Тым қысқа ғұмыр кешіп, отыздан асқан шағында жарық дүниемен қош айтысып, бақиға аттанған ерекше талант иесі Рүстем Есдәулет шын мәнінде қазақ өнеріне құбылыс болып келіп, ерте танылып еді. Әуелі ақын ретінде өзінше өлең өрнегін түзіп, ұлтының өткеніне үңіліп, көкбөрінің тектілігін бойына сіңіріп, бөрі-нама сарынымен текті жырларын төкті. Жүрегінің төрінен өлеңге орын берген оғлан ұл, қазақ сахна өнерінің өрісін кеңейтуге қыруар күш жұмсап, жас та болса шебер режиссер ретінде өзін мойындата білді.
Рүстем Есдәулет Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында Жамбыл атындағы драма театрының ұжымын басқарған дарынды режиссер, театр және кино актері еді. Азаматтығы мен ақындығының өзі бір төбе болатын. Оның поэзияға деген жақындығы өзі сахналаған қойылымдарынан-ақ байқалып тұратын. Рүстем – қазақ поэзиясына 90-жылдардың басында тыңнан келіп қосылған талантты буынның өкілі еді. Бізді табыстырған да өлеңге деген, өнерге деген талпыныс болатын. Оның қаламынан шыққан «Бөрі-нама» атты шағын кітапта топтастырылған өлең-жырлары оқырман тарапынан жақсы бағасын алды. Ол театрдағы қарбалас қызметте жүрсе де өлеңнен бір сәт алыстаған емес. Облыстағы театрға қызметке келе сала көптеген тың идеялардың бастамашысы болып, ұзақ жылдар жөндеу көрмеген осы өнер шаңырағының жыртығының бүтінделуіне бірден-бір жанашырлық танытып, театр труппасының еңбегін шетелдердегі беделді халықаралық байқауларда да паш етіп, ұлттық драматургияны дамыту үшін жаңаша эксперименттерге ден қойды. Ол қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында жиырма шақты пьесаны сахналап, сан мыңдаған көрерменнің ілтипатына бөленді. Жас таланттың арман-мұраттары көп еді. Қашан көрсең, аласұрып, үнемі ізденіс үстінде жүретін. Оның театр әлеміндегі жаңа қадамдары мен түрлі тәжірибелерге баруын кейбір мамандар аса қолдап, жіті түсіне бермейтін. Дегенмен ол өз көрерменін тапқан режиссер бола білді. Әйтсе де, оның буырқанған өн бойы мен шабыт кернеген көкірегінде қағаз бетіне түсірілмеген әрі сахна төріне шығып үлгермеген қаншама ойлары сыры ашылмаған жұмбақ аралдай құпия күйінде қалып қойды. Ол «Бөрі-намасын» жалғастыра алмай кетті. Қапелімде келмеске кете барған қыршын жастың қаншама қырлары ашылмай қалды?! Ол өмірінің соңғы сәттерінде қатты науқастанып жатып та театрдың жағдайына алаңдапты. Бұл оның өмірге деген құштарлығы мен өнерге деген адалдығынан болса керек. Пікірін де ашық айтып, тәуекелге бел буудан тартынбайтын. Мұнысы өз мүмкіндіктеріне деген сенімділіктен болса керек. «Уақыт жаңарып келеді. Адам да өзгерді. Көрермен талғамы да өсті. Енді қазақ театрына реформа керек. Бірақ «шаш ал десе, бас алатын» немесе «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйтын» реформа емес, ғылыми негізге сүйенген парасатты да мазмұнды реформа керек», – деген ойын өз ортасында да, баспасөз беттерінде де ашық айтып жүретін. Рүстемнің тағы бір жиі айтатын арманы – Өскемен төрінен Оралхан Бөкей атындағы жеке қазақ театрының шаңырақ көтеруін жан-тәнімен қалайтын. Осы бір ойдың жетегінде жүргенде ол бір күні түс көреді. Онысын маған бір кездескенде айтып берген еді. Кейін сол көрген түсін өлеңмен өрнектеді.
Өзі сол арманның орындалып, түсінің өңге айналғанын көре алмай кетті... Елдің атқамінерлері жаңадан театр ашып жатса, оған Рүстем Есдәулеттің есімін беруге әбден лайық деп есептейміз.
Жасындай жарқ еткен аяулы азаматтың қазасы оның отбасы мен жақындарына ғана емес, қазақ руханияты үшін де ауыр тиді. Ертең, 25 қарашада Рүстемнің бақилық болғанына бір жыл толады. Осыған орай 26-27 қараша күндері Өскемен қаласында талантты ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, кино және театр актері, Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрының бас режиссері, көркемдік жетекшісі Рүстем Есдәулетті еске алу күндері өтеді. Аталған шара барысында Өскемен қаласы маңындағы Рүстем жерленген зират басында оның үлкен кеуде мүсіні орнатылмақ. Бұл мүсінді жасаған – Үндіcтан астанасы Делидегі Абай ескерткішінің авторы, белгілі мүсінші Болат Құсайынов. Еске алу кешінің барысында арнайы бағдарлама бойынша поэтикалық қойылым сахналанбақ. Сондай-ақ Рүстемнің өзі қызмет істеген театрда оның өмірі мен шығармашылығы жайында түсірілген «Бөрі-нама» атты деректі фильмнің тұсаукесері болмақ. Алдағы уақытта бұл фильм отандық телеарналардың бірінен көрсетілмек. Еске алу шаралары бұдан соң Рүстемнің өзі білім алған Темірбек Жүргенов атындағы университетте де жалғасын таппақ.
Енді қалай өкініш білдірсек те, Рүстемнің екінші, мәңгілік ғұмыры басталып кетті. Ол енді естеліктер мен арнау жырларында, сахналық қойылымдарда, өзінің шығармаларында тылсым ғұмыр кешіп, миллиондардың жүрек түкпірінде сақталып қала бермек.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын:
– Рүстем Есдәулеттің сегіз қырлы бір сырлы талант иесі болғанын ел біледі.
Өз басым онымен қаламдас інім ретінде, бауырым ретінде көп араластық. Біз кезінде көрші тұрдық. Ол жаңадан үйленіп, үй болғаннан соң қарт анасын қасына алып, сол кісінің қабағына қарап, үлкен өмірге ерте араласып кетті. Өзі сондай ақкөңіл, адамгершілігі мол азамат, адал жігіт болды. Қасына дос жинап, елмен етене табысып жүруші еді. Әсіресе, жылқыны жақсы көретін. Мен де жылқышының баласымын. Содан әңгімеміз тіпті жарасып кететін. «Жылқы жылы келгенде...» деп басталатын өлеңі де бар.
Әдетте Рүстем туралы айтылғанда оның театр өнеріндегі еңбегі көп айтылады да, нағыз ақындық қырына аса мән берілмей қалған сияқты. Ол поэзияға өз үнімен келіп, лирикалық-сюжетті өлеңдерді дүниеге әкелді. Өлеңдерінің өзінде де бір драмалық шиеленістер бар еді. Жыр жинағын да «Бөрі-нама» деп атауында ерекше мән бар сияқты. Ол болашағына өткенге үңілу арқылы зер салатын. Енді қарап отырсақ, «Бөрі-нама» мәңгілік рухтың дастанындай болған Рүстемнің өз ғұмыры екен ғой...
Өмірдерек
Рүстем Оразбайұлы Есдәулет – талантты ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, кино және театр актері. «Бөрі-нама» жыр жинағының авторы. Өлеңдері «ХХI ғасыр ақындарының антологиясына» және басқа да ұжымдық жинақтарға енген.
Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрының директоры әрі бас режиссері қызметін атқара жүріп, қазақ ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ көрермені үшін Рүстем актер ретінде де танымал. Ол белгілі «Лаве» фильміне түскен. 2007 жылы «Шәкен» жұлдыздары кинофестивалінде «Бес тиын» көркем шығармасы үшін арнайы марапатқа ие болды. 2008 жылы «Дарын» жастар сыйлығын алды. Жас режиссердің жетекшілігіндегі театр ұжымы бірнеше рет халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған.
Әшірбек СЫҒАЙ, театр сыншысы:
– Қандай елде болсын режиссура ілімі күн тәртібінде тұрған ең бір нәзік те өзекті әрі қат мәселе. Қазақ театры да сауатты режиссураға зәру. Маман жетіспейді. Бұрын да Кеңес Одағы бойынша театрлардың 37 пайызы бас режиссерсіз жұмыс істеді. Мұның бір себебі – ел ішінде жатқан таланттардың өнер ортасына тартылмауынан. Бұл проблема қазіргі қазақ өнерінде де өршіп тұр. Қазақ театры жаңаша ойлайтын жас мамандарға тапшы. Қазіргі режиссерлеріміздің алды жетпістен асып, соңы 40-пен 50-дің ортасындағылар. Жас режиссерлер бізде жоқтың қасы. Ал Рүстем Есдәулетов осы саладағы тың күш еді. Осындай ерекше қабілет иесінің діттеген мақсатына жете алмай, ақ боз атынан аударылып қалған Төлегендей, оқыс құлағанына менің де жүрегім сыздап, жаным ауырады. Ол қазақ театры үшін әлі де талай қызмет етер еді. Әттең, ғұмыры тым қысқа болды. Онсыз да жас мамандарға зәру болып тұрған шағымызда шығармашылық потенциалы зор, режиссура музасына деген сүйіспеншілігі мол, Рүстем сынды таланттардан көз жазып қалуымыз руханиятымыз үшін, оның ішінде қазақ режиссурасы үшін үлкен трагедия болды.
Мен білетін Рүстем өте шыншыл әрі батыл еді. Кез келген іске бар ынтасымен кірісіп кететін. Сол ізденімпаздығы мен батыл мінезінің арқасында ол өз театрын алға сүйреп қана қоймай, ұлт өнері үшін де барынша аянып қалған емес. Рүстемнің ақындығы оның режиссуралық шеберлігіне қосымша тыныс берді. Оның әрбір қойылымынан поэтикалық леп есіп тұратын.