Көрнекті режиссер, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына 80 жыл толуына байланысты бүгін Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында еске алу кеші өтеді.
Ұлттық сахна өнері кеңістігіне өткен ғасырдың 60-жылдары қарсаңында шығып, қырық жылдан аса уақыт сахнаға қалтқысыз қызмет етудің аса биік үлгісін көрсеткен көрнекті суреткер Ә.Мәмбетов ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі театр өнерінің мәртебесін биіктеткен, бағыт-бағдарын айқындап, сахнаға көркемдік-эстетикалық сапалық өзгеріс әкелген арынды топтың көрнекті өкілі. Оның шығармашылық, жолының біртұтас жұлдызды кезеңі, сөз жоқ, М.Әуезов атындағы Қазақтың академиялық драма театрымен тығыз байланысты болды. Қара шаңырақ театрда еңбек еткен, көркемдік жетекшілік жасаған отыз бес жылдай уақыт ішінде Мәмбетов 200-ден аса спектакль қойды. Бұл кезең «Мәмбетов кезеңі» деген анықтамамен ұлттық театр тарихына алтын әріппен жазылды.
Жеке-дара емес, өз буынымен бірге өсіп, толысқан, рухани кемелденген режиссер дәстүрді жаңашылдықпен, мәнді үйлестіре алды, театрдың өнерлік қағидасын жоғары ұстады. Көрнекті режиссерді еске алу шарасы барысында бүгін сағат 15.00-де «Көрнекті режиссер, қайраткер, ұстаз Ә.Мәмбетовтің көркемдік әлемі»атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, одан бөлек 17:00-де М.Әуезов атындағы академиялық театрда Ә.Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған баспасөз конференциясы, Ә.Мәмбетовтің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме мен еске алу кеші өтеді. 25 қарашада сағат 11.00. Ә.Мәмбетов зиратына гүл қою рәсімі болады.
Алаш жұрты Әзағаны еске алмақ
Последние статьи автора