Абылай хан университетінің түлектері ауылға барады
«Әр түлек – өз ауылына». Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті шетел тілдері педагогикалық факультетінде осы тақырыпта семинар өтті. Университет ұжымы «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға белсене қатыспақшы.
Білім жүйесін дамыту мемлекеттік бағдарламасында педагог мамандар мәртебесін арттыруға көп көңіл бөлінген. Семинарда университетте педагогикалық мамандық бойынша 320 студенттің 68-інің ауыл квотасымен оқуға түскендігі және осы түлектердің бағдарлама аясында ауылдық аймақтарға жіберіліп отырғандығы айтылды. Университеттің оқу басқармасының бастығы Айткенже Мергембаеваның айтуынша, жыл сайын студенттердің кәсіби деңгейін арттыру үшін арнайы семинарлар мен шеберлік дәрістері өткізіледі. Жиында «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының «Жас Отан» жастар қанаты» төрағасының орынбасары Есбол Атақұлов жастарды ауылдағы білім беру саласын жақсартуға шақырды. Оның айтуынша, қысқа мерзімде жақсы жұмысқа тұрамын деген жастар үшін бұл – зор мүмкіндік.