«Шаңды жорық» кезіндегі Абылайдың саяси қадамы
Саясат – мүдделер қақтығысы. Бір саяси оқиға кезінде бірнеше саяси алпауыттың көздеген мақсаттары бір-біріне қабыспай, қақтығысып қалуы әбден мүмкін. Ал ол алпауыттардың дегеніне көнбей, дербес саясат жүргізу санасы тәуелсіз дипломаттың ғана қолынан келеді. Қазақтың маңдайына біткен хан Абылайының әр саяси қадамына үңілген адам сол тәуелсіз саясаттың куәгері болады. Көп дерекке көмілмей-ақ, бір ғана Құба қалмақ көшін алайықшы. Абылайдың шын мәнінде қандай саясаткер болғанын өзіңіз-ақ бағамдауыңызға жол ашылады.
Құба қалмақтар 1771 жылы Ресейден іргесін аулақ салып, көше жөнеледі. Ресей билігі Абылайға, Нұралыға және ел билігіндегі бірқанша азаматтарға оларды қырып тастау жөнінде нұсқау жібереді. Бұл бірінші алпауыттың мүддесі делік. Абылай өз бетімен шұбыра көшіп, басымен қайғы болып келе жатқан жазықсыз құба қалмақтармен бетпе-бет соғысуды ар санаған. Сол себепті де Ресей әкімшілігіне өзі емес, басқа лауазым иесі атынан нұсқаудың орындалатынын айтып жауап жазады. Мұны Абылайдың – дипломатиялық қарым-қатынас жасауы деп бағалауға болады.
Енді екінші алпауытқа келелік. Құба қалмаққа қарсы Нұралы хан, Айшуақ бастаған сұлтандар, кіші жүзге келіп пана тапқан Хиуаның бұрынғы ханы Қайып, Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз сұлтан, ұлы жүздің Ералы сұлтаны күресуге дайын болатын. Әр қазақтың ата жауы – қалмақтың ежелгі кекті алу үшін олжа іздеп атқа қонуы – заңды құбылыс.
Зерттеуші Левшин дәл осы тұстағы Абылайдың саясатын түсінбеген. Ол өз жазбасында: «Ұлы жүздің сұлтаны Ералы Абылайды күш қосып соғысуға шақырған еді, Абылай оған көмектескен де жоқ, қалмақтарға шабуылдауын тоқтатқан да жоқ» деп екіұшты пайым жасаған.
Үшінші алпауыт – құба қалмақтың басшысы Обашы. Ол Абылайға елші аттандырып, көмек сұрайды. Обашы өздерінің алдағы жоспарын хабарлап: «Көштің жүретін жолынан қауіпсіз дәліз жасап, Қытай шекарасына аман-есен өткізіп жібер. Ақысына қалмақтың 100 жақсы қызын беремін» деген мазмұнда хат жазады. Мұны 1771 жылғы 16 сәуірде князь Урусовтың Астрахань губернаторы Н.Бекетовке жазған хаты дәлелдейді. «Еділ бойынан Шығысқа, Қытайға қарай ауып бара жатқан қалмақтарды қазақ жері арқылы аман өткіз, [ақысына] қалмақтың жүз жақсы қызын береміз», – депті-міс.
Төртінші алпауыт – Қытай императоры Цянлунь. Ол Еділ бойын тастап, Қытайға қарай бет алуға дайындалып жатқан Обашы, Шерең, Бамбар сияқты құба қалмақ көсемдерін қазақ жерінен аман өткізіп жіберу жөнінде Абылайға талап қойған. Оның дәлелі 1772 жылғы 2 қыркүйекте Құл-сары батырдың генерал И.А.Деколонг кеңсесіне жазған хатында соның алдында ғана Абылай ханға Цин императорынан Абылайға елші келіп кеткені жөнінде мағлұмат бар. Онда: «Қытайдың қол астына келе жатқан Еділ қалмақтарын қазақ жерлері арқылы бөгетсіз өткізіңдер, бұл жөнінде Қытай патшасының атынан Абылайға тапсырылған» деген сөз бар. Цин императорына Абылайдың не деп жауап бергені белгісіз.
Енді осы төрт тараптың да көңілін қалдырмайтын һәм өзінің мүддесін орындайтын жол қайсы?
Маусымның ортасына қарай қалмақ көші Балқашқа бет алған жолда Бетпақдаланың ұлы шөліне ілігіп, қатты күйзеледі. Адамдар да, мал да қырыла бастайды. Тұйыққа тірелген Обашы Абылай ханға елші жіберіп, хат жолдайды. «Сендерге бодан болайық, әкеле жатқан 1 мың тұтқынды сауғаға берейін, келіссөз жүргізейік», – дейді.
Түйін
Әрине, Абылайдай дана хан, дана патша мың жылда бір туады. Кішігірім жауларды есепке алмағанда, бір мезетте төрт алыппен ортақ тіл табысу Абылай заманында сабырлылық, білімділік, қайраттылық, жігерлілік, парасаттылық, терең ойшылдықты талап еткені белгілі. Абылай сол үдеден шыға білген. Біздің айтқымыз келгені осы болатын.
Келіссөзге үш күнге мұрсат алған Обашы антын бұзып, түн ішінде тыныш, алаңсыз жатқан қазақ жасақтарына тұтқиылдан шабуыл жасап, бетін қайтарып тастап, қаша жөнеледі. Қалмақтардың серт бұзған мұндай опасыздығына ашынған Абылай хан бастаған қазақ әскері шын мәнінде шабуылға шығып, қалмақ әскерін талқандайды. Бірақ қалғандарын ұстап, Ресейге кейін қайтармайды. Керісінше, Қытай шекарасынан ары қарай өткізіп жібереді.
Осыдан-ақ Қазақ хандығының іс жүзіндегі билігі қолында тұрған Абылайдың саясаткерлігін тағы да байқаймыз. Ол 1) Қытай үкіметінің тапсырмасын орындаған болып шықты; 2) Обашының қадамына лайық жауап қайтара білді; Ресей патшалығының да бетін қайтармай, тілегін орындаған сыңай танытты. Қазақ халқы кегін қайтарып, олжасын алды.
(Материал тарихшы Зарқын Тайшыбайдың деректері негізінде дайындалды).
Төле бидің Сабалақты сынауы
Төле би астан келе жатып «малда жүрген бала ғой» деп Сабалаққа бас беріп, сынайды. Өзі бір езуінен кесіп ауыз тиіп, құлағын, көзін қасындағы достарына таратып берген Сабалақтан мұның мәнісін сұрайды. Сонда Сабалақ «Мен ұйықтағанда біреуіңіз көз, біреуіңіз құлақ болмадыңыздар ма? Сол себепті мен сіздерге сеніп ұйықтадым емес пе?» дейді. Яғни Абылайдың адамгершілігі, жолдастарының қадір-қасиетін тани білуі бойына жасынан қалыптасқан.
Төле би Сабалақтың жекелеген қасиеттеріне назар аударады. «Мен бұл баланы көз жанарынан танып едім. Онан соң бұл мен келгенде күпісін жеңіл жастанып, аяқ-қолын төрт жаққа жіберіп ұйықтап жатыр екен. Онысын «төрт тарапқа аты шығар ма екен» деп жорып едім» дейді. Бидің бәйбішесі де «Баланың болатынын көзінен байқадым» дейді.
Төле би: «Түйе бақтырғанымыз жараспас, жылқы бақсын. Ат үстінде жүріп көңілі өссін» деп Сабалаққа жылқы баққызады. Ол кезде қадірлі, халыққа атағы шыққан кісінің маңайына ұры жоламайды екен. Сабалақ жылқышы болғанға дейін де Төле бидің малына ұры жолап көрмепті, кейін де жоламаған екен.
Абылайдың қолбасшылық қасиеті
Шаған соғысы кезінде қазақ қолының азайып қалғанын көріп, Абылай қаша ұрыс салуды ұсынады. Осы кезде Лақаұлы Тоқтамыс батыр дат сұрап, ат құйрығына қараған, шеңгел, бұта байлап, жердің шаң-тозаңын шығарып, жауға ұрандап шапқан жағдайда қалмақтың «көп екен» деп үрейленіп қалатынын айтады. Мұны құптаған Абылай: «Япыр-ай, мынау қозыке баланың сөзінің жаны бар екен. Нартәуекел, аттың құйрығына байлайтын шеңгел, қараған, бұта шауып әкеліңдер», – деп бұйырған. Жеңіспен аяқтаған «Шаңдыжорық» немесе «Қалмаққырған» аталған бұл соғыста Абылайдың батырларының ақылды, тапқыр шешіміне қолдау білдіргендігі өз алдына, оңды ұсынысты қабыл алып, бірден ұрыс тактикасына енгізуі арқылы қолбасшылық қасиеті де ерекшеленеді.
Абылай – үлкен державалық деңгейдегі саяси қайраткер
Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Абылайдың жеке басының сапалық қасиеттері: данышпандығы, қайраткерлігі, батырлығы Әбілмәмбеттен асып кетті. Сондықтан ол хан болғанымен, Абылайдың көлеңкесінде қалды. Кейін мұны Әбілмәмбет өзі түсініп, 1744 жылы Түркістанға көшіп кетті. Арада бір жыл өткенде Көкшетаудағы Қарақоқы деген, қазір «Абылайдың Ордасы болған жер» деп аталып жүрген жерде 1745 жылы Қаз дауысты Қазыбек би Төле бимен келісіп, бүкіл үш жүздің игі жақсыларын шақырды. Сол жиында үш жүздің барлық игі жақсылары боз биені бауыздап, қолын қан құйылған қазанға салып, қашанда бірге болуға ант берді. Жиында Төле би мен Қазыбек би Абылайды арнайы хан сайлаған жоқ, бірақ «елді тек сен басқар» деді. Абылай 1711 жылы туылған, сонда есептеп көрсеңіз, 34 жасында билікті толық қолына алған. Оның алдында ол Аңырақайдағы шайқаста (1729 жылы) Қалдан Сереннің туған жиені Шарышты өлтірді. Сол соғыста Абылай «Абылайлап!» шапқан қарқынмен жалғыз өзі он екі қалмақты өлтіріпті. Содан кейін-ақ Абылайдың беделі бірден артып кетті. Ал 1745 жылы Қарақоқыда Абылай билікті қолға алғанда ақ боз атқа мініп, ақ ту көтерген екен. Абылайдың ақ жалау көтерген себебі ол кезде әрбір тайпаның өзінің жалауы болған және ешкімде ақ жалау болмаған. Осыған орай кейіннен халық аузында «Абылайдың ақ туы» деген термин қалыптасып кетті. Ол ақ ту беріге дейін Түркістандағы төрелердің қолында болды. Сол кездегі естелік-дерек бойынша, ту ені екі шаршы метр, жан-жағы жібектелген ақ жібек матадан тігілген екен. Ислам дінінде «Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың ақ туы» деген сөз бар. Бұл да – қазақтың Төле би, Қазыбек би сияқты мықтыларының ақылымен жасалған нәрсе. Содан Абылай өмірінің соңына дейін өле-өлгенше ақ ту көтеріп өткен. Абылай – Төле бидің тікелей тәрбиесімен қалыптасқан тарихи тұлға және оған Қаз дауысты Қазыбек бидің де әсері көп болған.
Абылай жорықтары
Тараздан ары қарайғы оңтүстік өлкесі Қоқан ханының ықпалында болды. Абылай Қоқанның Еркінбек деген ханын қуып шығып, Ташкентті де, Сайрамды да, Түркістанды да қазаққа қайта қосты. Ташкент Қоқанда қалғанымен, салық төлеп тұратын болды. Осыдан кейін Қоқан хандығы қазақтың жеріне басып кіре алмады. Хиуа хандығын да шегіндірген – Абылай. Ал қырғыздарға Абылай 1754-64 жылдары екі қайтара жорық жасаған. Бұл екі жорық та бір ғана мақсатты көздеген. Көкшетаудан басталған жорық Есіл, Нұра арқылы қырғыз жеріне дейін өтеді. Сол жолды қырғыздар әлі күнге дейін «Абылай жолы» деп атайды. Шындығында, бұған барымтаға байланысты туындаған ұсақ мәселелер себепкер болған. Алатаудың айналасын мекендеген қырғыз бауырларымыз қазақты келіп шауып, жылқыларын айдап кеткен. Қазақ барып олардың жылқыларын шапқан. Екі ел үнемі осылайша ырду-дырду болып жатқан. Әрі өздері қыз алысып, қыз беріскен құда-жекжат та болған.
Қырғыздардың Абылайға өшігетін себебі – Абылай оларды Алатаудың баурайындағы қазақтардың жерінен қуып шықты және қазіргі шекараны айқындамақ болды. Бүгінгі қазақ-қырғыз шекарасын белгілеп берген – Абылай. Қазақтың мықты болғаны – Әз Жәнібек пен Керейден бері қарай, біздің ортақ ханымыз болды. Қырғыздың әлсіздігі – олардың Енесейден үш қайтара қайтып көшіп келгенінде ғана емес, сонымен бірге ортақ ханының болмауынан. Абылай осыны ескере отырып, қырғызды қазаққа қосып, қазақ-қырғыз боп бірігіп, қалмақ пен Қоқан хандығына қарсы тұрмақ болды. Кенесары да атасының осы саясатын жалғастырды. Бірақ қырғыздар мұны жаулық деп түсінді.
Қытайдың императоры Абылайды қазақтың ханы ретінде мойындаған. Бұл жөнінде арнайы құжат та бар. Қысқасы, Абылай – үлкен державалық, империялық деңгейдегі саяси қайраткер. Абылай не Қытайға, не Ресейге бағынған жоқ.
Абылай 1781 жылы Түркістан өңіріндегі Арыс өзенінің бойында қайтыс болды. Оның өліміне өзбектердің қатысы жоқ, Абылай хан өз ажалымен өлді. Абылайдың қартайған шағында Қоқан хандығы да, Хиуа хандығы да толық ығысқан және Қытай да, Ресей де, тіпті жоңғарлар да қазаққа көз алартуды қойған болатын. Тарихи деректерде де оны «өз ажалымен қайтты» деп жазады.
Абылай хан дәуірі – Қазақ хандығының қайта шарықтаған кезі
Нәбижан МҰХАМЕТХАНҰЛЫ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Қытай жазбалары мен Ресей деректері бойынша және Табара-қамса жазбаларын зерттеу арқылы мен Абылайдың хан болған дәуірін 1743 жылдан басталады деп есептеймін. Қытай 1755-1759 жылдары жоңғарларға әскер аттандырған кезде қазақтың ханы ретінде тікелей Абылаймен саяси-дипломатиялық қарым-қатынаста байланысқа шыққан.
1757 жылы Абылай хан Қытайға хат жолдаған, соған байланысты Син империясының императоры Сянь Луңның жазған хаты бар. Сонда Абылай ханға: «Сен өзің қазақтың ханы екенсің. Сенің хандығыңды бекітемін. Ал бұдан да жоғары сұрайтын лауазымың болса, хат жолда, оны да бекітіп беремін. Енді өз еліңе ие болып, шекараңды сақтап, бізбен дипломатиялық қарым-қатынаста бол. Егер елші жіберіп жатсаң, қабылдаймыз», – дейді. Син империясы өзі басып алған Жоңғар территориясында қазақтармен жарасымды дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға тырысқан. Абылай хан бірінші рет 1758 жылы жіберген делегациясында: «Тарбағатай біздің атамекеніміз еді. Осы Тарбағатайды өзімізге қайтарып берсеңіз», – дейді. Сонда қарап отырсаңыз, Абылай Қытай империясында қалған қазіргі Шыңжаңның солтүстігіндегі Тарбағатай аймағын «біздің атамекеніміз еді» деп сұрап тұр. Содан 1761 жылы екінші рет Қытай делегациясына хат жазады. «Іле біздің қазақтың байырғы өзінің атажұрты еді. Сол жерге барып қазақтардың мал бағуына және тұрақтап тұруына рұқсат етсеңіз», – дейді. Үшінші рет хат жолдағанда Ертісті сұрайды. «Ертіс – біздің атамекеніміз», – дейді. Син императорынан: «Жоңғар территориясы менің территориям болғандықтан, оған қазақтар аттап баспауы керек», – деген жауап келеді. Абылай хан: «Жоқ, жоңғарлар басып алған жер, анау жатқан өр Алтай, Тарбағатай, Іленің бәрі де – біздің атамекеніміз», – деп қосымша хат жолдайды. Бұл жерде Абылай хан ұлттық территория талап етіп отыр. Қытай императоры оған жазған жауап хатында: «Абылай хан, Тарбағатай – біздің әскердің тыныштандырған жері. Сен біздің елімізге ешқандай еңбек сіңірген жоқсың. Ол жерлерді беру мемлекеттік жүйеге келмейді. Сондықтан сұраған аймақтарыңды бермейміз», – дейді. Бірақ Абылай хан жұмсақ саясат қолданған. Син империясымен жарасымды дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, экономикалық сауда байланыстарын дамыта отырып, қазақтарды бірте-бірте өзінің атамекеніне қоныстандырған. Соның нәтижесінде қазіргі Қытайдағы Шыңжаң өлкесінің Іле, Тарбағатай, Алтай өңірін алып жатқан 1,5 млн қазақ Абылай ханның сол кездегі саясаты бойынша байырғы атамекеніне қоныстанған.
Абылай хан дәуірі деген – қазақтың қайта бір тұтасқан дәуірі, қазақ территориясының қайта қалпына келген кезеңі, Қазақ хандығының қайта шарықтаған кезі. Егер Абылай кезінде хан болмаса, Шығыстағы іргесі болмаса, Оңтүстікте Қоқан және Хиуа хандықтарын ығыстырмаса, қазақтың қазіргі территориясы мұншалықты кең болмайтын еді.
Абылай – үлкен дипломат
Жоңғарлар арасындағы билікке таласаушылардың бірі Әмір-Сана болған. Қалдан Сереннен кейінгі Доржы және Дауасимен тақ таласында жеңіске жету үшін ол Қытайға барып тізе бүккен. «Қытайды бастап келіп Дауасиді жеңіп, Жоңғар хандығын жойғаннан кейін өзім хан боламын» деп ойлаған. Хандық жүйе жойылғаннан кейін жоңғарлардың ірі тайпалары арасынан билікке төрт ноян сайланды. Әмір-Сана өзінің алданып қалғанын білді де, 1756 жылы Син империясына қарсы көтеріліс жасап, одан қашып, Абылай ханға келді. Абылай хан оны бір жыл қорғады. Кейін Әмір-Сана Тарбағатайдан Шығысқа өтіп барып, 1757 жылы екінші рет қарсы көтеріліс жасады. Син империясынан екінші рет жеңілгеннен кейін Абылай ханға қайта қашып келді. Осы кезде Син империясы Абылай ханға хат жолдайды. «Сен анау сұмырай Әмір-Сананы бізге ұстап бер. Сен ұстап берсең, оны біздің әскерлер қолға түсіріп тұтқындайды», – дейді. Оны тұтқындау үшін Син империясы 30 мың қол жіберген. Осы Син империясының әскерлерімен Абылай хан қолы үш жерде шайқасқан. Син империясының әскерлері өте басым болғандықтан, Абылай хан мәселені соғыспен емес, дипломатиялық жолмен шешуге тырысқан. Өзінің Өмірбек деген елшісін Син империясының штабына жіберіп: «Біз ұлы елмен соғыспаймыз. Бірақ ортада түсіністік болмапты. Сендер Әмір-Сананы тұтқындауға келіпсіңдер», – деп сәлем жолдайды. Абылай ханның Қытайға қарсы соғысы деген – осы. Абылай қытаймен тікелей барып соғысқан жоқ. Син империясының Орта жүзге келген әскерлеріне қарсы тойтарыс берді.
Сол соғыстан кейін Қытайдың генералдары Абылаймен тікелей сөйлескен. Бұл жерде Абылайдың ұлылығын айтайын деп отырмын. Генералдар оған елші жібереді. «Біз Абылай ханға барып, кездесеміз. Онымен кездескенде Қытайдың дәстүрі бойынша бізге үш рет жүгініп, тоғыз рет бас исін» дейді. Абылай хан ол сәлемдемелерін қабылдамай, генералдарға қайтадан хабар айтып жібереді. «Абылай хан әскер бастап, ел аралап жүр екен деп айтыңдар», – деп сәлем жолдайды. Бұл – «Абылай хан сендермен соғысуға дайын» деген сөз. Қытайдың әскери шенеуніктері екінші рет елші жібергенде: «Бізге тізерлемей-ақ қойсын. Жүгінбей-ақ та қойсын. Бізді қабылдасын», – дейді. Абылай Син генералдарын содан кейін барып қабылдаған. Бұл жерде ол өзінің хан басын төмендетпеген. Дипломатиялық этика сақтаған. «Мен, қазақтың ханы, Қытайдың генералына тізе бүгіп сәлем бермеймін» деген.
1776 жылғы Қытай деректерінде: «Қырғыздар Ұлы жүз қазақтарына шауып, соған Абылай хан өзі қол бастап барды», – делінеді. «Қырғыздарды шегіндіріп, Бішпекке тықты» дейді. Дәл осы сәтте Абылай хан Син империясынан қару-жарақ сұраған. «Қырғыздар еліме шапты, Бішпекті атқылайтын зеңбірек бер», – дейді. Оған Син империясы келісім бермей: «Біреулеріңе қару-жарақ беріп, бір-бірлеріңді қырғынға салмаймыз. Біз бейтараппыз. Сендердің ішкі істеріңе араласпаймыз», – дейді. Абылай бұл жерде Бішпекті бомбылау үшін қару-жарақ сұрап отырған жоқ, өзінің әскерін қаруландыру үшін сұрап отыр. Осындай өтінішті Абылай екі-үш рет жасаған. Олар бәрінде де бас тартып отырған. Син императоры да көреген, «бұл – жай адам емес, біздің қаруымызбен өзінің әскерін жасақтамақшы болып отыр» дейді. Абылай осындай мағынадағы өтінішті Ресейге де жазған. Қару-жарақ және жаттықтырушы әскер сұраған. Олар да көмектесуден бас тартқан. Неге десең, Абылайдың ұстанған саясатын олар да жақсы білген. Әйтпесе Абылай хан қырғыздарды былай да жеңіп тұр. Бірақ «менің әскерімді қаруландыруға зеңбірек, қару-жарақ беріңдер» деп айта алмайды ғой. «Маған жау төніп тұр, соның бетін қайтару үшін қару керек», – дейді. Абылайдың ұлылығы – осында. Абылай бар кезде қырғыздар Алматының маңайына жуи алмаған. Тіпті бір ғасыр бойы аяқ баса алмаған.
Абылай қазақтың этнотерриториясын әскери жорықтар арқылы қалпына келтірген. Мысалы, сауда жасауда да Абылай хан шебер саясат жүргізе білген. Ол қытайларға: «Сендердің беріп жатқан тауарларыңның бағасы қымбат, сапасы төмен», – дейді. Пекин оны қайтадан тексеріп, қайтадан түсініктеме жасаған. «Енді жылқы бағасын жоғарылатамыз» дейді. Көрдіңіз бе, мұның барлығы да сол базар заңдылығы бойынша жүргізілген. Абылай хан Син империясының айтқанына жығыла бермеген. Орыстармен де сондай қарым-қатынас жасаған. Осылайша екі мемлекеттің де ығына жығылмай, шеберлікпен тәуелсіз қарым-қатынаста бола білген.
Оқшау ой
Біз Абылайды зерттеуді әлі де тереңдете түсуіміз керек. Абылайдың дәуірін, сол кезеңдегі қазақ қоғамын, қазақ мемлекеттігін толық зерттеген жоқпыз. Абылайдың мемлекет басқарудағы көсемдік қасиеті, лидерлік қасиеті әлі ашылған жоқ. Абылай туралы көп деректер жазылған. Қытайдан, Ресейден және басқа да елдерден деректанушы мамандарды шақырып, өзіміздің ғалымдарымызбен кешенді түрде үлкен жиын өткізу қажет. Біз бұл арқылы мемлекетіміздің ХVІІІ ғасырдағы шарықтаған кезеңін көрсетер едік. Біз Абылай және оның дәуірі арқылы еліміздің мемлекет болып қалыптасуын және оның негізі қалай қаланғандығын білдірер едік. Осы тұрғыдан алғанда, бізге Абылайды зерттеу орталығы міндетті түрде керек.