Алаштың КИНОиндустриясы

Алаштың КИНОиндустриясы

Кішкентай көрерменнің үлкен қасіреті
Өмірді ұзар­тудың бір-ақ жо­лы бар, ол – ұрпақ өр­біту. Әрине, балақтан ба­ла саулату, Мақаш аға­мыз­ша айтқанда, «бэби бумның» жөні бөлек. Алай­да атам қазақ қа­шан­нан: «Е, Құдайым, бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер», – дейтін халық. Біздің сөз еткіміз келіп тұ­рғаны да – осы мә­се­ле. Байқайсыз ба, бүгінде «бауыр етіміз, көз нұрымыздың» жа­нарында ауыр мұң тұр... Ол не мұң?
Осы бізде коммерциялық кино, ав­тор­лық кино деп фильм түсіріп жатқандар же­терлік, алайда соның ілеуде біреуі ғана кіш­кентай көрерменге лайықталып тү­сі­ріл­се түсірілді, болмаса, ол да жоқ. Есесіне, бүл­­діршін санасына жат фильмдер легі жыл­­дан-жылға өршелене ену үстінде. Со­ның кесірінен балалар қазір жастайынан қа­ғынып, кейбірі тіпті туған әке-шешесі таңға­ларлықтай қылықтар танытады. Төменгі сы­нып оқушыларының арасында бүгінде сы­ныптағы балаға (олар үшін жігіт қой) та­ласып, бір-бірінің шашын жұлған қыз­дар­­дың ісін неден, кімнен көреміз? Теле­ди­­дардан көргені де. Бала да – бір, әлі еш­теңе егілмей жатқан тың жер де – бір. Не ексең, соны орасың. Біз бүгін баланың тың са­насына не егіп жатырмыз? Алдымен ке­ше­гі тарихқа үңілсек...

Кеше...
...қазақтың көркемсуретті балалар ки­но­­­­­сы­ның негізін қалаушы – А. Қар­­­­сақ­баев. «Менің атым Қожа» филь­мі­­­­­нің бас­ты ерекшелігі, Қожаның ішкі жан-дү­­­­ние­сі ұлттық мінез-құлықпен ұштасып жат­­­­ты. Абдолла Қарсақбаев үрдісі Қ.Қа­сым­­­­беков­тің «Шоқ пен Шер» (1972), Т.Те­­меновтың «Қайдасың, Чапай» (1984), «Торо» (1987) фильмдерінде жалғасын тап­ты. «Жаңа толқын» бағыты бас­та­ма­сы­ның нышаны Қ.Салықовтың «Балкон» (1988) фильмінен бастау алды. Г. Әбі­кее­ва­­ның тұжырымы бойынша, Олжас Сү­лей­меновтің поэмасы негізінде түсірілген ре­жис­сер Қалыбек Салықовтың «Балкон» фильмінде жаңа кейіпкер пайда болды. 50-60-шы жылдар аралығындағы «жы­лы­мық» кезеңнің рухы өте жақсы берілген фильм оқиғасы – Алматының сол жыл­да­ры «Бродвей» деп аталатын орта­лы­ғында өтеді. Бас кейіпкер Айдар – бір жа­ғынан жетім, сталиндік ре­прессияның куә­гері, ал екінші жағынан – қоршаған орта мен уа­қыт өзгеріске ұшыратқан бейне.
«Айналайын» (реж. Б.Қалымбетов) филь­мінде Қазақстандағы атомдық сы­нақ­­тардың қасіретінен жапа шеккен, бір-бі­ріне ғашық екі жас жеткіншектің тағдыры су­реттелсе, «Адамдар арасындағы бөл­тірік» (реж. Т. Теменов) кішкентай адамның ру­хының «биіктігі» туралы көпшілікке бей­мәлім «аралды» ашып берді. Шешесі бақыт іздеп үлкен қалаға кеткен, әже қо­лында тәрбиеленген Самат бөтеннің кө­ке­йін­дегіні көзінен танитын сезімтал, алған бе­тінен қайтпайтын өршіл де қайсар бол­ғанмен, жан дүниесінің тұңғиығында жал­ғыз­дықтан жапа шегеді. Режиссер баланың ішкі жан дүниесі мен қоршаған ортаны бөлтірік арқылы керемет үндестіре білген. Бөлтірік те – бір, бала да – бір.

Бүгін...
2000 жылдан бастап күні бүгінге дейін ба­ла бейнелері бар бірнеше фильмдер тү­сі­ріліпті. Олар – Ә.Қарақұловтың «Жы­ла­ма» (2001), С.Нарымбетовтың «Қыз­жы­ла­ған» (2002), Р.Әбдірашевтің «Қа­­­ладан кел­­ген қыз» (2004), «Сталинге сый­лық» (2008), Д.Манабайдың «Қазақи оқиға» (2006) фильмдері. Осы ретте жал­ғыз­дықта өмір кешіп жатқан әке мен бала ар­асын­дағы достық байланысы қазақ ки­но­сын­да алғаш рет көрсеткен Д.Са­ла­маттың «Әкем екеуміз» (2008) фильмі болса ке­рек.
Балалар киносының ең соңғы, әлі сия­сы кеппеген туындыларына Е.Нұр­мұ­хам­бе­товтің экшн жанрындағы кинохикаясы «Аң­­шы баланы» (сценарий авторлары С.Елу­бай, Е.Нұрмұхамбетов, Б.Елубаев), Ә.Сү­л­еева мен А.Райбаевтың фан­тас­ти­ка­лық жанрдағы «Жеңіс жебесі» фильмін, сон­дай-ақ заманауи тех­но­логияның мүм­кін­­­шілігімен ұштасып, қазақ ки­носында тұң­­­ғыш рет фэнтэзи жанрында балаларға ар­­­­н­алған А.Ибраевтың «Аңыз кітабы, құ­пия­­лы орман» (сценарий авторы А.Иб­раев) фильмдерін жатқызуға болады.
Байқағанымыздай, бізде кішкентай кө­рерменге арнап түсірілген туындылар бар. Аз, бірақ бар ғой. Мәселе, осы бар­дың өз көрерменіне жетпей тұрғандығында бо­лып тұр ғой. «Ақ көйлегім бар дейсің, оны неге кимейсің?» деген ән бар еді ғой. Сол ай­тылғандай, жоғарыда аталған фильм­дер де бір, баяғы әжелердің қит етсе, «той­ға кием» деп сақтап қоятын біркиер киі­мі де бір. Қайта біркиер ба­қыт­тырақ. Се­бебі қа­зақта той көп қой. Ал біз­дің бұл фильм­де­ріміз жылына екі, әрі кет­кенде үш-төрт рет қана арналардан көр­сетілсе жақ­сы, бол­маса, ол да жоқ. Есесіне, ба­тыстың ша­ла­жансар аударма фильмдері күн сайын эфирді берер емес. Жә, бәлкім, бү­гін нарық заманы дерсіз, ол заманның та­лабы бо­йынша кино тауар шығар. Дәл қа­зір біз­ге өзіміз түсірген киноларды көр­сет­кен­нен батыстық фильмдерді сатып алып, ау­да­рып берген әлдеқайда арза­ны­рақ түсетін шы­ғар. Бірақ ақшадан да қым­бат нәрселер болады емес пе? Бала санасы сон­дай бір ба­ға жетпес құндылығымыз емей, немене? Ал біз...

Адам түгіл, баласына жануардың жалаң бұтын көрсетпеген жұрт...
«Ұлы сөзде ұяттық жоқ», «Ұмай ана­мыз­дың» жүрісі анау: басқа емес, ба­ла­ларға арналған арнаның төрінде төсі то­с­та­ғандай, етегі белден екі-ақ елі төмен бо­лып. Әлде балаларға арнап телесериал тү­сіріп бердік қой деп «Санжар мен Қай­сарды» айтасыз ба?.. Мәселе, сіз оның кіш­кен­тай көрерменге берер тәрбиелік мәні не, соған үңіліп көрдіңіз бе? Таңнан қара кеш­­ке дейін бірімен-бірі қырқысып, аузы­на кел­­генді айтатын бұл екі баланы өз ба­сым ба­­­лаға үлгі етерлік кейіпкер дей алмас едім. Бұдан басқа, батыстың аударма фильм­­дері мен анимацияларына өзіңіз бір сәт көз тастап көріңізші, «балам үйде, те­ле­дидар қарап, тыныш отыр» деп қоя сал­май. Бала санасына жат небір қылықтарға куә боларыңыз анық. «Ұят дегенді өлімнен ар­тық санайтын халықпыз» дегенде бә­ле­дей­­міз, бірақ фин жұртының ар-ұяты мық­ты екен. Финляндияда Дональд Дак атты үй­рек басты кейіпкері болып табылатын ани­­мацияны көрсетуге қатаң тыйым са­лы­ныпты. Неге деңізші? Сондағысы әлгі үй­рек­тің бұтына шалбар кимейтіндігі үшін. Қан­­дай өнегелі іс?!. Көзін тырнап ашқаннан жалаңбұт жануар көріп өскен баланың беті ашы­лып, бірте-бірте тіпті адамды жалаңаш көр­се де селт етпейтіндей еті үйреніп кет­пе­сін деген идеология. Респект! Ал Мы­сыр­да бюджеттік қаржы тек қана ба­ла­лар­ға арналған фильмдер мен деректі фильм­­­дерге бөлінеді екен. Бұл не деген сөз? Себебі деректі фильм бір елдің өткен та­­рихы болса, балаларға арналған фильм – на­ғыз келешек ұрпақты тәрбиелейтін құ­рал.

• Финляндияда Дональд Дак атты үйрек басты кейіпкері болып табылатын ани­ма­цияны көрсетуге қатаң тыйым салыныпты. Неге деңізші? Сондағысы әлгі үйректің бұтына шалбар кимейтіндігі үшін. Респект!
Мысырда бюджеттік қаржы тек қана ба­лаларға арналған фильмдер мен де­ректі фильмдерге бөлінеді екен. Бұл не деген сөз? Себебі деректі фильм бір елдің тарихы болса, балаларға арналған фильм – нағыз келешек ұрпақты тәрбиелейтін құрал.

Дауысқа салсақ...
Бүгінгі киногерлер жаңа заман талабына сай са­палы әрі қызықты балалар фильмін түсіреді деп сенім арта аласыз ба?
1. Иә – 40 %
2. Батыстық киноларға жету қайда?!. – 5%
3. Шәкен Айманов, Абдолла Қар­сақ­баев­тар­мен бірге балалар фильмінің де «базары» тар­қа­ды – (55%).

Қысқасы...
Олай болса, біз де үйдегі кіш­­кентай көрерменіміздің қамын ой­ла­йық­шы. Біздің елімізде кино саласы да­мудың даңғыл жолына түсу үшін, ең бі­рінші кино туралы арнайы заң керек. Не үшін? Ұлттық келбетімізді көрсететін ұлт­тық киноларды көптеп жарыққа шығару үшін, сонымен қатар, осы уақытқа дейін тү­сірілген туындыларды сараптау үшін. Жә­не де кино саласын қаржыландыру мә­селесін шешу үшін. Екіншіден, бардың өзін ба­ғалап, фестиваль кезінде ғана шы­ғар­май, балалар көретін киноларды те­ле­ар­на­ларымыз прайм-тайм кезінде көрсетсе, ең құрығанда, аптасына бір рет. Ки­но­театр­лар да әсіресе осы жаз маусымында тым болмаса аптасына бір күн балаларға арнап қазақ киноларын ұсынса... Әйтпесе, анасын күткен жетімдер үйінің тұрғыны секілді, «менің кином қашан келер екен?» деп, жанары жәутеңдеп қазақ баласы жүр.

Мәриям ӘБСАТТАР


Кино-жаңалық
«Жерұйық» Шукшин фестиваліне қатысуда
Сламбек Тәукеловтің «Жерұйық» фильмі XV бүкілресейлік Шукшин ки­но­фес­ти­валінің конкурстық бағ­дар­ла­ма­сы­на қа­ты­суда.

Аталған кинолентаға кезінде Қиыр Шы­ғыс, Кавказ, Еділ бойы ай­мағынан Қа­зақстанға де­пор­тацияланған корей ұл­ты өкіл­де­рінің тағдыры арқау болған. Не­бір қиын-қыстау күндерді ба­сынан өт­­керіп, талай сын-сы­нақ­қа тап болған жан­дар өмірі фильмде шынайы баян­дал­ған. «Фестивальдің конкурстық бағ­дар­ла­ма­сына «Жер­ұйықтың» ірік­те­ліп алы­нуы он­дағы қозғалған мә­се­леге, кө­­терілген тақырыпқа ұйым­­дас­­ты­ру­шы­лар­дың бей­жай қарамағандығын біл­­діреді», – дейді ре­­жиссер.
Шукшин кино­фес­ти­валінің бас жүл­­де­сінен «Жер­ұйықтан» басқа алты фильм үміт­кер. Олар – Н.Ле­бедевтің «Ле­­генда №17», А.Касаткин мен Н.На­за­­рованың «Дочь», С.Лоз­ницаның «В ту­­мане», П.Пар­­­хо­менконың «Гагарин. Пер­­вый в кос­мо­се», А.Карпи­лов­ский­дің «Част­­­ное пио­нерское», Н.Бе­ляус­кененің «Ес­­ли все...» кар­ти­налары.


Кино-жоба
Қазақстандықтар қаржылай көмек беруден қалыс қалды

«28 панфиловшы» фильмінің түсіріліміне ресейлік Boomstarter.ru қозғалысының көмегімен ерікті демеушілерден 3 млн рубльден (15 млн теңге) астам қаржы жиналыпты.
Қаржы жинау шарасын ре­жис­­сер Андрей Шальопа же­тек­­шілік ететін Санкт-Петербург сту­диясы ұйым­дас­тырған. Сту­дия мамандары фильмнің сце­на­рийін дайындаған, түсіру шы­ғы­­ны мен түсірілім жоспарын – бәрін ой­ла­с­­тырып, түсіретін жер­ді де тауып қой­ған. «Бізге Пан­филов дивизиясы жауын­гер­­лерінің туған-туыстары, тіпті ге­нерал Пан­филовтың немересі Алуа Бай­қа­дамова да хат жазып, ха­барласты. «28 панфиловшыға» әр­кім өз мүм­кін­дігінше үлес қосты, де­меу­шілік жасады. Мә­селе кімнің қанша бер­гендігінде емес, жүректен шыққан шынайы се­зім­нің бәрі бағалы», – деп есептейді А.Шальопа.
Кәсіби тұрғыда көмектесуге 200 ерік­ті ниет білдіріп отырған көрінеді. Олар­дың арасында та­ри­хи рекон­струк­торлар, мұрағат қыз­меткерлері, ак­­тер­лер, та­рих­шы­лар, көлік жүр­гі­зушілер, фо­­тографтар тағы басқалар бар. Сце­на­­риймен жұмыс барысында А.Шальо­па соғыс ардагерлерінің ес­те­лі­гіне, сосын, әрине, Бауыр­жан Мо­мыш­ұлы­ның еңбектеріне сү­йен­ген­дігін ай­тады.
Батырлар Отаны – Қазақстанда пан­­­­­фи­ловшыларға ескерткіштер тұр­ғы­­­­зылған. Алайда күні бүгінге дейін отан­­­дық режиссерлер 28 пан­фи­лов­шы­­лар ту­ралы айтуға тұрарлықтай тұ­шым­­ды дүние түсірген емес. Мұ­ның сыр­тында ҚазТАГ мәліметіне сү­йен­сек, Boom­starter қоз­ғалысына қа­тыс­қан 4 мың де­меу­ші­нің арасынан қа­зақ­стан­дық­­тар та­ра­пы­нан көрнекті де­меушілер бой көр­сет­пеген көрінеді.


Кино-шежіре
Тарих үшін жасалған тарлан туынды
Қазақ кино өнерінің тарихында алтын әріптермен жазылған, өткеніміздің өміршең құндылығын көкірегімізде сайратып, көз алдымызда ойнатқан «Қыз Жібек» фильмі – ғасыр киносына айналған шоқтығы биік туынды. Қазақ даласының дарқан философиясын бойына сіңірген бұл көркем туындының кезінде өмірге қалай келгенін, фильмге байланысты қандай жайттардың орын алғандығын біреу білсе, біреу біле бермейді. Біз төменде солардың бір парасына ғана тоқталмақпыз.

Жарыққа шыққанына 40 жылдан астам уақыт өтсе де, халықтың «Қыз Жі­бек» фильміне деген сүйіспеншілігі еш суы­­ған емес. Бұл – өне бойына қазақ ұл­ты­ның болмыс-бітімін, мінез-құлқын, тағ­­дырын, салт-дәстүрін, тарихын жиған тар­­лан туынды. Мұның бәрі, әрине, та­лантты ре­жиссер Сұлтан Қожықовтың та­бысты ең­бегінің жемісі. Фильмді түсіру ба­­ры­сында режиссер көп кедергілерден өтті. Көп адам киноның шығарма же­лі­сінен бір­де-бір ауытқымай, сол қалпында тү­сі­ріл­генін қалады. Сценарий авторы Ғ.Мү­сі­ре­пов пен режиссер арасында да бі­раз ке­­­­ліспеушіліктер болды. Бірақ ке­йін­нен фильм жарыққа шыққан соң Ға­бит Мү­сі­ре­­­­повтің өзі: «Енді мен бұл фильм үшін оп­­­позиционер емеспін. Ме­нің ойымша, фильм жақсы шыққан…», – деп ағынан жа­рыла ықыласын біл­дір­ген екен.
Өткен тарихты қайта тірілтіп, халықтың дәс­түр-салтын, ұлттық құндылығын, дү­ние-мүлкін, киім-кешегін, салтанатты ғұ­мырын жаңғыртып, шынайы келбетін беру үшін суреткерден ғаламат қиял мен зерделі зерттеушілік қабілет талап етілді. Сұлтан Қожықов өзіне де, шығармашылық топқа да «Біз халықтың киносын жасаймыз. Бүкіл қазақтың байлығын көрсетеміз» деген үлкен жауапкершілік пен мақсат қойды. Ки­ноға бөлінген қаржының мардымсыз екен­дігіне қарамастан, Қожықов тобы жоқ­тан бар жасайды. Тіпті киноға керекті киім­дерді, әшекей бұйымдар мен ас­пап­тар­ды Қытай қазақтарынан сұратып ал­дыр­тады. Енді бірде Қыз Жібектің тойға киетін көйлегіне қымбат мата таппай, біраз әу­реленеді. Сол кезде биші Шара Жиен­құ­ло­ваның мерейтойы өтіп жатады. Көздің жауын алатын, жалтыраған әсем көйлек кино түсірушілердің көзіне оттай басы­ла­ды. Сән-салтанаты төгілген жібек көйлегін Ша­радан аттай қалап, сұрап алады. Шара да еш қарсылықсыз, көйлекті сыйға тар­тыпты. Киноның көркем түрде безендірілуі үшін мыңнан астам эскиз жасаған Гүл­фай­руз Ысмайлова осындай жайттарды еске ала отырып, режиссердің азаматтығы мен ұлт­жанды қайраткер ретіндегі адал ең­бек­кер­лігіне тәнті болғанын айтады. Бірде Гүл­фай­руз апай: «Рөл ойнап жүрмін, кастюм ті­гемін, эскиздер жасаймын, сонда да ала­ты­ным – тиын ғана», – деп ренжігенде Сұл­­тан Қожықов: «Фильм тарих үшін жа­са­лып жа­тыр. Ертеңгі ұрпаққа сенің қанша ал­­ға­ның емес, сен жасаған кино керек. Ұл­тыңа те­­гін еңбек ете алмайсың ба?» – деген екен.
Ақырында көрерменнің жан дүниесіне те­­рең бойлайтын көлемді эпикалық туын­ды жасалды. Бүкіл болмысымен қазақ мә­дениетін, қазақ тарихын ұлықтап тұрған ки­­н­о­картинаға, өкінішке қарай, кеңестік сая­­саттың салқыны тимей қалған жоқ. Фильм экранға шыққанға дейін кейбір тұс­­тары қысқартылып, ұлттық тұр­мы­сы­мыз­­ды, қазақтың ұлан-ғайыр байлығын көр­­­сеткен небір картиналар алынып тас­талынды. «Қазақ даласын социалистік дә­уірден де ерекше гүлдендіріп жіберген» деген теріс қағиданың алға тартылуы сал­да­рынан кинодағы қазақтың сән-сал­та­на­ты төгілген сұлу көші, батырлармен шай­қас­қан қалың қолы қысқартылып, ке­ре­мет той-жиындар мен молынан төгілетін жа­сау-жабдықтар көрінісі шорт кесілді. Алай­да аз да болса мәнді, мағыналы дү­ние жа­саған Қожықов фильмі көрермен та­­ра­­пынан лайықты бағасын алды. Ұлттық құн­­ды­лығымызды дүйім жұртқа аян еткен «Қыз Жібекті» көргенде әлемге танымал су­­ретші Роже Сомвиль: «Бүгінгі фильмдер эк­­раннан қатыгездікті насихаттайды, ал мен адамға деген сыйластықтан туған кар­ти­­наны көрдім. Бұл ретте қазақтардан үй­ре­­нетін нәрсе көп екен», – деп мойындаса, орыс­тың әйгілі кинорежиссері В.Шукшин: «Сұл­тан, сен тамаша туынды жасадың. Се­нің ұлтыңның осындай әдемі екеніне там­са­нып тұрмын», – деп шынайы ри­за­шы­лы­ғын білдірген екен...

Маман пікірі
Серік ЖАРМҰХАМЕДОВ, режиссер:
– «Қыз Жібек» – қазақтың «аспаннан түскендей, құдай бер­гендей» сыйы. Ол – қазақ киносының эталоны, фи­ло­со­фиясы, нәзіктігі, ұлттық болмысының жиынтығы. Сұл­текеңнің режиссерлік шеберлігі өз алдына, «Қыз Жібекке» Ға­беңнен бастап, Нұрғиса Тілендиев, Олжас Сүлейменов, Асқар Сүлейменов бастан-аяқ атсалысқан. Ұйымдастыруда Ка­мал Смайловтың да рөлі басым. Бұл – қазақ зиялы­ла­ры­ның бір-бірімен түсінісе отырып, ұлттық идеяны беруге жұмыла кіріскендігінің нәтижесі.

Гүлжан ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, кинотанушы:
– Қазақ киносының тарихында экрандық шығарма заң­дылықтарын сақтай отырып, әдеби нұсқадан ұтымды эк­ран­далған «Қыз Жібек» фильмі қазақтың ұлттық танымын, салт-дәстүрін толыққанды жеткізе білген үздік шығарма үл­гісі ретінде бағаланады. Экрандық шығарманың ма­ңыз­дылығы—мұнда, «Қыз Жібек» поэмасында негізгі желі бо­лып табылатын екі жас арсындағы ғашықтық сезім оқиғасы күр­делі өңдеулерден өткізіліп, дәуірдің ұлт сипатына сәй­кес әлеуметтік мәселесі деңгейіне дейін көтерілген. Фильмде жеке детальдар, көркем табиғат, музыка ерекше орын алып отыр. Әсіресе табиғат көріністерін айрықша се­зім­мен бере алған бейнелік қатар мен дыбыстық қатардағы ше­шім үндестігі бас кейіпкерлердің сезім пернелеріндегі не­бір терең тұстарын ашып береді. Екі жас арасындағы нә­зік сезім еларалық тарихи оқиғалар тұрғысынан си­пат­та­лып, фольклорлық шығарманың әлеуметтік маңызын тағы бір жоғары сатыға көтеріп отыр.

Гүлбаршын ЫДЫРЫСБАЕВА


Бетті дайындаған «Өркениет» бөлімі

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста