Айтақын Бұлғақов, белгілі айтыс ақыны, «Алатау» газетінің бас редакторы: «Әке мен бала айтысы» үлкен резонанс тудырды

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

- Еңбек жолыңызды автоклуб меңгерушісі болып бастап, мұнан соң Халық театрында әртіс болдыңыз. Кейін филармонияда жұмыс істедіңіз, айтыстың ақтаңгері болдыңыз, газет журналисі, тележурналист дегендей, сөз өнері мен мәдениеттің сан қырынан хабарыңыз бар сияқты.
- Мен қай кезде де мәдениеттің бел ортасында жүрдім, әлі де жүрмін. Қазір Халық шығармашылық орталығындамын.
Жас кезімде Панфилов ауданы, Үшарал ауылында Халық театрында 5-6 жыл еңбек еттім. Театрда айтулы рольдерді сомдадым. «Күтпеген кездесу», «Өзіңе де сол керек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымдарына актерлық шеберлігімді шыңдадым десем болады.  Әскер қатарына алындым да, қайтып келген соң аудандық мәдениет үйіне шақырылдым.
Негізгі мамандығым мұғалім. Бірақ айтыс мектебін ашқаным болмаса, мұғалім болып жұмыс істеген емеспін.
- Осы айтыс мектептері қаншалықты жемісті жұмыс істеді? Қазіргі жайы қалай? 
- Талдықорған қаласындағы № 18, № 19 мектептердің базасында айтыс мектептерін аштық. Бұл таза сол мектептердің балансындағы, солардан берілген сағатқа негізделген дәріс болды. Оған тек осы екі мектептің балалары емес, өзге мектептерден де сөз өнеріне бейімі бар оқушыларды жинадық. Жандарбек Бұлғақов, Аягөз Серікқызы, Қайыржан Жексембиев сияқты ақындар осы мектептен дәріс алды.
Дәл сол мектептің базасында болмаса да, Балғымбек Имашевті жасында айтыс өнеріне баулуға үлес қостым.  Ринаттың да, әсіресе юмор жағына бейімдеу келетін тұстарында менен тәлім-тәрбие алған жерлері бар.
Мектептегі дәрісте жыраулық үлгі, айтыс мақамдары, оның ішінде  жетісу мақамдары, қазақ мақал-мәтелдері, шешендік өнер, жаңылтпаш, сатира мен юмор – осындай көптеген бағытта жұмыс істедік.
Айтыс мектебін жаңадан ашқан кезде облыстық білім басқармасының басшылығына Тоққожа Естенов келді. Өнерге жанашырлығы, айтысқа деген оң көзқарасының арқасында Жамбыл Жабаев атындағы оқушылар айтысын ұйымдастырып, оны республикалық деңгейге көтердік. Ол кез Алматы облысының жас ақындары басқа өңірлерге бәйгенің алдын бермей тұрған шақ еді. Сол республикалық оқушылар айтысы бүгінге дейін өткізіліп келеді.
Тіпті ел ішін аралап, өнерлі балаларды тауып Талдықорғандағы Дәнеш Рақышев атындағы мектеп-интернатқа шоғырландырып, ақын Қаныша Райысованың қолына өткізіп бергенбіз.
Кейін газет редакторлығына ауысқалы айтыс мектебінің жұмысы тоқтады. Қазір Көксу ауданында айтыскер 3-4 бала бар. Өздері келіп, ақыл-кеңестерін алып тұрады.
- Сіз Монғолия Демократиялық партиясының «Монғолия тәуелсіздігінің, азаматтарының құқығын қорғаудағы ісіне қосқан үлесі үшін» орденін, Монғолия Қазақ жастары ордағының «Көшбасшы» алтын жұлдызын иеленіпсіз. Монғолиямен рухани байланысыңыз зор сияқты...
- Монғолияға екі рет жол түсті. Алғашқысы 1993 жылы, екіншісі осыдан 3-4 жыл бұрын. Екінші ретінде арнайы шақырумен бардық. Ұлттық арнадағы Ернар есімді жігіт Қазақстаннан 7-8 ақынды бастап алып барды. 
Ол елде мемлекеттік награданы Ақ партия, Қызыл партия деген билік партиялары тапсырады. Сол барған ақындардың барлығына партия наградаларын ұсынды.
Біз ол жерде бір апта болып, айтыстың үлгісін көрсеттік, сол елдің айтыскерлеріне біраз дәріс бердік. Бізді шақырудағы басты мақсаттары да сол еді. Сондықтан еңбегімізді бағалап, жаңағы өзің атап өткен наградаларды тапсырды.
Ал Қазақстанда әлі ешқандай атағым жоқ. Кезінде халық театрында жұмыс істегенде бірнеше рет лауреат атанғанмын. Ал айтыс өнерінде 30 жылдан астам еңбек етсем де, әлі атақ-дәреже сұрап ешкімнің алдына барып көрмеппін.
- «Жетісу» телеарнасында біраз жаңа жоба бастаған сияқты едіңіз...
- Қазақтың терме, толғауларын орындаушыларды, жалпы қазақтың қара өлеңін айтушыларды ел аралап жүріп тауып, эфирге шығардық. Олардың қатарында тіпті қаусаған қарттар да болды. Бұл бағдарламаны «Асыл арна» деген атпен екі жыл жүргіздім. Қазір телеарнаның қорында сақталып тұрған болар. Олардың арасында халыққа көп таралмаған, көпшілік біле бермейтін әндер де, күйлер, саз-мақамдар, терме-толғаулар да бар еді. Жетісу аймағындағы зерттелмеген талай дүниені эфирге шығардық.
- Осындай үлкен дүниені бастағаннан кейін, аяғына дейін жеткізіп, облыс орталығында фестиваль түрінде ме, немесе басқа формада ма қорытындылап, немесе дискіге жазып дегендей, бір нәтиже шығару керек пе еді?! Жоба аяқсыз қалды деп ойламайсыз ба?
- Сіз айтып отырған ойды «Жетісу» телеарнасының сол кездегі басшысы Бейсен Құранбекпен бірге біз де ойластырған едік. Талдықорғанға жинап, ең үздік дегендерін сахнаға шығарып, марапаттасақ деген идея болған. Бірақ айналып келгенде соның бәрі қаржыға тірелді. Қаржы мәселесі шешілмегендіктен идеямыз іске аспай қалды. Кейде бейнеқордан сол саф алтындай дүниелерді анда-санда эфирге беріп тұрса деп ойлаймын. 
- Аймақтық газеттердің біріне басшылық жасап отырсыз. Осы орайда жергілікті жерлерде журналистердің тапшылығы туралы көп айтылады.  Бүгінгі күні көптеген университеттерде журналистика факультеттері бар. Бір қарағанда кадр жетіспеушілігі мәселесі туындамауы керек. Бірақ, парадокс! Факультет бар, маман жоқ.
- Дұрыс айтасыз. Қазір жергілікті Жетісу Мемлекеттік университетінің фурналистика бөлімінде ешқандай журналист дәріс бермейді, тек филологтар мен әдебиетшілер оқытады. Біздің газеттер, телеарна, радио  олардың тәжірибе алаңы болуы керек қой. Мәселен, Бейсен Құранбек басқарған кезде «Жетісу» телеарнасы Қымбат Досжан, Сауық Жақанова сияқты дикторларды, журналистерді шақырып, тілшілеріне тәлім берді. Семинар кеңестер ұйымдастырды. Ал негізі оның бәрін жаңағы журналистка факультеттері, бөлімдері, яғни кадр даярлап жатқан оқу орындары жасауы керек қой.
Тіпті «Оқу ақысы ең арзаны журналистика болғандықтан соны оқып жатырмын» дейтін көп жастарды білеміз. Сондықтан да осындай проблемалар туындап отыр. Оның үстіне бүгінгі жергілікті газеттерге, әсіресе аудандық газеттерге үлкен реформа қажет. Жұмыс жүйесін түбегейлі өзгерткенде ғана олар көшке ілесе алады деп ойлаймын.  
- «Бір бала бар әкесіне жете туады, бір бала бар, әкесінен өте туады» дейді. Жандарбекті «өте туған» деп айта аласыз ба?
- Біздің айтысқа шыққан кезіміз айтыстың қай жағынан да бүгінгімен салыстыруға келмейтін, тұсаудан енді шыққан, шеңберден аса алмай тұрған шақтағы айтыс еді. Ұстаздарым Әсет Керімбаев, Әбікен Сарыбаевтардан мүмкіндігінше тәлім алдым. Бірақ негізінен өзімнің ізденіп оқыған-тоқығаным, көрген-түйгенім арқылы білім жинақтадым. Ал Жандарбектер айтыстың нағыз пісіп-жетілген, толысқан шағында, көркемдік деңгейі, тақырыптық аясы – қай жағынан болсын айтыстың шыңға шыққан кезінде сахнаға келді. Сондықтан бүгінгідей деңгейге жетуіне толық мүмкіндігі де, дарыны да бар болғандықтан жарқырай көрінуі заңды да. Сондықтан Жандарбекті «әкеден өте туған бала» деп толық айта аламын.
Жалпы қазақта түп негіз, тек, қан деген нәрсе бар. Менің әкем көмейіне ән қонақтаған әнші болыпты, шешем де қара өлеңге жорға болған. 
Екі баламның екеуін де жастайынан өнерге баулыдым. Екеуін мақал, жаңылтпаш айтып жарыстыратынмын. Айтыстан қалдырмай алып баратын едім. Екеуіне қатар домбыра ұстаттым. Арман үйрене алмады да, Жандарбек бірден меңгеріп кетті. Бірақ Арманның да тіл мен әдебиетке ықыласы ерекше.
Мен бірақ Жандарбектің айтысқа келуіне түбегейлі қарсы болдым. Себебі қиянаты көп, азабы мол өнер ғой. Алланың берген сынағы болса көнесің, ал қазылардың қиянаты жаныңа қатты бататын кездері көп болады. Сондықтан да қарсы болдым.
Қазір Жандарбекке «Айтысты қазір осы дәмді кезінде қоя қойғаның дұрыс шығар» деп ойымды айтып жүрмін. Бірақ ауызбен айту оңай. Алланың берген өнері ғой, оны тұсаулай алмайсың.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Жоспарым өте көп болатын. «Қазақстан» телеарнасынан берілген «Әке мен бала айтысы» үлкен резонанс тудырған айтыс болды. Сол айтыстың дискісін шығарамыз дегенбіз, бірақ жазбасы қолымызға түспегендіктен сол жоспар әлі жүзеге аспады.
 Бұған дейін «Үш арна» деген кітабым шыққан. Алдағы уақытта «Ақындар айтқан екен» деген атпен екінші кітап шығарғалы отырмын. Мұнда Қазақстандағы, Қытайдағы, Монғолиядағы қазақ ақындардың сахнадағы, дастарқан басындағы, ел аузындағы қағытпа қалжыңдары, әзіл сөздері жинақталып беріліп отыр. Сосын мұнда өзімнің поэзиямды да топтастырып беремін. Жалпы биылғы жылы шығару жоспарда бар.
- Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста