«Кино – ұлттың төлқұжаты» қазіргі қазақ киносы осы биікке көтеріле алды ма?
«Кино саласында «Американы алпауыт елдердің қатарына қосуға жол ашқан – оның киносы» деген түсінік бар. Бұл мәселеде осы үде тұрғысынан ТМД киногерлерінің арасында бүгінгі таңда Өзбекстанның кинолары ерекше бағаланады. Расымен де, Өзбекстан киноларын көріп отырсаңыз, «Орта Азияда Өзбекстаннан артық жұмақ жоқ» деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Яғни Өзбекстан өз елін кино тілімен жарнамалай бастады. Өкінішке қарай, бұл мәселеде қазақ киносында идея тапшылығы сезіледі.
«Қазаққа қандай кино керек?» деген сауалдың жауабы аспанда ілініп тұрғанына да, міне, 20 жыл болды. Соңғы кездегі Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киносының жаңа түсіріле бастаған киноларында ғана аздаған талпыныс пен ізденіс бар екенін киномамандар айтып жүр. Алайда Қазақстанның сырт елдегі имиджін қалыптастыратын қазақ киносы десек, біздің сыртқа шығып жүрген фильмдеріміз жайлы ол тұрғыдан мақтанарлық дүние табу қиын. «Барша өнердің ішіндегі ең маңыздысы – кино», «Ел болам десең, экраныңды түзе» деген алаңмен жүрген біраз зиялы Венециядан жүлделі оралған «Қараой», Канн кинофестиваліне қатысып қайтқан «Тюльпан» секілді фильмдерді (арт-кино, автордың өзіндік қолтаңбасы бар десек те) Қазақстанның имиджін қалыптастыратын фильмдерге жатқыза алмайтындықтарын әр жерде айтумен жүр. Рас, соңғы кездері қазақстандық киноиндустрияда ізденістер мен ілгерілеулер бар. «Серпіліс», «Қызғылт қоян туралы хикая», «Ликвидатор», «Риэлтор» секілді фильмдерден жаңа буынның ізденісі байқалғанымен, жалпыхалықтық сұранысқа ие бола алмағанын байқайсыз. Киногерлердің аузынан «Көрмес, түйені де көрмес» деген ренішті көп естиміз. Бірақ, шынымен де, неге қазақ аталмыш өнімдерді іздеп жүріп көрмейді? Өйткені бүгінгі қазақ киносы кешегі Шәкен Айманов буыны мақсат еткен «Кино – ұлттың паспорты, ұлттың төлқұжаты» ұстанымынан алшақ дамуда. Ұлттық сипатты ескеруге тиіс қазақ киносы бірлескен жобаларға қызмет етумен жүр. Бірлескен жобалар негізгі ұлттық бағытпен тек қана қосымша дамуға тиіс болатын.
Жақында ғана Астанада өткен «Астана» экшн-фильмдер кинофестивалінде белгілі режиссер Тимур Бекмамбетов Астана қаласының болашақта қазақ киносының дамитын орталығына айналатынын айтты. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Алайда дүниежүзілік мәдениетке қазақ киносының қосар үлесінде ұлттық сипат, ұлттық айырма болмаса, ол ұлттың өнімін өзге халық тұшынып көретін дүние деу қиын. Кейде біздің кино саласындағы ірі жобаларға Тимур БЕКМАМБЕТОВ, Егор КОНЧАЛОВСКИЙ секілді режиссерлер кеңесшілік немесе режиссерлік жасайды. Бұл үрдіс тәжірибе үйрену тұрғысынан тапқыр шешім шығар, бірақ бұл жол қазақ киносының орыс киноларының көшірме «қазақстандық нұсқасы» немесе голливуд шедеврлеріне еліктеген тағы да орыстық көзқарастағы кинолар калькасы болады да отыратынын ғана дәлелдейді...
Талант пен танымалдық
Бастығына жас журналист Меруерт Өтекешова сұхбатқа келісіп алып, артынан театрдан «қуып»шыққанын айтып шағынады. Бас редактор мәселенің анық-қанығын білсе, әлгі журналист қыз жалпыхалықтық танымалдыққа ие «Қыз Жібекке» барып, «Сіз қандай киноларға түскенсіз?» деп сұраған көрінеді. Оған ашуланған актриса «Қарағым, сен алдымен мен түскен фильмдерді көріп кел, екеуміз содан соң бір-ақ сөйлесейік»» деп грим жасайтын бөлмесінен шығарып жіберіпті.
Белгілі кинотарланы Асанәлі Әшімов пен театр сыншысы Әшірбек Сығай көшеде келе жатса, бір топ жас оларға тұра жүгіріп, Асанәлі ағадан қолтаңба сұрап, онымен суретке түсіп, мазасын алса керек. Сонда Асекең ойланып тұрып: «Сендер неге менен ғана қолтаңба ала бересіңдер, міне, қасымда Мұхтар Әуезов тұр емес пе? Неге содан қолтаңба алмайсыңдар?» депті. Асекеңнің бұл сөзін шын көрген әлгі жастар: «О-о-о, Мұхтар аға, біз сіздің «Абай жолыңызды» оқыдық қой деп қағаздарын парақтап, Әшекеңе «тап» берсе керек.
Асанәлі Әшімов пен Фархад Әбдірайымов бір кездесуде кинозалға қарай қатар келе жатса, көрермен жастар тағы да оларға қарай лап қойыпты. Бұл жолы жастардың бәрі «Фарамен» суретке түсуге ұмтылып, содан қолтаңба алуға әрекеттеніп жатса керек. Оларға қарай күліп тұрған Асекең: «Танымал» болған да жаман екен ғой» депті қуланып.
Жана фильмдер шеруі
Осы аптада отандық кинотеатрлар афишасы «жылдың асыға күтілген премьерасы» болып саналмаса да, танымал һәм талантты актерлер түскен бірнеше фильмді көрермен назарына ұсынады.
Римге махаббатпен
Атақты режиссер Вуди Алленнің төрт оқиғаның өзара өріліп, біртұтас сюжеттік желіні құрайтын көркем фильмі осы жылдың сәуірінде еуропалық көрерменнің назарына ұсынылып қойғанымен, қазақстандық прокатқа енді келіп жатыр. Алек Болдуин, Роберто Бениньи, Пенелопа Крус секілді кино саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандармен Джесси Айзенбергтей енді танылып келе жатқан актерлердің қатар ойнауы еуропалық-голливудтық контрасты фильмге қосымша жағымды реңк беруі әбден мүмкін.
Туынды бізге Римде өткізген жастығын еске алған сәулетшіні, күтпеген жерден атақ-даңққа ие болған қарапайым тұрғынды, қала көруге келген бір-біріне өлердей ғашық екі жас жұбайды, жерлеу бюросының қызметкерінен әнші жасағысы келіп әуреленген опера әншісін көрсетеді.
Қызыл шамдар
Өмірін паранормалды құпияларды зерттеуге арнаған ғалым Маргарет Мэтисон /Сигурни Уивер/ мен оның көмекшісі Том Баккли /Киллиан Мёрфи/ парапсихологияның құнды жаңалықтарын ашуда кеңес сұрап, атақты экстрасенске жүгінеді. Алайда біріккен үшеудің тәжірибелері тылсым әлемнің күтпеген бейнесін ашып көрсетеді...
Ақырзаман үшін дос іздеймін
Комедия бағытындағы киноның тісқаққан кәнігі маманы Стив Кареллдің және «Кариб теңізінің қарақшылары» арқылы атағы шыққан Кира Найтлидің фантастикалық комедиясы аптаның қызықты премьераларының бірі болмақ.
Жерге алып астероидтің жақындап келе жатқанын және бірнеше күннен кейін дәм-тұзының таусыларын білген Додж мектепте бірге оқыған Пенни есімді құрбысын іздеп жолға шығады.Алайда серік болып қасына ерген көршісі бас кейіпкердің бар жоспарының быт-шытын шығарады.
Космополис
Сценарийі алты күнде жазылған бұл фильмнің шым-шытырық сюжеті жауыр болған голливудтық триллерге ұқсамаса керек. Канада мен Еуропаның бірнеше мемлекеті бірлесіп түсірген «Космополис» шаштаразға бара жатқан 28 жастағы мультимиллионер Эрик Пэкер өмірінің 24 сағатын суреттейді. Күтпеген жерден шабуылға ұшырап, бар жиған-тергенінен бір сәтте айырылып қалған адамның бейнесін сомдау Роберт Паттинсонға бұйырыпты.
Сәттілік сарбаздары
Ішкені артында, ішпегені алдында бір топ қалталы азаматтың өмірден қосымша қызық іздеп тапқылары келеді. Уолл-Стрит банкирі, видеоойындардың ғұламасы, орыс алюминий магнаты, халықаралық қару-жарақ саудагері және ұялы байланыс негізін қалаушылардың бірі құраған бұл бай-бағлан тобы шын соғыстың дәмін татып көру үшін әжептеуір ақша шығарып, әлдебір аралға келеді. Алайда әлде тағдырдың жазуы, әлде басқа, бұлар ойын көріп жүрген оқиға шын шайқасқа ұласып, миллионерлер от пен оқтың ортасында қалады.
Kinostan.kz порталының Қазақстан кинопрокатына 19 шілде күні шығатын премьераларға шолуы
Мен табысты көп табатын режиссер емеспін...
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Режиссер Еркін Рақышевтың да есімі соңғы жылдары қазақ киносында ерекше аталады. Өзіндік ізденісі мен қолтаңбасы бар режиссердің ұстанымы: «кино түсіретін адам патриот болуы керек».
Ашаршылық жайлы жаңа деректер таптық
– Мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен алда келе жатқан ашаршылықтың 80 жылдығына арналған деректі фильмді түсіріп біттім.Қазір ол фильмнің артық-кем жерлері түзеліп жатыр, құдай қаласа, осы күзде көрерменге қарай жол тартып қалады. Бұл фильмді түсіру барысында Мәскеудің архивтерінен бұрын ашылмаған тың деректерді таптық. Одан бөлек, «Биші қыз» атты көркем фильмім түсіріліп бітіп қалды. Биші болуды армандаған қыздың аяқ астынан жол апатына ұшырап, бір аяғынан айырылуы, оның өмірден баз кешуі мен жан күйзелісі, оны бұл қиындықтан алып шығатын қарт кісінің рухани көмегі, мақсатқа жету жолындағы күрес, жалпы, адам өміріне тән қиындықтар сөз болатын бұл фильмді де көрермендер жылы қабылдайды деген ойдамын.
Пираттармен күрес әлі жолға қойылмай келеді
– «Жаралы сезім», «Жетімдер», «Мәңгі өмір сүргің келсе...», «Астанаға көктем кеш келеді» атты фильмдерімнің қай-қайсысы болса да, біраз табыс әкелуге қабілетті кинолар болатын. Мен алғашқы түсірген «Жаралы сезім» фильмімнен ғана 100 мың доллар табыс таптым. Одан кейінгі «Жетімдер» жарыққа шыға салып көрерменнің үлкен ықыласына ие болды. Бірақ кинотеатрлардан көрсетіле бастағанына екі апта өтпей жатып-ақ оның пираттық дискілері бүкіл базарларға жайылып кетті. Біз осылайша, одан табыс таппай қалдық. Бізде пираттық дүниелерді жасап, таратушылармен күрес мүлдем жүргізілмейді. Өнерін сыйлайтын елдің заңы да дұрыс жұмыс істеуі керек. Біздегі заңдардың осал, солқылдақтығынан, өкінішке қарай, осы саладағы алаяқтыққа тыйым салынар емес.
«Мәңгі өмір сүргің келсенің» машақаты
– «Мәңгі өмір сүргің келсе» фильмі көрермендер тарапынан өте жылы қабылданды. Бірақ аздаған цензураға тап болды. Ішінде басты кейіпкердің мәңгіліктің дәрісін ойлап табатын, оның сол үшін Нобель сыйлығын алатын, оны басшылықтың құттықтайтын жері бар.Солардың бірінің «Дәурен бауырым, бүкіл әлемді қазақша сөйлеттің, жарайсың! Сен Нобель сыйлығын алып жатқан тұста менің де сол сыйлықты алғым келіп кетті» дейтін жері бар болатын. Сол қиылып кетті.Бұл фильмді кинотеатрларда көрсетуге жарнама беріп қойдық та, әртүрлі себептермен көрсетілмей қалды. Сондықтан оны прокатқа шығара алмай қалдық, оны тек телеарналар ғана берді.
Көрермені көп режиссермін
– Кинода, меніңше, «табысты режиссер»ұғымы қате сияқты. Әлемдік киноматографияда киноның құны әртүрлі факторлармен өлшенеді. Бір режиссердің бағасы фестивальдан лауреат болғанымен өлшенсе, енді біреуінікі қанша ақша тапқанымен өлшенеді. Ал енді бірінікі оның киносын көрген адамның санымен де өлшенетін жағдайлар болады. Осы соңғы, анықтама жағынан алғанда, яғни көрушісінің көптігі жағынан менің киноларым ең алдыңғы орында деп айта аламын. Табысы жағынан «алдыңғы қатардамын» дей алмаймын. Өйткені жаңа айттым, бізде көбі пираттық жолмен саудаланып кетеді. Менің киноларымды естіген жұрт осы пираттық жолмен менің танымалдығымды арттырды. Сондықтан көрушісі көп режиссермін.
Бәсекелестік дамып келеді
– Бұрын кино десе, жұрт тек «Қазақфильмді» ғана айтатын. Бір қуанарлығы, соңғы кезде осы монополияға бәсекелес киностудиялар пайда бола бастады. Рас, олар әлі әлсіз, шағын, мүмкіндігі шектеулі. Бірақ бәрібір өз ізденістерімен, өз қолтаңбаларымен кинолар түсіріп жүр. Оған мысал, Ақан Сатаевтың, Жанна Исабаеваның студиялары, одан бөлек қазір әр телеканал өздері сериалдар түсіретін мүмкіндікке ие болды. Қазір сол телеарналарда эфирден өз сериалдарын, түсірген фильмдерін көрсетіп жүр. Кинода бәсекелестің көп болғаны жақсы. Ол талғам мен сапаны жақсартады. Бір жағы әуесқой режиссерлер кино түсіре бастағандықтан, арнайы білімі бар режиссерлер намысқа тырысып, дұрыс дүниелер жасауға ұмтыла бастады.
Әуесқой емес, мен «народныймын»
– Еркін Рақышев әуесқой режиссер деп мені білмейтіндер айтады. «Нью-Йорк таймс» газеті маған «Боратты» алып барған кезде, «неге сізді қазақ журналистері әуесқой деп айтады, орыс журналистері «народный» дейді» деген сұрақ қойды. Мен сасқанымнан «Ойбай, солай дей ме?» деппін. Сондықтан мен өзіме лайық дегенін аламын. Мен «народный» режиссермін. Әуесқой дейтіндерге де еш ренішім жоқ.
Англия жұрты маған өкпелі
– «Менің ағам – Борат» фильмі шыққанда «Дели телеграф» газетінің журналисі маған «Сіз неге ренжисіз, «Борат» қалжыңдады ғой» деді. Мен оған «Мен де қалжыңдап, «Королева Елизаветаның сүйікті сусыны – есектің зәрі» десем, қалай болады?» дедім. Ал, содан бүкіл ағылшын ұлардай шулап ала жөнелмесі бар ма?! «Айдалада жатқан қазақ неге біздің королевамызға тіл тигізеді?» деп. Екінші қырынан алып қараса, менікі дұрыс, мен тек журналистің сұрағына жауап бердім.
Фильм түсірудің технологиясы дамып кетті
– Мен алғашқы фильмдерді ескі технологиямен түсіргендіктен, оларға 30 мың доллар ғана кеткен. Кейінгілері жаңа техникамен түсірілгендіктен 100 мыңдай кетіп жүр. Қазір техниканың қарыштап дамып бара жатқан заманы ғой. Болашақта тіпті дамиды деп ойлаймын бұл сала. Сондықтан болашақтың кинолары барлық талапқа сай түсіріліп, сапалы шығатын болады. Соған лайық актер еңбегі де бағаланады.
Қамшы мен Асық – «Қазақияның» кейіпкерлері
«Қазақия» атты анимациялық сериал авторлары Қамшы мен Асық кішкене балалардың асыға күтетін, сүйіп көретін, арналардан арнайы іздейтін кейіпкеріне айналатынына сенімді. Фильмніңавторы, режиссер Нұриддин Патеев қазіргі күні мультфильмнің төрт сериясын түсіріп те қойғандарын, оның әрбір сериясы 7-8 минутқа созылатынын, мультфильмге қазірдің өзінде 3 млн теңгеден аса қаржы жұмсалғанын айтты. Түсіріліміне жарты жылдай уақыт жұмсалған мультфильмнің басты кейіпкерлері Қамшы мен Асық түрлі оқиғаларды бастан кешеді. «Қазақия» мультфильмінде кейіпкерлер қазақ фольклорынан түрлі мақал-мәтелді айтып отырады. «Бізге батыстың дүниелерін қайталап не керегі бар? Бай тарихымыз бар, брендтеріміз де жеткілікті. Ол туралы өскелең ұрпаққа айтып жеткізуіміз керек. «Қазақия» мультипликациялық фильмінің бас кейіпкерлері Асық пен Қамшы арқылы біз балаларымызға қазақ халқының салт- дәстүрлерінен хабар беруді мақсат тұттық», – дейді мультфильмнің режиссері Нұриддин Патеев.
Қытай телесериалындағы қазақ қызы
«Жын Шуан хикаясы» атты қытайлық телесериалда Риза Әлімжанова есімді қазақ қызы басты рөлді сомдайды. Бүкіл қазақтың мақтанышына айналған қазақ қызы Қытай астанасы Бейжің қаласында 1986 жылы дүниеге келіп, он жасынан бастап жарнамаларға түсе бастапты.Мектептен соң кино саласына қарай маманданған жастың алғашқы рөлі 2010 жылы «Зағиптар театрханасы» фильмінде кесіледі. Фильмде зағип қыз – Шиау Оудың жан дүниесіндегі бұлқынысты шынайы сомдаған әртіс қызды көрермен өте жылы қабылдапты. «Карта ашамын» атты көркем туындыдағы Цун Зуозуоның рөлі, «Жалғандықпен күрес» комедиясындағы Жаң Лин бейнесі жоғары бағасын алып, жас қыздың кино әлеміндегі орнын айқындап бергендей. «Жын Шуан хикаясындағы» Лан И рөлінің де өзінің көрерменін табатыны анық. Себебі қазақ қызының мүмкіндігі өзге елдің режиссерлері тарапынан жоғарғы бағаға ие.
Бетті дайындаған Шолпан ҚАРАЕВА, sholpp@mail.ru