Астанада Айтыс ақындары мен жыршы-термешілерінің халықаралық одағы ұйытқы болып «Қазақстанның айтыс ақындары» атты анықтамалықтың тұсауын кесті. Жұрт «айтыстың алдаспаны» ретінде танитын Жүрсін Ерманның басшылығымен жарияға шыққан анықтамалыққа бүгінгі толқын ақындарының ғұмырбаяны мен өлең шумақтарынан үзінді беріліпті. Шара барысында Дәулеткерей Кәпұлының «Шертолғақ» кітабы мен Айтбай Жұмағұловтың «Қазақ әдебиетін дәуірлеу тарихы» атты ғылыми еңбегі, Ринат Зайытовтың өлеңіне жазылған әндер жинағы, айтыс бейнежазбасы да таныстырылды.
Жүрсін Ерман мұндай сүбелі еңбектердің айтыс ақындарының жетістігі екенін ерекше айта келіп айтыс ақындарының өлеңдері жазба ақындардан еш кем емес екеніне ерекше екпін салды. «Мысалы, Дәулеткерей өлеңдерінің отты екендігіне ешкім күмән келтірмейді», - деді ол, - Біздің арамызда Аманжол Әлтай, Қойлыбай Асанов бастаған 4 ғылым докторы, 13 ғылым кандидаты бар», - деп те жұртты сүйсіндірді. Қызды-қыздымен дін мәселесіне де ден қойған ағамыз көзі ашық жұртшылықтың іші сезетін кейбір мәселені кекесінмен ақтарып алды. Алдымен Жүрсін Ермен бүй деді:
Қазір алға шыққан, көрінбей жүрген, намаз оқып жүрген барлығы 150-дің шамасында айтыс ақыны бар. Оларды ел жек көрсе де, арқасынан қақса да, олар осы қоғамның бір мүшесі. Қазақ руханиятның өркендеуіне үлес қосқан Мырзатай Жолдасбеков осындай игі істің басы-қасында жүрген кезде айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің одағын құрамыз деп талаптанған едік. Мырзатай Жолдасбековтың айтыстың аясын кеңейтеміз деген сөз бәріне ұнады. Бірақ білесіздер, біздің айтыстағы жастардың сауаты аздау болып жатады. Айтыстың өзі қызық болып тұр. Біз де Украинаның ар жақ бер жағында болып жатырмыз.
Сосын, осылай дей келе айтыс ақындарының соңғы уақыттары жаппай дінге бет бұруы да Ерман мырзаның сөз-жебесінің нысанасына ілінді. Келген жұртқа байыппен бір шола қарап алып сөзін жалғастырған ол: «Айтыс ақындары екіге, үшке жарылып едік, ақыры мәзхабқа бөлінетін болдық. Бүгінгі отырысқа басқа мазхабтың балалары әлі келмей жатыр ғой...(отырғандарды және бір шолып алды). Бірақ оған біздің ештеңеміз де кетпейді, - деп қайырды.
Әңгіме барысында айтыстың адымы жайында да сөз болды. Айтуынша, Сәтбаев қаласында өткен наурыз айтыс жоғарғы деңгейде болған, оны да Жүрсін ағамыз өзі жүргізген. Тоғыз қазы төрелік еткен аламан сөз сайысында бас жүлде жезғазғандық Төлеген Жамановтың қанжығасына байланыпты.
«Негізі айтысты жиі өткізе бермей, жылына әдемілеп үлкен көлемде 3-4 айтыс ұйымдастырса жеткілікті. Сәтбаев қаласының әкімінің демеушілігімен өткен айтысқа «тыйым» салынған ақындарға дейін қатысты. Олар ештеңені бүлдіріп, бас жарып, көз шығарған жоқ. Көрермен көңілінен шыққан көркем айтыс болды», - деп сөзін тауыса бастаған Жүрсін Ерман ағамыз домбырасын сүйретіп әр жерде жүретін айтыс ақынынан түк шықпайтынын тілге тиек етті. Дегенмен, дәл бүгінгі күні үлкен айтысты үйірсектеп жүрген топтар жеткіліктіге ұқсайды. деген жолдан кейін: Тоқ етері бұған дейін айтыс төңірегінде түрлі әңгіме өрбіп, оның аяғы дау-шарға айналып, кейіннен араағайындар арқасында жұртшылық алдында «шабан жабу» дәстүрінің оралғанын көзіміз шалып еді. Бақсақ, баяғы бұрқыл әлі де басылмаған секілді. Бұл жолы да сол ескі әңгіменің шоғын үрлеген Жүрсін ағамыз бүй деді:
«Айтыс ақындарының өзінің кәсіби одағы бар кезде басқа біреулердің оған араласып, жармасқанын өз басым түсіне бермеймін. Ол не мақсат? Неге солай істейді? Сол жұмыс әлі жүріп жатыр. Жүре берсін... Біз де өз ешкімізді өзіміз союымыз керек, басқа қасапшының керегі жоқ. Біріңнен бірін оларға сәлем айтарсыңдар..».