Алаш жайлы төрт кітап жарық көрді
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жанындағы Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы Алаш арыстарының әдеби, тарихи, ғылыми еңбектерін зерттеп, зерделеп, халыққа танытып, насихаттау мақсатында жазылған кітаптардың тұсаукесер кешін өткізді.
Жаңа еңбектердің жарыққа шығуына мұрындық болған – Алаш идеясын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап зерттеуші, тарих ғылымының докторы, профессор, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықов. Ғалымның өткен жылы «Шәкәрім және Алашорда» атты кітабы, биыл «Алаш қаласының тарихы» атты зерттеуі жарық көрді. Кітапта бүгінгі таңға дейін арнайы зерттелмеген Алашорда үкіметінің саяси орталығы болған Алаш қаласының тарихы туралы тың деректер жазылған. Ондағы тың деректер Алаш ұлт-азаттық қозғалысы мәселесін одан әрі қарай ғылыми түрде кешенді зерттеудің бастамасы іспетті.
Жұртшылық назарына ұсынылған «Восточные отделение Правительства Алашорды. Сборник документов» атты екінші кітап ШҚО Қазіргі заман тарихын зерттеу орталығының директоры Г.Т.Қасымова мен тарихшы ғалым Е.Б.Сыдықовтың авторлығымен жарыққа шыққан. Оған хронологиялық негізде берілген 188 тарихи құжат енгізілген. Кітапта Алашорда үкіметінің Шығыс бөлімі қызметіне қатысты осы уақытқа дейін ғылыми айналымға енгізілмеген тың деректер жинақталған. Кітапқа берілген қосымшада «Алашорда» партиясының көрнекті өкілдерінің жеке істерінің көшірмелері енгізілген. М.Тұрғанбаев, Е.Итбаев, Н.Нұрмақовтардың жеке істері тұңғыш рет жарияланып, Шыңғыстау ауданының жаппай жер аудару мен тәркіленуге түскен ауқатты байлары туралы, «Алаш» партиясының мүшелері жайлы мәліметтер келтірілген.
Гуманитарлық бағыттағы терең парасат-пайыммен жазылған тағы бір зерттеу еңбек – филология ғылымының докторы, профессор Арап Сләмұлы Еспенбетовтің «Шәкәрім және Сұлтанмахмұт» атты ғылыми-зерттеу еңбегі. Кітаптың алғашқы бөлімінде әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерімен қоса, Шәкәрімнің әдеби-сын публицистикалық еңбектері терең толғамды ойлар өрісінде зерделенген.
Зерделі оқырманға ұсынылып отырған тағы бір жаңа кітап Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ғалым Тұрдықұл Шаңбайдың «Ұғым мәдениеті» деп аталады. Онда Шәкәрімнің ғылыми еңбектері мен философиялық шығармаларындағы ұғым қалыптастыру мәселесі қарастырылады. Кітап авторы Шәкәрім қалыптастырған мәдени-философиялық ұғымдарды ғылыми жүйеге түсіруге талпыныс жасаған.
Б.КӘрІмова, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің аға оқытушысы