Төлеужан Ысмайылов – ХХ ғасырдың 50-жылдары қазақ поэзиясына тың серпін, соны мазмұн әкелген талантты ақын, дарынды аудармашы. Ол тұла бойындағы талант қуатын толық жұмсай алмай, жыр өлкесіне бар болғаны 10-ақ жылын арнады.
Биыл – Төлеужан Ысмайыловтың дүниеге келгеніне 80 жыл. Аталған мерейтой 2-3 қазан күндері Семей қаласы мен ақынның туған топырағында жоғары деңгейде атап өтілді. Ең әуелі Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінде Қазақстан Жазушылар одағының, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры мен аталған оқу орнының ұйытқы болуымен «Ақын Төлеужан Ысмайыловтың шығармашылығы және қазіргі қазақ әдебиетінің кейбір мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, «Қазақ энциклопедиясының» бас редакторы, ақын Бауыржан Жақып, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Мамадияр Жақып секілді ақын-жазушылар қатысып, Төлеужан ақынның шығармашылығы һәм өмірі жөнінде кеңінен сөз етті.
«Ақын Төлеужан Ысмайыловтың өмірі мен шығармашылығы» атты баяндамасында Бауыржан Жақып Төлеужан ақынның шығармашылығы мен талайлы тағдырына жан-жақты тоқталып, қалам иесінің туындылары әлі де терең зерттеп-зерделеуді қажет ететінін атап өтті. Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің гуманитарлық-заң факультетінің деканы Арап Еспенбетов өз баяндамасында ақын есімі бұған дейін елеусіз болып келгенін, төлеужантануға бетбұрыстың енді жасала бастағанын тілге тиек етті. «Төлеужан Ысмайыловтың еңбегі қазақ әдебиетінің тарихында, оның өзі көзі тірісінде мүше бола алмай кеткен Қазақстан Жазушылар одағының тарихында бекем орын алып, ардақталуы керек. Төлеужан мұрасы өзінің зерттеушісін күтуде» деген ғалым Төлеужан ақынның әдеби мұрасын жинақтап, қызмет еткен жылдарын, сол кезде жазылған шығармаларды нақтылап, жүйелейтін кездің жеткенін, сонымен қатар жоғары оқу орындарында қаламгер шығармашылығы жөнінде дипломдық және магистрлік жұмыстардың жазылып, қорғалуы керектігін тілге тиек етті. Конференция барысында Мамадияр Жақып, Медеу Сәрсеке, Төкен Ибрагимов, Балтабек Ерсәлімов сынды ақынның көзін көрген замандастары естелік айтып, сыр шертті.
Конференция соңында Төлеужан ақынның 80 жылдығына орай «Бірлестік» ұйымының төрағасы Өміржан Жақыповтың құрастыруымен жарық көрген «Төлеужан Ысмайылов» атты жинақтың тұсауы кесілді.
Сонымен қатар «Мәңгілік жас рухым – өлеңдерім» атты республикалық ақындар мүшәйрасы өткізілді.
Ақын мерейтойы туған топырағында да ерекше атап өтілді. 3 қазан күні Төлеужан ақын білім алған Қайнар ауылындағы Мәдениет үйі жанындағы мәдени-саябақта ақынның кеуде мүсіні салтанатты түрде ашылды. Дәл сол күні ақынның туған жері Таңат ауылында осы ауылдың іргетасын қалап, шағын елді мекеннің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға арналған аллея ашылып, ақын аруағына бағышталып ас берілді.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
– Төлеужан Ысмайылов – тағдырлы, талайлы тұлға. Ол кісінің ерекшелігі – ғажап білімдар адам болған. Жасыратыны жоқ, Төлеужан ақын шығармашылығы мен өмірі жөнінде жұрттың көбірек біле бермейтіні рас. Биыл, міне, ақынның 80 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді деуге болады. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Төлеужан ақынның шын насихаты енді басталды деп айтуға болады. Төлеужантанудың алғышарттары осылай жасалатын шығар деп ойлаймын.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:
– Қазақ поэзиясына Қасым Аманжоловтан кейін Сағи Жиенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаевтар келді деп айтып жатамыз. Маған осы ақындардың арасында 50-жылдардың басында поэзия әлеміне келген Төлеужан Ысмайылов рухани көпір секілді көрінеді.
Арап ЕСПЕНБЕТОВ, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің гуманитарлық-заң факультетінің деканы:
– Төлеужан небәрі 14 жасында мектеп бітірді. 19 жасында еліміздегі ірі қара шаңырақ – Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдады. Университетті бітірмей жатып қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасына қызметке шақырылды. Баспадан кейін Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, тағы басқа да қызметтер атқарды. Қазір Гиннесстің рекордтар кітабына не болса соны кіргізіп жатырмыз ғой. Біле-білсек, Төлеужан нағыз вундеркиндтің өзі болған...