Алаш жұрты тағы бір ардақты азаматынан айырылды. Есігімізден енді ғана аттаған жаңа жылдың бесінші күні, 73 жасқа қараған шағында қазақтың талантты ақыны Өтежан Нұрғалиев дүниеден озды.
Ақындық мінезі асқақ, турашыл әрі шыншыл қаламгер өзінің әрбір ісі мен сөзінде ұлтына деген сүйіспеншілігін айқын аңғартып тұратын. Бір қараған адамға қатал да сұсты болып көрінетін Өт-ағаң жүрегі өте жұмсақ, құшағы кең, кейде баладай аңғал ақын еді. Өмірдің сан түрлі қиын бұралаңдарынан өтіп, тағдырдан да аз теперіш көрген жоқ. Ол әдебиетке алғаш келгенде бірден танылып, мойындалды. Өлеңдері қолдан-қолға өтіп, әсіресе, жастардың арасында кең тарады. Қылбұрауы мығым қызыл саясаттың дәуірі жүріп тұрған қилы кезеңдерде де қаламынан «қазағым» деп елжіреп тұратын талай тамаша туындыларды дүниеге әкелді. Әйтсе де уақыт өте келе қатары сирей бастаған ақын өмірінің соңғы жылдары қалың жұрттан саяқтау ғұмыр кешті. Оның үстіне ұлы мен жан-жарының қазасы Өт-ағаңның отты жүрегіне сызат түсірді. Дегенмен ақын өзінің жеке отбасылық трагедиясы мен ішкі күйзелісіне төзе білді. Есесіне үнемі бүгінгі қазақтың жай-күйі туралы әңгіме бола қалса, күйіп-пісіп, қашанда шындықты айтуға ұмтылып шырылдап жүретін. Мінезі қандай қызық та күрделі болса, киім-киісі де өзге жұрттан тым ерекшеленіп тұратын. Ал қазақ әдебиеті хақында сөз бола қалса, сөзінің «бісмілләсін» хакім Абайдан бастайтын. Әлем әдебиетінің жауһарларын жіпке тізгендей етіп айтып бере алатын. Ол кісіні жақсы білмейтіндер сыртынан «қырсық адам» деп айдар тағатын. Қалай айтсақ та Өтежан ақынның қырсықтығы қолдан жасалмаған, өзінің табиғи, туа бітті қасиеттеріне тән ерекше мінезінің көріністері болатын. Осы бір мінезіне бола ол кісіні шен-шекпенділер аса бір ыждаһаттылықпен қабылдай қоймайтын. Бұған өзі де қынжыла қоймайтын. Өт-ағаң тік мінезді бола тұра тым қарапайым еді. Кейінгі буын қаламгерлер үшін ол Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Тоқаш Бердияров, Төлеужан Исмайлов сынды арда туған ақындардың көзіндей болды. Көп оқитын, әрі оқырманға өзі де бай еді. Ел ішінде ерекше құрметке бөленіп, әдеби ортада жақсы бағаланды. Журналистер қауымы болса, ол кісіден сыр-сұхбат алуға құмар-ақ еді. Бірақ Өт-ағаң тілшілерге оңай ұстата қоймайтын. Ал сұхбат беріп, әңгімелесе қалған жағдайда ашылып сөйлей отырып, ашынып кететін. Нәтижесінде, ол кісінің айтқандарының көбін баспасөз бетіне жариялауға кейбір редакторлардың да жүрексінгені жасырын емес. Ол кісі тілшілерге сұхбат берерде: «Бәрібір баса алмайсыңдар ғой, бірақ сонда да бір шындықты айтып қалайын. Тым болмаса өздерің біле жүресіңдер», – деп қағытып қоятын. Өлеңдері де сондай нақты жағдайларға құралып, ақиқаттың жаршысындай жаңғырығып тұратын. Содан да болар, Өт-ағаңның кеңес өкіметі тұсында жарық көрген кітаптары мен кейбір өлеңдері «қызыл цензураның» қайшысына ілініп, біршама қысқартылған. Алайда қаламын қару еткен ақиқатшыл ақын ұлтына қызмет ету жолында өзге бағытқа жалтармады. Ең бастысы – өлеңге адал болды.
«Құрмет» орденінің иегері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Өтежан Нұрғалиев 1938 жылы 15 тамызда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының «Ақжар» ұжымшарында дүниеге келген. 1964 жылы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрген. 1964-1968 ж.ж. Жарқала орта мектебiнде – мұғалiм, 1968-1969 ж.ж. «Қазақстан пионерi» (қазіргі «Ұлан») газетiнде – тiлшi, 1969-1972 ж.ж. «Қазақ әдебиетi» газетiнде – тiлшi, содан кейiн «Жалын» баспасында редактор болып қызмет атқарған. Бұдан соң өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамай, еркін шығармашылықпен айналысты. Ақынның «Менiң махаббатым», «Ақ нөсер», «Нөсерден кейiн», «Қайыңды тоғай», «Соғыстың соңғы жазы», «Афина мектебi» сынды мазмұны терең, талғамы биік кітаптары жарық көріп, қазақ оқырманынан лайықты бағасын алған.
Оразақын Асқар, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
–1958 жылдары ҚазГУ-де оқып жүрген кезімізде «Ақтөбеден керемет бір ақын жігіт шығыпты, өзі трактордың тіркемесінде қарапайым жұмысшы екен, өлеңдерін баспаға бермейді екен» деген сөзді жиі еститінбіз. Ол ақынымыз Өтежан Нұрғалиев еді. Содан оның Тобық деген бір жерлесі өлеңдерін өзіне көрсетпей, Жазушылар одағына хатпен жолдайды. Оны оқып шыққан Одақтағы ақын-жазушылар кәдімгідей таңғалып, кейін өзін Алматыға арнайы шақыртып алады. Арада көп уақыт өтпей, қазақтың қабырғалы ақындарының бірі Қуандық Шаңғытбаевтың алғысөзімен республикалық баспасөз бетінде жарқ етіп көрінді. Сыртынан естіп-біліп жүрген жас ақынның жаңа жырларын оқып, біз де тамсандық. Әдетте барлығымыз Отан-ана деп жыр сабақтасақ, сол кездері Өтежан «Отан-әке» деп жырлады.
Әндетіп жел, дөңгелейді қалқып күн,
Нәзік сырын қалай берем көкейдің.
Отан-әке, қай ұлыңнан артықпын,
Қайтсем ғана борышымды өтеймін?!
Жалпы, қазақы ұғымдарға толы, ағынан жарылып, ақтарыла сөйлейтін Өтежан ақынның өлеңдері өміршеңдігімен құнды. Өкінішті болса да қазақ поэзиясының қайталанбас ірі өкіліне айналған Өтежан бауырымның шектеулі өмірі тоқталып, мәңгілік өмірі басталды...
Ұлықбек Есдәулет, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Өтекең – қазақ әдебиетіне арқыраған өзендей екпінімен, ерекше құбылыс ретінде келіп, өз орнын бірден тапқан ақын. Әдебиетіміздің марқасқаларының бірі Әбділдә Тәжібаев сынды ағаларымыздың Өтежанды кезінде «Қазақтың Пушкині» деп бағалауы тегін емес. Ол кісінің «Менің махаббатым» деп аталатын алғашқы жинағынан бастап, кейінгі кітаптарына дейін менде әлі сақтаулы. Ондағы жырлардан мөлдіреген табиғат суреттері мен соғыстан кейінгі ұрпақтың талайлы тағдыры жайлы ақиқат пен мұңға толы иірімдерді аңғаруға болады. Өтекең туралы айтылғанда ең алдымен ол кісінің айрықша мінезі сөз болады. Ол кісінің өнердегі мінезі қандай болса, өмірдегі мінезі де сондай еді. Сол себепті де Өтежан ағамыздың өзі де, өлеңдері де, жалпы болмыс-бітімі ешкімге ұқсамайтын. О баста әдебиетке қандай қарқынмен келсе, сол қарқынын өмірінің аяғына дейін ұстай білді. Кітапқа өте құмар болды. Білуімізше, қазақ жазушыларының ішіндегі кітапханасы ең бай санаулы қаламгерлеріміздің бірі – осы Өтекең. Кітапты жинап қана қоймай, содан керегін алып, үнемі сусындап отыратын.
Қоғамда болып жатқан түрлі жағдайлар мен құбылыстарға қатысты болсын, елдегі елеулі тұлғалардың іс-әрекеті жайында болсын, жалпы кез келген мәселеге өзінің ашық пікірін білдіріп, жеке көзқарасын танытудан бас тартпайтын. Онысы көпшіліктің ұғымына қарама-қайшы келіп жатса да өз пікірінен танбайтын, тік мінез азамат, шыншыл ақын болды. Бейнелеп айтқанда, Өтекең өр мінезді жыларын арқау етіп, ағысқа қарсы жүзді. Өтекеңнің өлеңі – өмір еді, енді өмірі өлеңге айналып кетті...
Ақынды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі 7 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында өтті. Марқұмның денесі қазақтың маңдайына сыймай кеткен тұлғалары мәңгілік ұйқыда жатқан Алматының іргесіндегі Кеңсай зиратына жерленді. Алаштың аяулы перзенті Өтежан ақынның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын...