Алаштың КИНОиндустриясы

Ұлттық жобаға демеуші қажет
Шымкенттік «Сақ» киностудиясы «Қазақия» атты мультипликациялық жобаның алғашқы серияларының түсірілімін аяқтады. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары жөнінде әңгімелейтін бұл жоба тек танымдық міндетті ғана атқарып қоймайды, сонымен бірге кішкентай көрермендердің бойына патриоттық рух пен адами ізгі қасиеттерді сіңіруге де бағытталған.
Ұзын-ырғасы 7-8 минутты құ­райтын әрбір серия нақты бір тақырыпқа арналған. Мысалы, бі­рінші серияға Наурызды мере­келеу дәстүрінің қашан және қайдан бастау алғаны, шығыс Жаңа жы­лы­ның енуін қай кезден бастап есептеу керектігі, наурыз көженің қалай дайындалатыны сияқты бас­қа да жайттар арқау етілген. Екінші се­рияда еліміздің мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері көрнекі түрде түсіндіріледі. Үшінші серияда хал­қымыздың ең керемет дәстүр­лері­нің бірі, яғни белгілі бір жұмысты ел болып жұмыла атқа­ратын асар жайлы баяндалады.


Түсірілген және алдағы уақытта жоспарланып отырған серияларды өздері де танымал ұлттық бренд есебіндегі басты кейіпкерлер – Қамшы мен Асық байланыстырады. Бұл орайда сериалдың сценарий авторы және режиссері, облыстық киновидео орталығының дирек­торы Батырхан Дәуренбеков баян­далу принципі тұрғысынан алған­да, «Қазақияның» ресейлік атақты «Смешарики»-ді еске тү­сіретінін айтады. Өйткені екеуінде де оқиға басты кейіпкерлердің айналасында өрбиді және олар әр серияда әртүрлі оқиғаға тап бо­лады. Ал көрерменге бағыт­талған мораль барлық жерде біреу, яғни өз Ота­ныңды сүю, ұлттық құн­ды­лықтарды қадірлеу, жақсылық пен жаман­дықты тани білу. Осы тұр­ғыдан алғанда, «Қазақия» автор­лары мұндай мультфильм­дерді көре отырып, жас жеткін­шектері­міздің нағыз патриот болып өсе­тініне сенімді.
Батырхан Дәуренбековтің пікі­рінше, анимация бүкіл әлемде идео­­логиялық қару есебінде жү­реді, яғни жас ұрпақ соның кө­мегімен тәрбиеленеді. Сондай-ақ «Анимация балалардың өздеріне жақын тілмен сөйлей отырып, олар­дың туған Отанын және ата-бабаларының салт-дәстүрін сүйіп өсуіне себепкер болады. Бұл жөнінде қанша айтылып, жазылып жатса да, бізде мультипликация саласына айтарлықтай дәрежеде мемлекеттік қолдау көрсетілген емес. Соның салдарынан бала­лары­мыз шетелдік эпостар қаһар­мандарын, мәселен, кәрістің Джу­монгын жақсы біледі, ал оның жанында өзіміздің Алпамыстың немесе Қобыланды батырдың кім екенінен мүлде хабарсыз. Халық ауыз әдебиеті мұраларының аса бай қоры мен ұлттық батыр­лары­мыздың, қаһарман­дары­мыздың молдығына қарамастан, отандық өнерімізде олардың анимациялық бейнесінің жоқтығы – орны толмас кемшілік», – деп қынжылған Батыр­хан Дәуренбеков, іргелес Ресей елінде Алеша Попович, Добрыня Никитич, Илья Муромец тәрізді өзге де ұлттық батырлар туралы бір сағаттан астам муль­ти­пли­кациялық фильмдердің түсі­рілгендігін тілге тиек етті. «Бізде тіпті бірнеше ми­нуттық жобаны түсірудің өзі мұң. Әрине, бұл тақы­рыпта «Қазақ­фильм­нің» «Ер Төстік» атты то­лықметражды ани­ма­циялық фильмі бар, бірақ оның өзі батыр­лық дастанға емес, ерте­гіге негізделген», – дейді аниматор.


Шымкенттік аниматорлар өздерінің жеке қаражаттарына түсіре бастаған осынау теңдессіз патриоттық жоба мемлекет бол­маса жеке құрылымдар тарапынан қолдау табар деген үмітте. Ал қаржы-қаражат мәселесі шешілген жағдайда олар жылына 20 серияға дейін шығарып отыратындарына сенімді. Өйткені Қамшы мен Асықтың басынан кешірген оқи­ғаларын жалғастыруға қатысты ой-толғамдар мен жоспарлар шығар­машылық ұжымда жетіп-артылады.
Құралай ҚОҢЫР


«Жаужүрек мың бала» DVD нұсқада да көш бастап тұр

«Меломан» дүкендер желісінің шілде-тамыз айларындағы «Қазақфильм» киноларының DVD-диск нұсқаларын сату барысындағы көрсеткіші төмендегідей:
1. «Жаужүрек мың бала» (реж. Ақан Сатаев) – 4 400 DVD
2.«Менің күнәлі періштем» (реж. Талғат Теменов) – 267 DVD;
3. «Болашақ үшін» (реж. Ерлан Сағынов) – 132 DVD;
4. «Менің балалық шағымның аспаны» (реж. Рүстем Әбдірашев) – 120 DVD;
5. «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (реж. Қуат Ахметов ) – 101 DVD.
Естеріңізде болса, Алматыдағы «Меломан Grand» дүкенінде 13 шілде күні «Жаужүрек мың бала» фильмінің DVD нұс­қасының тұсаукесері өткен.  «Менің күнәлі періштем» мен «Бола­шақ үшін» фильмдері маусым айында сатылымға шыққан. Ал «Балалық шағымның аспаны» 2011 жылдың маусымынан бері сатылымда тұрса, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі 2010 жылдың қазан айынан бері сатылымда. «Қазақфильм» киностудиясының дерегіне сүйенсек, 2011 жылдың ең өтімді фильмі болып «Ликвидатор» танылған. Оның бір жылдық сатылымы барысында 4 550 дискі өткен. Ал осы жылдың шілде айында ғана сатылымға шыққан «Жау­жүрек мың бала» фильмі бір айдың ішінде-ақ «Ликвида­тордың» бір жылдық сатылымын басып озған. Бұл табысты екі жобаның да режиссері – Ақан Сатаев.


«Риэлтор» Кореядағы додада бақ сынауда

Режиссер Әділхан Ержановтың «Риэлтор» фильмі тамыздың 22-сінде Кореяда басталған 6th Cinema Digital Seoul Film Festival кинофестиваліне қатысып жатыр. Сандық форматтағы фильмдердің Сеулдегі фестивалі жас таланттар мен қабілетті, көркем, деректі, мультипликациялық фильм­дер режиссерлерін таныту, олардың өзара диалог алаңын құру, шығармашылық байланыс орнату мақсатын көздейді. Жас режиссерлердің дебютті жұмыстары ұсы­нылып, халықаралық деңгейдегі сарапшылардың талдауына түседі. Сеулде өтіп жатқан бұл кинофестивальда биыл 40 фильм сарапқа салынады. Ауғанстан, Армения, Әзірбайжан, Бахрейн, Бангладеш, Бутан, Бруней, Камбоджа, Кипр, Джорджия, Гонгконг, Үндістан, Иран, Ирак, Израиль, Жапония, Иордания, Кувейт, Қырғызстан және Қазақстан секілді елдердің киноөнімдері бақ сынасуда.


Кім алда?


«Меломан» дүкендер желісі 16-19 тамыз аралығын­дағы Қазақстандағы кинопрокатта көрсетіліп жатқан фильмдер табысын жариялады. «Меломан­ның» ұсынған ақпараты бойынша көрсетілімдегі фильмдер түсімі төмендегідей болған:
Бәрін еске түсіру ................................ 19 961 592 тг
(Вспомнить все)
Замбезия ............................................. 6 135 635 тг
Сэммидің хикаясы 2 ............................ 5 927 350 тг
(Шевели ластами 2)
Бір адым алға – Революция ................ 4 984 900 тг
(Шаг вперед 4)
Бұл менің ұлым .................................... 3 851 477 тг
(Папа-досвидос)
Қара батырдың оралуы ........................ 3 522 651тг
(Темный рыцарь: Возрождение легенды)


Сатаевқа 7 млн табысталды
Тамыздың орта шенінде Астанада өткен «Менің елім – Қазақстаным!» атты патриоттық әндер концерті барысында «Алтын қыран» компаниялар тобының директоры, меценат Исламбек Салжанов «Жаужүрек мың бала» фильмінің режиссері Ақан Сатаевқа 7 млн теңге табыстады.

Сый-сияпаттан шығармашылық топтың өзге мүшелері де сырт қалған жоқ. Фильмнің басты рөлдерін ойнаған Аян Өтепберген, Құ­ра­лай Анарбекова, Әлия Әнуарбек, сондай-ақ Асылхан және Артур Төлеповтерге 1 млн теңгеден берілді. Өзінің Атымтайдай жомарттығын паш еткен Исламбек Салжанов «Жаужүрек мың бала» фильмін көргеннен кейін оның режиссері Ақан Сатаевты тауып, осындай патриоттық туынды үшін өз алғысын білдіргісі келген екен. Соның орайлы сәті тауып, тартуын табыстаған Исламбек: «Сіз­дерге мың да бір алғыс. Отанға деген махаббат сезімін күшейтетін осындай туындыларыңыз көбейе берсін!» – деп ағынан жарылды.
Өз кезегінде Ақан Сатаев кәсіпкердің сый-сияпаты үшін зор алғысын білдіріп: «Бұл менің ғана еңбегім емес. «Жаужүрек мың бала» фильмінің түсіріліміне 500-ге тарта адам қатысты. Олардың әрбіреуі өз учаскесінде барынша еңбек етіп, фильмнің сапалы болып шығуына бар күш-жігерін салды. Мемлекеттің де қолдауы айтарлықтай болды. Бұл фильмнің көрерменнің көңілінен шыққанына, елдің патриоттық рухын көтергеніне қуаныштымыз», – деді.


Әкемнің атының өзі – ұрпақтары үшін үлкен тәрбие
Қазақ сахнасының жарық жұлдызы Әнуар Молдабеков кино өнерімен ең алғаш «Чапаев» фильмі арқылы танысыпты. Көшпелі кинотеатрдың ауылға әкеліп көрсеткен картинасы жүрегін тербегені соншалық, «Чапаев шынымен өлді ме?» деп қапаланған Әнуар оған сенбей, киномеханик қай ауылға барса да іздеп тауып, «Чапаев аман қалатын шығар» деген үміттің жетегімен қайта-қайта көрген екен. Сол әсершілдік, сол сезімталдық ақыры оны үлкен сахнаға алып келді. «Қазақфильмнің» әр жылдардағы айтулы фильмдерінде Мұса («Ән қанатында»), Шеге («Қыз Жібек»), Еламан («Қан мен тер»), Қожабек ақсақал («Өтелмеген парыз»), Едіге («Тоғызыншы ұлдан сақтан») сияқты басқа да көптеген айшықты образдарды сомдаған ол «Мосфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм» туындыларына да түсіп, озық өнерімен көрермен көңілінен мәңгілікке орын алды.
Майталман актердің дара тұлғасы, адами биік болмысы жөнінде ұлы Ермек ағытқан сыр тиегі төмендегідей...

Ермек МОЛДАБЕКОВ, актердің ұлы:

Мейірімі шексіз еді
Әкем өте ақкөңіл болатын. Мен ол кісінің осы қасиетін өзіме үнемі үлгі тұтамын. Үлкендерге ілтипатпен сый-құр­мет танытып, кішілермен тең құрбысындай сөйлесетін. Үйі­мізден қонақ арылмайтын. Тіпті студенттерді де жиі ертіп келетін. Анамның айтуынша, әкем Мемлекеттік сый­лыққа ие болғанда алған ақшасының бәрін студенттерге таратып беріпті. Мансап қуу, байлық жинау деген қаперіне де кіріп-шықпаған әкем үшін өзгені қуанту бірінші орында тұрған секілді. Бізге деген мейірімі шексіз еді. Орнымен еркелететін. Ұрсатын жерде ұрсып та алатын, бірақ онысы көбіне зілсіз шығатын. Күнде таңертең ерте тұрып, зал ішінде жүгіретін. Бізді ояту үшін істейтін амалы болса керек, шыдамай, төсегімізден тұрып кететінбіз.
Ойлап отырсам, әкем менің барлық еркелігімді көте­ріпті. Гастрольдік сапарға шыққанда жанына ертіп ала­тын. Велосипед сатып әперіп, оны жүргізуді де өзі үй­реткен. 7-8-сыныптарда оқып жүргенімде Мәскеудегі кинофес­тивальге ерте кетті. Кетер күні Мәскеу өзенін көруге шықтық. Қайтарда «Мәскеуге келіп тұрып, өзенге шомыл­мадым десем, достарым мазақтайды» деп қырсықтым да қалдым. Ұшақ жарты сағаттан кейін ұшатын еді. Әкем «уақыт жоқ қой» деп сәл үгіттеп көрді де, көнбейтініме көзі жеткен соң «мейлі, түссең, түсе бер» деп, метро жаққа кетіп қалды. Сөйтіп, армансыз шомыл­дым. Ұшаққа отырғызу басталғанда әуежайға жетіп үл­гердік, әйтеуір. Үсті-басым су болған маған сонда да ұрысқан жоқ-ты.
Еңбектенгенімізді қалайтын
Кішкентай кезімде кептерді өте жақсы көретінмін. Бірде жанымыздағы бес қабатты үйде тұратын бір ағайдың кептер бағатынын байқап қалдым. Сұрап көріп едім, бермеді. Содан «көрсетпей алып кетсем» деген ой келді. Қолыма тістеуік, тағы біраз құралдар алып, сол үйдің шатырына шыққаным сол еді, кептерші ағай ұстап алды. Дереу милицияға апарды. Ондағылар үйге хабарлады. Жылап отырғанымда әкем келді. Бәрімен асықпай амандасып шықты, ал мені көрмегенсіп тұр. Сосын үстел үстінде жатқан заттарға қарап: «О, мынау біздің үйдің заттары ғой, бұлар мұнда қайдан жүр?» – деп таңданды. Қазір ойлап тұрсам, сонда ол жағдайды жұмсарту үшін солай істеген екен ғой. Милиция қыз­меткерлері әкеме таңдана қарап: «Балаңызды қамаймыз», – деп еді, әкем түк болмағандай: «Қамасаңдар, қамай беріңдер», – деді. Сонымен, не керек, ақыры бәрі жақсы аяқталып, әкем мені үйге алып қайтты. Сенесіз бе, сонда түк те ұрысқан жоқ. Ұрысса, қырсығып кетер ме едім. Алайда сол оқиғадан кейін өзгенің затына қызығу дегенді мүлде қойдым. Бұған қарап «әкеміз бізді еркімізге қоя берді» деуге болмайды. Ол біздің не нәрсеге болса да өз талабымызбен, еңбегімізбен жеткенімізді жөн көретін.
Жүз пайыз дайындықта жүрді
Әкем рөлдерін күн сайын, тіпті сағат сайын пысықтап жүретін. Кейде екеуміз автобуста кетіп бара жатқанда қасында тұрсам да «Ермек, қазір түсеміз!» деп айқайлап жіберетін. Мен өзімше ұялып қалатынмын. Сөйтсем, кейіпкерінің дауысымен айқайлайды екен ғой. «Өтелмеген парыз» фильмінде қарт кісінің рөлінде ойнады. Сол фильмге түсерде біраз уақыт рөліне еніп, шал сияқты болып жүрді. Сөзі де, жүріс-тұрысы да өзгерді. Кейде үйге бетіндегі гримді сүртпей келетін. Рөлдерін үйде ойнап дайындалатын, қоғамдық көлік ішінде келе жатып ән салып жіберген кездері де болған. Алайда өзі түскен фильмдерді көріп отырып, кемшілік тауып, өзін-өзі жақтырмай қалатын. Енді ойлап тұрсам, әкем өз рөлдеріне барлық уақытта жүз пайыз дайындықта жүрген сияқты.
Әкем табиғатты қатты сүйетін. Екеуміздің Алатаудың шатқалын аралаған сәттеріміз әлі күнге дейін жадымда. Табиғат аясына шыққанда көңіл күйі айрықша көтеріңкі болып кететін. Тау өзенінің жағасында айқайлап ән айт­қанды жақсы көретін. Ағаштың тамырларын жинайтын. Үйге әкелген соң әдемі бұйым сияқты бояп қоятын. Көңілден кетпес осы естеліктер әкеме деген сағынышымды жыл өткен сайын ұлғайта түседі.
«Жақсы әкенің даңқы ұлына қырық жыл азық» деген емес пе? «Әнуар Молдабековтің ұлы» деген атты алып жүрудің өзі – аса зор жауапкершілік. Әкемнің есімі – маған ғана емес, менің балаларыма да мақтаныш. «Әкем біздің әр қадамымызды қадағалады» деп айта алмаймын. Бірақ ол бізді адал көңілімен, ақжарқын мінезімен, сомдаған образдары мен сахна арқылы тәрбиелей білді. Атының өзі артында қалған ұрпақтары үшін – үлкен тәрбие.

Бетті дайындаған Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста