Алаш жұртының Асқары...

Ұлт руханиятының алтын көкірек азаматы Асқар Егеубаев егер тірі болғанда бұл күнде алпыстың асқарына шығар еді... Бірақ біртуар тұлғаның маңдайына тағдыр оны жазбапты...

Ақын әрі сыншы, аудармашы және түркітанушы ретінде танылған дара дарынның қазақ әдебиеті мен ғылымына қосқан еңбегі орасан зор. «Мөлдiр бұлақ», «Құс жолы», «Жүректегi жұлдыздар» атты өлеңдер жинағы мен көптеген публицистикалық еңбектерін, сын жанрындағы монографияларын былай қойғанда, Асқар Құрмашұлының Орталық Азия өркениетінің ХI ғасырдағы ең іргелі ескерткіштері санатындағы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» мен Махмұд Қашқаридің «Түркі тілінің сөздігін» көне түркі тілінен қазақ тіліне тәржімалағандығының өзі – ұлт руханиятындағы теңдессіз құбылыс. Туған халқының тарихын тереңірек білуге талпынған Асқар, түркітану ғылымымен университет қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ шұғылдана бастайды. Ол кездері, яғни өткен ғасырдың 70-жылдарында М.Қашқари мен Ж.Баласұн еңбектерін іздеп табу тіпті мүмкін емес болатын. О баста қазақ топырағында туғанына қарамастан, олардың қай-қайсысы да біздің елімізден сыртта оқытылып, сыртта зерттеліп келген-ді. Қазақ жұртшылығы үшін ит тұмсығы батпайтын қалың ормандай болған осынау жабық тақырыпқа жасқанбай баруының өзі – Асқар Егеубаевтың үлкен жүректі азамат, тегеурінді тұлға екендігінің айқын дәлелі. Ғаббас Қабышевтің пікірінше, «Ақындығы ешкімнен кем емес Асқардың қазақстандық қана емес, халықаралық сыйлықтың қайсысын болсын, алуға татитын ерекше екі еңбегі бар. Олар: Жүсіп Баласағұн мен Махмұд Қашқари бабаларымыздың «Құтты білігі» мен «Түркі тілі сөздігі». Алғашқысы – 600 бет, соңғысы – 1000 бет. Осыншама еңбекті түпнұсқадан аударып шығу үшін тұтас бір институт ұжымының қажыр-қайраты керек» болатын. Сөйтіп, Асқар Құрмашұлы халқымыздың тарихын да, әдебиетін де мейлінше байытқан теңдессіз ғылыми еңбек туғызды.
Бірақ та сол жұмысы қаншалықты лайықты бағаланды? Біз ғалымның ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегінің қадіріне жете алдық па? Жалпы, біртуар тұлғаның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында әріптес аға-інілерін не толғандырады?..

Асқар АЛТАЙ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы:
– Мен Асекеңмен «Жұлдыз» журналында біраз жыл бірге қызмет істедім. Жалпы, Асекең мені қазақ әдебиетіне алып келген адамдардың бірі еді. Ол кісі бір ғана қырлы, бір ғана сырлы азамат емес болатын. Өзі бар-жоғы 56 жыл ғана өмір сүрсе де, сол азғантай ғұмырында көптеген маңызды мұралар қалдырып кетті. Бүгінде ғалымдар да, басқалар да, «Жүсіп Баласағұнның сөздері» деп көп жерде пайдаланады. Бір өкініштісі, оны аударған Асқар Егеубаевқа бірен-саран ғалымдар ғана болмаса, негізінен, ешкім сілтеме жасамайды.
Ақындығы, аудармашылығы өз алдына, Асекең қазақтың үлкен сыншысы еді. «Сын мен сымбат» деген кітабы үшін ол кісіге Ленин комсомолы сыйлығының лауреаттық атағы берілген. Сол атақты Асекеңмен бірге иеленген Күләш Ахметова сияқты басқа да ақын-жазушылардың көпшілігі кейіннен Мемлекеттік сыйлық алды. Көзінің тірісінде Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлікке Асекең де бірнеше рет түсті, ақын ретінде де, ғалым ретінде де. Бірақ ала алмады. Қазақ ғылымына қосқан ұланғайыр еңбегі тұрғысынан келгенде, бұл, әрине, ол кісіге жасалған үлкен қиянат болды.
Ол кісі өзі көп сөйлемейтін, бірақ бәрін ісімен көрсететін. Мысалы, әдебиетке әуелде ақын ретінде келіп, одан сыншылыққа бет бұруы, сыншылықтан аудармашылыққа, аудармашылықтан ғалымдыққа өтуі ол кісінің табанды тұлға екендігін танытады. Бір айта кетерлік жайт, «Жұлдыз» журналында қатар істеген кезімізде Абайға шабуыл жасаушылар пайда болды. Сонда Асекең бас болып, Абайды арашалауға тура келді. Шын мәнінде, Абай ұлтымыздың паспорты ғой. Өкінішке қарай, оған күйе жағуға тырысушылар білімсіз топтың емес, еліміздің мүйізі қарағайдай танымал тұлғаларының арасынан табылды. Осы жағынан алғанда, дәлелді уәжбен тойтарыс беру үшін Асқар Құрмашұлы тәрізді тегеурінді сыншының, әдебиет білгірінің айбыны, айбары айрықша рөл атқарды деуге болады...

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,филология ғылымының докторы, профессор:
– Қою қара шашты, ер мұрынды, сом денелі азамат еді... «Ауырдым-сырқадым» дегенін ешқашан естіген емес едім. Осы ініме «көз тиіп кетті-ау» деп ойлаймын. Елуді орталамай жатып, тым жас кетті. Әнеу бір жылдары Жүсіп Баласағұнның әлемге әйгілі «Құтты білігін» ана тілімізде оқыдық. Оны қазақ тілінде сөйлетуші соның алдында ғана Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанған Асқар Егеубаев екенін білген жұртшылық жас ақынның алып қадамына сонда бір қайран қалып еді. Мұндай классиканы кез келген адам аудара алмайтын. Бұл тек үздік талант иесінің әрі түрік халқының ежелгі көне қазынасын егжей-тегжейлі зерттеген адамның ғана қолынан келетін. Аудармадан соң іле «Құтты білік» дастанының әдеби сөздігі мен қазақ әліпбиі негізінде түзілген транскрипциялық мәтіні жасалды. Отыздың үстіндегі жас үшін сол да жетіп-артылатын еді. Бірақ Асқар ініміз оны да місе тұтпай, «Құтты білік» дастанының поэтикасы және оның қазақ әдебиетіне ықпалы туралы ғылыми монографияны да дүниеге келтірді. Осы қыруар жұмысты Асқар кейде жоғары оқу орнының оқытушысы, бірде газет-журнал тілшісі болып не мемлекет қызметіне жегіле жүріп атқарса, жұрт қалай таң-тамаша қалмасын?! Осыншама жұмысбасты бола жүріп, Асқар сондай-ақ Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат түрік» еңбегін үш үлкен кітап етіп аударып шықты. Осы қыруар іспен шұғылдана жүріп, Асқар бір жағы ғылыми зерттеумен айналысты. Соның арқасында кандидаттық, сосын докторлық дәрежелерге ие болды. Мен Асқар Егеубайдың осынау елден ерек шығармашылық еңбегі туралы «Ұлт мерейін өсірер ұлы тұлға» атты мақала жаздым. 2008 жылы Түркияның Риза университетінде М.Қашқариға байланысты өткен ғылыми конференцияда баяндама жасадым. А.Егеубайдың М.Қашқари сөздігі қорының көбінесе қазақ тілінде сақталып қалғанын дәлелдеп шыққанын баян етіп, бабамыз еңбегінің сөздік қорымызды дамытуға қазір де мықты үлес қосып отырғанын айттым. Асқар еңбегінсіз мұндай баяндама жасалар ма еді, жасалмас па еді?..
Осы жуықта М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қазақ әдебиеті тарихының жаңа онтомдығын жазып шықты. Осы онтомдыққа Асқар қаншама еңбек сіңірді десеңізші! Филология ғылымының докторы, профессор А.Егеубай онтомдықтың 4, 5-томдарының жалпы редакциясын басқарды. Басқа томдар үшін салиқалы ғылыми материалдар жазды. Ал енді ақындығына келсек, Асқар тау-тау өлеңдер мен поэмалар туғызды. Асқар поэзиясы жөнінде әлі талай ғылыми монографиялардың туатынына өз басым кәмілмін. Шіркін, «Аламан» поэзиясын қандай сүйсініп оқып едік! Сонда шабандоз бала көмбеге аз қалғанда жығылып, мерт болатын бәйге атының жүгенін сыпырып ала салып жүгіріп, мәреге жетеді. Кейде сол намыскер бала образын мен бәйге алдын бергісі келмейтін Асқарымыздың жаны ма деп қаламын...
Былтыр жазда Америка Құрама Штаттарында болдым. Сонда жүріп Асқарды есіме алдым. Ол елдің бір ерекшелігі – терезесіне тор, үйінің айналасына қоршау ұстамайды екен. Бізде олай емес қой. Сол мезетте Асқардың «Темір есік» атты өлеңіндегі:
– Темір торлы терезелер сезімсіз,
Телміреді дүниеге сенімсіз, – деген жолдары ойыма оралды.
Қайран, Асқаржан!.. Күні-түні, тіпті мерейтойлар мен банкеттерде де аз отырып, қағаздарыңа телміру үшін, түскен қонақ үйіңе тартып отырушы едің. Ұзақ жасамайтыныңды сезіп, асыққан екенсің ғой...


Қорыта айтқанда...

Туған Алтайының ғана емес, күллі алаш жұртының айбынын асқақтатардай маңызды мұра қалдырған біртуар тұлға есімінің лайықты дәрежеде ұлықталар сәті алда екеніне сенгіміз келеді. Ал бүгін Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Асқар Егеубаевтың туғанына 60 жыл толуына орай, «Жүректегі жұлдыз...» атты еске алу кеші өтпек. Ақын, әдебиет сыншысы, аудармашы, ғалым Асқар Егеубаев мұрасына қатысты өміршең іс-шаралар да осы кештен бастау алады деген үміт зор.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста