіндегі қызықты бір сәт есіме түсіп тұрғаны. Осындай концерттерді «солянка» деп атайтынбыз. Сол сәтте саксофон, электрогитарамен рок, поп жанрында ән шырқаған бізді халық өгейсіне қабылдады. «Не деген даңғырлақ!» деген жұртшылық тарапынан таңғалысу болды. Дегенмен өнер деген күрес майданында жеңіске жеттік. Оның кілті – әрине ұлттық, халық әндерінен алыстамау.

Нұрлан АБДУЛЛИН, әнші:
– Менің ойымша, ретро әндер мәртебесін ешқашан жоғалтпайды, қайта жаңғыру бағытынан танбақ емес. Мәселен, қазіргі жастардың өзі ретро әндерді айтуға әуес. Бүгінгі кешке жиналып отырған жастарға қарап-ақ бұл сөзімнің жаны бер деуге бармын. Сондай-ақ ретро әндердің сұранысқа ие болуы – бұл заман талабы. Бүгінгі жастар да ретро жанрындағы әндерге әуес, ынтық. Бүгінгі фестиваль соның дәлелі емес пе?

Мәдина СӘДУАҚАСОВА, әнші:
– Павлодар өңірі мен үшін бөтен емес. Бұл мекенді екінші Отаным деуге болады. Аталарым – Сәдуақас пен Мүбәрак Ақсу аймағының тумалары. Өнер мен тарихқа тұнған бұл өңірге ат басын тіреу мен үшін мәртебе һәм арман да еді. Баянауылға алғаш рет келсем де, осы мекеннің киесі мен қасиетін сезініп тұрғандаймын. Болашақта Павлодар облысына жиі келіп тұрамын деген ойдамын.


«Алдаспан» 3D форматында бейнебаян түсіріп жатыр
«Алдаспан» тобы жыл соңына дейін үш альбом мен бірнеше бейнебаянды жарыққа шығарады. Қазақ өнеріне электр домбыраны енгізіп, тың жаңалық ту­ғыз­ған олар енді ешкімде жоқ бейнеклип түсірмек. Клиптер 3D форматында болады.
Құрылғанына көп болмаса да, талайларды таңғалдырып үлгерген «Алдаспан» тобының жаңалығы да аз емес. Электр домбыраны дүниеге әкеліп, қазақ өнерін әлемге паш етуді мақсат тұтқан өнерпаздардың жуырда бірден үш альбомының тұсаукесері болады. Топ жетекшісі Нұржан Тойшының айтуынша, альбомдарға қоса, жыл соңына дейін бір емес, бірнеше бейнебаян жарыққа шығады. Оның ішіндегі екі әннің бейнеклипі 3D форматында болмақ. Дарынды домбырашылар көршілес мемлекеттерде концерт­терін өткізуді жоспар­лап, «Қазақстан бары­сы» жобасының әнұ­­ранын әзірлеп жатыр.


Нұржан Тойшы, «Алдаспан» тобының жетекшісі:
– Күзде жарыққа шы­­ғатын альбомда­рымыз әлі күнге өңделіп жа­тыр. Сол себепті тұсаукесердің өтетін күнін нақты айту қиын. Шамамен тамыз айының аяғында болмаса, қырқүйекте өтеді деп жоспарлап отырмыз. Ал ол альбомдарды қаржыландырған – ҚР Тұңғыш Президенті қоры. КТК телеарнасы «Қазақстан барысы» атты қазақша күрестен жарыс ұйымдастырмақ. Сол доданың әнұранының сөзін – Роман Бұрқашов, ал әнін біз­дің топ жазды. Жоба ұйымдас­тыру­шы­­ла­ры­мен ара­да жүргізіліп жатқан келіссөздер әлі толығымен аяқталған жоқ. Егер біз ұсынып отырған әнұран қабылданып, құжаттарға қол қойылса, жарыстың ақтық сынында, күрес алаңында орын­дауымыз мүмкін. Әннің аты – «Барыс». Біздің нұсқа телеарна басшылығына немесе жоба жетекшілеріне ұнамай қалған күннің өзінде, біз ол әнді бәрібір орын­даймыз. Күзде Қытайдың жеті қаласында концерт өткізбекпіз. Біздің топ­тың ең басты жаңа­лығы – «Ұлы көш» әніне түсі­рілетін бейнебаян. Ол 3D графикасымен әзір­леніп жатыр. Сондай-ақ тағы бір әнге дәл осындай үлгіде бей­нек­лип түсіру жос­парда бар. Ол – қа­зақ өнерінде бол­ма­ған, жаңа стильдегі «Бір елу» әні.
Сандуғаш СҰЛТАНҚЫЗЫ


Алашыңа ән сыйла!

Қазіргі қазақ әнінің салмағы жеңілдеп бара жатқанын құлағымыз естіп жүр. Рухты жанып, жігерімізді серпілтетін жаңа есті әндерге зәру екеніміз рас. Бүгінгі әннің әсіресе сөздері тым қарабайырлау болып бара жатқанын да айтпасқа болмас. Құдайға шүкір, қазақ – ақын халық. Тамаша жырларымен оқырманын сусындатып келе жатқан таланттарымыз да жоқ емес. Тек жақсы әнге мәнді де мағыналы сөз таңдай білсек. Осы орайда біз «Алашыңа ән сыйла» айдары арқылы патриоттық рухтағы жаңа әндердің тууына аз да болса өз септігімізді тигізсек дейміз.
Жаңа айдарымызда әр апта сайын белгілі ақындарымыздың ауыл, ел, туған жер, Отан жайлы патриоттық рухтағы бір өлеңін ұсынып келеміз. Музыкадан сауаты бар, әнге жақын өнерпаз ағайын, Сіз біз ұсынған ақынның өлеңін сазды әуенмен көмкеріңіз. Қадірлі оқырман, бұл жолы сіздердің назарларыңызға қазақтың көрнекті ақыны Күләш Ахметованың «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» арнасынан асқақ үнмен оқылып жүрген «Сен – қазақсың!» атты отты жырының бір бөлігін ұсынып отырмыз.


                            Сен – қазақсың!                                                          

Сен – қазақсың!
Қазақ деген ел бөлек,
Қазақ салған соқпақ бөлек,
                                                  жол бөлек.
Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр,
Шаңырағы күн сияқты дөңгелек.

Сен – қазақсың!
Ұлы дала – тұғыры.
Күмбір-күмбір
                           күрескерлік – ғұмыры,
Тірескеннің дірілдеткен тізесін
Тұлпарыңның тұяғының дүбірі!
 Сен – қазақсың!
Алғызбайтын барыссың!
Ар – ожданның асқағысың,
                                                 намыссың!
Тағдырыңды танығысы келгендер
Тасқа басқан тарихыңмен
                                               таныссын!

Сен – қазақсың!
Отаншылсың, тектісің!
Досыңа адал, дұшпаныңа кектісің.
Бұл далаға мұрагерлік, иелік –
Ұрпақтарға ұлы аманат деп түсін.


Егер осы өлең жолдарын оқып, жүрегіңізді ән тербесе, редакциямызға хат жолдап, хабарласыңыз. Сондай-ақ, газетіміздің келесі нөміріне өз жырын жолдайтын ақын ағайындардан да еңселі жыр күтеміз.


ST brothers – ұлттық джазды дамытушы дуэт
Фольклорлық-этнографиялық музыка, джаз және битбоксинг. Қазақ эстрадасында стилі бөлек жаңа жоба пайда болды. ST brothers – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған ағайынды Нұрмолдаевтардың дуэті.


Халық аспаптарының құлағында ойнайтын алтын асықтай қос жігіттің дуэті биыл наурыз айында құрылды. Ал Астана күнінде Қазақ елі монументі алдында өткен гала-концертте жаңа жобаның тұсауы кесілді. Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консервато­риясын домбыра және арт-менеджер маман­дықтары бойынша тәмамдаған жас музыканттар біз үшін тың санала­тын этно-джаз бағытын ұстанып отыр. Ағайынды Нұрмолдаевтар – халық аспап­тарында ойнаудың қас шебері. Әсіресе, Серік домбыра, сыбызғы, сазсырнай, шің­кілдек, шаңқобыз, шертер, жетіген, тас­тауық, даңғыра, дауылпаз, бас дом­быра және фортепианода ойнайды. Жігіттер джазға этнографиялық бояу­мен бірге битбоксингті, яғни ауыз қимы­лымен ыр­ғақ соғуды қосып отыр. Зама­науи ырғақ ойнату – Тоқтардың өнері. ST brothers репертуарында халық әндері­нен бастап, қазіргі заман композитор­лары, авторлық шығармалар және әлемдік джаз туынды­ла­ры болады. Дуэт жуырда өзінің алғаш­қы төл туындысы – «Бауырым» әніне бейнебаян түсірді. Ән баяу әуенмен бас­та­лып, көңілді ырғаққа ауысады. Шы­ғар­мада қос бауырдың туыстық сезімі мен балалық қылықтары тұнып тұр. Бейнебаянды  ғаламтордағы https://www.youtube.com/watch?v=IpSpnUbT_UA бетінен көруге болады. ST brothers шығарма­шылығына қазірдің өзінде қызығушылық жоғары. Бұған дуэттің алғашқы әнінің «Авторадиодағы» «Жұл­дыз­дар шеруі» бағдарламасында алдыңғы орындардан көрінуі дәлел. Нұрмолдаевтар – республи­калық және халықаралық байқаулардың лауреаттары. Жуырда ғана Астанада Қорқыт атындағы халы­қаралық фести­вальде Серік Нұрмолдаев сыбызғы аталы­мы бойынша жүлдегер атанды. Сегіз қырлы, бір сырлы Серіктің «Тұран» фо­ль­к­лорлық-этнографиялық тобының мүшесі екені белгілі. Ол бұл топтан кеткен жоқ, екі шығармашылық ұжымда да қатар жүре бермек. Себебі «Тұранның» да, ST brothers-тің де илей­тіні – бір тері­нің пұшпағы, халық аспап­та­рының үні мен ұлттық әуендерді әлем­ге таныстыру.

Серік Нұрмолдаев, ST brothers дуэтінің әншісі, әрі продюсері:
– Халық аспаптарының барлық түрінің басын қосып, қазақ эстрадасындағы жаңа бағыт – этно-джазды ұстануымыз – біздің басты ерекшелігіміз. Дуэт мүше­лерінің әрқайсысы 10-нан астам аспапта ойнай алады. Бұған қоса, Тоқтар бит­бокс­­ты меңгерген. Қазір репертуары­мызды толықтыру­мен шұғылданып жатырмыз. Келешекте халық аспап­та­рымен әлемдік джаз туындыларын да қамтуды ойлаймыз. Сонымен бірге, басқа дуэттермен және танымал жеке орын­дау­шылармен қосылып, ән шырқау жос­парда бар.

Болатбек МҰХТАРОВ


Жас бишілеріміз үш «Алтын медаль» алып келді
Соңғы жылдары қазақстандық жас таланттар бекзат өнер саналатын – балет саласында көптеген жетістіктерге жетуде.Жақында ғана еліміздің шебер бишілері Латвияда өткен Халықаралық байқаудан табысты оралды.
Шығыс Қазақстанның дарынды балаларға арналған облыстық маман­дандырылған балет мектебінің тәр­бие­ленушілері осы елдің Юрмала қала­сында ұйымдастырылған «Арабеск-2012» Халықаралық хореографиялық фести­валь-байқауында үш бірдей  «Алтын медальға» қол жеткізді.
Шығыс Қазақстанның жас балет бишілері осының алдында ғана Болгарияда өткен беделді халықаралық байқаудан екі алтын және бір күміс медаль иеленіп, олжалы оралған еді.
«Арабеск» фестивалі биыл 12-рет ұйымдастырылып отыр. Бекзат өнер­дің биігін бағындырғысы келетіндерді сынға түсірген байқауға осы жолы мың­ға жуық жас таланттар қатысты.

Беттің продюсері – Мәриям Әбсаттар e-mail: mauka2004@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста