Алаштың КИНОиндустриясы
Голливудтың таңдаулылары табысты нұсқаға айнала алмады
«Қара киімділер–3» фильмінің қазақша нұсқасының сәтсіз табысынан кейін қазақстандық прокатшылар Голливуд блокбастерлерінің мемлекеттік тілде сөйлеген нұсқасына көрермен неге аз жиналды деген сауалға жауап іздей бастады. Олардың ойынша, шетелдік фильмдердің дубляжы енді бір төрт-бес жылдан соң ғана табыс әкелетін болады. «Мәдениет туралы» Заңның елге келген фильмдердің бәрінің қазақ тіліндегі аудармасы болуы керек екенін міндеттейтін бабы бар болса да, отандық кинотеатр иелері тек кіріс кіргізер жағын ғана ойлап, заң міндеттеген бұл жауапкершілікті елер де емес.
Disney студиясының арнайы дистрибьютерлерінің қазақстандық прокатқа 2011 жылы шығарған алғашқы фильмі «Көліктер–2» мультфильмі болды. Аталмыш фильмнің төрт ай жасалған дубляжына 15 млн теңге жұмсалса да, одан түскен табыс осы сала мамандарының көңілін көншітпеген сияқты. Олардың ұсынған мәліметінше, Қызылордада мультфильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын халықтың 54 пайызы көрсе, Көкшетауда – 46, Қарағандыда – 26, Шымкентте –21, Алматы, Атырау, Қостанай, Талдықорғанда – 15 пайыздан сәл ғана жоғары, Астана мен Ақтөбеде – 11, қалған қалаларда 1 және 8 пайыз аралығында тамашалапты. Тек Тараз қаласында ғана бұл фильм көрермендерінің үлес салмағы 100 пайызды құраған. Нәтижесінде түскен табыс 15 млн теңгеге әзер жеткен. Түскен табыстың жартысын отандық кинотеатрлар өзіне қалдыратынын ескерсек, дубляж прокатшыларының үміті ақталмағанын көресіз.
Одан кейінгі дубляжбен шыққан «Қара киімділер–3» фильміне 20 млн теңге жұмсалыпты. Одан бөлек, 9 млн теңге оның жарнамасына кеткен. Оны «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры бөлген. Алғашқы төрт күндік көрсетілімде бұл киноны бар болғаны 1,5 мың адам ғана тамашалаған. Осылайша ол қазақстандық кинотеатрларға 1 274 020 теңге ғана түсірсе, оның орыс тіліндегі нұсқасы 94 695 713 теңге жинаған.
Дистрибьюторлық компанияның бас директоры Вадим Голенконың айтуынша, 16 млн халықтың орташа есеппен алғанда 70 мыңы ғана кинотеатрларға барады екен. Орташа жас салмағы 22-ні құрайды. Директордың пікірінше, ешқандай Голливудтың да, орыстардың да шедевр дүниелері ересек адамдарды үй диванында отырып, үй теледидарын тамашалау «бақытынан айыру» құдіретіне ие емес.
Тағы бір мәселе, дубляж студияларына қатысты. Ресейде, мысалы, фильм дубляждары өткен ғасырдың 30-жылдарынан бері қолға алынған. Көптеген әртіс 20-30 жылдан бері сол салада еңбек етеді. Тіпті комедия жанрындағы, анимациялық, көркем фильмдердің аудармасына тікелей маманданған әртістер көп. Сондықтан да көрші елде дубляж саласындағы бәсекелестік өте жоғары.
Біздегі дубляж мәселесіндегі алғашқы қадамдар аса табысты болмаса да, ілгерілей бастағанына мамандар қуанышты. «Ең маңыздысы – бұл жобаның іске аса бастағаны. Бұл Қазақстанда да осы жобаның іске асатынын көрсетті. Рас, алғашқы нұсқалар шығынды болды. Кәсіби тұрғыдағы сұранысқа ие нұсқа үшін бізге әлі де болса сапалы аудармашылар мен талантты актерлер, режиссерлерді дайындау қажет», – дейді дубляж мамандары.
