Алаштың КИНОиндустриясы
Қазақстандық телехикаяны түріктер түсіруде
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 3 ТА PICTURES компаниясымен бірлесе отырып, өзінің жаңа маусымында көрерменге «Әке борышы» атты отбасылық жаңа телехикаяны ұсынатын болады.
16 сериялы телехикаяны түсіру жұмыстары жақында басталып та кетті. Бұл жобаның басты ерекшелігі – оның негізгі шығармашылық тобына түркиялық мамандардың тартылып отырғандығы. Яғни операторлар, компьютерлік графика мамандары, дыбыс режиссерлері Түркиядан шақырылған, мысалы, туындының сценарий авторы Нүреддин Өзел болса, режиссері – Дэвкан Финдык.
Қазақ көрерменіне жақсы таныс «Фатмагүл», «Дениз», «Эзель» сияқты басқа да жобаларды жүзеге асырып, кеңінен танылған білікті киногерлер бүгінде қызу жұмыс үстінде. Сонымен қатар телехикаяға М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының және Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртістері де таңдап алынды. Фильмнің сюжеті Сағат Жылкелдиевтің кейіптеуіндегі басты қаһарман Досымбектің отбасы төңірегінде өрбиді. «Әке борышы» жобасына сондай-ақ Құман Тастанбеков, Тұрсын Құралиев, Гүлжамал Қазақбаева, Гүлшат Тұтова, Мақсат Сәбитов, Әсет Иманғалиев, Гүлшарат Жұбаева, Дархан Сүлейменов сынды басқа да актерлер қатысқан.
Сериал қазақ тілінде түсіріледі және алдағы күзде экранға шығады деп күтілуде. Премьерадан кейін түсіруші топ фильмді субтитрлермен және дубляжбен шығаруға уәде етуде. 45 минуттан 16 бөлімге негізделген телехикая отбасы құндылықтары жайын баяндамақ. Бір жанұяда орын алған жайттар төңірегінде өрбитін телехикая мазмұны ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынасқа негізделген. Мұнда қарапайым мысалдарымен – жақсылық пен жамандық, әділдік пен арамдық, шындық пен өтірік, сүйіспеншілік сезімі мен қатыгездік сынды өмірдің шынайы көріністері арқылы әкенің балаларына деген махаббаты, ең бастысы, балалары алдындағы әке борышы және оны өтеудің оңайға соқпайтындығы көрініс табады. Жаңа жобаға саундтрек ретінде Мұхтар Шахановтың «Әке туралы жыр» өлеңіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің әні алынды.
Жаңа телесериалдың басты костюмері – «Сымбат» сән үйінің арт-директоры, белгілі дизайнер Балнұр Асанова. Дизайнердің айтуынша, сериал кейіпкерлері киетін костюмдер ұлттық калоритті паш етуі тиіс. «Бұл жоба телекөрермендердің көңілін аулау үшін ғана емес, бүгінгі қазақстандықтардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін көрсету мақсатында да шығарылып отыр. Сол себепті де барлық кейіпкердің үстінде «Сымбат» сән үйінің киімдері болады. Ол – әр кездерде сыншылардан өзінің ерекше бағасын алған коллекциялық киім-кешектер», – дейді Балнұр Асанова.
Фильмдегі оқиғалар әр кезеңдерді, соның ішінде өткен ғасырдың 70-жылдарын да қамтиды. «Қазақстан» РТРК басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанованың сөзіне жүгінсек, халқымыз үшін қастерлі саналатын отбасы тәрбиесі мәселесіне, оның ішінде, әке мен бала қарым-қатынасына арналған жаңа сериал алдағы қараша айында көрсетіледі.
Шығармашылық топ пікірі
Алмагүл ТІЛЕУХАНОВА, 3 ТА PICTURES компаниясының бас продюсері:
– Жобаның техникалық жағын жүзеге асыруға түркиялық мамандар қатысады. Олардың сериал түсірудегі тәжірибесі бізге көмек болары сөзсіз. Түрік елі мамандарының тәжірибесі арқылы өз халқымыздың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін, бүгінгі тұрмыс-тіршілігін көрсетуді мақсат еттік. Телехикаяның сюжеті өте әсерлі, қызықты эпизодтармен қатар, күрделі тұстары да жоқ емес.
Мақсат СӘБИТОВ, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері:
– Бақытыма орай, бұл телехикаяда Серік есімді жағымды рөлді ойнаймын. Сценарий бойынша анама жақынырақпын, ал әкем – аздап қатыгездеу адам. Мені де, сүйген қызымды да жақтырмайды. Үйленіп, бір баламыз болады. Сүйіктімнің рөлінде – Гүлшарат Жұбаева, анамның рөлінде Гүлшат Тұтова ойнайды.
Гүлшат ТҰТОВА, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы:
– Мен бұл телехикаяда Жазира есімді әйелдің рөлінде ойнаймын. Жазира өмірден шындықты, әділдікті іздейді. Ол байлыққа, дәулетке қызықпайды. «Әйелдің қырық жаны бар» дейтін болсақ, сол қасиеттердің бәрі бұл әйелдің бойынан табылады. Сценарий шытырман оқиғаларға толы. Онда қарбалас уақыт, байлыққа талас, қақтығыс пен өлім – бәрі көрініс тапқан. Мұндай сюжеттер көрерменді жалықтыра қоймасы анық.
Дархан СҮЛЕЙМЕНОВ, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері:
– Лейла деген сұлудың ғашығы Шүкір есімді жігіттің рөлі маған бұйырды. Бұл да – телехикаядағы жағымды кейіпкерлердің бірі.
Гүлшарат ЖҰБАЕВА, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы:
– Шынымды айтсам, өз табиғатыма жақындау осындай рөлді күтіп жүр едім. Кастинг арқылы өттім. Енді бар күш-жігерімді салып, кейіпкерімді өз биігінде көрсетуге тырысатын боламын. Түрік кино шеберлерінің жұмыс істеу бағыты, кино түсіру техникасы, әрине, біздікінен бөлектеу. Бұл тәжірибе алмасып, шеберлікті шыңдай түсуге мол мүмкіндік болмақ.
Ең көп сұранысқа ие киножұлдыздар
Әлия Телебарысова 2012 жылы түсірілген «Жаужүрек мың бала» және «Жас Ұлан» фильмдерінде басты рөлді сомдаған, Қазақстан мен Ресей киномамандары бірігіп түсірген «Балкон» фильмінде де бас кейіпкердің рөліне түскен. Сондай-ақ «Сыныптастар» атты жаңа телесериал мен 2011 жылы түсірілген «Ағайынды-2» сериалына түсті.
Қарлығаш Мұхамеджанова 2011 жылы Егор Кончаловскийдің «А»-ға қайтып оралу» фильмінде және «Ликвидатор», «Семь майских дней» фильмінде басты рөлдерді сомдады. 2012 жылы «Жан-жүрегім – Астана» атты киноальманахта, сонымен қатар «Весь мир у наших ног» атты фильмге түсті.
Бибігүл Сүйіншалина 2012 жылы «Жан-жүрегім – Астана» атты киноальманахта, «Виртуалды махаббат» атты фильмде басты рөлді сомдаған. Сондай-ақ Ресейде түсірілген «Пираньи» және «Земский доктор» атты телесериалдарға түскен.
Гүлнар Досматова екі жылда бес бірдей ірі фильмге түскенімен, ешбірінде басты рөлді сомдамаған. Мәселен, 2011 жылы «А»-ға қайтып оралу» фильмінде және «Ликвидатор» фильмдерінде, 2012 жылы «Жан-жүрегім – Астана» атты киноальманахта және «Ағайынды-2» телесериалдарында ойнайды. Сондай-ақ «Книга Легенд. Таинственный лес» атты фильмде де ойнаған.
Әсел Сағатова «Подружки» атты телесериалда басты рөлге түсіп, «Студент» и «Охота за призраком» атты фильмдерде шеберлігін көрсетті.
Берік Айтжанов 2011жылы «А»-ға қайтып оралу» және «Ликвидатор» фильмдерінде, сондай-ақ «Ағайынды-2» телесериалына түсті. 2012 «Жаужүрек мың балада» Әбілхайыр ханның рөлін сомдайды. Қазір «Балкон» және «Книга» атты фильмдерге түсіп жатыр.
Төлепберген Байсақалов «Супер Баха» фильмінен кейін 2011 жылы ол «Снайпер-2. Тунгус» және «Солнечные дни» фильмдерінде көрермен назарына ілікті. 2012 жылы «Алматыда пәктіктен айырылу» атты фильмде басты рөлге түсті.
Санжар Мәдиев жас актер екі жыл ішінде жеті мәрте режиссерлердің таңдауына іліккен.
Азамат Әшімов сұраныс жағынан Санжар Мәдиевпен тең болғанымен, басты рөлдерді сомдау жағынан қалыс қалады.
Дәулет Әбдіғапаров оның да екі жыл ішіндегі жетістігі – жеті кейіпкер рөлін сомдауы.
Әртіске бақ та, бап та керек
Нұрлан ӘЛІМЖАН, актер, әнші:
Актер, әнші Нұрлан Әлімжанның кинодағы баспалдағы «Менің балалық шағымның аспаны» фильмінен басталды. Ел Президентінің балалық шағын сомдау жас актерге үлкен жауапкершілік пен алғашқы актерлік мектебіндегі үлкен сынақ болғандай. Бірден киноның қайнаған қазанына түсіп, одан үздік көрсеткішпен көрерменге қарай жол тарту – кез келген әртістің маңдайын бұйыра бермейтін бақ. Бұл мақсат үдесінде Нұрлан Әлімжанның айы оңынан туғаны анық.
Актер еңбегі көрермен бағасынан көрінеді
– Режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» фильмінің жалғасы «Көшбасшының жолы» деген атаумен түсірілуде. Мен Елбасының бозбала шағын сомдаймын. Киноның жұмыстарымен таяуда Еуропадан оралдық. Эстония, Латвия, Белоруссия, Финляндия сынды елдермен танысып қайттық. Енді қарашаға дейін осында – Теміртауда боламыз. Бірнеше серияға жүк болатын бұл фильм бізге үлкен жауапкершілік артып отыр. Алғашқы нұсқасы, меніңше, жылы қабылданған сияқты. Енді оған талғампаз көрерменнің патша көңілі өз бағасын бере жатар деген ойдамын. Бұйыртқаны болады. Мен қандай рөлді алсам да, оған үлкен жауапкершілікпен келуге, үлкен ізденісте бастауға тырысамын. Алғашқы «Менің балалық шағымның аспаны» фильмін Елбасының өзі көріп, жоғары бағасын берді. Ол кісіге қатты ұнаған сияқты.
Мықты актердің ой-өрісі де кең болуға тиіс
– Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында марқұм Жайлау Жабағин, Амангелді Сембин, Айдос Бектеміров, Жанат Хаджиев сияқты марқасқа ағаларымнан дәріс алдым. 2003 жылы оқуымды бітірмей жатып мені Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрына «Қыз Жібек пен Төлеген» қойылымына басты рөлге – Төлегенді сомдауға шақырды. Сол театрда мен алты жыл қызмет еттім. Содан соң өз өтінішіммен сол театрдан рұқсат сұрап жұмыстан шықтым. Мені кино мен эстрада көбірек өзіне тартып кетті. Бала кезімде Митхун Чакробортиге, комиссар Катаниге көп еліктеп, өзімізше солардай болуды армандайтынмын, шыны керек. Сол кездерде болса керек, анамнан «Менен жақсы актер шыға ма?» деп сұрай береді екенмін. Сонда анам «Сенен жақсы актер ақылды болсаң ғана шығады. Мықты актер болғың келсе, алдымен ой-өрісіңді дамыт» деп жауап қайтаратын.
Жүйрікті жүгіртіп жаратса, бізді өнер сахнасында пісіріп жаратады
– Қазақ «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді. Мен адамға актер болу үшін бақ та, бап та керек дер едім. Кинолардың сынынан өтіп жатқаным бағымның жанғаны болар. Өйткені менен де әдемі, менен де талантты, менен де бабы келіскен актерлер бар. Бірақ режиссерлер мені таңдап алды. Ол – бірінші, Алланың бұйрығы мен бақтың жанғаны. Енді сол жанған бақты ұстап тұру деген бар. Бір киномен тоқтап қалуға да болады. Алғашқы киноға бағым жанып іліксем, қалған киноларға бабым келіскен соң іліккен шығармын. Жүйрікті жүгіртіп жаратса, бізді өнер сахнасында пісіріп жаратады. Үнемі кітап оқу, спортпен айналысу, өнеріңді шыңдау, қарайып қалмау – актер ұстанар қағида. Қарапайым спортты алайын, егер мен түсіру алаңында жүгіре алмай жатсам, ентігіп атқа міне алмай жатсам, жекпе-жек көрсете алмай жатсам, ешкім мені киноға шақырмас еді.
«Еуразия» күнделігінен
Қыркүйектің 17-22-сі аралығына жоспарланып отырған «Еуразия» кинофестивалін режиссер Әмір Қарақұловтың «Виртуалды махаббат» фильмі ашады деп жоспарлануда. «Ерекше көзқарас» бағдарламасында қазақстандық режиссер Ахат Ибраевтың «Аңыз кітап: құпия орман» фильмі де көрсетілмек.
«Санжар мен Қайсардың» қызықтары
Қазақ киносы жақын арада тағы бір жаңа туындымен толықпақ. «Санжар мен Қайсар» атты 12 бөлімге негізделген комедиялық фильм осы күзде эфирден көрсетіледі деген үміт зор.
Әр бөлімі жаңа бір оқиғаны баяндайтын фильм түрлі аңыздардың желісіне қызығушылық танытқан ағалы-інілі екі баланың басынан кешкен оқиғаларын баяндайды. Басты кейіпкерлер 400 үміткердің арасынан таңдалып алынған. Санжар (Абылай Жұмабай) – ақылды, салмақты, ал Қайсар (Нұрдәулет Есболған) – бұзақы, сотқар бала. Балалардың әпкесі – креативті студент қыздың рөлін Аружан Жазылбекова, бақсы әжесінің рөлін Ғазиза Әбдінәбиева, химик-биолог әкесін Жанат Тінбаев, ал шешесін Баян Қожанбаева ойнайды.
«Қазақстан», «Балапан» телеарналарына осы идеяны ұсынған жоба авторы – режиссер Ахат Ыбыраев балаларға арналған бұл фильмнің тек бастама екенін атап өтті.
«Кеш келген махаббат» фильмі – DVD нұсқада
Сәбит Құрманбековтің «Кеш келген махаббат» фильмі DVD нұсқада жарық көрді. Нұржұман Ықтымбаев, Болат Қалымбетов, Наталья Орынбасарова, Жерар Депардье түскен жеңіл лирикалық мелодраманы енді көрермен «Меломан» сауда желісінің барлық дүкенінен таба алады. Қатарластардың әдемі әзілі мен қызықты оқиғаларына куә болуға ниетті көрерменге жаңа мүмкіндік ашылғандай.
Бетті дайындаған Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru