Алаштың КИНОиндустриясы
Сағымға айналған фильмдер қайда?
Қазақ киносы дегенде айтылар әңгіме аз емес. Ауыз толтырып мақтайтындар да, қол қусырып сынайтындар да жетерлік. Және әркімдікі дұрыс. Дұрыс болатын себебі, қазақ киносының жағдайының өзі осылай болып тұр. Демек, қандай да бір пікірлер айтылып, бүгінгі барымыз барынша бағаланып жатыр. Біз ол тақырыптарды айналып өтіп, кешегі көзайымдарды жоқтап отырмыз.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бүгінгі жаңа толқын, жас буын қазақ киносы дегенде айналдырған он-он бес фильмді ғана елестететін күйге түсті. Басқасын білмейді. Білмейтін себебі көрсетілмейді. Еліміздің басты арналарының да қазақ киносының күндері дегенде көрсететіндері де сол баяғы тізімдегі картиналар. Сонда қазақта басқа кино жоқ па? Кешегі күні миллиондаған көрерменнің көзайымына айналып, сүйікті фильмі болған кинолар бүгінгі күні эфирден неге көрсетілмейді? Көркемдігі төмен, жаңа заманның талабына келмейді деп айта алмас едік. Сонда не себеп?
Бұрынғы кинолардың ішінен жиі көрсетілетіндері дегенде «Қыз-Жібек», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады», «Гауһартас» сынды дүниелермен шектеліп қаламыз. Екі қол түгіл, бір қолымыздың да саусағына әрең жетеді екен. Басқа-басқа, «Көксеректі» көрмегеніңізге қанша болды? Құрмашты аяп жылаған күніңізді ұмытпаған боларсыз. Сол фильм арқылы ұл-қызыңыздың, немереңіздің сезіміне қозғау салсаңыз жаман ба? Өкінішке қарай, бүлдіршіндеріміз қасқырды «Көксерек» арқылы танудың орнына «Ну, погодидегі» ақымаққа балап жүр. Жоқ болса бір сәрі. Барды неге көрсетпей отырғанымыз жанымызға батады. Осы тақылеттес «Адамдар арасындағы бөлтірікті» көзіміз шалмағалы көп болыпты. Жадымызға жатталып қалған елесін малданып жүрміз. «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» атты балалар киносындағы басты кейіпкер баланың басынан кешкен оқиғалар өз өмірімізден орын алса екен деп әуреге түскеніміз де күні кеше еді. Сондай әдемі әсерге балаларымыз да бөленсе деген тілек әркімнің-ақ ойында бар шығар. «Шаңырақ» атты кино да өзінше әсерлі еді. «Жансебілдің» жөні мүлде бөлек. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің шығармасының желісімен режиссер Аяған Шәжімбайдың түсірген «Жансебілі» талайдың жүрегін аунатып түсірді емес пе? Ол киноны да ұмыта бастадық. Бұл дегеніңіз, көптен бері көрсетілмегендіктің белгісі емес пе? Аяулы Қасым Жәкібаевтың бейнесін сағынған жұртқа бұл фильмді қайыра көру тоймен тең дер едік. «Махаббат бекетін» көргісі келетіндердің де біршама екенін байқаймыз. Сол сынды «Атаманның ақыры», «Отырардың күйреуі» де телеарналарымызға сор болып жабысқан рейтинг деген пәлені төмендетіп тастамас еді-ау... «Бейбарыс Сұлтан» жайында да айтарымыз осы.
«Біржан сал», «Балалық шағымның аспаны», «Мұстафа Шоқай», «Қош бол, Гүлсары», «Әурелең», «Құрақ көрпе», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Жаужүрек мың бала», «Келін», «Шал», «Аңшы бала», «Саған күшік керек пе?», «Омпа», «Сардар», «Секер» сынды киноларды неше қайыра көрсетті. Көрермен қауым көрді, қуанды. Бірақ бүгінгі керемет үшін қуанған көрерменнің өткенге деген сағынышымен де санасу керек шығар. Сағынышымен санассақ, жоғарыда аты аталған, аталмаған фильмдермен қайыра қауыштыру.
Данияр Саламат, кинорежиссер:
– Кешегі кереметтей фильмдеріміздің эфирден орын таппай отырғанының жалғыз себебі бар. Біз қазір нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Нарық заманында тегін нәрсе жоқ. Бәрі сатылады. Сіз айтқан фильмдердің барлығы да – «Қазақфильмнің» меншігіндегі дүниелер. Телеарналар ол киноларды көрсету үшін сатып алу керек. Ал сатып алайын десе рейтинг жинай алмайды деп қорқады. Ол картиналарды сағынып жүрген азғантай қазақ үшін шығын шығарғысы келмейді. Телеарналар не көрсетсе де ел жаппай көретін дүниелерді көрсеткісі келеді. Ал біз сөз қылып отырған кинолардың бәрі «кассалы» өнімге жатпайды.
Жүрген жерімде қарапайым халық менен де бұрынғы киноларды сұрап жатады. Көргісі келетінін, іздейтінін айтады. Бірақ, амал жоқ, рейтинг деген пәле тағы да алдымыздан шығып отыр. Мысалға айтар болсақ, кез келген телеарна «Көксеректі» көрсету үшін: сол кино арқылы рейтинг жинап, жарнама тауып, тапқан жарнаманың ақшасымен картинаны сатып алған шығынды жаба алуы керек. Олай болмаса қаржыны далаға шашу болып саналады.
Кино арқылы ұрпақты тәрбиелеу деген ұғым қалып бара жатыр. «Қазақфильмде» де «фестивальный режиссерлердің» дәуірі жүріп тұр. Қазақы нақышта түсіргісі келетін режиссерлерге сұраныс жоқ. Біз осы арқылы қазақ режиссерлерімізді жоғалтып аламыз. Оның соңында қазақы ұрпақты жоғалтып алу қаупі тұрғанын елеп жатқан ешкім жоқ. Осылай кете беретін болсақ, қауіпті...
Бейбіт САРЫБАЙ
«Қасым» қазақтың мәртебесін асқақтатты
«Қазақстан» ұлттық арнасының баспасөз қызметінің хабарлауынша Украинадағы радио және телевизиялық бағдарламаларға арналған 4-ші халықаралық байқауда жақында ғана тұсауы кесілген «Қасым» фильмі үздік атанды.
Аталған туынды ел аузында «Партизан Вася» атанған Қасым Қайсеновтің өмірінен сыр шертетіндігімен қымбат, сонысымен асқақ. Себебі Қасым Қайсенов қазақтың ғана емес, кешегі өткен әлемдік соғыста күллі кеңес халқының қаһарман батыры. Соның ішінде украиннің де. Ендеше бізді қуантатынын ел іргесі әлдеқашан сол одақтан ажырап кетсе де, Қасымдай хас батырды украин халқының ұмытпағаны. Өз жерінде өткен кино бәйгесінде олар қазақтың 4 сериялы туындысын үкілеп, «Үздік жанрдағы туынды» деп таныпты.
Көркем туынды идеясының авторы Арман Шораев. Жалпы, жеті номинация бойынша байқауға қатысқан жүздеген телевизиялық, көркем және деректі фильмдердің арасынан суырылып алға шыққан «Қасым» фильмі осылайша қазақ киноиндустриясының биік деңгейге көтерілгенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Жерар – Қадыровты ойнайды
Француздың әйгілі актері Жерар Депардье Шешенстанның тұңғыш президенті Ахмат Қадыровтың рөлін сомдайды. Бұл ақпаратты ресейлік Риа Новости интернет-порталы таратып отыр.
Шешенстанның қазіргі президенті Рамзан Кадыровтың әкесіне арналған көркем фильмнің атауы – «Әке жүрегі». Бұған дейін өзінің шеберлігімен әртүрлі образдарды көрерменнің көңілінен шығарған актердің бұл рөлі ерекше болғалы тұр. Тұтас бір елдің басшысы болған ірі тұлғанының бейнесін сомдау оңай шаруа емес. Бел шеше кірісіп отырғанына қарағанда, Депардье өз талантына сенеді. Мемлекет басшысы болған адамның рөлінде ойнау – актер үшін зор мәртебе. Сол сынды Рамзан Қадыров үшін де әкесінің рөлін Жеррар сынды атағы жер жарған адамның ойнауы абырой болып саналатын сияқты.
Грозный қаласындағы, алып үйдегі бес бөлмелі пәтердің кілтін кіші Қадыровтың қолынан алған актер, үлкен Қадыровтың рөлінен бөлек, бұл елде тағы бір фильмде ойнайды деп күтілуде. Ол сондай-ақ, «Бирюза» қылмыстық триллеріне британдық актриса Элизабет Херлиимен бірге түседі.
«Құбыжықтар» қазақша сөйлейді
Кейінгі кезде еліміздің кино және анимациялар, фильмдер нарығы қазақ тіліне аударылған шетелдің озық туындыларымен толығып келеді. 2011 жылы «Көліктер-2» анимациялық фильмі алғашқы рет қазақ тіліне аударылса, 2012 жылы «Қара киімділер-3» экшн-комедиясы, «Жаңа Өрмекші адам» фантастикалық фильмі және «Батыл жүрек» анимациялық фильмі қазақшаланған болатын.
«Болашақ» қауымдастығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жуырда Disney/Pixar өнімі саналатын «Құбыжықтар университетi» атты анимациялық фильм де қазақ тіліне аударылып, көрермен назарына ұсынылмақ. Бұл фильм ел экрандарына алдағы 20 маусымнан бастап шыға бастайды.
Мультфильмінің дубляжы «Болашақ» қауымдастығының, Marwin компаниясының қатысуымен және «Алтын Қыран» қайырымдылық қорының қаржылық қолдауымен өткізілді.
Фильмді дубляждау жұмысына Лидия Кәден, Дулыға Ақмолда, Руслан Сенкебаев, Азамат Қанапия сынды танымал актерлер мен Бағанашыл кентіндегі №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері де қатысты.
Туындыны дыбыстау жұмыстары еліміздегі Cinema Tone Production студиясында өткен. Дубляждың режиссёрі – Айжан Жәмшітова. Фильмді қазақ тіліне Тұрысбек Сәукетаев және Салтанат Дүнгенбаева бейімдеген.
Бек МЕРГЕН
Қазақ киносы әдебиеттен алыстап кеткен жоқ па?
Қазақ киносы дегенде бірден ойымызға оралатын «Қыз-Жібек», «Менің атым Қожа», «Гауһартас», «Жансебіл» сынды фильмдер әдебиетімізде бар шығармалар. Кешегі күні режиссерлеріміз түсірмек картинасының негізін әдебиеттен алатын. Сол себепті де ол кинолар көптің көңілінен шығатын. Бұл күнде сол үрдіс тоқтап қалғандай. Әдебиетте киноға сұранып тұрған шығармалар жоқ емес, бар. Бірақ режиссерлер тарапынан қозғау болмай тұр. Осы орайда әдебиет пен кинодан хабары бар әріптестерді ойласуға шақырдық.
1. Қазақ киносы әдебиеттен алыстап кеткен жоқ па?
2. Қазақ әдебиетіндегі киноға сұранып тұрған шығарма ретінде қандай шығармаларды атар едіңіз? (5 автордың 5 шығармасы)
3. Сіз атаған шығармалар несімен ерекше? Қазақ киносына, көрерменіне не береді деп ойлайсыз?
Жұлдыз Әбділдә, журналист:
1. Қазақ киносы ғана емес, жалпы, қоғам әдебиеттен алыстап кетті деген дұрыс шығар. Қазіргі кинолардың тақырыбы сіз бен біз күнделікті көріп-біліп жүрген жайттар. Бірақ, бір эпизодтың төңірегінде түсіретіндіктен, олардың сапасы мәз емес. Мәселен, менің ойымша, Дулат Исабековтің «Дерменесіне» немесе Шерхан Мұртазаның «Интернат нанына» кино түсірсе, ол кешегі «Жетімдерден» әлдеқайда сапалы болар еді.
2. Киноға сұранып тұрған шығармалар аз емес. Мысалға, Тынымбай Нұрмағамбетовтің әңгімелерінің желісімен бір емес, бірнеше кино түсіруге болады. Төлен Әбдіктің шығармалары қандай! Өзім Шерағаңның «Қызыл жебесінің» ізімен түсірілген кино болса, іздеп барып көрер едім. Мархабат Байғұттың шығармалары дайын тұрған кино ғой. Сол сияқты, Қалихан Ысқақтың Тәкен Әлімқұлов туралы «Мұң» деген деректі дүниесін жұрттың бәрі мақтайды. Ендеше неге кино түсірмеске? Дидахмет Әшімханның әңгімелері де нағыз киноның тақырыбы. Тек түсіретін адам болса...
3. Қалай болғанда да, киноның тәрбиелік мәні болуы керек. Адам бір ой түюі керек. Егер «халтурщик» жазушының шығармасы бойынша кино түсірілетін болса, ол кинодан да «халтураның» иісі шығып тұрады. Ал жоғарыда мен атаған және аталмай қалған толып жатқан шығармалар қазақы қаламгерлердің қаламынан туған, олар біздің ой-жүйемізге сай келер еді. Тағы айтарым: қазақ балалар әдебиетіндегі үздік шығармалардың желісімен сериал түсіруге не кедергі екенін түсінбеймін.
Ержан Байтілес, журналист:
1. Рас, киномыздың әдебиеттен алыстағаны байқалады. Соңғы жылдары таспалаған фильмдерді ой елегінен бір өткізіп көрейік. Мысалы, «Рэкетир», «Қайрат – чемпион», «Ғашық жүрек», «Өкініш» бастаған кинолар әдебиетке түк қатысы жоқ. Жалпы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында түсірілген жаңа толқын режиссерлердің шығармаларында ауыл, өмір болғанмен, бізге түсініксіз тіршіліктер түсірілетін еді ғой. Сондықтан олардың туындыларына әдеби шығармалар түрткі болған деудің өзі ағаттық. Ал соңғы жылдарда қазақ киноиндустриясы біршама алға жылжыды. «Біржан салдан» бастап. Біржан салдың түсірілуіне әдеби-мәдени әлемнің зор ықпал жасағаны анық. Дегенмен заманауи әдебиет емес. «Жау жүрек мың балаға» қатысты да осыны айтуға болар. Дей тұрғанмен, ол үшін киношыларды кінәлауға болмайды. Өйткені заманның талабы кассалық фильмдер мен фестивальдік кино түсіруге әлдеқашан бұрылып кеткен.
2. Бірден есіме Баққожа Мұқайдың «Өмірзаясы» түсіп отыр. Бұл кітапты тебіренбей оқу мүмкін емес. Киноға лайық туынды. Тынымбай Нұрмағамбетовтің кіршіксіз дүниелерін де экранда ұялмай көрсетуге болады. Бір ғана «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» деген әңгімесінің өзі не тұрады? Сосын Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ ауруын» атар едім. Сонымен қатар жақында Қайнар Олжай «Ботагөз» деген эссе жазды. Киносценарийге сұранып-ақ тұр. Киношылар Дулат Исабековтің қоржынын ақтарса да көп дүниеге жолығар еді.
3. Бүгінгі балалар өмірден Ермұхан Бекмаханов деген дара қазақтың өткенін біле ме, білмей ме? Меніңше, білмейді. Білетіні сол, тарих пәніндегі аз ғана дерек шығар. Баққожа ағамның «Өмірзаясы» осы мықты қазақ туралы ғой. Жалаң сөз деп қабылдамаңыз. Бірақ осы туындыны киноға айналдырса, әрине, кассалық фильм болмас. Десек те, өскелең ұрпақты елін, жерін, тарихын, тұлғасын тануға, сүюге шақыратын туынды болар еді деген ой бар. Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» шығармасының желісінде кино түсірілсе бар ғой, көрермен көк-ішек болар еді. Ол тұнып тұрған өмір ғой. Кино – өмірдің айнасы. Сондықтан әрбір адам өзінің экран айнасынан өзін көретініне сенім кәміл. «Қыпшақ аруы» да рухани байи түсуге зор үлесін қосады деп сеніммен айта аламыз. Себебі онда өршіл рух бар. Бір кездері Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» атты киносын жас-кәрі демей жаппай көрдік қой. Міне, Қайнар ағаның «Ботагөзі» – сондай деңгейден жоғары болмаса, кем шықпайтын шығарма.
Таланттар «ТерриКоНда» тоғысты
Қарағанды қаласында студенттер арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған «ТерриКоН» кинофестивалі шымылдығын жапты. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ұйымдастырушысы Қарағанды «Болашақ» университеті. Фестивальдің аясында студенттер әр тақырыпта қаламыздың маңызды әлеуметтік мәселелерін көрсете білуге ұмтылды. Фестивальдің басты ерекшелігі – оның шеберлікті талап етпейтіндігінде, бастысы – идея құндылығында.
Кинофестиваль аясында операторлық және режиссерлікке байланысты біршама бейнекөрсетілімдер ұсынылып, оған 16-26 жас аралығындағы барлық қала тұрғындары бақтарын сынады. Жалпы алғашқы кинофестивальге түрлі жанрлық үлгіде 4 бөлім бойынша 40-қа жуық бейнетүсірілімдер ұсынылған. Ойнақы фильм, әлеуметтік ролик, авторлық әнге бейнебаян және анимациялық фильмдерге жүлделер бар. Бас жүлде – адамзат атаулының ең басты мәселесінің бірі қазіргі қоғамдағы жалғыздық, адамдар арасындағы достықты көрсете білген «Кайрос» фильмі алды. Авторлары – Шильке Вячеслав пен Шәріпов Әлібек. Бейнебаян жанры бойынша «Ең үздік сценарий» үшін «Ізбасар квартетінің» орындауындағы «Аяулым менің» әніне түсірілген бейнебаянға берілді. Жас әншілер Қарағандының орталық саябағын мысалға алып, екі жастың махаббатын ерекше көңіл толқытарлық көріністермен бейнелей білген. Осы жанрда үздік операторлық жұмыс – «Один» әніне түсірілген «FUGAWZ» тобының бейнебаяны. Әлеуметтік ролик бөлімі бойынша жүлдені қазіргі шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – күл-қоқыстарды ашық көрсетіп, шешу жолдарын ұсынған «Мусорный ветер» аталымында Отращенко Екатерина иеленді. «Choise» жұмысы үшін үздік оператор ретінде Кирилл Оксенко марапатталды. Ойнақы фильмде үздік актерлік шеберлік көрсеткені үшін Нұралин Айдын («Sorrow» фильмі үшін), режиссерлік шеберлігі үшін Анарбек Дулат жеңімпаз танылды. Режиссерлік жұмыстың үздік танылған иесі – «Супер құтқарушы» көрсетілімінің режиссері Ақберді Ақмырза.
Алғаш тұсауы кесілген «ТерриКоН» қысқа-нұсқа кинолар желісін жиған кинофестиваль қаламыздағы жаңашыл идеялы жастардың басын қосып, таланттарды тануды мақсат тұтады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта бұл фестиваль жалғасын табады деп отыр.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды
Бетті дайындаған Өркениет бөлімі