Ал өзіміздің кейбір кино сыншылары: «Қазақстанға аударма фильмдердің керегі жоқ. Одан да сол Голливудтың шедеврлерін аударған ақшаны отандық киноиндустрияны дамытуға жұмсаған жөн. Қазір өзіміздің отандық ұлттық өндірісті дамытып алмай тұрып, әркімнің дүниесін үзіп, жұлып көрерменді шатастырудың еш қажеті жоқ. Балалар онсыз да сол «Өрмекші адам», «Батыл жүрек», «Көліктер-2» секілді фильмдердің орыс тіліндегі нұсқаларын көріп алады. Ақыры үш тұғырлы тіл дейді екенбіз. Ендеше, жастар өзгенің дүниелерін сол білетін тілдерінде-ақ көріп алсын. Бізге қазір керегі – тек өзіміздің төл өнімдерімізге, қазақ киноларына көңіл бөлу ғана. Аударма нұсқалар одан кейін ғана қосымша шаруа есебінде жүрсе де болады», – дейді.
«Еуразия» іріктеу қорытындысын жариялады
2012 жылы 17-22 қыркүйек аралығында VIII халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне қатысатын фильмдер іріктелді. Іріктеу тобының хабарлауынша, биыл байқауға қатысуға әлемнің 33 елінен 149 толықметражды фильм түсіпті.
Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі қазылар алқасының төрағасы міндетін «Троя» (Troy), «Посейдон» (Poseidon), «Мінсіз дауыл» (The Perfect Storm) және Оскар сыйлығының алты аталымын ұтып алған «Қайық» (Das Boot) фильмдерін түсірген неміс режиссері, продюсер әрі сценарист, актер Вольфганг Петерсен атқармақ. «Киностан» порталының мәліметінше, байқау кезінде қазақ режиссерлері түсірген 16 жаңа фильм де көрерменге ұсынылады. Кинофестиваль шымылдығы Әмір Қарақұловтың «Виртуалды махаббат» драмасымен ашылады. «Ерекше оқиға» бағдарламасы аясында «Аңыздар кітабы: жұмбақ орман» атты қазақстандық алғашқы анимациялық фантастикалық ертегі көрсетіледі. Берлин және Пусан кинофестивальдарында жүлде алған фильмдер де көрерменге жол тартады.
Фестиваль бағдарламаларына қатысатын кинотуындылардың барлығы 2011 жылдың қыркүйек айынан кейін түсірілген. Кинофестивальдің іріктеу комиссиясының мүшесі, кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның айтуынша, конкурстық шығармалардың үшеуі – Еуропадан, үшеуі – Азиядан, екеуі – ТМД-дан, төртеуі – Орталық Азиядан. Олар – Даниядан Томас Винтербергтің «Аңшылық» («Охота», 2012ж.), Франция-Польша-Германиядан Малгожата Шумовсканың – «Сырыңды ашып айту» («Откровения», 2011 ж.), Грекиядан Йоргос Гикаппеппастың «Балалар қаласы» («Город детей», 2011 ж.), Оңтүстік Кореядан Джун Джейханның «Понсан тазысы» («Понсанская гончая», 2011 ж.), Үндістаннан Бижудың «Аспан түсі» («Цвет неба», 2012 ж.), Түркиядан Учкан Алперннің «Мәңгіліктің шегі жоқ» («Будущее длится вечность», 2011 ж.), Ресейден Алексей Мизгеревтің «Конвой» (2012 ж.), Украинадан Олег Филипенконың «Графоманның тарихы» («История графомана», 2012 ж.), Ресей-Тәжікстаннан Фарход Абдуллаевтың «Келісім презумпциясы» («Презумпция согласия», 2011 ж.), Өзбекстаннан Аюб Шахобиддиновтың «Паризод» (2012 ж.) және Қазақстаннан Дәріжан Өмірбаевтың «Студент» (2012 ж.), Данияр Саламаттың «Кішкентай» (2012ж.) фильмдері.
Қазіргі кезде Алматыда өтетін VIII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің «Қарқынды дамып келе жатқан қазақ киносы» бағдарламасына енген 12 фильмнің тізімі жарияланды. Бағдарламаға Т.Қарсақбаевтың «Махаббат әткеншегі» («Качели любви», 2012 ж.), Е.Сейтімовтің «Қажетті заттар факультеті» («Факультет нужных вещей», 2012 ж.), Г.Мірғалиевтің «Кәусар» (2011 ж.), Е.Рүстембековтің «Ана жүрегі» («Сердце матери», 2011 ж.), Ж. Жетіруовтың «Аққыз» (2011 ж.), Э.Гильманның «Сүт, қаймақ, ірімшік» ( «Молоко, сметана, творог», 2012 ж.), М.Нарымбетовтің «Қара шаңырақ» («Братья», 2011 ж.), А.Айтуаровтың «Елім-ай» (2011 ж.), Т.Теменовтің «Менің күнәлі періштем» («Мой грешный ангел», 2011 ж.), Д.Манабайдың «Лотерея» (2012 ж.), Ә.Сүлеева мен Ә.Райбаевтың «Жеңіс қылышы» («Меч победы», 2012 ж.), А.Алдамжаровтың «Асан» (2012 ж.) фильмі енді.
Ашаршылық жайлы жаңа фильм
Қалила Омаров ашаршылық туралы жаңа деректі фильм түсіріп, Қазақстан тарихындағы зор нәубеттің біріне Батыстың назарын аудартқысы келеді.
Қалила Омаровтың қазақ кино өнеріне қосқан үлесі ретінде ашаршылық туралы және қазақтың саяси қайраткерлері жайлы түсірген «Нәубеті» мен бірнеше деректі фильмін атауға болады. «Көркем фильмді түсіру барысында режиссер ойдан шығарған, қиялынан туған жайттарды көркемдеп жеткізе алады. Ал деректі фильмде шындықты жеткізу жолында түрлі кедергілерге кез боласың, кейіпкерлердің айтқысы келмейтін немесе айта алмайтын тұстары болады. Кез келген қазақ – философ. Жалпы, мен кино түсіргенде ұлы адамдардың бойынан қарапайымдықты іздеймін, қарапайым адамның бойынан ұлылықты іздеймін», – дейді режиссер «Азаттық» радиосына берген сұхбатында. Лондонда тұратын қазақ кәсіпкері Шыңғыс Құлжановтың қазақты қырғынға ұшыратқан өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық нәубетін терең зерттеген картина түсіріп, оны шетелдік көрерменнің назарына ұсыну идеясы мен демеушілік жасауы Қалила Омаровтың ашаршылық тақырыбына қайта оралуына себепкер болыпты. «Өткен тарихты жай ғана «қазағым, қазағым» деген жалаң сөзбен емес, түрлі көзқарастар, түрлі жүйелердің тоғысында, деректілігі өз алдына, жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеп, жасау керек. Осы ретте Еуропа ғалымдарымен, басқа да зерттеушілермен ақылдасып, пікірлесіп жатырмыз», – дейді режиссер
Әбенов деректі фильм түсірмек
«Аллажар» фильмінің авторы Қалдыбай Әбенов 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы жайында деректі фильм түсіруді армандап жүргенін айтады. Оның айтуынша, фильмнің сценарийі де дайын.
– Шаңырақ оқиғасы 2006 жылдың 14 шілдесінде болды. Сол кезден бастап қазақтың әлеуметтік жағдайы т.б. мәселелері туралы фильм түсіру жайында ойластырғанмын. Сценарийі 2006-2007 жылдары Шаңырақтың сотында болған деректі материал бойынша жазылып, қазір қолымда дайын тұр, – дейді Қалдыбай Әбенов.
Режиссердің фильмді бастап кетуіне қазірге қаражат жағы мен белгілі бір дәрежедегі тыйымдар кедергі екен. Бірақ режиссер болашақта қазақ көрерменіне өткен тарихтың ақиқаты ретінде жаңа бір деректі туынды ұсынатынына сенімді.
«Үшінші – артықты» көре алмайтын болдық
Ted [Третий лишний] комедиясы Қазақстанда прокаттан алып тасталды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі. Аталмыш фильмнің тұсаукесерін қазақстандықтар тамыз айында күткен еді. Бірақ тамыз басталысымен барлық отандық киносайттағы жарнамалар жоғалып кетті де, фильм кестеде сол күйі пайда болмады.
«Меломанның» ресми өкілі Андрей Мануйлов өз Twitter парақшасында мәлімдегендей, бұл фильмнің Қазақстандағы прокатына ешкім тыйым салмаған. Оның айтуынша, «Тэдтің» прокаттан алып тасталуына соңғы екі ай бойы елімізге Universal Pictures фильмдерін алып келмей жатқан делдал себепші болып отыр.
Сет Мак Фарлейннің алғашқы көркем фильмі көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, әзілді сүйер киномандардың көңілінен шығуда. Оның кассалық жиыны да күннен-күнге рекордтық көрсеткішке жақындап келеді. Комедияда басты рөлдерде Мила Кунис пен Марк Уолберг ойнайды.
Періштедей таза, Сүлеймендей әділ...
Бәрімізді өнерге баулыды
... Әкеміз бүкіл өмірін театрға арнады. Ол кісі бәрімізді өнерге бейімдеді. Сөйтіп, балаларының бәрін музыка мектептеріне беріп, біздің музыка маманы болып шығуымызды қатты қалады. Сіңлім Салиха екеуміз пианино бойынша мамандандық. Әсіресе Балым, Мәриям деген сіңлілерім әкеміздің бұл үмітін ерекше ақтады. Балым Мәскеудегі ағайынды Гнесиндер институтының скрипка бөлімін бітірді. Қазір Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясында профессор. Ал Мәриям болса осы консерваторияны скрипка сыныбы бойынша үздік бітіріп, бүгінде П.И.Чайковский атындағы музыка колледжінде ұстаздық етуде. Салиха сіңлім Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінде фортепьянодан сабақ берді.
Мен ғылым жолын қудым. 1967 жылы «Салыстырмалы грамматикадан» диссертация қорғадым. Әкем марқұм сол күні диссертациялық мәжіліске қатысып, кандидаттық дәреже алғаныма қатты қуанды. Әкемнің өнердегі жолын қазір менің қызым Әсел жалғастырып жатыр. Ол – опера және балет театрының бишісі. Бала күнімізде әкеміздің қойылымдарына барып жүрсек, қазір Әселдің қойылымдарына барамыз. Анамыз Хадишаның музыкалық қабілеті өте күшті еді. Театрға әйел әртістер жетіспей жатқан шақта әкеміздің ықпалымен анам театрда 12 жылдай, яғни 1939 жылға дейін актрисалық қызмет те атқарған.
Көптеген тұлғалармен араласты
Әкем сахнада әртүрлі образдарды сомдады. Солардың ішінде М.Әуезовтің «Еңлік–Кебегіндегі» Еспембет рөлі керемет шықты. Билер сотында Еспембет «Екінің бірі, екінің бірі» деп айқайлағанда Ғ.Мүсірепов: «Мынадай шағын денеден зор дауыс шығып, бүкіл театрдың қабырғаларын сілкіледі. Қандай күш, қандай талант!» – деген екен.
Әкем өз ғұмырында 200-ге тарта рөлде ойнады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» әкеміздің Баянды ұзатпай, «көшемін, көшемін», «су, су» деп айқайлайтын тұсы бар. Біз сол қойылымды көріп отырып: «Папамыз қандай қатал еді!» – деп ойлайтынбыз. Ш.Айманов «Менің сүйікті дәрігерім» деген фильмін түсірді. Сонда әкемізге: «Сіз дәрігердің досын ойнаңыз», – депті. «Аты кім болады» десе: «Ой, Сераға, басқа аттың керегі жоқ, осылай Серке болып жүре беріңізші», – деген екен. Міне, осы рөлдері ерекше есте қалды.
Әкем көптеген тұлғалармен араласты. Солардың ішінде Ғ.Мүсіреповпен әкемнің арасындағы достығы көз алдымызда. 1957 жылы қуғын-сүргіннен босатылған жазушылардың отбасылары Алматыға қарай көше бастады. Сонда Бейімбет Майлиннің жанұясы көшіп келді. Ойын-сауық кештерінде әкем Б.Майлиннің «Мұсылмандық белгісі» атты өлеңін оқитын еді. Кейін Биағаңның «Мырқымбайын» да жұртшылыққа жария етті. Әкем оларды ешқашан ұмытқан жоқ. Бейімбетті ұмытпаған әкемді Ғабит аға қатты сыйлап өтті. Тіпті Бейімбет ағаның балалары да әкеме ризашылығын білдіріп, алтын сағат сыйлады.
Достыққа таптырмайтын аға...
Менің тұңғыш ұлым туғанда әкем Мұхаңа телефон шалды. Сол күндерде ол кісі Лениндік сыйлық алып жатқан. Біріншіден, Мұхаңды құттықтамақшы, екіншіден, немересіне Мұхтар есімін беруге рұқсат сұрамақшы. Телефонды Валентина Николаевна алды. «Мұхаң бар ма екен» деп сұраған әкеме ол кісі: «Бар, бар, келіңіз!» – дейді. Содан әкем дереу жазушының үйіне барып, лауреат болуымен құттықтап, сонымен бірге: «Сіз сыйлық алған күні менің тұңғыш немерем де дүние есігін ашты. Соған өзіңіздің атыңызды қойсам, рұқсат па?» – деп сұрайды. «Рұқсат, рұқсат... Құрдас, бәлі, сенен мен немді аяймын?!» – деп Мұхаң да мейірлене жауап береді.
Әкем Ғабитты ағаны қатты сыйлайтын. Ғабеңнің ағасы қайтыс болған екен, бір күні анама: «Бүгін Ғабитті көңіл шайға шақырамыз», – деді. Ғабең Ғазиза апай екеуі келді. Біз қатты қуандық. Ғабит ағаны ерекше қадірлейтінін осылай білдіргенін сездік. 1979 жылы Ғабеңнің 3-кітабы шықты. Соны папам сатып алып, Ғабеңе барып: «Мына кітапқа маған қолтаңба жазып берші», – деп өтініпті. Сол кітап қазір үлкен үйде, үлкен шаңырақта сақтаулы тұр. Ғабең әкеме берген қолтаңбасында: «Ардақты аға! Аса дарынды сахна қайраткері! Барлық тіршілігімен, өнер өнегесімен, бұйымы ортақ ұстаз, періштедей таза, Сүлеймендей әділ, достыққа, қадірлестікке таптырмайтын аға Серекеңе барлық адал жан-жүрегіммен ұсынушы – Ғабит Мүсірепов», – деп жазған екен.
Әкем қайтыс болғаннан кейін министрліктің қаулысымен ол кісінің өзі тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылды, қабірінің басына ескерткіш тұрғызылды. Алматыдан көрнекті көше берілді. Әкем қайтыс болғаннан кейін үш кітап шықты. Біріншісі – 1982 жылы «Актер және азамат». Кейінірек, 1993 жылы әкемнің өзінің жазған-сызғандары «Өнер» баспасынан «Шеберлік мектебі» деген атпен кітап болып жарық көрді. Үшіншісі – 115 жылдығына орай «Шеберлік шыңы» деген атпен жарияланды. Осы ізгілікті істердің бәрі әкемнің өзіне, өнеріне деген халықтың ыстық ықыласы деп білеміз.
Әңгімелескен Сандуғаш ТҮСЕН, ҚазҰУ студенті
Бетті дайындаған – Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru