Әйткеш Ибраев небәрі 19 жыл жасады. Ғұмыры қысқа болғанымен, есімі мәңгілік. Батырдың ерліктері кітаптарға жазылды, Семей қаласының маңындағы Новобаженов ауылындағы мектеп оның есімімен аталады.
Кіндік қаны тамған сол ауылда қайсар ұлдың ескерткіші бар. Семейдің батыр ұлы жайлы деректерді ұзақ жылдар бойы жазушы Шаймардан Қалияқбаров жинап келген екен. Ол Әйткеш Ибраевтың құжаттары мен қолжазбаларын, майданнан жазған хаттарын қазіргі заман тарихы құжаттамасы орталығына тапсырды. «Әйткеш жастайынан қайсар мінезімен ерекшеленді», дейді жазушы. Автор «Курск шайқасының қаһарманы» деген кітабында батырдың ерлік істері туралы толықтай баяндапты.
Шаймардан Қалияқбаров, жазушы:
– Мен үш жыл Подольскіде КСРО-ның қорғаныс министрлігінің мұрағатында жұмыс істедім. Сол кезде Әйткеш болған 380-атқыштар дивизиясының материалдарын түгелдей көшіріп алдым. Одан бұрын да 380-дивизияда болған ардагерлермен хат жазысып, Әйткеш туралы материалдарды жинастырдым. Өмір бойы жинап келемін.
Әйткеш Ибраев – екінші Белорусь фронты 380-атқыштар дивизиясы 1264-атқыштар полкінің 45 миллиметрлік пушкалар взводының командирі. Ол 1924 жылы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысына қарасты Новобаженов ауылында дүниеге келген. Қызыл әскер қатарына Семей облысының Жаңасемей аудандық әскери комиссариатынан 1942 жылы шақыртылды. 1942 жылдың маусым айынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысты. Старшина майдан даласында ерліктерімен көзге түсті. Оқ бораған далада екі рет жарақаттанды. Ал 1944 жылдың 27 қазанында қазақтың батыр ұлы Польшаның Сувалки қаласының маңында ерлікпен қаза тапты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1945 жылдың 24 наурызында Әйткеш Ибраевқа әскери тапсырмаларды жаужүректілікпен атқарғаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Әйткештің құжаттары мұрағатқа тапсырылды
Последние статьи автора