Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалы драма театрында Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына орай М.Әуезовтің «Абай» трагедиясы сахналанды.
Екі бөлімнен тұратын спектакльді қала тұрғындары екі күн қатарынан тамашалауға мүмкіндік алды. Айта кетейік, спектакль режиссері - Ербол Жуасбек. Ақынның толысып, кемелденген шағын, ел ағасы болған кезін бейнелеген қойылымда басты рөлді Халық әртісі Бекен Имаханов сомдады. Бір қызығы, бұл қойылым осыдан отыз бес жыл сахналанған кезде де Бекен Имаханов басты рөлде ойнаған екен. Міне, сексенге келген қарт актер бірнеше жылдан кейін сүйікті рөлін қайта сомдады. Абайдың жары Әйгерім рөлін Мәдениет қайраткері Айжан Манекин мен Мәдениет саласының үздігі Сәндібала Бекбаева сәтті алып шықса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ноғайбаев Оразбайдың образын барынша шынайы көрсете білді. Жиреншені сомдаған жас актер Едіге Ақылбеков те өткір жүзді, қырғи тілді кейіпкерінің характерін өз деңгейінде жеткізе алды.
Азамат Әбілұлы,
Өскемен