Алаштың КИНОиндустриясы

Абай ОМАРОВ (коллаж)

«Алтын Орда» – үлкен жетістікке жеткен ұлы империя осы шындықты «Орда» фильмінің неге мойындағысы келмеді?
Ресейлік режиссер Андрей Прошкиннің «Орда» фильмі тұсауы кесіле сала Қазақстанға да жетіп үлгерді. XIV ғасырдағы Моңғол империясының күйрер тұсындағы  ахуал мен православ дінінің ізгілігін көрсетуді мақсат еткісі келген фильмнің төңірегінде дау-дамай көп. Өз халқының наным-сенімін ұлықтау жолында өзге бір наным-сенімдегі халықтардың өткен тарихын кемсіту ешқандай өнердің жүгін көтере алмайтыны – заңдылық.
Киноның ұлттың төлқұжаты екендігін ескеретін киногерлер мен зиялы қауым, тарихшылар өмірге келген жаңа туындының осы үдедегі салмағы мен саясатын саралап та үлгерді. Фильмнің режиссері Андрей Прошкин бір сұхбатында: «Біз бұл фильмді түсіру барысында тарихи деректерді мұқият зерттеуді өзімізге мақсат тұтқан жоқпыз. Мен барлық сыншы­ла­ры­ма «шыншыл болғанша, кішкене фан­та­зияға жақын болыңдар» дер едім. Біз тари­хи картинаны емес, аңызды түсірдік», – дейді. Режиссер осылай десе де, фильмнің басы­нан аяғына дейінгі негізгі өзегі көрер­менін аңызға емес, өзінен өзгені кем санау, өзге­ні қор санау принципін алдыға шығарға­нын ғана растайды. Кім қалай десе де, бізге қазақтың белгілі тарихшысы Зардыхан Қиная­тұлының «Еу­разия да­ласында үш үлкен көшпенді дер­жава бол­ды. Бірі – Атти­ланың импе­риясы, екін­шісі – батыс-түрік империясы, үшіншісі – моң­ғол империясы. Үшеуі де – үлкен жетіс­тік­ке жеткен ұлы им­периялар. Бұлар – көш­пенді халықтың туын­дысы. Көш­пен­ді­лер ешкімге ұқсамайтын өзіндік озық мәдениет үлгісін жасады» деген негізді тарихи тұжырымы ұлық. Өзін көшпенділердің ұрпағы санайтын көкірегі ояу ұлттың өзінің киелі тарихын кез келген режиссерсымақтың қияли-аңызымен қорламауын ол фильмнің өз кинотеатрларында көрсетілмеуін талап ету – ел азаматына сын... 
Біраз тарихшылар мен киногерлерге хабарласып, аталмыш фильм төңірегіндегі пікірін, көзқарасын сұраған едік. Көпшілігі фильмді көрмегендіктерін айтып, бас тартты. Бізге үн қосып, «Орда» фильмі төңі­регіндегі ойын қағазға түсірген Мемлекет тарихы инс­титутының директоры, тарих ғылым­ы­ның докторы,  профессор Бүркіт Аяған болды. Ғалымның пікірі де тарихқа бізді бір­та­бан жақындата түсті.
Бүркіт АЯҒАН, «ОРДА»  фильмі туралы бірер сөз:
– Жақында «Православная энцикло­педия» студиясының ұсынуымен ресейлік режиссер Александр Прошкин мен сцена­рист Юрий Арабов түсірген «Орда» фильмі жұртшылық назарын елең еткізді. Алтын Орда туралы бұл фильмде Жәнібек хан тұсын­дағы (1342-1357 ж.ж.) тарихи фак­ті­лер бұрмаланған, ордалықтардың тұр­мыс-тіршілігі өте жұпыны, тұрпайы, бүгінгі ұр­пақтың санасына кері әсерін тигізеді, өте дарақы фильм және т.б. осы  сияқты пікір­лер ұлттық БАҚ пен телеарналарда қаптап кет­ті.

Қош, солай дейік. Бірақ «жау шапқа­н­нан кейін қылышыңды қалай сермесең де» пайдасы шамалы. Сондықтан осы фильмнің өн бойындағы эпизодтардан ордалықтар үшін жағымды жақтарын көре білгеніміз дұрыс шығар. Әрине,  фильмнің жалпы сюжеті ешбір қазаққа ұнамайды, шыны керек, маған да ұнаған жоқ. Бір кез­дері алтын мен күміске оранған Алтын­ Ор­даның ақсүйектерін тым жабайы көрсетіп жат­қаны – ерсілеу. Өйткені фильмді түсіру­ші­лердің айтуынша, бұл «тұрмыстық» фильм (житийный), негізгі фабуласы Мәс­кеу шіркеуінің митрополиті Алексий­дің Тайдулла ханшаны емдеу үшін Алтын Ор­даға сапары және оның өз еркімен  құр­бандық жолына түсуіне құрылған. Оның сол әрекеті арқылы өзара қырқысулар мен қантөгістерді тоқтатуға шақырады.
Мен бұл фильмнен сондай бір үлкен ауытқушылықты да көргенім жоқ. Мысалы, Өзбек ханнан кейінгі жылдары Алтын Орда хандарының таққа таласқаны рас, тіпті олар жеке билік үшін туғаны мен бауы­рын өлтіруге барды. Фильмде Жәні­бек ханды баласы Бердібектің өлтіруі – тари­хи факт. Ол 1357-1359 жылдары билік құрған. Ордада осыдан кейінгі жиырма жылдай таққа талас тыйылмағаны белгілі. Тарихи деректерде Бердібектің сарай төңірегіндегілердің  қолшоқпарына айналғаны, екі жыл билік құрып, ақыры бүкіл Бату хан ұрпағын, өзінің екі ұлын қоса құртып жібергені жазыл­ған. Қазақ шежіресінде «Нар мойы­ны Бердібекте кесілді» деп осынау қайғы­лы кезеңді айтады, биліктің дағдарысын мо­йыны үзілген түйеге теңейді. Осылайша Бату ханның ұрпақтары арасындағы са­бақ­тастық үзіледі. Менің ойымша, фильм­нің негізгі сюжеті – осы. Ал оқиғалар желісі Алтын Орда тарихының 1340-1370 жыл­дар аралығын қамтиды.
Әрине, төл тарихымыздағы Жәнібек хан әділдікті ту еткен. Оны қазақ хан­дығындағы Жәнібек ханмен (ХV ғ. басы –  1470 ж.) шатастырмау керек. Өйткені  «Орда» фильміне негіз болып отырғаны – алтынордалық Жәнібек хан. Ол билік құрған жылдары Орданың ішкі-сыртқы жағ­дайын нығайтуға тырысқан, жер аума­ғын кеңейтуге ұмтылған. Сондай-ақ көр­ші­лес орыс князьдіктерін бағындырған. Олардың бәрі Орданың рұқсатымен ғана жүріп тұрған («Ярлык на княжение»), фильм­нің осындай жағымды жақтары бар.
Фильмдегі басты кейіпкер Өзбек хан­ның толып жатқан әйелінің бірі Тайдулла, оның образы да ашылған деп ойлаймын, өз дегенін істейтін қатыгез әйел болғанмен, Ордадағы билікті сақтап қалудың түрлі амал­дарын жасауға тырысады. Бірақ та­рих­та оның көз ауруын орыс діндары то­лық емдеп шығады, ал фильмде керісінше көрсетіледі, бұл енді – тарихты бұрмалау.
Тайдулла (кейбір деректерде Тай-Дуглы, Тәйтафли) ханша туралы мынадай қызықты мәліметтер кездеседі. Соның бірін­де «...алғашында орыс князьдары өз­дері­нің саяси мұраттарына жетуіне дә­некер боларлық бір қызының хан жағында болуын мәртебе санаған. Осындай бір орыс қызы Сарайда Тайтулла есімді әйел­дің қасында болады. Ол ішкі саяси сырды жеткізіп тұрған. Міне, осы қыздың арала­суымен өтірік ауырып, дәруіш Алексейді үшкірту сылтауымен шақыртуы да мүмкін» делінген.
Шыңғыс хан шежіресін жазған Өтеміс қажының деректерінде Тайдулла ұнатқан бектерін  өзіне жақын тартқаны, тіпті Са­рай тағына Қызыр ханды отырғызғаны, алтын­датылған арнайы некелесу үйін тікті­ріп, онымен басқосуды көздегені, бірақ Қызыр найман бегі Құтлұғ-Бұғаның кеңе­сімен «кезінде Өзбек пен Жәнібекке бағынышты болған әйелден» бас тартуға мәжбүр болғаны, бұдан кейін Тайдулланың Қызырға деген қарым-қатынасы қатты өзгеріп, жауласқаны, Сарай маңындағы осындай өзара тартыстың ақыры Тайдулла мен Базаршының өлімімен аяқталғаны, сөйтіп, Қызыр ханның екінші рет хан тағына отырып, бір жарым жылдай билік құрғаны, алайда оның өз баласы Буруттың қолынан қаза тапқаны, көп кешікпей оның да өл­тіріл­гені, осыдан кейін Ордада дүрбелең кезеңнің басталғаны, Сарай қаласының күй­реуі, Орда елінің Қырымға қарай бо­сып кеткені  жақсы баяндалған. Сондай-ақ Тайдулланың азапты өлімі туралы «хан­шаны жабық шанаға отыр­ғызып, жан-жағынан қатты бекітіп, шанаға асау айғыр­ды байлап, босатып жіберген» деп жа­зылған.
Менің ойымша, қайта ресейлік режис­сер­дің бұл фильмін қазақтар көруі керек. Себебі біздің түсінігіміз бойынша, орда­лық­тар орыс тілділерден мәдениеті, тілі жағынан жоғары тұрған сияқты. Фильмнің дыбысталуы да түркі-қыпшақ тіліне жа­қын, кейіпкерлер бізге түсінікті тілде сөй­лейді.
Осы фильм туралы айтылғанда алда­ғы уақытта әлі талай рет еуропалық және ресейлік режиссерлер өздерін асыра дәріптеп, түркітілдес халықтардың беделін түсіруге негізделген көптеген фильмдерді шығаруы мүмкін. Соларды біз қалыпты жағдайда көруге дайын болуымыз керек. Жалпы, шетелдік фильмдерде бұрмалан­ған тарихи оқиғалар болса, олардың ара-жігін ашып көрсету бізге үлкен міндеттер жүктейді және біздің одан әрі шыңдала түсуімізді қажет етеді.
Бізде ақсүйек тобындағы адамдардың өмірін біржақты тамаша қылып көрсету басымдау. Жалпы, жаугершілік заманда салтанатты тұрмыс-тіршілік көп болмаған. Мысалы, осы фильмдегі уақытты алайық­шы, тарихтағы «ұлы бүлік» немесе «дүрбе­лең» кезең, сондықтан шайқас, қантөгістің болуы – заңды.
Әрине, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» демекші, ресейлік режис­сердің қалауымен түсірілген бұл фильмде біз үшін ешқандай идея жоқ. Бірақ әлем назарын Қазақстанға аудартқан ағылшын­дардың «Борат» фильмі сияқты, ресейлік­тердің «Орда» фильмі де жұртшылықты елең еткізді. Өзбек хан мен Жәнібек хан тұсындағы ордалықтарды басқа қырынан танытты. Ал қазақтар ортағасырлық та­рихы­мызды қайта ақтарып, шындықты іздеу­ге кірісті, басқаша айтсақ, бұл фильм төл тарихына қатысы бар түркітілдес (оның ішінде қыпшақ) халықтардың бар­лығына қозғау салды деп ойлаймын.


«Бастау» таланттарға жол ашпақ
23-27 қазан аралығында Алматыда студенттер фильмдерінің II халықаралық кинофестивалі өтеді. Аталған шара дүниежүзінің жас кинематографистері арасындағы мәдени және халықаралық ықпалдастықты арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
                                    Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
«Бастауға» елімізде өтіп жүрген басқа да ірілі-ұсақты фестивальдерге бәсекелес ретінде қарауға болмайды. Өйткені оның мақсаты – жастарды ойлауға үйрету, шығармашылық тұрғыда тәжірибе алмасып, өзара пайдалы байланыстар орнату. «Бұл фестиваль – біздікі емес, солардікі, біз тек оларға жұмыс істейміз», – дейді «Танарис Продакшн» кинокомпаниясының директоры, «Бастаудың» ұйымдастырушысы Сергей Әзімов. – Жастар үшін бұл – үлкен тәжірибе алаңы».
«Бастаудың» I фестивалі аясында Киномектептер ассоциациясы құрылғаны белгілі. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұқамедиұлының айтуынша, бұл ассоциацияның басты міндеті – әлемдік деңгейдегі өнер шеберлерінің білімі мен білігін студенттерді кәсіптік даярлау ісіне пайдалану. Мәселен, қазіргі уақытта ВГИК-те – 16, Стамбул киноуниверситетінде төрт қазақстандық тәжірибеден өтті, ал төрт адам Нью-Йорк киноакадемиясында шеберлігін шыңдап жүр. Біздегі мастер-кластарды Алексей Учитель, Али Хамраев, Армен Джигарханян сияқты мамандар өткізеді. Және киномектеп қызметі мұнымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта қазақстандық студенттерді халықаралық конкурстарға кеңінен қатыстыру көзделуде. Өйткені шығармашылыққа жаңа қадам басқандардың фестивальдері жиі өтіп жүргенімен, қазақстандық студенттердің жұмыстары оларға көп ұсыныла қоймайтын.
Кино тұрғысынан айтқанда, Жүргенов академиясының бұл сала мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны еместігі де қуантады. Яғни Астанадағы өнер институтында кино факультеті бар, сол сияқты Алматыдағы «Тұран» университетінде де кино және телевизия факультеті жұмыс істейді. Аталған жоғары оқу орындарының ұжымдары алдағы уақытта «Бастауды» бірігіп өткізу туралы келісімге келді. Қалай дегенмен де, жас таланттарды танытуға бізде қазір толықтай мүмкіндік бар деуге болады.
Конкурстық жұмыстарды іріктеу комиссиясының төрағасы Әсия Байғожинаның пікіріне жүгінсек, байқауға қатысуға тілек білдіргендер өте көп болған. Негізінен, өз елімізден, сондай-ақ Франция, Иран, Белоруссиядан да бірталай жұмыстар ұсынылған, ВГИК студенттерінің де конкурсқа қатысуға деген талабы зор. Сонымен қатар, ұсынылған жұмыстардың тақырыбы да мейлінше тосын. Мәселен, 19-дың ар жақ, бер жағындағы жастардың өз фильмдерін «Жалғыздық», «Екеуара жалғыздық», «Бесік жыры» деп атауы ұйымдастырушыларды айтарлықтай қызықтырып отыр. Жалпы алғанда, қатысуға өтініш білдіргендердің 80 %-ын – көркем,18 %-ын – деректі, 2%-ын анимациялық картиналар құрап отыр.
Құралай ҚОҢЫР


Кәріске ұқсайтындығым «Көк тарландарына» түсуге кедергі бола жаздады...
Дәл осы күндері әр кеш сайын «Қазақстан» ұлттық арнасында «Көк тарландары» атты телехикая жүріп жатыр. Әскерге жаңадан барған жас сарбаздардың өмірін көрсететін туындының көрермендері аз емес.  Сол фильмде көптен өзінің қыңырлау мінезімен, қыздарға өтімділігімен ерекшеленетін бір кейіпкер бар. Ол – Талғат Ниязов атты сарбаз.  Әр серияда әйтеуір бір «бұзықтық» жасап, жанындағы жолдастарына да «жұмыс» тауып беріп, не өзі жазаға ұшырап жүретін осы кейіпкерді жас актер Жалын Тілеубергенов сомдайтынын білдік. Таяуда онымен сұхбаттасудың да сәті түсті. 

 – Жалын, жаңылыспасақ, бұл сіздің дебьютіңіз болар. Киноға қалай тап болдыңыз? 
– Телехикаяға түскен жігіттердің барлығы дерлік Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі боламыз. Актерлік мамандыққа түскен соң, кино бола ма, әйтеуір қандай да бір мүм­кіндікке құлақты түрік қойып жүру керекпіз ғой. Содан электронды пош­тама жаңадан сериал түсірілгелі жат­қаны жайлы хабарлама келді. Айтар­лық­тай «осы менің түсетін кином» де­ген сенім болмаса да, іріктеуге бар­дық.
– Сізге «ә» дегеннен осы Тал­ғат­­тың рөлін ұсынды ма?
 – Бірден Талғат­­тың рөлін берді.  Мі­нез-құлқы жағынан келтіріп тұр­мын, өз­дері де қызығып тұр,  бірақ түрге кел­генде «қазақтың баласына ұқ­са­май­сың, кәріс секілдісің» деп әб­ден ойланды. Тіпті «мейлі кәріске ұқсасам, Құдайдың берген түрі ғой, не істей аламын» деген ойға көніп те қойдым. Сонда да күнде түсіру алаңы­на барып, менің орныма өздерін бай­қап жүрген әртістерді бақыладым. Әр­кім келген сайын аздап қорқыныш пай­да бола­ды. Әйтеуір ақырында мені алды.
– Шашпен қоштасу қиын бол­ған жоқ па?
– Басында «киноға түссек болды» деген жалындаған сезім кеудемізге сыймай, алды-артымызды ойлауға мұрша бермеген ғой. Ал  шындығын­да, рөлге қабылданып, бірінші түсі­рілім күні бітіп, екінші күнінде «ал, қане, шаштарыңды аламыз» деген­де... ең бір қиын кез сол болды мен үшін. Ес біл­гелі шашымды тақырлатып алдыр­ған емес едім. Және сондай бір ма­хаб­батпен қарайтын жерім шашым еді. Дұрыс жуылмай қалса, көңіл-күйім түсіп қалатын. Алайда амал жоқ, камераны қосты-дағы, зыр еткі­зіп шашты сыпырып тастағанда, шы­нымды айтсам, көзіме жас келіп қалды.
– Мәселен, сіз өзіңіз әскер қата­рында болмаған шығарсыз? Алай­да осы сериалға түсу бары­сын­да сәл де болса әскер дегеннің не екенін сезіне алдыңыз ба? Және әскер­ден ел шошынатындай әлдене байқадыңыз ба?
–  Жүз пайыз болмаса да, сәл де болса әскердің исін сезіндім, әрине. Себебі казармада жаттық. Іргеміздегі Қапшағайда болғанның өзінде бізде тіпті Алматыға келіп кететін уақыт та артылмады. Түсіру жұмысы таң ала­кеуімнен көз ілінгенге дейін жалғасты. Әлгінде сіз сұрағандай, сұмдық жағ­дайлар жоқ секілді. Біз бір ай ішінде әскер қатарындағы сарбаздар­мен достасып, сырласып кеттік. Сондықтан жайлап:  «Сендерді ұра ма, қинай ма, дедовщина бар ма?» – деп сұрадық, өзімізге де қызық болды өйткені. «Жоқ, бізді ешкім ұрмайды, тек әрине, Әскери жарғы деген бар. Сол бойынша кімде-кім оған қайшы іс жасаса, ротаны бірнеше айналдырып жүгіртуі мүмкін, бірақ әлімжеттік, ұрып-соғу, ақша талап ету жоқ», – деді. Өзіміз де байқаған жоқпыз.
– Сериалға түскендердің дені, байқауымызша, әскер көрмеген жігіттер секілді. Қолға қару ұстау дегеннің өзі оңай емес. Алайда ең қиынға соққан қандай іс болды?
– Бұл сериал Қапшағай қаласын­да­ғы №35 десанттық гвардиялық шабуылдаушылар бригадасында өтті. Аэроұтқыр әскерлері деп аталады. Оның басты ерекшелігі – парашют қой. Сондықтан бізге ең қиын соқ­қаны – бес қабатты үйдің биіктігіндей жерден секіру болды. Қызық болған­да, біз түгіл, сол жерде әскерге жаңа­дан барған жігіттердің өзі әлі секір­меген болып шықты. Бұл жағынан келгенде біз қайта олардан қиын сынға түстік десек болады, себебі олар бір жыл көлемінде меңгеруге тиіс жаттығуларды біз небары бір-ақ айда қағып алуға тиіспіз. Уақыт тығыз, бізге «жігіттер, ертең мылтық атамыз» немесе «ертең парашюттен секіреміз» дейді, болды. Рөлге тағайындалдың ба, бітті, ешкім сенен «қолыңнан келе ме» деп сұрап жатпайды. Актер ма­мандығының қиындығы да осында болса керек. Күнде күтпеген жағдай болып жатты.  
– Шын парашютпен секірдіңіз­дер ме?
– Ашығын айтайын, бізді шын парашют­пен секірткен жоқ, одан аласа­лау арнайы биіктіктен секірдік.  Басын­да оңай секілді көрінді, «өй, несі бар, секіреміз» дестік, жігіттік намысқа басып. Алайда жеме-жемге келгенде қор­қа бастадық. «Ал, секір» деген кез­де қызық жағдайда қалады екенсің. Секірейін десең, қорқасың, ал секірмейін десең, камералар түсіруге оқталып, сені ғана тосып тұр. Техника мен шығармашылық топтың уақытын алу ыңғайсыз. Елдің бәрі саған қарап тұр, өзің киноның кейіп­керісің кәдімгі. Негізі, әскердегі әр күніміз сынақ болды. Бұрын ешқашан мылтық ұстап көрмеппін өз басым. Қасыңдағы адам атып қалған кезде қанша жерден өзіңді-өзің алдын ала дайындадым дегенмен, дүрс ете қалған дауыстан селк ете түсесің. Қару біреудің қолын­да болған кезде қор­қады екенсің, тек өзің қолыңа қару алып, оқтап жатқан кезде барып бо­йың­да батылдық пай­да болады екен.
– Сериалдың саундтрегін құра­мында өзіңіз ән айтатын «V Alem» тобы орындапты. Арнайы тапсы­рыс берді ме сіздерге?
– Ол – негізі, сол әскерде жүр­ген­де туған ән. Ешкім алдын ала «осы­­лай жазыңдар» деп тапсырыс берген жоқ. Бәріміз кешке басымыз қо­сыл­ған­да бір мезгіл гитарамен ән салатынбыз. Сондай кездің бірінде кинодағы басты кейіпкерлердің бірі Нариманды сомдайтын Олжас Жақыпбек жаңа ән келгенін айтты. Сөзін сол жерде бізге көмекші болған Ербол Игісінов деген прапорщик болды, сол шығарды. Бас продюсер Ернар Мәліков студияда жаз­дырып, солайша ойда-жоқта туған ән фильмге саундтрек болды да шыға келді. 
– Жалын, сіз фильмде аздап қулы­ғы бар, бірбеткей, қыздарға өтім­­ді  жігітті сомдайсыз. Ал сол бей­­не шынайы өмірдегі өз міне­зі­ңіз­­ге қаншалық жақын, болмаса қай­­­бір қыры тіпті өзіңізге ұқс­а­май­ды дер едіңіз? «Өзіңіз қандай адам­­­­­сыз?» деген сұрақ туындай­ды... 
–  Өзім үйдің еркесімін, шыны ке­рек. Өзімнен үлкен әпкем мен ағам бір нәрсе айтса, олар соны орын­дайды. Тек мен ғана әйтеуір «неге?» деп өзім­ше қарсы шығып тұратынмын. Әкем мен шешем «мынауың кіп-кішкентай болып, басынан сөз асырмайды ғой» деп әрі кейіп, әрі сүйсініп отыратын. Өздері еркелетіп өсірді ғой енді. Кейіпкеріммен ұқсас жерім сол, яғни бірбеткейлігім шығар. Бірақ бес-алты қызды соңымнан жүгіртетін қызқұмар емеспін.
– Жалпы, өздеріңіз түскен се­риал­дың жүгін өздеріңіз сезін­діңіздер ме? 
– Әрине, негізі, бұл сериалды тү­сіру­дегі басты мақсат – қазір ел ара­сын­да әскер десе, бір түрлі бәле көр­гендей тыжырынып, балаларын лажы бол­са әскерге жібергісі келмейтін көз­қарасты жою. Әскер болған соң, әрине, қатаң тәртіп салтанат құрып, ана сүті аузынан кетпеген балаларды ер жігіт болуға тәрбиелейді ғой. Сон­дық­тан соны дұрыс түсініп, «ойбай, онда анау бопты, мынау бопты» деп шошынудың қажеті жоқ. Әскер керек, себебі  қазір шыны керек, жігіттер нәзіктеніп, Отан түгіл, өзінің қызын да қорғай алмайтын боп барады...
Мәриям ЖАГОРҚЫЗЫ

Бетті дайындаған – Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста