«Айман-Шолпанды» тыңдағыңыз келсе...
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің үлкен залында 26 сәуір күні сағат 18.30-да Батыс Қазақстан облысының Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиевтың орындауында халықтың «Айман-Шолпан» эпостық жыры жырланады.
«Мен алпыстың асқарына шыққан шағымда «Айман-Шолпан» жырын қиналмастан төрт айдың ішінде жаттап алдым. Бұған дейін осы жырды Ақ Жайықта жырлап, дүйім жұрттың ықыласына бөленгендей болдым. Енді өнер орталығы – Алматы халқын жыр өлкесіне саяхат жасатып қайтуды жөн көрдік», – дейді әнші, жыршы, ақын Қатимолла Бердіғалиев.
Бір жарым сағат жырланатын жырдың тағылымдық мәні зор. Жырда XIX ғасырдың алғашқы жартысында батырлықтың азып, ел ішінде тентектіктің көрінісі пайда бола бастаған уақыты бейнеленеді. Кіші жүз шөмекей руында ас беріледі. Маман бай мен Көтібар батыр ас берген рудың алтындаған жалғыз үйіне таласады. Оқиға шиелінісіп барып Айман қыздың ақылымен, Арыстандай жас батырдың салмақтылығымен жауласқан екі ел құдандаласып, жыр мамыра-жай аяқталады. Көне мақамды жаңғыртып, өлең-жырдан сусындататын кешті өнерсүйер қауым ерекше қабылдайды деп сенеміз.