Семейде Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ұйымдастыруымен «Абаймен – кемел білімге» атты білім апталығы өтіп жатыр.
Бұл әдеби-танымдық шараға қаладағы мектеп ұстаздары мен оқушылары, мұражай қызметкерлері, белгілі жазушы, журналистер қатысуда. Абайтану апталығы 9 қыркүйекте қорытындыланып, үздік мұғалімдер мен алғыр оқушылар арнайы дипломдармен марапатталмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шара алдағы уақытта да дәстүрлі жалғасын таппақ.
Ғалымның жаңа жинағы
Астанадағы «Фолиант» баспасынан техника ғылымының докторы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Қылышбай Бисеновтің «Сындарлы кезең: сенім мен парыз» атты кітабы жарық көрді.
Жуырда ғана Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалған ғалымның бұл кітабында ойтүрткі мақалалар мен түрлі басылымдарға берген сұхбаттары, сондай-ақ Парламент Мәжілісінде депутат болып жүрген кезіндегі депутаттық сауалдары топтастырылған. Кітаптағы материалдарда автордың Қазақстанның сыртқы саясаттағы көзқарасы мен беделі, әлемдік қоғамдастықтағы мемлекетіміздің рөлі жан-жақты көрініс тапқан. Жаңа жинақ Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орайластырылған.
Қаламгер көрмесі
Павлодар қаласындағы Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер мұражайында Қазақстанның халық жазушысы Диқан Әбілевтің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ашылды.
Көрмеге қаламгердің өзі көзі тірісінде тұтынған жеке заттары, кітаптары мен қолжазбалары, сирек фотосуреттер қойылған. Ұлы Отан соғысына қатысқан Диқан Әбілев (1907-2003) Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Мойылдыбұлақта туған. Қазақ әдебиеті мен журналистикасына айтарлықтай үлес қосқан ақын кезінде Қазақстан Жазушылар одағын басқарған. Ол орыс, украин, түрік, армян классиктерінің поэмаларын қазақ тіліне аударған.
Телевизия ардагеріне құрмет
Астанада белгілі жазушы, публицист, тележурналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалының 70 жылдық мерейтойына орай «Қазақ өркениеті және Сұлтан Оразалы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Мерейтойлық шараға белгілі ақын, жазушылар, Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты мен ЖОО ректорлары мен профессор, ғалымдары қатысты. Халықаралық телевизия және радио академиясының академигі Сұлтан Оразалы – 300-ге жуық әдеби сценарийдің, 20 шақты деректi фильмнiң және 40 шақты ғылыми-зерттеу мақаланың авторы. Телевизия ардагері кезінде «Сұхбат», «Халық қазынасы», «Шұғыла», «Қымызхана», «Кездесу», «Айтыс» хабарларын алғаш ұйымдастырып, эфирге шығарды.
Алматы қала күнін атап өтпек
Алматыда алдағы 18 қыркүйекте қала күні аталып өтеді. Бұл жолғы мереке Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылып өткізілетін болады.
Қала күніндегі негізгі шаралардың бірі – Apple Fest алмалар фестивалі «Астана» алаңында ұйымдастырылмақ. Мерекелік бағдарламалар бір күнмен ғана шектелмей, ай соңына дейін арнайы концерттер, фестивальдар, көрмелер мен түрлі байқаулар өткізілмек. Бұл шараларға қазақстандық өнер жұлдыздарымен қатар, шетелден шақырылған танымал таланттар да қатыспақ.
Айтыскердің ән жинағы
Алматыдағы «Ел» продюсерлік орталығы ел ішіндегі таланттарды қолдау ісін жалғастыруда. Жуырда осы орталықтың ұйытқы болуымен батысқазақстандық белгілі әнші, айтыскер ақын Қатимолла Бердіғалиевтің жеке ән дискілері жарық көрді.
Жаңа CD дискіде өнерпаздың орындауындағы 80-ге жуық ән топтастырылған. Бұл туындылардың жартысы домбыраның сүйемелдеуімен болса, қалғаны оркестрмен бірге орындалған. Әнжинақтан әйгілі әншілер М.Мерәліұлы мен Ғ.Құрманғалиевтің, сонымен қатар С.Садықов, Е.Нұрымбетов, С.Бисенғалиев сынды батысқазақстандық композиторлардың ән-термелерін тыңдауға болады. Ұлттық өнерге қызмет етіп жүрген орталық мұндай жобаларды әлі де жүзеге асыра бермек.